Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Авторлар
Нартай Бекежанов

Нартай Бекежанов

Рейтинг: 5.000
Өмірбаяны
Кітаптар
Аудио
Кейіпкерлер
Фото
Видео
Аудио файлдар
Автор туралы
Жанкүйерлер
Жанкүйер бол

Нартай Бекежанов (1890–1954) – ақын, композитор. Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. Бай - молдаларды шенеген (“Сараң байға”, “Мырзалық емес”), барымта әмеңгерлікті әшкерелеген. (“Жесір дауы”), жалшыларды батылдыққа, қайсарлыққа шақырған өлеңдер шығарды. Ақындар айтысында Н.Баймұратовпен, Қ.Байболовпен өнер сайысына түсті. Ақын халық әндерін шебер орындаумен қатар өзі де әндер (“Толқын”, “Нартай сазы”, “Өсиет терме”) шығарды. Нартай өмірінің соңғы кезеңіне дейін өткір идеялық құрал өнер мен мәдениетті дамыту жолында күресті. Ол туралы Мұхамеджан Рүстемов “Нартай” повесін жазды.

 

Анасы Бақтыгүл, ағасы Мансұр ақын болған. Сауықшыл ауыл дәстүрін өнеге тұтқан өнерлі бала он жасынан ән салып, өлең айта бастайды. 1935 жылы Шиелі қыстағында ашылған балалар үйіне көркем-өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып орналасады. Бірер жылдан кейін Қызылордада ұйымдастырылған концерт-эстрада бюросына шақырылады, өмірінің ақырына дейін сонда қызмет істейді. 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылу құрметіне болған этнографиялық концертке қатысып, академиялық Үлкен театр да ән шырқап, жыр толғайды. «Қызыл Москва» деген толғауы осы тұста шығарылды. Республикалық ақындар айтысына қатысып, Нұрлыбек Баймұратовпен өнер сайысына түседі. 1946 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысады.

 

Шығармаларының жинағы екі дүркін жеке кітап болып басылды. 1982 жылы «Жазушы» баспасынан «Өсиет» деген атпен өлеңдер, дастандар, айтыстар енген жинағы жарық көрді.

 

«Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы (1939) берілген.

 

Нартай Бекежанов мұражайы, Нартай Бекежановтың мемориалдық өнер мұражайы – ақынның әдеби мұрасын сақтап, насихаттауға арналған тарихи-мәдени мекеме. Н.Бекежановтың 100 жылдық мерейтойына орай (1990, тамыз) Ы.Жақаев атындындағы күріш өсіру тарихы музейінің бөлімшесі ретінде ауылдық мәдениет үйінде ашылды. Кейін екі қабатты, төбесі шығыс үлгісінде күмбезделген жаңа мұражай пайдалануға берілді (25.10.1994). Мұражайда барлығы 13483-тен астам экспонат бар, оның 8397-сі негізгі қорда, 5086-сы көмекші қорда сақталды. Мұражай 8 залдан тұрады. Залдарда негізінен ақынның көзі тірі кезінде тұтынған заттары (сырнайы, керуеті, ер-тұрманы, қамшысы, зергерлік бұйымдары, ұлттық киімі, т.б.), үй жабдықтары, құжаттары, баласы Мансұр ақынның қолжазбалары, Нартай бригадасы белді мүшелерінің (М.Әділов, Т.Баяханова, А.Тұяқбаев, Ф.Төлегенова, т.б.) жеке заттары, шәкірттері мен ізбасарлары туралы мәліметтер, Нартай ауылынан шыққан еңбек ардагерлері (Ш.Қазанбаева, Ұ.Алтайбаева, М.Қалдыбаев, Н.Көкиев, Б.Оразов) туралы мағлұматтар жинақталған.

Көп оқылғандар