One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Шақыр

№60. Шақыр


Тарихи драма

 

Әу, қызғыш құс, қызғыш құс,

Көл қорыған сен едің,

Ел қорыған мен едім...

                   Махамбет.

 

Кереге тоқсан басты, сексен уық...

                    Халық өлеңінен.

 

...Қожабай, Жабай, Разақ,

Ауылды аз демесең,

Олардан артық қай қазақ!

                   Нарманбет.

 

Қатысушылар:

 

Нариман оқыған – Жуасбай ақынның ұлы, Қызылеспе кеніші қазақ одағының бастығы;

Жабай ақын – Сәдуақас Жабайұлының әкесі, құсбегі;

Сәдуақас/Сәкен Жабайұлы – Думаға кандидат сайлаушы, Ғалиханға дауыс беруші, Қотанбұлақ болыстығының орынбасары, көтеріліс басшысы;

Мәлгаждар Сыздықов – Думаға кандидат сайлаушы, Ғалиханға дауыс беруші,

Жақыпбек Смайылұлы,

Түбек Балжанұлы – көтеріліс басшылары;

Ақан Жәмпейісұлы – көтерілістің ту ұстаушысы;

Василий Терентьевич Махношин – кепеу бастығы;

Жарылқасын – Сәдуақас есігінде жүрген жігіттердің бірі;

Қазақшалыс;

Милиционер;

Ақ/тар;

Қызыл/дар;

Мерген/дер;

Дауыс/тар;

Жаушы;

Қарауыл;

Жаңғырық.

 

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Жер-дүниенің барлығы ұзынды-қысқалы уыққа толып кеткен.

Бір тобы ақ түсті.

Бір тобы қызыл түсті.

Тағы бірі қара түсті.

Бір сәт барлығы араласып кетеді.

Келер сәт бәрі өз орындарын тауып жатады.

Ағы ағына қосылады.

Қызылы қызылына қосылады.

Қарасы қарасына қосылады.

Сол кезде қоңыраушаның құмық дауысы шығады. Ол барып-барып зораяды.

Уықтар қозғалысқа келеді.

Міне, қызыл уықтар қашып барады. Оны ақ уықтар қуып барады.

Қара уықтар тұрған орындарынан қозғалмайды.

Міне, ақ уықтар қашып барады. Оны қызыл уықтар қуып барады.

Қара уықтар тұрған орындарынан қозғалмайды.

Кенет қара уықтар қозғалысқа кіреді. Ана жерге барып бір қадалады, мына жерге барып бір қадалады.

Соңынан бірінен кейін бірі көкке қадала бастайды.

Дүние қап-қара болып кетеді.

Келер сәт жарық себездеп айнала ажыратуға келе бастайды.

Аспаннан салбырап тұрған уықтар көрінеді.

Қап-қара уықтар...

Сахна төрінде алып қоңырау ғана қалады. Тілшігі оңды-солды көтеріліп, жер дүние жаңғырып кетеді. Дүние азан-қазан болады.

Алып қоңырау жақындап-жақындап келіп жүздеген қоңыраушаға айналады. Әр қоңыраушаның әлсіз шылдыры қосылып дауысы зорая түседі.

Дүние қайтадан азан-қазан болып кетеді.

Алып қоңырау қайтадан алыстай түседі. Жүздеген қоңыраушадан біреуі ғана қалады.

Қоңырауша дауысы үзілмейді...

Қоңырауша уыққа байланған.

Ол да салбырап тұрады.

Кәдімгі киіз үйде.

Құсбегінің үйі.  Үй иесі Жабай құсбегі құс жабдығымен әуре болып жатады. Қоңыраушаны көреді.

 

Жабай:

– Сәкіжан, аяқтыдан жоғары етші.

 

Сәдуақас қоңыраушаны жерден көтеріп алып қағып көреді. Одан қоңыраудың құмық дауысы шығады.

Сол кезде алып қоңырау қоңыраулап қоя береді. Ел жүгірісіп бір-бірінен не болып қалды деп сұрасып жатады.

 

Сәдуақас:

– Міне, қызық. Қоңырау елдің басын қосқанда қоңырауша құстың басын қосса керек еді?!

Жабай:

– Қоссаңдар қосып бақтыңдар ғой. Болыс болып елдің арасын қостым деп айта аласыңдар ма? Қайдам?! Ашқандарың анық. Партия-партия болып бөліндіңдер. Сөйтіп, елің сиырбүйректеніп қалған жоқ па?

Сәдуақас:

– Ондай жақсы күн алыстап тұр ғой.

Жабай:

– Жақындатсаңдар қолдарыңда тұр ғой. Орталарыңнан Ғалиханды шығардыңдар. Оған орыстың сөзін сөйлеттіңдер. Сол Ғалихан қазағының қамын ойлау үшін орыстың қамын ойлауға мәжбүр болды. Жалғыз шапқан ат жүйрік. Қапталдасып шабуға жарамадыңдар.

Сәдуақас:

– Ол жалғыз деп кім айтыпты?

 

Осы тұс есік ашылып, Мәлгаждар мен Жақыпбек кіреді. Есен-саулық сұрасады. Келушілер төрге озады.

 

Жақыпбек:

– Мұны шақыр дейді...

Жабай:

– Қаршыға да, ителгі де текті құстар. Олар тоятын жасырын алады. Ілген құсын ашық алаңқайда жәукемдемейді. Тасалық іздейді. Иесінің көз жазып қалуы кәдік. Сондықтан да олардың мойнына осы шақырды іледі. Қазақ қоңыраулатып құс ілдік деп айтып жатса онда саятқа қаршығамен немесе ителгімен шықты деп түсіну керек.

Мәлгаждар:

– Шегір көздердей емес, бұлар жоғалып жатады ғой...

Жабай:

– Қилы құсбегі бар. Біреу үшін бұл өнер, біреу үшін бұл күн көріс. Енді біреуі үшін екеуі де.

Сәдуақас:

– Енді біреу үшін қызық...

Жабай:

– Құсбегілердің бәрі бірдей қандыкөз ұстай бермейді. Қолы жетпегендіктен емес. Міселігінен. Сол жолда бәріне көнеді. Оларға тобыл да, дулақ та қол емес. Олардың қолы бекзаттық. Құстың төресі қаршыға мен ителгі. Бұлар құсқа иесі үшін емес, өздері үшін түседі. Сонан да дулы. Сол дудың құс иесіне қамкөңіл әкелуі мүмкін. Ақан серілер құстарынан осындай дуда көз жазып қалған.

Сәдуақас:

– Себеп?

Жабай:

– Шақырды еске алмаған.

Жақыпбек:

– Құс тұрсын адам да жоғалып жатады емес пе?!

Жабай:

– Қазір жоғалтатын заман емес. Жоқшы болатын заман емес. Сондықтан да өзімізге қарағандарға бір-бір шақыр ілсе жарар еді.

Сәдуақас:

– Солай етсе болар еді. Ел ішінде тыншу болмай тұр ғой... Мал емес, қазір адам жоғала бастады...

Мәлгаждар:

– Жоғалып жатқан жоқ, жоқшысы келіспей тұр...

Сәдуақас:

– Жоқшы болғанда шошайға қарсы қамшымен қалай тұрмақпыз? Ағы бір келеді, қызылы бір келеді, бәлшебегі бір келеді, меншебегі бір келеді... Келген сайын бір нәрсені іле кетеді. Енді жолбасшы дегенді тауып алды. Мәлгаждар:

– Тіпті, өздерімен бірге алып кетуді шығарды. Қытайға өтіп кеткен арыстарымыз қаншама?! Олардан бір хабар болса, кәне?!

Жабай:

– Қайда жүрсе де ел азаматтары аман болғай. Топырақ тартады деген сөз бар ғой. Күндердің күнінде басымыз қосылар.

Жақыпбек:

– Ондай күн алыстап тұр-ау!..

Жабай:

– Мына Ақшатау, Мойынты болыстықтарының қазақтары ағын ақтай, қызылын қызылдай ізімқайым көздерін құртып жатыр дейді ғой. Анау Дияқажы мен Боранқұлдар соларының жымын білгізсе, кәне?! Олардан асса бізге келетіні кәдік.

Мәлгаждар:

– Шүршітке қашса біздің Көкшетеңізді айналатыны  һәм анық.

Сәдуақас:

– Біздің қамсыз отырғанымыз жараспас...

Жабай:

– Осыны Ғалихандар біліп отыр ма?

Мәлгаждар:

– Білгенде қандай?

Жабай:

– Білсе от басынан ұзамай отырғанымыз қалай?

Жақыпбек:

– Жаңадан өкімет құру оңай болмай тұр ғой. Ел Алаш өкіметі дегеннен тартынады. Қазақтың қамын ғана ойламай ба деп...

Мәлгаждар:

– Қазір қазақ даласында өкімет көп боп тұр ғой...

Сәдуақас:

– Алаш өкіметі әлі Семейден аса алмай жатыр. Алыс жатқан қазақ ауылдарына жетпей жатыр. Қырдың булығып жатқан жайы бар.

Жақыпбек:

– Алаш әскерін құрып жатыр дейді...

Сәдуақас:

– Сол әскерге берер адам таппай отырмыз...

 

Сырттан айқай-шу шығады. Сәдуақас жабдықтан сыртқа көз тастайды. Шошаймаларын асынып алған кәуірлерді көреді. Ішінде тіл білетін бір қазақшалысы жүр.

Қазақшалыс қолындағы қоңыраушасын қағып, елдің басын қосуға жанталасады.

 

Қазақшалыс:

– Бәрің де сыртқа шығыңдар!.. Бәрің де мені тыңдаңдар!..

Біз сендерге дұшпан емеспіз. Біздер ақпыз, біздің ісіміз ақ! Біздер қашып бара жатқан жоқпыз. Біздер күш жиып, қайтып ораламыз.

Біздер сендерді бүгін қорғай алмағанымызбен ертең қорғаймыз! Сондықтан сендер бізге көмектеседі деп бек сенеміз. Бізге жарау аттар керек... Әрқайсымызға қосардан!

 

Жиылған жұрт көзінде үрей бар. Жылаған балаларының аузын жаба алмаған әйелдердің реніш дауыстары естіледі. Басқа жұртта үн жоқ. Бәрі көздерін төмен салған.

 

Қазақшалыс:

– Неге үндемейсіңдер? Әлде бізді жау көріп тұрсыңдар ма? Қызылдар келсе бізбен жылап көрісесіңдер! Олар алдымен қатындарыңды алады. Сонсоң балаларыңды алады. Сонсоң ғана барып жарауларыңды алады!..

Жабай:

– Бермейміз деп тұрғанымыз жоқ. Береріміз болмай тұр. Мына ерте көктемде малда тоқтық болмайды. Содан қысылып тұрған жайымыз бар.

Қазақшалыс:

– Берсеңдер болды! Керегімізді өзіміз таңдап аламыз...

Жабай:

– Қазір жылқыға кісі жіберейік. Қазан көтертейік.

Қазақшалыс:

– Манадан бері солай деп айтпайсың ба?..

 

Ақтар аттан түсіп, киіз үйдің төріне жайғасады. Ас та төк дастарқан көрінеді. Әрқайсының қолында бір-бір сүйек. Кесемен арақ іше бастайды. Біраздан кейін бойларына арақ уыты жүгіріп, ән айта бастайды.

Кенет ауыл қайтадан азан-қазан болады.

Есіктен жалшылардың бірі көрінеді.

Жарылқасын:

– Қызылдар келді! – деп айқай салады.

Дастарқан басындағылар отырған орындарынан атып тұрып есік көзіне ұмтылады. Тарс-тұрс мылтық үні естіледі.

Атыс-шабыс басталады.

Біреуі қашып барады.

Біреуі қуып барады.

 

Қазақшылыс:

– Әлі біздің артымыздан сендер де келетін боласыңдар...

 

Кенет үйді от жалмайды.Бала-шағаның жылап-сықтаған дауыстары естіледі.

Ел өртті сөндіріп әуре.

Үй жанып кетеді.

Бірақ киіз үйдің шаңырағы ортасына түспейді.

Сахнада жанып жатқан киіз үй қалады.

Уықсыз киіз үй...

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Сәдуақастың үйі. Алтықанат киіз үй.

Төрде ел жақсылары жайғасқан. Олардың ішінде Жақыпбек, Мәлгаждар, Түбек, Ақан көрінеді. Орталарында қыр қазағынан бөлек киінген Нариман көзге түсе береді

 

Нариман:

– Былтыр жаз шілдеде Жақып мырзаның елді бетке алғанын білесіздер. Жасырын түрде Еркебекпен жүздескенінен де құлағдар боларсыздар. Жақаң Шет өңірін түгелдей көтеру, басқа да аудандармен байланыс орнату жөнінде тапсырма берді.Бұл іске Бодекең тартылып отыр. Сол тапсырмамен келіп отырған жөнім бар.

Жақыпбек:

– Жөн, жөн... Райымбектің Бодаубегі араласса істің алға жүргені ғой.

Нариман:

– Қоңыр күзде тағы да жиын өткен. Тройскідегі Жақаңның үйінде. Құпия бұл жиында Шет, Қоңырат, Жаңаарқа және басқа да аудандардың халқын қарулы көтеріліске көтеру тезге түсті. Және жан-жақты қозғалды, түбегейлі қозғалды...

Мәлгаждар:

– Сонда ол асау топтың ішінде кімдер болды?

Нариман:

– Өзім болғам жоқ. Сонда да кімдер болғанынан хабарым бар...

Мәлгаждар:

– Осы жеріңді тарқатыңқырашы...

Нариман:

– Қарқаралыдан – Бодаубек Райымбеков, Жұмабек Жексембин, Шеттен – Еркебек Дүйсенов, Қайырберлі Оспанов, Жаңаарқадан – Әуесбай Тәтібаев, Шоқыжан Балабеков, Шудан – Қарабай Бодықов, Баймұрат Жеңшімов, Шұбартаудан – Исағұл Меңаяқов, Мойынқұмнан – Жұман Бөлекбаев... Алматыдан арнайы Әкбар Боранқұлов, Мұхамедкәрім Ахметов, Ғаббас Арыстанбеков...

Мәлгаждар:

– Бәрін бірдей білмсек те, біразының атына қанық екенбіз...

Жақыпбек:

– Бізден қатысушының болмауы қалай?

Мәлгаждар:

– Жақаңның өзі отыр емес пе?

Сәдуақас:

– Шақыру болған. Бару мүмкіндігі болмады. Жақаң мұнымыздан құлағдар. Ел іші еру болып тұр ғой...

Түбек:

– Сонымен кеңесіңіз не айтады?

Нариман:

– Айтқаны сол, байларды құртып болмай жатып-ақ орташаларды да құлақ қылып шығармақшы.

Жақыпбек:

– Соны Жақаңның өзі айтты ма?

Нариман:

– Өзі айтыпты...

Түбек:

– Сонда деймін-ау, ендігі күніміз не болмақ?

Сәдуақас:

– Көнекке түскен қаратабандық бізге де келейін деп тұр-ау... Ол барған сайын қыса береді.

Түбек:

– Сонда не істеуіміз керек?

Нариман:

– Қаруға серт айт деп отыр...

Түбек:

– Наурызбай бабам арыстандай ақырып, қалмақтардың құты қалмапты. Ақырарлық болмаса да күрілдейтін қауқарымыз бар. Еркек тоқты құрмалдық. Бастаңдар бізді!

Жақыпбек:

– Сондағы сертке қосар серігіміз қайсы?!

Қамшы ма?..

Бақан ба?..

Уық па?..

Нариман:

– Күні кеше ғана Кәрсен Болман апамыз Саржан төрені бақанмен түсірмеп пе еді?

Жақыпбек:

– Бұл заман бақанның заманы болмай тұр ғой...

Нариман:

– Бұл заман біздің заманымыз болу керек!..

Сәдуақас:

– Нариман тура айтып отыр...

Нариман:

– Бір қайранын жасамасақ уысымыздан сусып кеткелі тұр-ау...

Жақыпбек:

– Ін аузын шиырлағандай болып отырмыз-ау...

Сәдуақас:

– Бізсіз өткен жиындарың сонымен не шешті? Біз болмасақ та біздің сөзіміз сөйленген болар?..

Нариман:

– Бұл жиында барша қазақ баласының сөзі сөйленді!

Барша Алаш жұртының сөзі сөйленді!

Сәдуақас:

– Сонда?..

Нариман:

– Көш дейді!..

Жақыпбек:

– Шынымен көшеміз дей ме?

Сәдуақас:

– Сонда?.. Қайда?..

Нариман:

– Қытайға!..

Сәдуақас (өзімен өзі):

– Бұл Тобықтының маңдайына көшу жазылып қойылған ба?

Нариман:

– Бұл әбден шешілген түйткілді түйін...

Жақыпбек:

– Сонда оны кім шешіпті?

Нариман:

– Өзіміздің Әлекең – Әлімхан Ермеков, Бектің Орынбегі, Оспанның Сейполласы, Хасеннің Әбікені, Ахметтің Ілиясы, Боранқұлдың Әкбары, Дияқажының Мұхамедкәрімі, айтып отырған Жақаңның өзі...

Жақып:

– Әбікеніміз күйші Әбікен болар, Сейполламыз кәдімгі ақсұңқар Сәкеннің әкесі болар...

Түбек:

– Сонда жаппай қашан көшеміз деп отыр?

Нариман:

– Арғы жылы. Ерте көктемде.

Мәлгаждар:

– Әлімхан аға бастап , Жақып мырзамыз қоштап жатса не тұрыс?!

Сәдуақас:

– Біз қалыс қалатын ата емеспіз. Қамсыз отырмағанымызды жеткізсең әр жағын өзі түсінер.

Нариман:

– Манадан бері осы бір ауыз сөзіңізді тосып отырмын ғой. Онда мен ерте күнді кеш қылмай жүрейін. Еркебекке де осы сәлеміңізді айтайын ба?

Сәдуақас:

– Айт!.. Жеткіз!

Еркебек жалғыз емес деп!...

 

Нариман орнынан көтеріледі. Оны аттандырып салуға Мәлгаждар, Жақыпбек, Түбек қоса тұрады.

Сәдуақас жалғыз қалады...

 

Сәдуақас:

– Жақып ғұлама екен ғой...

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

Сәдуақастың үйі. Үйінің төрінде жалғыз отырады. Таспиқты санамалап отырғаны көрінеді. Қобыздың бебеуі естіледі.

 

Сәдуақас (өзімен өзі):

– Сонымен көшу керек. Қытайға. Қалың шүршітке. Өзі сыймай отырған шүршіт бұларды сыйғыза ма? Тосып отыр деген олар бізді.

Онда теңіңді бұзбай отырасың. Ерте ме, кеш пе бәрібір олар сені орныңнан қозғайды. Ендігі көшіңнің бетін сонда кім айтып береді?

Бұрынғы көшіміз белгілі. Сырдан қырға көшкен...Әнет бабаның өзі батасын берген. Сол көштің өзі Тобықтыны шайқалтып кеткен.

Шыңғыстың жерұйықтан несі кем еді?!

Сол Шыңғыс та бұларды ұстап тұра алмады. Қағынан безген құландай тағы жылжыған.

Бүкіл қазақ баласы сыйған Арқаға Тобықты баласы сыймады!

Жерұйықта отырып тағы да жерұйық іздеген!

Бұл жолы көшті Қараменде бабасы бастаған!

Сұңғыла екен сол бабасы...

Көкшетеңізге әкеп қондырған!..

Бұл жердің жерұйықтан несі кем?!

Бұған дейін...

Бізді ешкім көшірмеген!

Біздер өзіміз көшкенбіз!

Енді келіп көш дейді.

Мырзаның өзі айтып отыр!..

Жақып мырза айтса біліп айтса керек!

Оның кіндігі Ғалиханға байланған ғой...

Мына Кәрсен, Керней, Қоныштағай, Шұбыртпалы, Сарым аталарының іш тартып отырған жайы бар. Әр жағында тоқалар отыр...Сарыүйсін де қоржын қопақта отыр дейді...

Сонда...

Бұл көшті өзі бастай ма?!

Бастай алмайды!..

Жерұйықта отырып жерұйық іздей алмайды!..

Бірақ соғысады...

Қамшымен болса да...

Құрықпен болса да...

Уықпен болса да...

Нәлөгі құртып барады. Сақал шықса да нәлөк сұрайды. Жұмыртқа нәлөгі дегенді шығарып алыпты. Тауық көрмеген ел оны қайтып төлемек?!

Елді көнкөрісінен айырып болды. Мына Шетте ет сасып жатыр деп еді. Бұлар сол жағдайға келді. Шеттегілер сасыған еттен өртеп құтылыпты. Шын болса, ит жемепті дейді...

Сонда бұлар жей ме?..

Ау, Жарылқасын! Мұнда соқшы!

Кісі шаптыршы!

Тұрбекке!..

Жақыпбекке!..

Мәлгаждарға!..

Ақанға!..

Ерте күнді кеш қылмай жетсін!..

 

Жарылқасын келеді.

Сәдуақас:

– Қарауылды алма! Нариманнан жаушы келсе керек еді! Кешіккеннен түңілме деген еді...

Жарылқасын:

– Олар да қарауыл қойып отыр деп естігем. Бір хабар шықса олар да кеп қалар...

Сәдуақас:

– Бұл іске өзің ықтиятты бол!

 

Даладан үргеніштердің дауысы келеді.

Сәдуақас:

– Сыртқа шықшы. Мұншама үргеніш дүбірге ғана ауыз ашса керек еді...

 

Жарылқасын шығып кетеді. Іле қайта кіреді.

Жарылқасын:

– Айтқаныңыздай жаушы кеп тұр! Құрмен шаңдалыпты. Қайда түсірейін?

Сәдуақас:

– Қонақүйге түсір. Ағаш төсекке таңыңдар. Қол-аяғы қозғалатын болсын.

 

Сәдуақас тағы да үйде жалғыз қалады. Шаңырақтан көз асырады.

Сәдуақас:

– Бұл жердің аспаны да бөлек. Жері қандай болса аспаны да сондай!

Сол аспанды адыра қыл дейді!

Сол жерді тәрк ет дейді!

 

Даладан ат тұяғының дүбірі естіледі. Үйге Мәлгаждар мен Жақыпбек кіреді. Аман-саулық сұрасады.

Мәлгаждар:

– Жаушы балаға орнымыздан бастырмадық. Нариманның адамын бақтық та отырдық...

 

Ұзамай Ақан да кіріп келеді.

Ақан:

– Көшкін баласы да келіп қалар...

 

Іле Түбек те көрінеді.

Сәдуақас:

– Міне, төрткөзіміз түгел болды. Жаушыны келтірейік...

 

Үйге жаушы кіреді.

Жаушы:

– Ерте күнді кеш қылмай қайтайын...

Сәдуақас:

– Манағы айтқаныңды тағы бір қайталашы...

Жаушы:

– Бәрі ойдағыдай басталған. Қымыран еридінің кері келді.  Еркебектер, Малсейіттер Бетпақдаламен өтуді жақтаған, Күмісбектер Қырғыз Алатауымен асып түсуді жақтасын. Бәлшебектер соғысушыларды Бетпақдаланың мойнағында қуып жеткен. Бей-берекет атыс басталған. Жарты айға созылған атыс Еркебек қолының бірлігін ажыратқан. Соңынан он тоғыз жақсыны қолға түсірсін. Ататынын атып, қалғанын итжеккенге жөнелтіп жатыр.

Сәдуақас:

– Құс мылтық көп деген сынды едіңдер...

Жаушы:

– Қашқан ешкім болмады. Табан тіреп-ақ соғысты. Алайда күш тең емес еді. Оның үстіне өз арамыздан жансыз шығып...

Сәдуақас:

– Осы жерін қайтып айтшы...

Жаушы:

– Жау арамызға жансызын кіргізді деп отыр...

Түбек:

– Дәлелі бар ма?

Жаушы:

– Болғанда... Кепеулер Мойнақта тосып алды. Құртқанда Мойнаққа кіргізіп алып құртыпты. Сол қоршауды Кернейдің Малсейіт бұтағы жарып өтіпті. Қашып шыққан олардан да хабар жоқ. Қуа шыққан кепеулерден де хабар болмапты. Ендігі шүршіт еліне жеткен болар...

Сәдуақас:

– Нариман басқа ештеңе демеді ме?

Жаушы:

– Деді.

Сәдуақас:

– Енді?

 

Жаушы үндемейді. Көзін жерге салады.

Сәдуақас:

– Мұнда бөтен ешкім жоқ...

Жаушы:

– Сонда да... Нарекеңнің ерекше тапсырмасы еді...

Сәдуақас:

– Бұлар үшін жанымды беруге бармын!..

Жаушы:

– Олар ше?..

Сәдуақас:

– Олар да...

Жаушы:

– Онда...

Жеңдостарын тағы бір рет желкөзден өткізсін деді...

Түбек:

– Жау алыстан келмеген екен...

Сәдуақас:

– Апыра-ай, ә! Бізде де ондайлар бар боп жүрмесін...Қапы қалып жүрмейік...

Жақыпбек:

– Бәрі де өзімізге қараған жігіттер. Бұра тартатындары болмас деп ойлаймын.

Түбек:

– Тас-түйін отырмыз...

Сәдуақас:

– Біздің де күніміз туған екен...

Жаушы:

– Қылышты қынаптан суырар күн туды...

 

Жаушы шығып кетеді. Іле ұзай бастаған ат тұяғының даусы естіледі.

Сәдуақас:

– Жақыпбек, Түбек, Мәлгаждар, Ақан!

Атқа қонар күн туды!

Көтеріңдер жұртты!..

Жақыпбек:

– Соғысамыз!..

Мәлгаждар:

– Соғысамыз!..

Ақан:

– Соғысамыз!..

Түбек:

– Соғысамыз!..

Жаңғырық:

– Соғысамыз!..

Сәдуақас:

– Көтеріңдер Абылай бабамыздың Ақ туын!

Тудың аманшылығы Ақаннан сұралсын!..

 

Салбырап тұрған қара уықтар жерге түседі. Оларға бір-бір ереуілшілер ие бола кетеді.

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

Сәдуақастың ауылы. Сәдуақас үйінің белдеуіндегі ақ ту түсіріліп, ат үстіндегі Ақанға тапсырылады. Ақан туды алып, Сәдуақастың алдына келеді. Сәдуақас тізерлейді.

Сәдуақас:

– Абылай бабамыздың ақ туына серт айттық!

Серт!..

Серт!..

Серт!..

 

Ақан Сәдуақастың оң жағында тұрған Мәлгаждарға келеді.

Мәлгаждар:

– Абылай бабамыздың ақ туына серт айттық!

Серт!..

Серт!..

Серт!..

 

Ақан Сәдуақастың сол жағында тұрған Түбекке келеді.

Түбек:

– Абылай бабамыздың ақ туына серт айттық!

Серт!..

Серт!..

Серт!..

 

Топты жарып Жақыпбек туға ұмтылады.

Жақыпбек:

– Абылай бабамыздың ақ туына серт айттық!

Серт!..

Серт!..

Серт!..

 

Дауыстар:

– Серт!..

Серт!..

Серт!..

Дауыстар:

– Баста, Сәдуақас!..

– Соңына ердік!..

– Жаса, Ақан!..

– Ақ ту астына жиналайық!..

– Сабымызды бұзбай  аудан барайық!..

– Бастаңдар Дуаншиге!..

 

Аттылы-жаяулы топ сабын бұзбастан ұзай береді.  Мына дүниеге артын беріп жүздеген уық кетіп бара жатады.

Топ Дуаншиге жетеді.

 

Дауыстар:

– Бұзыңдар кооперативтің есігін...

– Жұлыңдар топсасын...

 

Кооперативтің есігі шалқасынан түседі.

Ел қап-қап бидайды сыртқа шығарады.

 

Дауыстар:

– Өздерің жеңдер!..

– Артығын елге жеткізіңдер!..

– Енді Қарамойынға барайық!..

– Сарытеректегі дүкенді аштырайық!..

– Сарытерек!..

– Сарытерек!..

– Сарытерек!..

 

Ел Сарытеректі бетке алады. Тоқырауын өзенін жағалап қарулы топ жоғары өрлей береді.

Ауыл маңына жақындағанда атыс басталады.

Дүние азан-қазан болып кетеді.

Сәдуақас:

– Оқты құр рәсуа қылмай көздеп атыңдар!..

Жақыпбек:

– Отряд беріліңдер!

Әйтпесе бірде-біреуіңді тірі жібермейміз!..

 

Манағыдай емес. Атыс саябырлайды. Әредік-әредік шиті мылтықтың жетім дауысы естіліп тұрады.

 

Жақыпбек:

– Жаушылар жағымсыз хабар жеткізіп тұр...

Сәдуақас:

– Ол не хабар?

Жақыпбек:

– Жекейдің Қанышы оққа ұшыпты...

Сәдуақас (атқа қамшы басып):

– Аруақ!

Аруақ!

Аруақ!

Жақыпбек:

– Ақжол!

Ақжол!

Ақжол!

 

Жаяулы-аттылы ел лап қояды. Атыстың бәрі жайына қалған. Ел қоян-қолтыққа кеткен. Қарудан тек уық ғана көрінеді.

Көтерілісшілердің енді бір тобы дүкенге тап береді.

Қашқан милициялар соны паналаған екен. Көтерілісшілер олардың қолдарын артына қайырып алып шығады.

Жақыпбек:

– Өздеріне тиіспей қаруларын алыңдар!

Түбек:

– Астарындағы аттарын да аударып алыңдар!

Мәлгаждар:

– Сонда бұларды не істейміз?

Сәдуақас:

– Мырза қамауда ұстаңдар!..

Түбек:

– Мыналардың ішінде бірде-бір аққұлақ жоқ ғой...

Сәдуақас:

– Олар болғанда соңғы оғына дейін атысатын еді...

Айтарлықтай шығынға батырар еді...

Түбек:

– Олардан да бір милиция опат болыпты. Жараланғандар екі жақта да бірдей...

Сәдуақас:

– Ауылға суыт жаушы жүргіз. Қанышты өз топырағына қоссын!..

Жақыпбек:

– Ауданға ат басын бұрайық.

Сәдуақас:

– Тарт Ақүйге!..

 

БЕСІНШІ КӨРІНІС

 

Сахнадан жұпыны қоржын үйлер көрінеді. Кіреберіске тақтай ілініпті. Онда «Қоңырат ауданы» деп жазылған. Әр жерде-бір жерде советтік жарнамалар ілінген.

Бір жерде «Біздің мақсатымыз – коммунизм!» деп жазылыпты.

Тағы бір жерде «Партия мен халық – бірге!» деп жазылыпты.

Алдыңғы қатардан қоржын үйлердің қатары көрінеді.

Біреуінің маңдайшысына «Аудандық милиция» деп жазылыпты.

Мұнда да әбігершілік жүріп жатады.

Соның бір бөлмесінде кепеу бастығы Василий Терентьевич Махношин телефон құлағын бұрап әуре.

Махношин:

– Алло-оу, Қарқаралы!..

Алло-оу, Қарқаралы!..

Алло-оу, Қарқаралы!..

Резерв жіберіңіздер! Кем дегенде бір взвод!..

Олар ма?.. Олар кем дегенде жүз адам...

Қарулары ма?.. Көбісі уықтар...

Мылтықтары да бар... Құс мылтықтар... Нагандар да бар...

Қайдан алды?.. Қайдан алушы еді? Бізден алды...

Бізден алғаны қалай?.. Сарытеректе біздің жігіттерді қолға түсірді... Оққа ұшқаны біреу... Кім дейсіз бе? Қызыл әскер Есен Адамбаев...

Жараланғаны екеу... Ұшты-күйлі жоғалып кеткендері де бар...

Қазір не істеп жатырсыңдар!.. Атысып жатырмыз...

 

Сыртта мылтық дауысы естіліп тұрады. Махношин дүрбі салады.

Махношин:

– Мыналарың есі ауысқандар ғой! Жалаң уықпен өңмендеп келеді... Шамамен екі жүз қаралы...

Милиционер:

– Ата берейік пе?

Махношин:

– Атыңдар! Жаппай атыңдар! Аттарын атыңдар!..

Мерген!..

Мерген:

– Тыңдап тұрмын, командир!

Махношин:

– Ақ туды көріп тұрсың ба?

Мерген:

– Нысанаға алдым!

Махношин:

– Ту ұстаушысын аттан түсір!

Мерген:

– Құп, командир!..

Махношин:

– Өз еріктеріңмен беріліңдер! Өз еріктеріңмен берілсеңдер өкімет кеңшілік жасайды. Бала-шағаларың аман қалады...

 

Алдыңғы қатарда Ақ ту көрінеді. Кенет Ақанның мінген аты сүрінеді. Атымен бірге Ақан да құлайды.

Көтеріліс жақтағылар құлаған ту жанында айналшақтап қалады. Бұл екі ортада кепеуліктер күш ала бастайды. Жаппай атыс басталады. Көтерілісшілердің барлығы дерлік жаяу қалады.

Сәдуақас:

– Шегініңдер! Бостан бос оққа ұшпаңдар!.. Ұсталып қалсаңдар бәрін маған жабыңдар!..

Жаннан безгендерің  болса...

Керегетаста кездесейік!..

 

Сахна төрінен тау сұлбасы қарауытады. Керегетасымыз осы. Баурайында ереуілшілер қосыны бой көтерген.

Сәдуақас:

– Жалқұйрығымыздан көз жазып қалмайық. Мойындарына шақыр байлап жіберіңдер!..

Дауыстар:

– Шақыр байладық...

Сәдуақас (өзімен өзі):

– Айбанаң менен, Еркебек!

Елімді көтерсем де саған қосыла алмадым. Бабамның жерін тастап, Шүршіт жеріне көше алмадым.

Айбанаң менен, Мырзам!

Елімнен көшпесем де саған қосыла алмадым!..

Шақыр байлаған бір ұлымыз болса...

Еркебек, сен боларсың!..

Шақыр байлаған бір ұлымыз болса...

Жақып мырзам, сен боларсың...

 

Сахна қап-қара болып кетеді. Тарс еткен мылтық дауысы естіледі.

Ат үстінен құлап бара жатқан Сәдуақасты көреміз...

Тағы да мылтық үнін естиміз.

Ат үстінен құлап бара жатқан Жақыпбекті көреміз...

Тағы да мылтық үнін естиміз.

Ат үстінен құлап бара жатқан Түбекті көреміз...

Тағы да мылтық үнін естиміз.

Ат үстінен құлап бара жатқан Мәлгаждарды көреміз...

Мылтықтың тарс еткен дауысы сайын қаламға қадалып жатқан уықтарды көреміз.

Шақырлы уықтар...

Кенет шақырлар қозғалысқа келеді...

Дауыстар:

– Сәдуақас ер еді...

– Жақыпбек кімнен кем еді...

– Түбек ер еді...

– Мәлгаждар кімнен кем еді...

Жаңғырық:

– Іздейтін жан туар ма, Ата жолын қуар ма?!.

 

04-15.02.2018.

 

Leave a comment:
Captcha