Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Ақнұр Мұратқызы


Ақнұр Мұратқызы Асылбек, 2001 жылдың 18 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Сайрам ауданына қарасты Таскешу ауылында дүниеге келген. Әдебиетке деген махаббатым бала кезімнен бастау алып, мектеп қабырғасында жүргенде әртүрлі дәрежедегі әдеби байқаулардың жеңімпазы атанған.  Мектепті Алтын белгімен аяқтаған. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде филология факультетінің 1-курс студенті. Мерзімдік басылымдарда мақалалары жүйелі түрде жарияланып тұрады.

Менің Таскешуім

Менің Таскешуім. Ата-бабамның Шұбарсудың тасын кешіп, көшіп келіп отау тіккен жері, бұл күнде Түркістан облысы, сансыз баптар мекені Сайрамға қарасты шағын ауыл. Шағын, бірақ жүрегіме ыстық. Кіндік қаным  тамып, кір-қоңымды жуған алтын тұғырым –  ауылымның табиғаты мен үшін С.Сейфуллин суреттеген Көкшетаудан, І.Жансүгіровтің  Жетісуынан, О.Бөкей шығармаларына арқау болған өр Алтайдан да сұлу. Қысы-жазы айнадай жылтырап жататын Қайнарбұлақ көлі – ырыс-берекенің құтты қайнар бұлағындай. Жыл бойына тым байсалды болып, тырп етпей жатып, көктемде суы арнасына сыймай, буырқанғанда бар ашуын гүрілдеген зор даусымен шығарып алар Қызылсуы қымбат маған.  Көктемде Аққабақта құлпыра шығып, көздің жауын алар қызғалдақтар шынында да қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін дәлелдеп тұрады. Ал, таң сібірлеп ата бастағанда күншығысқа қарасаңыз, қазақтың қара шаңырағы қарт Қаратау сілемдері көзге түседі. Оның сұлулығын айтып жеткізерде тілім байланады.

Ауылым,  туған жерім мен үшін қастерлі ұғым. Жер бетінде қашан келсең де құшағын кең ашып, бар мейірімімен қарсы алар жұмақ мекен бар болса, ол – туған жер. Шетке шықсаң, сағынып, көңілің алабұртып, өзгеше күй кешесің. Жеткенше асығып, қуанып көрісесің. Тіпті, ой-қырында өріп жүрген төрт түлігі мен сары алтындай самсап тұрған егістіктерді де сағынады екенсің.

Бүгінгі күнімізді жаһандану дейміз, басқа дейміз, әйтеуір олқылықтың бәрін заманға бұра береміз. «Ауылда болашақ жоқ» деп қанша жас қалаға кеткенімен, соның барлығы күйлі-қуатты, бақуат өмір сүріп жатыр дегенге сенбейміз ғой. Екінің бірі пәтер жалдап, бөгденің босағасын паналайды. Кемі екі жерде жұмыс істеп, күн демей, түн демей жан бағудың қамында жүр. Бәрінің айтар сылтауы бір – «ауылда болашақ жоқ». Осы жасаған еңбегін, қажыр-қайрат, маңдай терін  ауылға салса, қазақтың құт дарыған, түгін тартса май шығатын кең байтақ даласы пайдадан кенде қылмас еді ғой. «Әрекетке – берекет» деп,  «дипломмен ауылға» келіп жатқан жастардың бәрі еңбегінің жемісін көруде. Үй-жай, жұмыспен қамтамасыз ететін бағдарлама барда, қайта, қала жастары ауылға ағылуы керек емес пе?!

Бірақ, туған топырағын түлетіп, туып-өскен жерінің тамырына қан жүгіртіп, болашаққа өз ізін қалдырған тұлғалар да аз емес. Ауылдың қасиетті топырағы небір дарындарды дүниеге әкелді. Отан-ананың осындай елін сүйген ұлдары ел қамын күйттеп, ауылдың жағдайын жақсартуға белсене атсалысып жүр. Сонда да болса, Шымкенттей мегаполистің орталығынан небәрі жиырма шақырым жердегі біздің ауылда көгілдір отын мәселесі шешілмей тұр. Байқауды «Ауыл» партиясы өткізеді деген соң, ауылдағы ағайынның базынасын айтқым-ақ келген. Ағымнан жарыла жазған бұл эссе ауылыма деген кіршіксіз махаббаттан туғандықтан, бар кемшілік пен мәселе атаулыны көзің де көрмей қалады екен. Себебі, алтын бесігім – ауылымды бәрінен биік қоямын.

Мен – елін, жерін шексіз сүйген перзент, ауылдың жаңа үміті, жас түлегі ретінде өз елімнің, соның ішінде ауылдың өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Жасым әзірге небәрі 17 де ғана. Бұл жас өз Отанын сүйген жас өрен үшін аз да, көп те емес деп есептеймін. Сондықтан, теңізге тамған тамшыдай мен де туған жердің өсіп-өркендеуіне қосар үлесімнің әлі алда екенін білдіре отырып,  ойымды Ә.Сәрсенбаевтың мына өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр:

... Сенен артық қасиет жоқ-ты, жер, тегі,

Сен – ұрпақтың күліп атар ертеңі,

Тағдырыңды тапсыр маған, туған жер,

Көркейтуге міндеттімін мен сені!   

Пікірлер

Жеңіс Ерхан

14.02.2019 10:15
Керемет

Құндызай

14.02.2019 10:48
Әрбір жас өз елін осылай сүйіп, өз ауылына деген ыстық ықыласын ілкімді істерімен ұштастырса, Қазақстан әлі-ақ өркениетті елдердің алдыңғы қатарына шығатынына сенемін.

Роза

14.02.2019 11:15
Ізденімпаз жас. Сыршыл, лирик қаламгер болатыны байқалады. Суретші салған сұлу бейнедей суреттеуі көз алдыңа керемет картина келтіретін нәзік шығарма. Талабың таудай болсын, биіктерді бағындыра бер, жас қаламгер!

Укаша Назерке

14.02.2019 11:40
Шабытың шыңдала берсін Ақнұр қыз!

Жадыра

14.02.2019 12:14
Керемет ! Тамаша жазылған. Биіктерден көріне бер. Қазақстанның бетке тұтар жастарының бірі бол.

Бибигүл

14.02.2019 14:49
Не деген керемет. Ақнұр қызымыздың арқасында туған елді бір аралап шыққандай әсер алдық. Иә, елде шешімін таппан мәселелер жетерлік. Соны нәзік жүрегіңмен сезіп шырылдағаныңнан АЙНАЛДЫМ.

Құрал Қарабеков

14.02.2019 15:34
Ақнұр Мұратқызы менің оқушым. Ақнұр - өте намысшыл, ойы жүйрік, қабілетті ізденпаз қыз. Шығармаңды оқып шықтым. Керемет тамаша құнды дүние. Сен белестерге жетесің еш күмәнсіз. Жарайсың Ақнұр!

Нуршагара

14.02.2019 15:41
Мен де сол ауылда туылғанмын. Басқа жер де өссем де ауылым маған ыстық. Ақнұр өркенің өсе берсін, ұлкен белестерге жете бер. Ауылға міндетті түрде газ өткізу керек. Сонда жастар ауылда қалады деп ойлаймын.

Айсұлу

14.02.2019 15:46
Жарайсың, Ақнұр! Болашақ журналист деген осы, керемет. Отанды сұю, отбасын, ауылды сүюден басталады. Өте жақсы жазылыпты. Болашақта шығармашылық табыстарға жетуіңе тілектеспін.

НАЗЫМҚЫЗ

14.02.2019 16:42
Туған жер қашан да ыстық! Соның ішінде ауылың! Кез келген сай қырын жатқа білетін ауылды алыстан сағынып журген біздер үшін мына жазба ауылымызға барып келгендей әсер берді! Жазарың көп болсын Ақнұртай!

Алина

15.02.2019 14:47
кушти екен

Жансұлу Жахан

14.02.2019 23:07
Ақнұр қызымыздың көркем сөзбен өрнектеген шығармасынан өзінің туған жерін риясыз, шексіз сүйетінін ұқтым. Еліміздің ертеңгі, яғни, болашақтағы тізгінін ұстайтын жастар легі өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Ақнұржан, қаламың мұқалмай, шабытың шалқи берсін. Ел үшін өзекті мәселені көтеріп ,халық үшін қызмет ететін от ауызды, орақ тілді журналист бола беруіңе тілектеспін!!!

Амангуль

14.02.2019 23:28
Керемет жазылған. Жетістігің көп болсын

Амангуль

14.02.2019 23:32
Керемет

Гулсайран

14.02.2019 23:58
Шабытыңның шығар шыңы биік болсын, Ақнұр. Туған жерге деген жүректен шыққан сүйіспеншілігің жүрекке жетіп жатыр... Қаламыңның ұшымен өрілген әр сөзің өз орнын тауып тұр. Қаламың мұқалмасын, жазарың көп болсын. Халқың мақтан тұтар дана қызы бол!

Аринова Жанар

15.02.2019 01:28
Ақнұр жарайсың!Біздің мектебіміздің 85 жыл тарихындағы алғашқы "Алтын белгі"иегері,үздік оқушымыз! Биік белестен көрінетініңе мен сенемін.Ауылымыз расында Ақнұр айтқандай,керемет ауыл!

Гулжамал

22.02.2019 00:38
Қаламның ұшы мақалмасын. Ауылының мақтан тұтар қызы бол. Мықты жазушы болатыныңа біз сенеміз.Елінің патриот қызы
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар