One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Сақтайық бабалардың аманатын

№95. Сақтайық бабалардың аманатын


 

(Алаш арыстарының рухына)

 

(Лирикалық поэма)

 

Қаратау қашан мұңға бөленбеген?

Тарихта қайғы бар ма ел ембеген?

«Қаратаудың басынан көш келеді»

Жарасын емдеп жазған өлеңменен.

Сыйпаған маңдайынан желі майда,

Күн кешкен асу-асқар белі қайда?

«Ақтабан шұбырынды» ел есінде,

Тар заман тарихым бар «Елім-айда».

Мұңы ащы жусанындай бұл даланың,

Қаншама тасып ақты жылғаларым?

Хан, батыр, би, жыраулар атқа қонып,

Қорғады елін, жерін тұлғаларым...

Заманның соқса да сан ағыстары,

Көрмеген аласарып намыстары.

Күн кешіп ат үстінде бабаларым,

Мекенін ұрпағына табыстады...

Қасірет қақпасын деп есік енді,

Жаратқан аз қылма деп несібемді.

Бабадан қалған жерге ие болып,

Қазағым топырағында өсіп-өнді.

 

Автор

 

 

 

                           1

 

Басқаға жақпағандай бақ, арманы,

Тар заман ел басына тағы орнады.

Қарқылдап қарға-құзғын қан аңсаған,

Бір сұмдық болатынын хабарлады.

 

Бабадан қалған мұра саналатын,

Алаштың елін, жерін аманатын.

Арыстар атқа қонды қорғау үшін,

Күн туды жан беретін, жан алатын.

 

«Оян қазақ», алашым, аласарма,

Билік керек басқалар санасарға.

Әлихан мен Ахмет, Міржақыптар

Алашқа керек деді «Алашорда».

 

Басқалар білмегенді біліп, көрген,

Алашым кенде емес білікті ерден.

Ерлерім күн орнына Прометейдей

Жүрегін алашыма жұлып берген.

 

Алашты бақытты ету – бар талабы,

Арыстар Алаш деп жүк арқалады.

Алтайда Алашым деп Ертіс ақса,

Алаш деп жел соғады Арқадағы...

 

 

                     2

 

Алаштың ойлады олар қыр асқанын,

Алаштың сүйсе деді нұр аспанын.

Алашқа бақыт шамын жақсам деді,

Аз күннің түсінген соң, рас, мәнін.

 

Лайық болсақ деді Алаш атқа,

Лайық болсақ деді болашаққа.

Лайлы замананың сұрқын көріп,

Лықсып қонды арыстар таласа атқа.

 

Алаштың  көкейінде армандары,

Арыстар жаралғандай ардан бәрі.

Алдынан не күтсе де шегінген жоқ,

Айлалы жауларына алданбады.

 

Шың болды барлығының көздегені,

Шын болды барлығының көздегені.

Шырылдатты жандарын, алашының,

Шыңырауда жатқанын сезбегені.

 

 

 

3

 

Тар заман бірақ мұны алқамады,

Табытқа салды бәрін, балталады.

Әртүрлі жала жапты, құрту үшін,

Құртқысы келсе сұмдар жал табады.

 

Ұлыды қорқау қасқыр іргелерде,

Семірді қарға, құзғын мүрделерге.

Аймаңдай ұлдар жатты азапталып,

Қылмыскер қамалатын түрмелерде.

Таланып қандала мен бүргелерге...

 

 

Кім? Қайда? Жапқан есік ашылмады,

Тапталды алашымның жасыл бағы...

Күллі әлем білу керек сол нәубетті,

Халқымның бағы ұшқан басындағы.

 

Оқ үні... қорғасында көз бола ма,

Қан ақты бауырланып боз далада.

Қарайған қабірі жоқ жер бетінде,

Қай жерде жатыр екен Мағжан аға?!

 

Тергеулер, өздерінде жауаптары,

Жоқ мүлде обал менен сауаптары.

Мақсаттар орындалып арыстарға,

Жаңылмай тиіп жатты жау оқтары.

 

Сыймады тар заманның құрсағына,

Бола ма елін сүйген мұнша күнә?

Рухы Алашым деп аспанға ұшқан,

Арысын еске алмайды кім сағына?!

 

Елімнің кетсе деді бастан мұңы,

Олардың болған емес астамдығы.

Халқының қамын жеді, зәредей де,

Болған жоқ адамзатқа қастандығы...

 

Алаштың рухын олар биік етті,

Өлшеусіз сезімдермен сүйіп өтті.

Арыстар орындарың аспанда деп,

Шоламын жанарыммен жиі көкті.

 

Ойласаң тасымай ма қайнап қаның,

Көрді жұрт күңіреніп Ай батқанын.

Сұм заман сумаңдаған қолыменен,

Қазақтың қалқып алды қаймақтарын.

 

Ойласаң мұздамай ма суып қаның,

Қасірет басты елді, буып қалың.

Шаңырағы шайқалды қазағымның,

Бытырлап сынды солай уықтарым.

 

Ұйқысыз кірпігіне таң байланып,

Көкке ұшса да үміті жанбай налып.

Бұл күнде арыстардың рухтары,

Ағып тұр тамырларда қанға айналып.

 

 

 

 

                            4

 

Көкейде сұм заманға сұраулары,

Жыл өтіп қанша самай қыраулады?

Ақыры келіп жетті аңсаған күн,

Босады бодандықтың бұраулары...

 

Көрсе де заманының көлденеңін,

Жұлып ап әкетсе де елден өлім.

Түсінді күллі ғалам арыстардың,

Бәрі бір рухының өлмегенін.

 

Болашаққа бағдар ап өткендерден,

Өтті елім, қырат,  асу, өткелдерден.

Көк туым аспанымда желбіреп тұр,

Алашты қауыштырып көктемдермен.

 

Аңсаған болды алаштың астанасы

Қуанды кәрісі мен жас баласы.

Жалғасып жатыр алаш рухыменен,

Ел деген елбасының бастамасы...

 

Күн келді алаш рухы самғар бүгін,

Қазақтай әлем білді ел барлығын,

Ғаламның тыныштығын сүйген елге,

Ұсынды разы боп таңдар гүлін.

 

Мінезі бұғалыққа көнбейтұғын,

Талайдың мысын басқан мен дейтұғын.

Арыстарға тағзым ет, әрқашан да,

«Рухы күн сөнгенше сөнбейтұғын.»

 

                        5

 

Бабадан қалған мұра саналатын,

Бабаның елін, жерін, аманатын.

Бабалардай ұрпаққа табыстайық,

Алаштың шығармайық жаман атын!

Сақтайық бабалардың аманатын!

Сақтайық бабалардың аманатын!

 

Leave a comment:
Captcha