Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Авторлар
Несіпбек Айтұлы

Несіпбек Айтұлы

Рейтинг: 4.000
Өмірбаяны
Кітаптар
Аудио
Кейіпкерлер
Фото
Видео
Аудио файлдар
Автор туралы
Жанкүйерлер
Жанкүйер бол

Несіпбек Айтұлы  -  1950 жылы  Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты(2012ж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері(2011), «Парасат» орденінің иегері(2004). Таңдамалы жеті томдығы «Фолиант» баспасынан  (2015 ж.) жарық көрген эпик ақын.

 

Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастайды. 1974 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін бітірген.

 

1974-1984 жж. «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор. 1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1995-1996 жж. «Ақын» қауымдастығының директоры. 1997-2001 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі.

 

2001 жылдан бастап Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеген.

 

Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мұражай директоры.

 

Алғашқы «Балалық» деген өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, алғашқы топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде, алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрді. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек», балаларға арналған «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме» («Серебряный сундучок»), «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптары, Шығыстың ұлы шайыры Ә.Науаидың  «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәжін»  дастандарын тәржімалап, «Игорь жорығы туралы жыр», т.б. аударма кітаптары шыққан. Түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны ДЖ.Родаридың, сондай-ақ, М.Исаковский, А.Барто, С.Михалков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуев өлеңдерін туған тілімізде сөйлеткен.

 

«Бас сүйектері» (1976), «Жасынның сынығы» (1977), «Найзағай» (1978), «Жүректегі жаңғырықтар» (1979) поэмалары кезінде «Жалын» альманахы жариялаған Республикалық конкурстардың жүлделерін, «Мұхтар мен Абыз» толғауы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін алған. «Мұқағали-Желтоқсан» поэмасы 2001 жылы Республикалық әдеби конкурстың жүлдесіне ие болса, «Бәйтерек» поэмасы әдеби қауым тарапынан жоғары бағаланды. 2004 жылы Мәдениет министрлігі жариялаған Республикалық патриоттық әндер конкурсының Бас жүлдегері.

 

«Бәйтерек»(2003), «Көз жасым» таңдамалы (2006), «Бөрітостаған» (2007), «Ерлікке ескерткіш»(2008), «Сардар»(2008), «Құланойнақ»(2009), «Арқатірек»(2010), «Наурызбай»(2011), «Ту»(2012), «Сарайымнан шыққан сөз»(2014), «Дариға, дәурен»(2018), т.б. кітаптары жарық көрді.

 

Сөз зергері  Н.Айтұлы кең тынысты эпикалық поэмалары мен лирикалық өлеңдері арқылы Қазақстанның тәуелсіздігінің  жыршысына әрі жаршысына  айналған төкпе  ақын.  Оның поэмаларында  алаш жұртының қаһармандық тарихы мен азаттық рухының қадау-қадау кезеңдерінің алып панорамасы шеберлікпен жасалған деуге болады.          Н.Айтұлы «Сардар», «Ту», «Наурызбай», «Жалаңтөс», «Шақантай», «Бердіқожа»,  «Төлегетай», секілді поэмаларында азаттық үшін жанын пида еткен біртуар  ерлердің  галереясын сомдаса, Ұлы даланың қасиетті топырағы үшін күрескен Кенесары бастаған ерлер туралы  «Ақмола шайқасы» поэмасы, осы тақырыпқа сабақтас туған  «Жер – жаннан қымбат» дастанында   елорданың терең тарихынан сыр шертіледі.  Н.Айтұлы бабалардың арманы жүзеге асып, тәуелсіз еліміз әлемдік қауымдастықтан мәртебелі орын алып,  жаңа елорда Астананың бой түзеп сәулеті артқанын   «Бәйтерек» поэмасы арқылы қапысыз  мүсіндейді. Ақынның суреттеуінде  «Бәйтерек» – елорданың ғана емес, күллі Қазақ елінің  арман-мұратын әйгілеген рәміз, тәуелсіздігіміздің асқақ  миуалы мұнарасы.

 

Ақынның «Көкала үйрек», «Құланаян Құлманбет», «Сүйінбай», пэмаларында ұлт мақтанышы болған ұлы тұлғалардың  бейнесі көркем сомдалалады.

 

Н.Айтұлы – ән-өлең жанрына да ерекше үлес қосқан ақын. Оның «Ән домбыра», «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Арман», «Дариға, дәурен»,«Қазақтай ел қайда» секілді көптеген туындылары халықтың сүйіп айтатын таңдамалы  әніне айналған.

 

Ақын Несіпбек Айтұлы  қазіргі қазақ  қоғамында қалыптасқан өзекті мәселелер, ұлтымыздың жарқын болашағы мен бүгінгі күніне әсер ететін елеулі оқиғалар туралы сергек пікір білдіріп, шұғыл ойларын жариялап отыратын еркін ойлы  қаламгер. Ана тілі, ата ділі, ұлттық құндылықтар, әсіресе рухани өмірімізде толғағы жеткен түйткілді дүниелер ақынның назарынан тыс қалған емес.  Оның осы бағыттағы  мақалалары мен сұхбаттары  «Сарайымнан шыққан сөз»  (2014ж.) деген атпен жеке том болып жарыққа шықты.

 

Парасатты қалам иесінің қатарластары мен әріптестері, әдебиеттанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері оны «Бостандық жырының боз жорғасы»(2017) деп атауы, ақын туралы зерттеулердің осы аттас кітапта топтастырылып оқырманға жетуі  азаттықтың елең-алаңынан бері алаш жұртының терең тарихын толқыта толғап, тәуелсіз еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін шабыттанып жырлаған жемісті туынды иесі болуына берілген баға деуге болады.

 

 

 

Көп оқылғандар