Алмас Ахметбекұлы – 1961 жылы ҚХР, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1982 Іле педагогикалық институтының Филология факультетін тәмамдаған. 1982-1992 жылдар аралығында Шәуешек қаласында шығарылатын «Тарбағатай» әдеби журналының редакторы болып қызмет атқарып, 1993 жылы тарихи Отанына оралды. 1993-1995 жылдары «Жас Алаш» газетінде тілші, 1996-2006 жылдары әл-Фараби атындағы ҚҰУ журналистика факультетінде аға-оқытушы болып қызмет атқарған. 1997 жылы ҚР Парламент Мәжілісінде баспасөз қызметкері болып жұмыс істеген. Алмас Ахметбекұлы өткен ғасырдың 80-жылдарында поэзияға әлеміне араласқан, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар дара әрі талантты ақын. Ойлы образға, шынайы сезімге толы сыршыл өлеңдерінің арқасында оның есімі сол 80-жылдардың өзінде-ақ Шыңжаң қазақтарына кеңінен танымал болды. Алмас өлеңдерінің мен білетін бір ерекшелігі – қарапайым халық тілі арқылы әсері мол көркем оймен қиысатыны. Демек оның жасампаздығында тіл, образ, бояу, идея – осы төртеуі шебер үйлесім тауып отырады. Бұл ретте оның ертеректе жазған «Туған жерім – балалығым», «Сәуірдің бұлты», «Аптап» т.б. өлеңдерін атауға болады. Оның «Бозінген» атты өлеңі тұнып тұрған дала сазы деуге лайық.
Көп талқыланғандар
Солженицынның Мойынқұмдағы күндері
Ұшқысы келетін тауықтар
Тілек Ырысбек. Мені поэзияға әкелген балалық шағымдағы комплекстерім