One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Рухым сөнген менің қайта жанар..

№54. Рухым сөнген менің қайта жанар..


                                         

 

I. Каспий ойпатындағы жүз жылдық. Жаңа дәуір дүбірі.

5 червонецке «сатылған» әйгілі кен орны.

       

19 ғасыр соңы қазақ даласына жаңа дәуірдің лебін ала келді. Патша үкіметі қазақ даласының жер асты қазба байлығын барлау, игеруге жаңа күштерін тарта бастады. Бұлардың алғашқыларының бірі мұнай кені қорын барлау еді. Арғыдан қарасақ сонау 1768-74 жылдардың өзінде Ресей ғылым академиясы Атырау өлкесіне, оның ішінде Жылыойға барлау экспедициясын ұйымдастырып, мұның негізгі жобасы, баспалдақтарына ұлы ғалым М. В. Ломоносов басшылық етіпті. Тарихта жазылған жайларға талдасақ, қазақ даласына келген ғылыми топтың құрамында сол кездегі атақты жаратылыстану ғалымдары И. И. Лепахин, С. Г. Гмелин, И.Л. Фалых және тағы басқалары да барын көреміз. 1771 жылдан басталған кейбірінің Орынбор өлкесіне жасаған саяхат жазбаларында жергілікті халықтың, олардың шаруашылық – тұрмыстық жағдайы, этнографиясы туралы мол мәліметтер бар. 1820-40 жылдар аралығында бұл өлкеде ғалым-саяхатшылар Э.В. Эверсман, Г.С. Карелин, А.Г. Гумбольд, М.И. Иваниндер зертеулер жүргізді.

Жылыой мұнайы туралы алғашқы мәліметті сол ғасырдың екінші ширегінде «Кен» журналында О.М. Кобалевский жариялады. Ол бұған дейінгі 10-шы ғасырдағы араб саяхатшыларының жасаған қазақ даласының карталарын қайта өңдеген білікті ғалым болатын. Мысалы 1857 жылы Себерцов Қарашүңгіл мұнайы туралы жазды. 1860 жылы И.И. Борцов, 1874 жылы Кирпичников, 1887 жылы М.М. Новаковский бұл жердің геологиялық құрылымы, жер асты байлықтары туралы мәліметтер жариялады. 1889 жылы Деппельмейер жасақтаған экспедиция қызметі, жұмысшылар тіркелген журналда жергілікті үш қазақмұнай көздерін табуда жолбасшы болған. Олар Қожамбетов Меңдібай, Сексенбаев Базарбай және Байдалиев Игілік деген кісілер еді. Қожамбетов аттан құлап мертігіп қалады да, ал Байдалиев сол кезде төрт мұнай көзін тауып береді. Сол үшін 20 сом алған. Мұнда әр мұнай көзін тапқаны үшін 5 сом бергені айтылған. Бұл ұмытпасам сол кезде екі қойдың құны ғана. Сондай кеннің бірі атышулы – Қарашүңгіл, қазақ мұнайының тұңғыш фонтоны атылған жер, киелі, әулие орын еді.

1892 жылы Рязань-Орал Теміржол қоғамы мен Геологиялық комитет Жайық-Жем бассейнінің табиғи байлықтарын зерттеу үшін С.Н. Никитиннің басшылығымен экспедиция ұйымдастырады. Ол осы аймақтағы тұңғыш қолмен бұрғылау-барлау жұмысын жүргізеді. Доссорда алты, Ескенеде бір, Қарашүңгілде бес ұңғы қазылады. Олардың тереңдігі небәрі алты-сегіз метрден аспаған. Жылымшылап аққан қара майды қасықтап жинаған іспетті, еңбегі өнімсіз, нәтижесіз болған. 1892 жылы қазақтар «Күйік қала» атаған Соль-Елецк бекінісінен Лебедов деген мұнай барлауға талпыныс жасайды, бірақ ол да қаржысы бітіп, ақыры компаниясын Леманға сатып тынған. 1894 жылы мамырда Ресей үкіметі оның компаниясы қарамағына осы аймақтағы барлау-кен орындарын түпкілікті бекітіп береді. Және Санкт-Петербордан «Эмба-Урал», «Эмба», Эмба-Каспий» серіктестік – компаниялары жасақталып, бұрынғы Жем-Жайық атаулары ұмытылып, орынына бұдан кейінгі кезеңдері патша жарлығымен Эмба, Урал атауын еншілеген жаңа құрылымдар басты. Бұл жоғарыда айтқандай Ембі атауының беріде пайда болғанын, отаршылар мен ағылшыннан қалғанын да көрсетер еді.

«Эмба-Каспий» серіктестігі 1899 жылы Қарашүңгілде жиырма шақты ұңғы қазып, күздің қара суығында, қараша айында қырық метр тереңдіктен қазақ даласының алғашқы мұнай бұрқағын алды. Жүздеген жылдар бойы жер асты көзінен жол тауып гипсті кеуектерде синтезделіп шығып жатқан Қарашүңгіл мұнайы сапасы жағынан сол кездегі Баку мұнайынан да асып түседі. Жер астының сол кеуек оқпандары опырылып мұнай мұнарасы толайым жұтылып кетті. Араға аз ғана уақыт салып алғашқы мұнайдың қасиетті бұлағы көзі де бітеліп, Қара-Шүңгіл әулие өз құпия-сырын ішіне бүгіп қалды. Қарашүңгілді барлауда алғашқы кезде бұрғы ұшы 38-ден 272 метрге дейін жеткен болса, одан кейінгі ашылған Доссарда 225 метр межеден мұнай алынды. Кейінірек кеңестік мұнай геологиясының негізін қалаған академик И.М. Губкин «Қарашүңгіл сабағы бізді тереңірек қабаттарға назар аударуға мәжбүр етеді» деп мәлімдеген еді.

Алғашқы мұнай шығуына орай жергілікті қазақтар бұл жұмысқа көптеп тартылды. Жұмысшы қауымы, яки бұдан кейінгі ғасырдағы қазақтың жұмысшы табы деген атауы ең алғашқы рет Арқа төсіндегі мыс пен жез кендерінде емес, кең Жылыой жерінде осылай қалыптаса бастады. Мұнай барлау, оны бұрғылау қол жұмысын көп керек ететін, нағыз азапты жұмыстың бірі болды. Жер қазу, ауыр құрал жабдықты, бұрғылау қондырғыларының керек-жарақтарын тасу жұмыстарына тер аз төгілмейтін және ең арзан жұмыс күші де осы жергілікті көнбіс халық еді. Жалдамалы жұмысшылар күшін уездерден жеткен жарлық бойынша болыстықтар өздері бөліп отырған. Сол кездегі Жаршық, Былан,Жем, Ақжал, Ақбас болыстығынан және Адай уезіне біраз күш-көлігі, кедей жатақтар қара жұмысқа тартылған. Әр ауылдан кезек-кезеңімен бір-екілі адам, жегінді түйе, не жылқы шығарып отыру қатаң талап болды. Бірақ бұрын-соңды жаздың шыжыған ыстығы мен күздің қара суығында мұндай жұмыс істеп көрмеген қырлықтар бір айға да шыдамай кетіп қалып отырды, олардың орнын басқалар толтыратын. Ауыз су тым тапшы болды, барлығы түйемен қашықтан тасылды. Экспедицияда жалдамалыөзге бұратана халықтың ұлт өкілдері, ішінара қалмақ жұмысшылары да болды, оларға еңбекақы сәл көтеріңкі төленетін. Өлкенің қатаң ауа райы мен адам төзгісіз тұрмыстық ауыр жағдайына шыдамаған олар да кетуге мәжбүр болды. Олардың орнына мұнара құрастыру, бұрғылау станогын айналдыру, т. с. сияқты қара жұмыстарға жергілікті қазақтар бейімделді. Қарашүңгіл кенін алғашқы бұрғылауда бір маусымда жергілікті 95 жұмысшы болғанын айтады. Экспедиция құрамындағы сегіз маман қызметші арасында бірде-бір бұратана халық өкілдері болған жоқ, жергілікті ел тек қол жұмысына алынды. Қаңбақты кенті арқылы алғашқы жабдықтар тасылғанымен оның Қарақұмнан қашықтығына байланысты Сарқамыс тұсынан жаңа айлақ ашылып, бұрғылау құралдарын, ауыз су, басқаларын түйелі арба жеккен керуенмен жеткізіліп отырды. Судың тайыздығынан кемелер жағалауға келе алмай, олардың орнын қайықшылар атқарды. Мұндағы жүкші, жолбасшы, қайықшы-теңізші матростар жергілікті қазақтар болды.

Қарашүіңгілден кейін 1906-09 жылдары С. Леман компаниясы Қаратонда жиырма шақты барлау ұңғымасын қазып, жоғарғы бор қабаттарынан, кейін барлығынан алтыдан жүз алпыс тоннаға дейін мұнай алғаны туралы деректер бар. Демек Доссор, Мақат кеніштеріне дейін қазақ мұнайының тарихтағы алғашқы қадамын Қарашүңгіл мен Қаратон кеніштері жасады деуге негіз бар, яки Қаратон мұнайы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін емес, одан бұрынғы кезеңде осылай ашылып, тарихқа белгілі болған еді.

Тарихқа Қарашүңгіл атауымен белгілі болған бағзыдағы сор көлбиіктен қарағанда бейне теп-тегіс жазық дала бетіндегі құмырысқаның алып илеуіне ұқсауы мүмкін. Шындығында солай, өзге жер, төңірекке қарағанда сор көлді айнала қоршаған жал-жал дөңестер әлдебір жер асты күшімен осы қалпында ғасырлар бойғы өзінің ерекшелігін әйгілеп, құпиясын бойына жинақтаған сияқты. Бағзыда жер астынан жарып шығатын мұнай адам баласына мыңдаған жылдар бойы қалай жұмбақ болып келсе, бұл жерде сол ащы су аралас мұнай көзінің жол тауып теуіп шығуынан лай атқылап жағалау жиектері биіктей берген сияқты. Иен далада ел көзінен тасаланған, бір кездегі ұлы жолдың үстіндегі осы араға тек жол бастаған жергілікті қазақтар айсыз қараңғы түнде қоңыраулы нарларын зарлатып, адаспай жетері анық-ты. Ол ара бір қарағанда зерделі қыр қазағына алыстан аңғарылар еді. Уақыт өте келе сор көлдің айналасынан ел үзілмей, қалың жұрт қоныстанғанын бес жүзге аса әулиелі бейіт-мазарлары айғақтар еді. Әрине сор көл ортасындағы мұнай бұлағы қалай ғайып болса, уақыт өте келе кенерін тепкен су да солай жер астына жұтылып кетулі. Анау үш-төрт аралшықтар айналасы мен жағалауы қалың құрақ болғанына қарап мұнда тұщы су көзі де болғанын бағамдайсың. Алыс-жақыннан ат сабылтқан, жағасын жайлаған ел аяғы да сол кезден бастап сирекси бастады. Мүмкін ел айтса айтқандай-ақ бұл жерде бағзыда Ұлы Жібек жолының бойында керуен сарай болған шығар, оны кім білсін.

1892 жылдары Жайық, Жем алабында бұрғылауды алғаш бастағандардың бірі швед кәсіпкерлері ағайынды Роберт, Альфред, Людвиг Нобельдер еді. Бакуде мұнай өндіретін зауыт ашып тез байыған олар сөз басында айтқандай осы өңірден «Эмба» қоғамын ашқан еді. Қарашүңгілден кейінгі 1911-15 жыл аралығында Байналы (Доссор), Мақаттан 151,3 тн және Қамысқаладан тәулігіне 50 тн мұнай алына бастағанын айтады. Нобельдердің үлкені Швецияда жасап, Каспий теңізіне түсірілген «Зороастр» кемесі дүниежүзі бойынша тұңғыш мұнай таситын танкер болды. Атырау даласынан жүздеген түйелі керуенмен тасылған қазақ мұнайы сол танкер арқылы Баку зауытына жөнелтіп, одан керосин, парафин, тағы басқа өнімдер алды. Ұзындығы елу метрлік бұл танкерге 15 мың пұт, яғни 242 тн мұнай сыйған.

  

II. Қазақтың тұңғыш мұнай мамандары. Буырқанған дала.

Батыс Алашорда.

 

Кейінгі ғасырда Қарашүңгілден бастау алған Атырау даласының мұнайы барша қазақ баласының бақытын ашты. Төрткүл дүниеге атын шығарды. Қиын-қыстау кездері ел экономиясын өрге сүйреді. Алғашқы қазақ жұмысшыларынан беріде елімізге белгілі білікті мамандар, білімді ұрпақтар қалыптасып, әйгілі мұнайшылар мен қоғам, мемлекет қайраткерлері көптеп шықты. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары қазақтың жоғары білім алған мұнай және тау-кен саласы бойынша мамандары қатарында Қазан төңкерісінен кейін Бомбей университетін бітірген инженер-геолог, 38-де Ашхабадта жазаға ұшыраған Оразмұхамед Тұрмағамбетұлы, 1928 жылы Москва тау-кен академиясын бітірген инженер Сапар Қарымсақов, 1930 жылы Москва мұнай институтын аяқтаған инженер-геолог, Батыс Алашорда бас интенданты Беркінғали Атшыбаев, 1930 жылы Томск технологиялық институтын бітірген геолог Жарқын Айталиев, 1931 жылы Баку академиясын бітірген инженер Жұмағали Шәуетов, 1932 жылы Москва геология- барлау институтын бітірген геолог, Б.Атшыбаевпен бірге жазаға ұшыраған Мардан Әзербаев, сол жылы осы институтты бітірген инженер Қамал Қадіржанов, 1933 жылы Саратов университетін бітірген инженер Ерден Әзербаев, сол жылы Атырау мұнай техникумын бітірген инженер-техник Мұхамбет Қонысбаев, 1934 жылы Москва Мұнай институтын бітірген инженер-геолог Нәрен Имашев, онымен бір жылы Баку академиясын бітірген инженер Сағындық Рақымжанов, 1935 жылы Ташкент институтын бітірген инженер-техник Рахмет Жолаев, онымен қатар Орта Азия индустрия институтын бітіргендер инженер-геолог Уфа Ахметсафин, Натай Кенесариндер, тағы басқасы қазақтың тұңғыштары, мұнай мамандары еді. Алғашқыларының қай-қайсы да қазақ мұнайының атасы, өз саласының корфейі болуға құқы бар-ды. Бұлардан кейін 1935 жылы Москва өндірістік академиясын бітірген инженер-техник Құсан Нәренбаев, Баку мұнай институтын бітірген геолог Әлғазы Ілиясов, инженер Сафи Өтебаев, Сайфи Мұғдиев, Әбіш Сүлейменов, Атырау мұнай техникумын бітірген Ерқожа Тауманов, тұңғыш кәсіпшілік директоры болған әйел Балжан Жұмағалиева, 1937 жылы Москва институтын бітірген инженер Мұхамбет Есенов, техник-геолог Мүтиголла Маташев, 1938 жылы Атырау мұнай техникумын бітірген техник-геолог Өтеп Балғынбаев, Москва институтын бітірген инженер Тарыбай Шәукенбаевтармен кейінгі жаңа толқын қатары толығып, олар қазақ мұнайы өндірісін өркендетуге ат салысты.

Қарашүңгілден кейінгі Доссор, Мақат кәсіпшіліктері қалыптаса бастаған жылдар бірінші дүниежүзілік және Азамат соғысына, Қазан төңкерісіне тұспа-тұс келді. Бірінші дүниежүзілік соғысқа Николай II қазақ баласын солдатқа алмау туралы бұрынғы жарлықтарды бұза отырып, алдыңғы шепке, окоп қазуға айдады. 1916 жылы қара жұмысқа алынған бұратана халыққа Германияны тоқтату үшін жүздеген шақырым транция және окоп қазу керек болғанын мысқылдап айтады. Ал 16-шы жылғы қазақ даласындағы қарсылықты басу үшін 95 рота, 16 зеңбірік, 47 пулемет керек болған. 20 мың адам өліп, 300 мың адам босып кеткен.

Сол тұстағы алдыңғы шепте окоп қазуға барғандардың бірі Ысмағұл Қосыбайұлы атамыз еді, асханада өзін кемсіткен патша урядинигін алып ұрып, соққыға жыққаны үшін айып арқалап шықты. Ысмағұл ата ғұмырбаяндарының кей деталы «Қан мен тер», «Ақ Жайық» тарихи романдарында бас кейіпкерлер бейнесі ретінде алынғаны айтылады. Ол да Жайық бойында, теңіз батагаларында қатардағы балықшы және кейін балық колхоздарын басқарған, елге танымал адам болды. Бұл аталарымыз еңбек жолын бастаған мұнай кәсіпшілігі Мақат, Доссорда 1915 жылдары жұмысшылар ереуілге шықты. Жұмысшылар сегіз сағаттық жұмыс күнін, жалақының өсуін талап етті. Олар бейнет пен азапты жұмыстың барлығына, еңбектері қаналғанына шыдады. Атқарған жұмыстарына еңбек ақылары сай болмады, сыз кепелерде, жағдайсыз тұрмыста болды.Ауыз су Білеуліден тасылды. Міне мұның бәрі айлап, жарты айлап кәсіпшіліктің тоқтап, қазақтардың наразылық жасауына ұласып тұрды. Жоғарыдағы Ысмағұл атамыздың өмір жолы сол кездегі қазақ кедейлерінің жағдайынан хабар берер еді. Ол 12 жасынан байларға жалданып мал баққан екен. Жиырма бір жасында, 1916 жылы герман-орыс майданында окоп қазуға алынған. Доссорда жұмысшы бола жүріп, большевиктермен байланысып төңкеріске араласқан. Әрине бұл өлкеде Кеңес үкіметі бірден орнай қойған жоқ. Сол кездегі Уақытша үкімет Керенскийлердің қазақ сияқты халықтарға жасаған бірінші жақсылық жарлығы: окоп қазу жұмысынан қашқандарды қудалауды тоқтату, приемге қарсы шығып, түрмелерге қамалғандарды босату болды. Бұрынғы патшалық үкімет тақтан құлағасын көп үзамай 1918 жылы мамырда Орал облысы қазақтары сьезінің қарарымен жер-жерде жеке отау тіккен уақытша үкіметтер сияқты батыстаОйыл уалаяты құрылды. Кейіннен ол Батыс Алашорда бөлімшесі аталған еді. Батыс Алашорда қатарында 130-дан аса мүшелері болғанын айтады. Жымпитыда уездік сот, Алаш әскері штабы, уездік земство, милиция, комиссарлар кеңсесі, телеграф, байланыс бөлімі болған. Ойылда жасыл тулы атты әскер полктары тұрды. Батыс Алашорда үкіметінің өз гимні («Атты әскер маршы» т.с.), бас мүфтиі, казначей-банкі болды.

Және Мақат, Досорда консервацияға қойылған кен орындары, Ракушта мұнай базалары Батыс Алашорда бақылауында болды. Бұл, яғни мұнай – сол кездегі әскери үстемдікке ұмытылғандардың, соғыс кемелері мен броневик, автокөлік, ұшақтардың жанды жері еді. Бірақ мұны орталық Алаш көсемдері ұтымды пайдалана алмады. Каспий теңізі суларында сол кездің өзінде ағылшын-француздық интервентері мен ресейлік ақ гвардия және кеңестік флоттарының соғыс крейсерлері, флагман кемелері «Карл Либкнехт», «Крюгер», «Гельма», «Демосфен», «Ребель», «Елезавета», «Каспиец», «Спартаковиц», «Великий Петр», «Москвитяние» сияқтылар ирандық-дағыстандық айлақтардан қазақ жағалауларына бетке алып аттанғаны туралы естелік-тарихтарын жазады. Ағылшын интервенттерінің Орал ақ гвардия әскери министрі Бородинмен, Толстов армиясымен байланыстары бұрынғы Орал-Каспий қоғамы басшылары арқылы тыңшылық, диверсиялық топтар арқылы байланысы өз алдына бір тарих еді. Шетелдіктердің құрлықта, теңізде ақ гвардияшыларды жанталасып қолдауындағы бір-ақ мақсат, ол Атыраудың қолдан кеткен байлығы-мұнайы еді. Бірақ кеңес үкіметі емес, жергілікті халықтың қолдауы мен қорғауына арқа сүйенген Батыс Алашорданың тегуірінді қимылынан ығысқан олар шешуші батыл қадамға бара алған жоқ.

Бұл Батыс Алашорда, немесе Ойыл уалаяты Жымпиты, Ойыл, Сағыз уездігі болып бөлінді. Уалаяттың әкімшілік-аумақтық құзырына Ойыл, Қиыл, Сағыз, Жем, Темір, Шыңғырлау бойлары және Жайықтың Бұхар жақ бетіндегі елдер, яки Талды, Бөрілі, Ханкөл, Қосатар, Жезбұға, Жетікөл, Жекенді, Құлынды, Жиренқұдық, Жарыпшыққан сияқты мекендер мен Кермеқас, Былан, Қаратөбе, Қазбек, Ақшатау, Ақжал, Ақбас, Бестөбе, Қарашағыр, Есбол болыстықтары қараған. Батыс Алашорданың жоғарғы орган Құрылтайы, халық сайлайтын Кеңесі, атқарушы билігі, жоғарыда айтқандай уездік соты, жергілікті милициясы болды. Басшылығын Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, әскери жасағын Сабыржан Сарғожин, Нәдірше Есімханов, бас интенданты боп нағашымыз Беркінғали Атшыбаев атқарды. Кейін генерал-майор С.Сарғожин эммиграцияға кетіп, Лондонда 1925 жылы қайтыс болды. Қазақтар арасында тұңғыш Мәскеу әскери мектебін бітірген Сабыржан Сарғожин Соналы болысын басқарған Алаша Көшербай рубасының баласы болды, оның ел аузындағы бір аты Ақшолақ болыс еді. Көшербай болыс 1916 жылы ел азаматтарының окоп қазуға қарсылығын қолдап, сол үшін жазалаушылар қолынан Кальмыковта қаза табады. Бір жағынан оның атақты байлардың қыздарын алғандықтан ұрпақтары кеңес үкіметі тарапынан қысымшылықты көп көргенін айтады.

Сол сияқты Миялы өңірінде туған Мұқаш Атшыбаев кейінгі Батыс алашорданы қолдап, оның қызметіне қатысқан кісілердің бірі болды. Әкесі Атшыбай 1869-71 жылдары «Ел ауа» аталған Кіші жүз көтерілісіне қатысып, ел сеніміне ие болған кісі дейді. Үлкен баласы Мұқаш орысша сауатты кісі болып, алғаш кәсібін сауда-саттықпен айналысудан бастады. Дәулетті кісі ғана емес, байлығын ел игілігіне жұмсаған мәрт кісі болған, қыстауында кітаптарды да көп жинаған. Балалары Беркінғали, Құсайын, Әжіғалиларды Орал, Орынбор қаласында оқытқан. Мысалы, Оралдағы реалдық әскери училициеде Беркінғалилармен бірге Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедовтер бірге оқығаны туралы деректі күні кеше алып таң қалғаным бар. Сонымен қатар 1920 жылдары М.Шоқайдың шетелге кетер алдында Жымпитыға келуі, 1928-29 жылдары М.Жұмабаевтың Мәскеуде жоғары әдебиет-көркемөнер иниститутын бітіріп, Гурьев уезінде оқу ісі жағын ұйымдастыру жағымен келіп, Б.Атшыбаевтармен жолығу айқын емес тарихтары біраз соны ойларға жетелейтін еді.

Оның әкесі Мұқаш Атшыбайұлы да 1919 жылы Қызылқоғада өткен Батыс Алашорданың қалалық, ауылдық кеңестеріне және Орал, Ойыл, Қаратөбеде өткен қазақ сиездеріне қатысып, баласы Беркінғалиларды, Алаш зиялыларын қолдап, демеуші болды. 1920 жылы қайтыс болып, Кеңес үкіметі жазаға тарта алмағанымен балалары мен туған-туысқандары кейін түгел қуғынға ұшыраған еді. Атшыбайдың екі баласының бірі, Мұқаштың туған інісі Дәулет - әжеміз Жұмақтың әкесі еді. 1921 жылы ағасы Мұқаштың жылы өткесін, бұрыннан құдандалы жекжатығы бар екі ауыл Дәулет атамыз қызына қазақтың жолымен құда түстіріп, Ойыл бойында біздің елге ұзатқан екен. Олай дейтін себебіміз атамның өз туған анасы, Тәжінің бәйбішесі Құпия шешеміз де Жауғашты Батырқожаның қызы еді. Беркінғали нағашымызды поляк халқының ұлы, атақты өнер зерттеушісі А.Затаевич қатты құрметтеп, оған суретіне қолтаңба жазып беріпті.

Паңкөйлек, маң-маң аяқ басатұғын,

Жар қайда сендей көңіл ашатұғын.

Кешегі жиырма бестің заманында,

Көңілім тау суындай тасатұғын.

 

Дүние қызыл түлкі бұлаңдаған,

Бақ тайса басқа дәулет құралмаған.

Меңзеген асқар тауға қайран көңілім,

Дүниеде ешнәрсеге тына алмаған - дейтін Мералыұлының «Паңкөйлек» әнін Беркінғали нағашы Мұқашұлы жаздырыпты. Мың әннің ішінде рет саны – 910 болып тіркелген. Неге екені белгісіз, бұл ән тұсына Затаевич қолымен «Шегольская песня» деп белгіленген.Сонымен қатар «Ақиіс», «Гурьев» («Ақ теңіз»), тағы басқалары бар еді дейді. Затаевичпен ол Мәскеуде оқып жүргенде танысқан сияқты. Оның Беркінғалиға берген қолтаңбасы бүгіндері Ұлттық мұражайда тұрғанын айтады. Сол кездегі Ойыл уалаяты әскери офицерлері арасында Мұхит Мералыұлы немересі Ғұбайдолла Мұхитов, Бақытжан Қаратаев ұлы Мұрат Қаратаевтар бар еді. Еділ-Жайық төрелері - ән мен күйде Дәулеткерей, Салауаткерей, Жантөре, Науша, Шәңгерей, Сақып, Жанша, Мұхит сал, Шоң, Шайхы, Лұқпан, Қамбар, Шынтас, тағы басқалары өз алдына бір-бір дүлдүлдер, бір әулет бұтақтары еді. Деректе Ойыл уалаяты аталған Батыс Алашорда үкіметінің екі мыңдай әскері болғанын, жер аумағы екі есе өсіп, халық саны 1,5 млн болғанын жазады. Бөкей Ордасының Жаңақала, Казталовка аудандарында Бақыткерей Құлманов басқарған атты кавалериясы, Жайықтың сол бетінде Теңіз округі, Нарын құмында Өтеғали Арыстановтың, Жылыой, Ракуште Әубәкіров, Меңдіқұлов, Көздікеновтің атты жасақтары болды. Бұлар Кеңес үкіметі тарапынан қуғындалды. 1919 жылы желтоқсанда Батыс Алаш әскерлері Қызылқоғада Райгородок ауылына орналасқан генерал Акутиннің бес жүзге жуық ақгвардияшыларын талқандап, оларды құтқармақ болған казак-орыстармен екі күн ұрыс жүргізді. Қызылқоғаға кешігіп жеткен қызылдар оларға алғыс айту орнына қазақтардан жасақталған Алаш әскерлерін таратуға кіріседі.

1920 жылы қаңтарда 1-ші қызыл армия Ревкомы өкілі Наумов, Казревком өкілі Бегімбетов, Батыс Алашорда төрағасы Жанша Досмұхамедов кеңес үкіметін тануға, оны қолдауға шақырды, бірақ Алаш зиялыларына кешірім беру біразға созылды. Оның басшылары Жанша, Халел Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Беркінғали Атшыбаевтарды халықтан оқшауландыру мақсатымен дүние-мүліктері кепілге ұстатылып Ресей губернияларына жер аударылды. Бұл кейін Б.Атшыбаевтың жоғарғы білім алуы жолында салқынын тигізді. Және әкесі Мұқаштың ісі де оның алдынан шығып 37 жылы ұсталуына себептердің бірі болды. Гурьев қалашығында оқу орындарында жұмыс істейтін мұғалімдер, басшы қызметкерлар Т. Таңқыбаев, Ө.Есмұрзин, А.Өстеміров, М.Шонбаев, А.Ұйықов, Қ.Есмағамбетов, Қ. Ыбырашов, тағы басқаларға Алашорданы жақтағаны үшін айып тағылды. Соңғы екеуі 37-жылдары атылды. Алашорда Батыс, Шығыс, Орталық, Оңтүстік болып бөлінгенімен ол кезде бір орталықтан басқару қиын болғанын айтады. Қазақ жерін Алаш автономиясына біріктіруге жергілікті орыс шаруалары, қоныс аударушылар қатты қарсылық көрсеткенін айтады. Әрине олар ұлт мүддесін түсінбегені айқын. Оған сол кездегі Ә. Бөкейхановтың 1919 жылы елге қарата айтқан сөзі дәлел. Бұлар қазақ зиялылары арасындағы тұңғыш саяси ұйым еді.

Ол кездері Алаш партиясы екіге жарылған еді. Себебі бірі отырықшылықты, екіншілері көшпелілікті қолдады. Көшпелі болғанда да қазақтың атамзаманнан бергі күн көрісі - мал шаруашылығын ойлағандар, оны бірте-бірте отырықшылыққа бейімдеуді ұсынған. Бұл соңғылары қазақ даласының батыс және орталық аймақтарының шаруашылығы шөл далаға лайықталғанын алға тартты. Бұл дұрыс еді. Ақыры келісе алмады. Отырықшы, суармалы егіншілік аймақтағы халықтың көбі бодандық езгі кезінде күштеп қоныс аударылғандар, өзге диаспора өкілдері мен жатақ қазақтар болды. Олар Алаш үкіметіне қарсы шықты. Ақыр соңында Алаш үкіметі, қазақтың дербестігі өз ішімізде танылмады.

Ол кезде Ойыл уалаятына қараған Доссор, Мақат кәсіпшіліктері, Ракуш (Былан) мұнай зауыттары Сағыз уезі жер басқармасына қарады. Бұл уездік басқарма төрағасы, сауатты адамдардың бірі, 1913 жылы Орынборда оқығанҚазмұқаш Ыбырашов, хатшысы Сақып Медетбекұлы еді, оның есімін жоғарыда айтып кеттік. Кәсіпшіліктердің мұнай ұңғылары сол 1918 жылдан бастап консервацияға қойылған-ды. Әрине сол кездегі Гурьев Совдепі әскери коммунизм саясатымен «Ашыққандар одағы», «Арбакештер одағы» сияқты ұйым құрғаннан аса алған жоқ. Атырау аймағына Толстов армиясы келуімен Совдеп мүшелері бас сауғалап қашып кетті, біразы тұтқынға алынып ақ казактар қолымен азапталып өлтірілді. Қазақ ауылдарын шауып, малдарын айдап алды, ел тағы да тоналды. Алашорда алдында екі айырық жол тұрды. Бірі ескі үкімет күштеріне сүйеніп қазақтың дербес ел болуы, автономия алуы болса, екіншісі кеңес үкіметімен келісімге келу еді. Олар кеңес үкіметімен келсімге келе алған жоқ, сол жылы Кеңес үкіметімен келіссөз жүргізу үшін Батыс Алашордалықтар, Ж. Досмұхамедов бастаған делегация Мәскеуге барып В.И.Ленинмен, ұлт істері жөніндегі комиссар И.В. Сталинмен ашық сөйлесті. Орталық әрине Алашты автономия деп танудан бас тартты. Торғай облысының алашордалық мүшелері бөлініп кеткендіктен ортақ келісімге келе алмады. Ойыл уалаяты 1919 жылдың соңында жұмысын тоқтатты, 1920 жыл көктеміне дейін Алашорда үкіметі толықтай таратылды және тамызда Мәскеуде Алашорда орнына оның батыстық басшыларын қатыстыра отырып Қазақ Автономиясын құру туралы мәселе қаралды. Онда патша үкіметі кезінде бөлініп кеткен Бөкей Ордасы туралы дау болды. В.И.Лениннің төрағалығымен өткен комиссияда Ж. Досмұхамедов, Уалитхан Танашев, Әлімхан Ермеков, тағы басқалары төрт ай жұмыс жасап, Астархан облысын Қазақстан шекарасына қосу жөніндегі ұсыныстарына басқа ұлт адамдары қарсы болса да, олардың жергілікті халық пен жер-су аттары жөніндегі дәлелді сөздерінен соң, Ленин Қиғаш өзенінен Орынборға дейінгі шекараны қызыл карандашпен бір-ақ тартып берді.

Қазіргі Жайықтың арғы бетіндегі Жәнібек, Жаңақала, Казталовка, Орда, Махамбет, Құрманғазы аудандары жері Қазақстанға, Құмөзек, Володар, Қарабайлы, Папласовка Ресейдің Волгаград, Астархан облыстарына қарады. Бұл да болса Батыс Алашордан құрмында болған қазақ зиялыларының аталары сияқты қан төкпей, білім-біліктерімен, қалам ұшымен алған жеңісі еді. Сол жылы тамызда Қырғыз (Қазақ) Автономиясы Социалистік Кеңес Республикасын құру туралы декрет қабылданды. Жаңа декретпен Орынбор қаласы қазақтың тұңғыш астанасы боп 1925 жылға дейін жасады. Кейін бес жылдан соң республика астанасы Ақмешітке, қазіргі Қызылордаға көшірілгесін Сібір Ревкомына қараған Семей, Ақмола облыстары, Түркістан АССР-не қараған Жетісу, Сырдария облыстары Қазақстанға қайтарылды, Орал облысын бөліп алып кетуге тойтарыс берілді. Бірақ Орынбор, Омбы, Ташкент қолдан кетті.

Кеңес үкіметі одан бұрын 1919 жылы құрылды деген дерек қате еді. Оған бір дәйек ретінде беріде Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты шығарған «Мұрағат деректері – халық қазынасы» атты жинақта тарих ғылымы кандидаты Р.Х. Сариева келтірген сол кездегі жағдайды айта кеткен жөн. Онда 1919 жылы қыркүйекте Губкомды тексеру актісінде большевиктердің Орынборға келуімен олар мұрағаттарды да тонып, өртеуге әрекеттенгенін, жаңа үкімет құру орнына жаппай талан-таражға салғаны айтылған. Сол 1920 жылы Орал уезінде алғашқы конферанция болып жаңа Уком – уездік комитет құрылып, құрамы батырақ-жұмысшылар, кедей шаруалармен толықты, басқарушылары түгелдей орыс ұлтынан сайланды. Орал, Гурьевті қоса алғанда жергілікті мұсылмандар комитетін ұйымдастыруды да сұрап, көп кешікпей ол да, бұрынғы Совдеп орнына Гурьев Ревкомы да құрылды. Ревкомның алғашқы жұмысы елден азық-түлік жинап «Ашыққандарға көмектесу» комитетін құрудан басталды. Бұл 1921 жылға дейін созылып, елден зорлықпен, күштеу мен жиылған малдай, астық-ақшалай көмек Еділ бойына, Ресейге жөнелтіліп отырды және мұнай кәсіпшіліктерін қолға алуға жұмыстанды. Сол жылы контрреволюциялық күштер қалдығы жанданып, қалада бүлік шығарды, бұрынғы Ревком таратылып қайтадан құрылды. Бұл Гурьев Ревкомның осымен екі рет таратылып, үшінші рет құрылуы еді.

Азамат соғысының батыры, Чебоксарылық казак-орыс, үш Георгиев кресінің кавалері, подпрапорщик Чапаев есімімен бұрынғы Гурьев қаласы Кеңес кезінде бір жылдай Чапаев қаласы болып аталып жүрді және Орынбор қаласы Чкалов аталды дегендей. Кейін Чапаев атынан бас тарту себебі, ол мүлде Атырау топырағын баспаған адам еді және оның дивизиясы бұл жерге келгенше 1919 жылы қыркүйекте Ілбішінде қаза болған еді. Бұл 25-ші дивизияның командирі И.С. Кутяковтың естелігінде атты қазақ бригадасынан басқа да алты әскер полкі жинақталғанын, бұл интернационалды топты И.К. Бубенц басқарғанын айтады. Шынында 1920 жыл басында И. Бубенц басқарған атты әскер бригадасы Гурьевті ақ казактардан азат етіп, Кеңес үкіметін қалпына келтіргенін жазады. Дивизия командирі И. Кутяковтың одан арғы естелігінде қараша айында қазақ бригадасы Толстов әскерін Гурьев пен Ембіге (Жемге) дейін қуып тастағаны баяндалған. Жоғарыдағы тарихқа қарасақ И. Қылышов сияқты ел кісілерінің Азамат соғысы батыры, подпрапорщик қолынан қай кезде қылыш алып үлгергенін түсінбегенімізбен, олардың осы атты бригадада болғаны анық еді. Мүмкін ол И.Бубенц, не командир И. Кутяков қолынан сыйға алған болар дедік.

Толстов әскерінің екі бағытқа – Мақат, Иманқара, Желтау арқылы қыр сағалап, Ракуш, Шұбыртпалы, Прорва арқылы теңіз жағалап қашуы көпті көрген әккі көкжалдың айлалы әрекетін еске салар еді. Толстов тобында екі генерал, жиырма жеті офицер, мың алты жүздей әскер болғанын айтады, яки басты тұлға Толстовтар теңіз жағалап кеткен. Ел адамдарының айтуынша олар Жем бойындағы ауылдарға ойран сала келді. Көп ауылдарды тонап, қарсыласқанын қиратып, азық-түлік, көлік ретінде малдарын тартып алып отырған.

Жем бойы елі, әсіресе кіші Қарақұмдағы Әлім, Байұлы ауылдары Маңғыстаудағы елге хабар жіберіп, көмек сұрайды. Өзге жақтан, немесе жаңа құрылып жатқан үкіметтен көмек қайыр болмағандықтан, Толстов армиясы қалдықтарына Жем, Үстірт көшпелі қазақтарының қарсылықтары көп болды. Бұл ауылдардың, әсіресе адай,шеркеш, әлім, табын ауылдары бастаған басшылары оларды екі – үш жерде Қоңыркөл мен Қарақұм, Төңірекшың мен Күйкенде тосып алып, айнала қоршаған арба обоздарынан ат қарғытып, көліктеріне жеккен, алыстан ататын қаруларын қолдануға келтірмей бытыратып салды. Екінші бір жерде, мысалы Жем бойындағы Қоңыркөлде негізгі тобынан бөлініп, ауылдарды тонап жүрген жиырма шақты ақтарды киіз үй ішінде ұйықтап жатқан жерінен сыртынан тас қып бекітіп өртеп жіберген. Киіз үйге от қойған қазақтыңАйман атты өжет қызы екенін аңыз етеді. Негізі Толстов әскері тәртібі мықты болмағанға ұқсайды. Бұлардан бөлінген Серов, Киселев бандылары келген ізімен кері қашқаны, бірен-саран қалдықтары Гурьев Совдепінің сеніміне, қызметіне кіріп, Кеңес үкіметіне қарсы астыртын жұмыс жасағаны үкімет тарихына емес, ел шежіресіне жазылған. Сонымен қатар кеңес саясатын бетке ұстап, Маңғыстау адайларына қарсы осы іс үшін олардың кек алу зобалаңын бастағанын шежіреші, марқұм Алшын Меңдәлиев ақсақал жазып кетті. Ол кездегі Совдеп сеніміне кіріп алған Толстов адамдары бас көтерер ел азаматтарын, жақсыларын қуғындап, соңына түсті дейді. Бәлкім Кеңес кезіндегі адай көтерілісі сияқты ел наразылығының бір ұштығы осындажатыр ма, кім білсін. Шежіреде жазылған бұл деректер терең зерттеуді керек етеді. «Ең соңғы адайдың сүйегін Эрмитаждан көрсем арманым болмас еді» деген Толстов сөзі қайдан алынғанын, әрине білмедік. Оның «Қызылдардың қанды уысынан беймәлім қияндарға» деген естелігі 1921 жылы Түркияда шыққан екен, ол кітап біздің қолымызға түскен жоқ.

 

III. Қуғынға түскен қылқұйрық. Шүрен сұлулары.

Жүз жылдан кейінгі абыз батасы.

 

Ақтар қашқан жылдар ойраны тек адай ауылдары ғана емес, өзге руларға да оңай тиген жоқ. Ол кез уақиғасының бір эпизоды ретінде атақты Майданқұланың тұқымы Құлажирен әңгімесін де үлкендерден естіп өстік. Атамыздың ол кезде отыздағы орда бұзар кезі еді. Жасынан жылқы баққан, басқа емес, атадан қалған аз ғана дәулетін дөңгелеткен, Тәжінің алты баласының ішіндегі шаруақоры, еті тірісі менің атам еді. Атамыз Тәжінің ортаншы ағасы Шолтан ертерек қайтыс болып, ағайындары қазақ салтымен оның жесірін атамызға қосқан дейді. Яки Қосбай бабаның Құлшары мен Асардың әкесі Шолтан бір жылдары қайтқан деп естиміз. Құлшардың артында ұрпақ қалмағаны белгілі. Атамыздың жеңгелей алған әйелінің үбір мен шүбірге билік ету құқы Тәжінің бәйбішесі Құпия әжемізден кем болмаған дейді. Өйткені ол қазақ салтында қанша дегенмен ағаның нақсүйері, орнында қалған жесірі. Жеңгелей алған шешемізден Бекболат, Жұмағали, Сарықыздар туыпты. Бұл үшеуі, әрине атамызбен аталас туыс болып есептелсе, бір жағынан Асар атамызбен шешелес туыс боп келетіні осыдан белгілі. Әкемнің айтуынша Тәжі атамыз қайтқанда Нұрсұлтан 17, Бекболат 16, Нұрмахан 15, Жұмағали 14, Күния 12, Балмахан 7, Боқай көке 2 жастар шамасында екен, сонымен қатар Айсұлтан, Байсұлтан, Майжан, Бөпежан деген қыздары болыпты. Үлкен қыздары ертеректе Орынбор, Ақтөбе жаққа ұзатылып кетсе керек. Бұған қарасақ Тәжі атамыз 1904 жылы, Байбақты атадан он екі жыл бұрын қайтқан болып шығады және ақ қашқан жылы көкем тура 31-дің ішінде екен. Тойжан апамыздың айтуынша Айсұлтанның баласы бір жылдары елге келіп, нағашылары алдына салып берген жиырма шақты қой мен жылқыны азсынып алмай кетсе керек. Бұл елдің бұрынғы күйі жоқ, өліара кез еді.

Бұған дейін ауылдар мал қамымен Сағыз бен Ойыл, Ор мен Елек бойларына көшіп жүрген дейтін. Күз түсе теңіздің кіші Қарақұмына күзеуге құлайтын. Құм қойнауы малға, тебінге жайлы, қар көп жатпайтын. Күзгі боқыраудың тұсында бір топ солдат ауыл үстіне сау ете түсті. Ауыл у-шу. Бота-тайлақтар үркіп, қазан-ошақтар төңкеріліп жатыр. Жай келмей ауыл үстіне тарсылдатып мылтық ата келді. Ақтың офицері көзі бірден белдеуде тұрған Құлажиренге түсіп, шылбырына қол созды. Үйден жүгіре шыққан атамыз жасынан ауыл арасында күреске түсіп жүрген әдісімен қырқа шалып құлатады. Оған екі-үш солдат тұра ұмытылады. Құлаға тақымы тиген бойда оларды бас-көктеп құлатып, құба түзден шаң береді. Жапа-тармағай атқан оқтары дарымаған ақтар аттарына міне сала қуғынға кіріседі. Жан-жақтан андыздап шапқан олар біразға дейін соңынан қалмапты. Шамасы жүйрік құланы қалайда қолға түсіру туралы бұйрық болса керек. Олардың мініс көліктері де, өздері де болдырғанын, атқан оқтары да айдалаға лағып, аттары да жете алмайтынын білген атам қулыққа салады. Қарасын көріп отыратын жерге келтіріп, Құламен ана қыр, мына қырдан төбе көрсетіп, ел қоныстанбаған ала тақыр Байтақтан бір-ақ шығарыпты. Ұлы бесін ауған мезгілде бағытынан адасқан ақтар жалғыз атты қазақтың бұрқ еткен шаңын бір-ақ көріп қалады. Өлі-тірісі белгісіз, азып-тозған оларды келесі күні жоқ қараған екі адай шалы бастаған қазақтар құр қамшымен жусатып салыпты. Ат бауырына алып, ит ішпестің алакөлі – ат шаптырым бір сорға қамап қуып тығыпты. Қаруларын сорға лақтырып, көліктерінің жүгенін түріп қоя берген. Елден тартып алған мал болса керек. Босаған аттар Жем бағытына құйғыта жөнелді дейді.

Атамыз кештетіп ауылға келіп, түн ішінде киіз үйлерін жығып, малдарын айдап олар да Жем бойына, қыстауларына көшіп келеді. Келсе бұл жаққа да лаң салған, ел үрпиіп, үрейленіп қалған. Қоңыркөлде, Шұбыртпалыда жоғарыдағыдай жағдай. Елдің адамдары үй-мүйімен өртеп жіберген ақтар арасында жалғыз татар бар екен, шамасы оны жергілікті қазақтармен сөйлесу үшін тілмаш ретінде өздерімен бірге алып кетсе керек. Киіз үй ішінде өртеніп кеткен орыстар арасынан жалғыз мұсылман баласын аман алып қалған Айман Үрімбайқызы апамыз дейді. Асқан сұлу, ақыл иесі кісі екен. Сол кездегі Кеңес үкіметінің қазақтың қалың мал, құн төлеу сияқты ескі заңдарын жойған кезінде айтырған жеріне бармаған, сүйгенімен кеткен екен. Барған жері дәулетті кісілер болыпты, оларды да апамыз ақылымен кейін кәнпескіден алып қалған дейді. Бұған дейін ел ішінде орнығып келген қазақтың ғұрыптық заңдары, әсіресе құн, жер дауы, қалың мал, тағы сондайларға тиым салды. Сол сияқты «әйел теңдігі» деген Кеңестің сол бір саясатын алғашқы бетке ұстап, Әлім Шүрендердің төрт сұлуы өз сүйгендерімен кеткенін, олары еті тірі ел азаматтары болғанын ел шежіресі айтады. Жалпы қазақ шаңырақтарының берік, ұрпақтарының орнықты, бақуатты болмағы да ең бірінші от анасы әйелге байланысты екенін ата-бабамыздың осындай тарихтарына қарап ден қоясың. Сондықтан болар, олардың «қыз - ұлт сақтайды, ұл - жұрт сақтайды» деген мәтелінің мәні қазірде жойылмаған еді.

Бір жылдары Маңғыстау аудандық баспасөздердің бірінен ақтар қашқан жылдар уақиғасының жалғасын білдік. Онда Толстовшылардың жол басшылыққа бір қазақты ықтиярсыз алып кеткені айтылған. Онда да осы тектес жылқыға қатысты жағдаяттар бар. Және Толстов серіктерінің бірі, 1978 жылы Нью Йоркте қайтқан хорунжий Л.Л. Масянов дерегінде жиырма төрт жәшік күміс қазынаны үш жерде – Прорвада, Өлі Қолтықта және форт Александровскіде қалдырғаны, қалғаны өздерімен бірге кеткені айтылатын сияқты. Форт Алексанровскіге қаңтарда жетсе керек, 30 градус аязда біразы үсіп кетеді. Содан қалғаны бала-шаға, қатын-қалашымен екі жүз он төрт адам болып форттан жаяу-жалпы шыққан. Әрине адам баласы болған соң аяйсың, бірақ мәселе бейбіт жатқан елге тұтқиылдан тиісуде, талап-тонап, зорлық-зомбылық көрсетуде жатса керек, оны генерал өзі білді ме, білсе де мән бермеген болар. Қалған 214 адам тағы үшке бөлініп кетеді, бірі Арал бетке, екіншісі Кендірліден Иранға, үшіншісі Красноводскіге асқан. Маңғыстау шекарасында ауылдардың түйе, жылқыларын айдап алған және бір-екі қазақты жол көрсетуге қоса алып кетеді. Қурайыш бөркі қоқайған қалың түркімендер де қиқуды салып Түркия шекарасына дейін қуып берген. Маңғыстаудан айдап алған көп жылқы арасында алдына қара салмаған айтулы бір жүйрік қоса кетті дейді. Иесі қолды болған атын қимай үш күн бойы ақтардың артынан алыстан бағып еріп отырады. Түн болса жақын келіп олардың жаққан отын көздеп мылтық атады. Өте мерген адам болса керек, екі түйе, бірнеше солдатты өлтіреді. Үшінші күні атынан күдер үзсе керек, кейін қалады. Одан әрі ағылшын отарындағы Индияға асқан Толстов 1956 жылы Австралияда 72 жасында қайтыс болады.

Құлажирен тарихына келсек, әкеміз бірде «бізде де Майданқұланың бір тұқымы болды» дегені бар еді. Майданқұла Қызылқоға, Тайсойған өңіріне белгілі атақты жүйрік болғанын білуші едік. Оның екі рет қолды болып туған топырығына қайтарылғанын айтатын. Әріден жеткен қария сөздерге сенсек, қыздың қалың малына келген үйірден осы бір құлан шатыс жүйрік құла жаратылды дейтін, ол анасы боз биенің қарнынан алмас кездікпен жарып алған жетім құлын еді. Жетім Құла құлынынан бөлек күтілді. Құнанында үйретіліп, дөненінде үйірге түсті. Өзге жылқыдан саяқ жайылды. Байдың жалшысы, жамағайыны қолында өсті. Кейін алыстан келген қолқалаушылар, құда түсушілер көп болды. «Шын жүйрікте сын болмайды» дегенге келісетінімізде осыдан, оның көзге ұрып тұрған тұлғасының мінінде, кемшілігінде емес еді. Бір көрмеге басы үлкен, құйрық-жалы сұйық, бота тірсек, салқы төс Құланы қойға мінер тұғыр деп қорашсынғандар аламан дуда танымай қалатын, опық жейтін. Майданқұла келді деген ат жетер жердегі астарда ат жаратқандардың басы түсіп кететін. Алласынан тобасы күшті қазекем емес пе, әсіресе Үстірт, Жем, Сағыз өңірі қазақтары бір дүрлігісіп қалатын, өйткені қалың малға келген Құланың тегі, үйірі осы жақтан болатын. Маңғыстау адайлары Майданқұладан оздыру үшін теке-жәуміттің айтулы аттарын әкеп салса да, албастыдай басып шаң қаптырып кетіп отырған дейді. Боталы түйе, кілем жапқан нар бастағанекі жүз қойға иелері сатпаған, түн жамылып жылқыларын қосса да Құласы үйірге алмай, бөтен жылқыларды қуып тастаған. Амалы таусылған Шонай, Құнанорыстар әуелдан құда-жекжаттығы бар Майдандармен сүйек жаңғыртуды ойлап, олардың екі қызына құда түскен екен. Содан ұзатылған бір қызына аты енді шығып жүрген Құлатөбелдің үйірін алдырыпты.

Әрине әріден жеткен дақпырттардың ең бастысына артынан тоқтаймыз. Оны атағын шығарып алыстарға апарған жоқ. Ол кездегі дана, көреген адамдар мұндай шулы жүйріктің арты жақсылық болмайтынын ойлады ма, оған құлықсыз болғаны рас. Оның кейінгі тұқымдарынан жүйріктер көп шыққанымен, дәл атасының қасиетін алмаса да айтулы аттар болыпты. Олардың біразы Жем бойының жүйрік Құлақасқалары мен шаң суырған Торалааяқтары, берідегі атақты Сарыайғырлар болатын. Олардың соңғы тұяқтары Кеңес дәуірі кезінде Атырау аймағы аламандарында иелеріне жүлде салғаны белгілі. Тұқымының бірі Құлайғыр 1915-31 жылдары Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау жерінде жиырма шақты бәйгеге қосылып аты жайылған ерен жүйрік болған дейді. Бұл Құлайғыр әркімге телініп жүргенімен оның шын бапкері Майдан ысық Жұмағазы дейді. Атақты атбегі Жұмағазы нағашымыз айтуынша бұл жүйріктің жеті мүшесінде жеті албасты жын бар дейді екен. Жұмағазы 1868 туып, 1931 жылы 63 жасында Мақатта қайтыс болыпты. Бұған қарасақ Майдандардың Құласы атақты атбегінің жас шағының бір белгісі, атағын алашқа жайған ерен жүйріктердің бірегейі болғанын көреміз. 1926 жылы Байбақты батырға берілген Шеркештердің асында атбегі өз баласы Сарқұлды Құлайғыр үстіне байлап отырғызып, аламан бәйгеден оздырған екен, атақты бұл жүйрік орыстардан тығып, шідерлеп ұстап жүрген жерінен түз тағыларына жем болғанға ұқсайды. Кейінірек «Атырау арғымақтары» кітабы қолыма кездейсоқ түсіп, онда Нұрғали, Бағыт, Меңдіғали деген кісілер Майданқұланың тұқымдарын сатып ап, 1949-55 жылдары бәйгеден оздырғанын білдім.

Жем бойы елінде Майданқұланың арғы тегі атақты Құлагердің тұқымы еді деушілер де болды. Біз, 20-сы ғасыр ұрпақтары ертеректегі естіген бұл әңгімеге имандай ұйып ден қоятынбыз. Махамбеттей ақынның жыр тілімен айтқандай, сұлу бір құла ат мінген Кіші жүз, Алшын елі қазақтарының «Алшаңкер», «Жайлаукер» әндері дала сақарасынан қуғынға түскен қылқұйрықтардың соңғы тұяқтары – қазанат арманымен бірге жоғалып кетті. Атқұмар біздің ел адамдарының Ақанның Арқасына, немесе 19 ғасырдың соңғы ширегінде атақты Сағынай асынан бұрын қалай, кімдер барғаны, немесе Майданқұланың енесі, ішінде қалың малға келген боз биесі бар үйірлі жылқының иесі кім екендігі туралы шежіре тарих бұл күнге, біздерге жеткен жоқ. Ол кездегі шежіреге қарасақ, адай мен әлімдердің әлді ауылдары Қостанайдан әрі Арқа қырына көшеді екен. Кім білсін, өткен күнің жүйрік құлалары тұяғының бірі Жайлаукер туралы бір үзік: «Жайлаукер кішкентайдан керім еді, Нағашым сұрағанда беріп еді. Суарып лай қақтан тұрғанымда, Диуана көзі шыққыр көріп еді» деген қайғылы шумағын марқұм, Адай Құнанорыс қызы Салиха әжеміз қосса, әкемнің айтуындағы сол бір шаңырақтағы шай үстінде көкеміз Ықылас Төленұлы: «Астыма мінген атым Тоқалторы ат, Алдымнан торғай ұшар ала қанат. Самсаған сары қолдан озып келген, Басыңнан айналайын Жайлаукер ат» деп тарихынан хабар беріп толықтырады екен. Бұл, әрине Қосымның Қоңыры, Дәумеген Төлеубаевтың бұрынырақта арабша жазылған төрт шумақ дерегіне қосылғаны. Бірақ дерек тапсырушының кей сөзі Ақан сері жырының үлгісі дегенімен, Қызылқоғалық Ысық Майдандарының Майданқұла жүйрігінің арғы тегі Құлагер екенін және оның қияндағы Атырау өлкесіне тараған көп тұяғының бірі Жайлаукердей ерен жүйріктер де болғанын, ол дерек бертінге дейін үзілмей ел аузында болғанын, одан қалған, бүгіндері ұмытылған ескі бір ән үзігі де аңғартады депті Дәумегендей ел шежірешілері.

Осы жерде бұрынғы қазақтар жылқы түлігіне, немесе түсіне «кер» атауын беретініне келсек, далалық жабайы жылқы тұқымдасы тарпаңдарға байланысты емес пе екен деген ой келеді. Жойылып кеткен тарпаңдардың керқұлан, кертағы атаулары қазақ арасында әлі сақталған. Шоқтығы 130, ұзындығы 230 см-дей олардың жабайы құландардан айырмашылығы, денесін туабітті табиғи бозғылт қызыл сары түк басқан, яки бір өңкей құла, қылаң тартып және тұрқы да биік болып келеді екен. 19 ғасырдың үшінші ширегінде Орта Азияға саяхат жасап, зерттеген орыс, шетел ғалымдары И.С. Поляков, А.Вилкинс, тағы басқалары, берідегі қытайлық қазақ ғалымының «Қазақтың жылқы шаруашылығы шежіресі» кітабында, немесе Ілияс ақын Құлгерді сыйпаттағандай жабайы керқұландардың құйрық-жалы сұйық, басы үлкен, кеңсірігі жалпақтығы т.с. ерекшелігі қызық және көбіне қақтың суларын ішеді. Қазақтың «қағынан жеріген құлан қаңғып өледі» мақалы мен жоғарыдағы біз келтірген «суарып лай қақтан тұрғанымда» жыр жолдары керқұлан табиғатына жақындығы мен сәйкестігі таңқаларлық мысал еді. Қазіргі құлан деп жүрген жануардан нағыз керқұландардың арасы айырмасы көп. Бұл керқұландардың арғы тегі көп ауланғандықтан да қазақ даласы түгел, Қытай мен Монголия жеріне біржолата жойылғанын көп айтады. Бізде Батыс өлкеде Жәңір хан тұсында Нарын мен Үстіртте ең соңғы керқұлан ауланып құртылғаны туралы дерек те қалды.

Жасанған әскердің қуған жарау, жүйрік аттарына жеткізбей, ақ сағымға сіңіп жоқ болатын дала кер тағыларын қолға түсіріп, олардан әскери мақсаттары мен болашақ жорықтарына тұқым алу үшін батыс Еуропа ғалымдары сол 19 ғасырдан бастап көп жұмыстанғанын жазады. Қалмақтардан босап, біраз жылдар тусырап иесіз жатқан Нарында құлан, бұлан, тарпаңдар саны көп болыпты. Патша әскерлерімен қазақтың хан-сұлтандары армансыз аң аулап, Нарынды қан сасытып тұқымын құртқанға ұқсайды. Германияның Мюнкен зоологиялық бағында кездейсоқ қолға түсірген, қазақ даласынан 2002 жылдары әкелінген керқұландар бағылады дегенімен, олар арғы аталарының генетикалық қабілетін батысқа бере қойған жоқ және Нидерланд королдігінде халықаралық «Қызыл кітапқа» енген табиғаттың осы бір ғажайыптөлтумасын тарихи таралған аймақтарында қайта көбейтуге, жерсіндіруге арнайы қор құрылып, жұмыстанып жатқанын біле бермейміз. Қазақ әлемі, оның тарихы өзінің табиғатымен біте қайнасып жатқанында сөз жоқ, жылқысымен бірге жерленетін дала перзенттерініңарғы замандағы Арқайым, Құлажорға, Ботай мәдениеттері олардың сол жылқы культімен бірге жаралған ұлт екенін де көрсетеді.

Он тоғызыншы ғасырдан бері қарай қазақ халқының басына түскен тарихтың зобалаңын қарасақ, бірінші дүниежүзілік импералистік соғыс, Кіші жүздегі бодандыққа қарсы әртүрлі қозғалыс толқулар, Азамат соғысы, әр кездегі ашаршылық, жұт жылдары, қазақ даласындағы малды сыпырған кәнпеске мен колхоз, артель құру, дүниенің төрт пұшпағын шарпыған майдан кездері адам ғана емес, тұяқтының түбіне жеткені рас. Қазақтың «Ер қанаты - ат» деген сөзіне қарасақ, әріге бармай-ақ сол екі ғасыр ішінде тігерге тұяқ қалдырмай, қазақты жылқыдан айыру техниканың әлі дүниеге келмеген кезінде оның қанатын қырыққанмен бірдей еді. Оның тыныс-тірлігінің, қам-қарекетінің, бостандығының өзі жылқы малына тәуелді болды. Сталин мұны кезінде жақсы біліп, қужақ Голошекинге алдымен қазақты жылқысы мен түйесінен айыруға кеңес берген дейтін сөз расқа саяды. Жем бойының қыр шаруалары сол жиырмасыншы жылдары соңында отырықшыланды. Жүйрік Құла тұқымынан біраз жыл қиқу кеткен жоқ. 1928 жылы кәнпеске кезінде, мұның алдындағы Қоянның жұтында біраз мал қырылды. Орта шаруалардың көбі ақ таяқ ұстап қалды. Аяққа тұсау түсіп, ел отырықшылыққа көшті. Солақай саясат ұстанған әпербақандар шықты. Серіктестік, артель құру кезеңінде қолдағы көп мал ортаға салынды. Жұт жылы аман қалған біраз малмен Құланың тұқымы да кетті. Араға уақыт сала келе құла қасқа тай мен құла бие қолға тиді. 30-шы жылдар басында ел ішіне аштық кірді. Ел есін жинай бастағанда соғыс басталды. 40-шы жылдар соңына дейін атам ұжымшар малын бақты. Қоғамдық мал түгел, жеке иелікке де жемшөп жетіспеді. Кейбір ақсүйек, қатал қыстарда да мал көлдердің қамыс-құрағын талғажау қып аман шықты. Құла құнан да аман жетті. 1961 жылы пейішке мінер пырағы ретінде соңғы Құлақасқасы атамның азасына шалынды.

Немереден үлкен ер баласы мен жастай атамның тәрбиесінде өсіп ес білдім. Мен дүниеге келгенде әлжуаз, аурушаңдау болыппын, сондықтан атам сеңсең бөркіне салып, кереге басына іліп қояды екен. Атамның марқа терісінен жасалған ол қазандай бас киімі «Шеркеш бөрік», немесе біздің жақта «нар бөрік» аталады. Бұл бөркі түрікпеннің бөркі сияқты, қысы-жазы киіле береді, қысқысы ішкі астары қалыңдау келеді. Көзге түсетін ұзын бұйра марқаның жүні су, қар өткізбейді, сілкіп алып кие бересің. Басқалардың жалбағай, не ноғай тымағы сияқты аласа бас киімдерінкиген емес. Бөрік ішінен, әрине сырма жұқа телпек киеді. Осынша бас киімді күн ыссыда қалай киеді екен десем, шынында мұның пайдасы бар екен. Басыңнан шыжыған күн ыстығы өтпейді, пысынап ыстықтамайсың. Ал одан жұқа бас киімдердің жағдайы белгілі ғой. Мал соңында аяғында да қазақ етікшілері тіккен жайпақ табанды қонышты етік және тігісін сыртына салып, томар бояуға салған күрең сары жарғақ шалбар киеді. Әрине, ілгексіз бұл жаздық жарғақ шалбардың түгі қырылып, шелі алынып әбден иленген, жұмсартылған. Атқа мінуге, отырып-тұруға ыңғайлы, көп киіс беріп ұзақ уақыттарға шыдайды, жыртылмайды. Сондықтан бұл киімдер көшпелі өмірге лайықталған. Жайшылықта қиық тік жағалы қазақы ақзон көйлек, қолдан тіккен шибарқыт бешпет-шалбар, мәсі киіп жүреді. Төс қалтасынан таза орамал мен тарақ, кездік пен тіс шұқуышын тастамайды. Атамның қысқы киімі - тұлып пен балағы кең түкті жарғақ шалбар және саптама етік киеді. Киімдердің біразы әкемнің анасы Жұмақ әжеміздің қолынан өткен. Бір сөзбен айтқанда, орыстың ұлы суретшісі В.В.Верещагиннің «Бүркітші қырғыз» картинасындағы қазақтың кең, мол пішілген киім үлгісі атамның тұлғасына сай келер еді. Кіндігім кесілген жер Қарақұмның Жартышекесі, кіндігімді кескен Қоңырбай атам кемпірі Бөпіл шешеміз еді. «Жартышеке» - атақты Қалнияз ақынның да туған жері. «Басында Жартышеке әкем қалды, Маңында Мұңат судың шешем қалды» деп жырлап кетуі сондықтан. Мұңат суы – Бозащы түбегіндегі Мұнаймола төңірегі, Мұңат байдың бір мекені. Немересі мен дүниеге келгенде атам ақбота адай шеберіне екі қойға қарапайым бесік жасатыпты. Менің ол бесігім құтты болып менен кейінгі әкемнің он баласы, артымнан ерген іні-қарындастарым өсіп-жетілді.

Мен үшін атам жылқы түлігінің Қамбар піріндей еді, жылқыларын түсінетін кісідей қарағым, шырағымдап «құраулап» ұстаушы еді. Қолына жем салған ат дорбасы мен жүгенін сылдырлатып киіз үйден шыққанда тай-құлындары қалмай қасына келетін. Атамның талай асаудыүйреткенін көрдім, қыл арқанды, немесе құрықты дөп түсіретін. Арқанды жамбастап басатын оны аспанға қарғыған көрші ауылдың қандай асау жылқысы болса да сүйреп кете алмай, келесі сәтте қос құлақтан ұстаған атамның жүгеніне бас иіп тұрғанын көретінмін.

Бес жасымда бәсіре атыма мінгізіп, қырдағы жақын ауылдарға той ырымын жасағаны, өзімнің тентектігімнен қарап тұрмай құнанды тебініп қап, ошақ басындағы сүт пісіріп жатқан әжемнің алдына топ ете түскенімді де күні кеше болғандай ұмытқаным жоқ. Немереге арнап ер де шабылған еді, оны атақты шебер, ақбота Өтес Бапайұлы атамыз жасаған екен. Халық шеберінің біраз құралы: шот, үскі, бұрғы менде қалды. Кейін сол кісілердің үлгісімен жасалған талай мүліктер көрмелерге барып жүрді. «Сарайшықтан Астанаға дейін» этно-экспедициясы өздерімен ала кетті. Махамбет Өтемісұлының ЮНЕСКО аясындағы 200 жылдық тойында батырдың ұрпағы Махмұттан тараған Мамай ағамыз да қолына ұстап таң қалды. Үлкен ұлым Дәуреннің аудармасымен шетелдік баспасөздер сұхбат алып жатты. Мұның бәрі ел тәуелсіздігінің алғашқы оныншы жылдары «Мәдени мұра» аясындағы атқарылып жатқан азды-көпті жұмыстар еді. Қолданылмайтын бұйым – олар өлі бұйымдар. Қазіргідей қаптаған жасандылығы, әсіреқызыл жылтырақтығы жоқ, берік, мықты жасалған олар көненің көзіндей ұмыт қалып, мұражайдың, немесе қораның бір бұрышында шаң басып жатар еді.Шынында атамыз ата-бабасын мақтан тұтатын. Жалғыз баласы әкеме зияны тиер деді ме, олар туралы көп жақ ашпай кетіпті. Хаққа мойын ұсынған өз тұстастарындай аса діндар болмаса да, бес мезгілгі парызын қаза жіберген жоқ. Таза жүріп, таза тұрды. Ұзақ күн мал соңынан келе іңірдің салқынында іргесін түріп тастап «Сыбырлақ», «Қоңырала» күйлерін шертетін. Еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін күйдің туын тіккен кәрі Атырау елі емес пе, шынында Сатан сыбызғышының шөбересі шертпе күйдің шебері еді, көбі Маңғыстау, Жем еліне белгілі Әлкей, Құлшар, Абыл саздары болатын. Кейде әкем үстіне шығып «тыңқылдаған не күй» деп сұраса, атам жаңылмастан «тыңдамастың күйі» деп шерте береді екен, ондағысы «тыңдамасаң жөнел» дегені. Шынында ол елдің көкірек көзі жетік шежіресі, өз тұстастарының әулиесі еді.

Төрінен домбырасы, белдеуінен Құласы кетпеген сары шал қасиетін өзімен ала кетті. Ағайын ел алдында бақұлдасқан ол, баласы туралы «қапысы жоқ» деп кетіпті. Әкем өз әкесі туралы «Үлкеннен қалған үлгі сөз» атты естелік кітап жазды. Ол Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабынан кейінгі қазақтың әке туралы екінші мықты еңбегі еді. Әкемнен кейінірек естуімше, Дүзелбаев Жұмабай деген алғашқы ұстаздарымның бірі осы Майданқұламен екі рет 7 және 11 жасында бәйгеге шапқан екен.

Алашорданың алғаш құрылған, немесе адамзаттың қылқұйрық мініп, ту ұстаған ақырғы соғысына да бір ғасыр болыпты.Тәуелсіздіктің 20 жылдығынан кейінгі шыққан «Елтаным» кітабында «Нұр жауар Хақтан Рахмат иманды ерге» деген мақаласында : «О бастан бейбіт күнді көксеген әкелеріміз бен аталарымыз «ә, құдайым, тыныштығын бере гөр» деп отыратын. Тыныштық, бейбітшілік мемлекетке де, жеке елге де, ұжымға да, от басына да, туысқандар, достар арасына да керек. Бейбітшілік – ырыс» деп жазылған. Онда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың дүниежүзі елдерімен ынтымастық, достық қатынаста болуының астарындағы негізгі мақсаттарының бірі – бейбітшілік жолындағы бейбіт күрес екенін, бұл жолда оның еңбегінің теңдессіздігін, оны баршамыз дұрыс түсінгеніміз абзал дейді. Алғашқы он жылдықтағы біз сөз қылған «Мәдени мұра» бағдарламасын, Тіл туралы заңын, мемлекет басшысының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенін де еске алып, «тілге осындай құрмет көрсетілгенде, оны іліп әкетпеген бұл қазақтың ұлтжандылығы қайда. Тегінде тілің құрметтелмесе, елің де құрметтелмейтінін биліктің әкім, министр секілді лауазымындағы қазақтар ұғынбай ма» деп сөгеді. Ең басты табынарымыз Тіл екенін, мұның жайын жүрдім-бардым шешуге болмайтынын айтады. Жастар, халық тәрбиесіне назар аударуын, ұлттық идеология керектігін меңзейді. Сонымен қатар ел экономиясын дамытуда шетел инвесторларының ел заңын, адамдардың құқын аяқ асты етпеуін, конституцияны, арадағы келісім-шартты сақтауын, оппозицияның керектігін, Абайдың бір шумағын келтіре отырып, өтірікке, дауға жол беретін көп партиялықтың қажетсіздігін, өзіне, біліміне сенбегендер құртатынын баса айтады. Шынында ғасырлық тойын атқара отырып, «Алаш» партиясын ел ішіндегі алауыздық, көп партиялық құртқанын да түсінуге өреміз жетпей тұрғандай. Мемлекет басшысына бағышталып айтылған бұл толғанысының соңын :

Беріктігің болаттан құйған шегедей болсын,

Мықтылығың мұхитта жүзген кемедей болсын.

Биіктігің алып таудың асқар шыңындай болсын,

Біліктігің көпті көрген көнедей болсын.

Жүріс-тұрысың ақылы мол, асыл төредей болсын,

Парасатың Үш жүздің биіндей болсын, - деп, бұдан бес жыл бұрын 91 жасында қайтқан әкем батасымен аяқтаған еді.

 

                        

IV. Көшпенділердің соңғы жазы. Ұжымдастыру.

Нағашы жұрт.

 

Әрине, маған ата-баба тарихын жазып, олардың өткен өмір жолын толғаудың оңай емесін айтқым келеді. Өткен тарихтың барлығы жазылып, өзінің тиісті бағасын алып жатыр дегенімен, жазылып жүрген қазіргі сол тарихтың өзі аталарым мен әкелерімнің өмірлері кезеңдерінде кеңестік үкіметтің саясатының оларға белгісіз жақтары болғандықтан, сол тарихтың қасаң тілімен баяндамай-ақ арасында әке естелігімен жүргізгенді жөн көрдім. Ел туралы жазылған шежіре-тарихтың өзі сонау «Сауран айналған» заманнан, жеті атадан бері таратылып, одан арғы шыққан тегіміздн бері жүргізіліп келіп, ендігі арқау ата-әке-балаға, яки біздерге қалып тұрғаны түсінікті еді. Ол тарих-шежіре қазақ дейтін халықтың талай өткелектен өткенін де көрсетер еді жәнеқалай ел болып, өз алдына дербестік алып, тәуелсіздігіне қол жеткізу жылдарына дейін жаза кеткінді жөн көресің. Бәрінен қиыны кеңестік қоғамның орнаған жылдары, оның қитұрқы саясаттарының астары екенін түсінесің. Атырау облыстық энциклопедиясында 1921 жылдан бастап 1930 жылға дейінгі ел тарихы мүлдем жоқ. Рас, 1928 жылы округтің құрылғанын, алғашқы Новобогат, Жылыой ауданы туралы, байларды тәркілегенін бір-екі жолмен айта кетеді. Округ, аудан басшылары, қалай құрылды, тәркілеуге кімдер қатысты, кімдер айдалды, ел жағдайы т. с. ол жағы жоқтығы өкінішті еді. Рас, кейін ел тәуелсіздігін алған жылдары там-тұмдап жазыла бастады.

Гурьев округінде байларды тәркілеу 1928 жылдың қыркүйек айы басында басталған еді. Округтік комиссия құрамында, төрағасы болып Орталық Атқару комитеті мүшесі Жалау Мыңбаев, қатардағы мүшелері болып Мемлекеттік Саяси басқарма (ГПУ) бастығы Мартынов, жерге орналастыру бөлімінен Жиенбаев, "Қосшы" Одағы төрағасы Сағындықов, жер-орман басқармасы төрағасы Төрешев, округ прокуроры Дауылбаев сайланды. Тәркілеуге А.Айжігітов, Е.Баетов, С.Бегалиев, Қ.Бекмұрзин, А.Бисалиев, Е.Жармағамбетов, Д.Жұмабаев, Қ.Жұбаниязов, Ж.Жұлдызов, Ә.Игіліков, Б.Елеубаев, Б.Кемесаев, А.Қожағұлов, Ж.Қожағұлов, Қ.Құрманбаев, М.Мамашев, Қ.Мамеков, Д.Меңдалиев, С.Нұржанов, Ж.Салиев, С.Смағұлов, Қ.Танашев, Ж,Үмбеталиев, М.Омаров сияқты байлар іліккен. Ө.Әлиев, Б.Есболғанов, Ж.Жақсыбаев, І.Жанайысов, тағы басқалары тізімнен алынып тасталған. Бай деген Үркімбай, Шоқай, Боран, Сағынай, тағы басқа орта дәулетті аталарымыз малын ағайын-туыстарына тартып жібергендіктен байлар санатына ілікпей қалған және малдарын бағатын жалшы-батырақтары сол ағайындары болғандықтан олардан арыз-шағым түспегенін айтады. Бұл тәркіге ұшырағандар көбі шығыс, солтүстік қазақ даласына және елден шалғай басқа губернияларға жер аударылған дейді. Тәркілеуден түскен байлардың малдары, мысалы бізде округ орталығынан алыс, Қараша атты елсіз мекенде Қ. болыстың қыстауына айлап иіріп қойғанын, қарайтын малшы болмағандықтан көбі аштан өліп қалғанын күні кешеге дейін ел адамдары кекесінмен айтатын. Сол кездегі Гурьев пен Адай уезі байларын Семей мен Ақмолаға, ал Қызылорда байларын Гурьвке айдағаны туралы деректер бар. Бұл кейін дін иелерін, тіпті намаз оқыған, жаназа шығарған қарапайым адамдарға да қысым, тиым салынып, атылып, олардың қуғындалуына ұласқан туралы деректер ол заманда өз алдына бөлек тарих еді.

Бұдан кейінгі қазақтың батыс өлкесіне, оның ішінде Гурьев округ-уездіне жер аударылғандар саяси тұтқындар, депортацияға ұшыраған халықтар болды. Мысалы АстарханЛаг.те 7,9 мың, АқтөбеЛаг.те 15 мың, ПрорваЛаг.те 10,4 мың адам болып, батыстағы Степлаг лагерлер жүйесі Берия атылғанша 1932-1956 жылға дейін жасап келді. Жылыойдағы ПрорваЛагтегі тұтқындар жазда Астарханнан параходпен әкелініп, қара күзге дейін теңізден балық аулап, оның өнімін дайындауға салғанын айтады. Айнала елсіз, аптап ыстық, ащы су, масасы көп теңіз аралы еді. Бірнеше қабат тікенекті торға қарамай қашатындарды, наразылық жасағандарды қайық үстінде отырып-ақ пулеметпен жусатып салатын. Қиян шеттегі Астарханға дейінгі теңіз жағалауында мұндай балық кәсіпшілігі, оның өнімдерін дайындайтын бірнеше батага-зауыттар болғанын біздер тек кейінгі кезде біліп жүргенімізді несін жасырамыз.

Қазақстанның халық шаруашылығы, өндіріс орындарын игеруге, атом, сутегі бомбаларын шығарып, оларды сынайтын шахталар салуға ол жылдары 53 лагерь тартылған. Шынында Черчильдің «Сталин Кеңес Одағын соқамен қабылдап алып, атом бомбасымен шығарып салды» деген сөзінде шындық бар. Түркістан-Сібір темір жолын, бетон зауыттары, электр жүйелері құрылыстарында, алғашқы техника - темір доңғалақты «Сталинецтерден» кейін қолға алынған Павлодар комбайын-трактор зауыттарына 11.700 адам, Жолымбет, Екібастұз кен орындары мен көмір шахталарына, астық қоймалары мен құм карьеріне, Ақмола, Көкшетау лагеріне 10.800 адам тартылғаны туралы деректер кейін жарыққа шықты. 1937 жылғы санақта халық 12 млн.ға азайып кеткен. Санақ материалы қолдан жойылғаны туралы айтады.

Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары ел басына түскен осынаунәубет жылдарды және республика көп ұлтты халықтары, кейінгі ұрпақтар ұмытпау үшін белгілі бір уақытты қаралы күн ретінде ҚР президенті Н.Назарбаев 1997 жылы арнайы заңмен «Жалпы Ұлттық татулық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын» жариялаған еді. Президентіміздің бұл шешімі кеңірек ойлаған кемеңгерлік шешім еді. Ол зұлмат жылдары Қазақстанның байырғы этностарымен қатар өзге респуликадан күшпен қоныс аударылған ұлттар : корей, неміс, ингуш, шешен, балкар, қарашай, түрік, қырымдық, қалмақ, украин, латыш, поляк, болгар, татар, т.с. халықтары көп болды. Бірінші лек 30-ыншы жылдардың соңғы ширегінде келе бастаса, екінші лек 2-ші дүниежүзілік соғыс кезінде, оның соңында келді. Мысалы соғыс кезінде повольжы немістерін, Грозный шешендерін, қырымдық қарашай, балқарларды, болгар, татарларды, корейлерді біздің батыс өлкеге жер аударды. Депортацияғамысалы, көмір өндірісіне 44,6 мың, мұнай өндірісіне 41,4 мың, құрылыстарға 18,2 мың, тағы сондай салаға айдады. Біз туған батыс өлкедегі алғашқы мұнай кәсіпшіліктерін тұрғызуда бұлардың қолтаңбасы қалды. Көз жастары мен ащы терлері сіңді, ерен жанкешті еңбегімен осылар ат салысты. Жергілікті халықпен біте қайнасып кетті. Оларды тарихта «арнайы контигент» ретінде атағанымен, жанұялары да, балалары да қазақтармен бірдей НКВД бақылауында болды. Әкелері соғыстан оралмаған, немесе 37-нің құрығына ілікендердің, кеңес детдомында өскен өз жетімдері – қаракөздеріміз, ауылда өскен ағаларымыз қазақ даласында алғаш ашылған осы өндіріскебара бастады.

Кейінгі 1931 жылдары Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы жоспарлау комитеті есебі бойынша, Қазақстандағы көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар саны 706 мың, оның 42 мыңы ауқатты қожалықтар болған дейді. Яки ауыл халқы саны басқа ұлттарды қоспағанда 6 млн.ға жуықтаған. Оның алдындағы тәркілеуге дейін 828 қожалық болғаны айтылады. Орталық алдындағы есепті бұл «жоспарлаудың» шындықтан алыстығын мынадан көруге болады : 1928-29 жылы 39 млн. 394 мың бас мал бар деп есептелсе, 1933 жылы Қазақстанда тек 4 млн. бас мал қалған. Шаруа қожалықтары 450-ге түскен еді. Одан кейінгі Қызылорда, Павлодар облыстарымен қатар 1938 жылы құрылған Гурьев облысында 199 колхозда 191. 443 мал, 6,345 га егістік жер болған дейді. Иә, бірде-бір өндірісі жоқ ол кездегі қазақ даласында ата-бабамыздың күн көрісі тек мал болғанын естен шығармауымыз керек.

1921-28 жыл аралығындағы кеңес үкіметінің округ-уездегі, болыс-аудандағы саясаты, ұжымдастыруға дейінгі т.с. жеті жылдық тарихы және 1930-39 жылдардағы аштық, қуғын, репрессия туралы қазіргі жиырма бірінші ғасырға дейін жазылмауы қызық. Бұған қарасақ өлке тарихшылары қылышынан қан тамған Сталин саясатынан бертінге дейін сескеніп келгенін көреміз. Қазақ қоғамында бұл аралықтағы дәуір ұлт зиялыларының рухани-моралдық жағынан тоқыраған, дағдырған жылдары есебінде алады. Сондықтан бұл аралықтағы уақиғаларды, қоғамдағы саяси ақуалды өз алдына бөлек тақырып қоя отырып осылай баяндағанды жөн көріп отырмыз.

Қазақ даласының батыс өлкелері Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда өңірінің көпшілігі құмды шөл, шөлейіт дала болғандықтан мұндағы дәстүрлі мал шаруашылығы, ғасырлар бойғы көшпенділік тұрмысы ол кезде бірден отырықшылыққа түсе қойған жоқ болатын. Көшпенділікті түбегейлі жою ол ғасыр түгел қазіргі жиырма бірінші ғасырда да мүмкін еместігін көрсетеді, жем-шөп базасы, мол су қоры жоқтығы көнбіс қазақты осыған үйреткен. Кеңес үкіметінің 1918-20 жылғы жүннен жылқы қылына дейін жиналған әскери коммунизм, азық-түлік саясаты, 1920-23 жылғы жаппай кооперативтерге көшкен жаңа экономикалық саясаты да қазақ шаруаларына ештеңе берген жоқ, олар өз өнімдерін кеңестің арзымайтын ақшаларына сатқан жоқ. Еңбек паегі осы себептен азық-түлікпен, еңбек құралдары, тауарлармен өтеліп жатты. 1920-21 жылдары аштық, жұт болды, мал қырылды, егін екі жыл қатарынан шықпай қалды. Бұл 1918-23 жылдары Қазақ АССР-і түгел, қазақтардың қандай халық екенін білмейтін С.Пестковсий, Р.Радус-Зенькович тұсындағы жағдай еді.

Рас, Бөкейлік Сейітқали Меңдешев ҚазАССР-ын басқарған 1923-25 жыл аралығындатұралап қалған Атырау, Жезқазған, Қарсақбайда мұнай өнеркәсібі, мыс-жез, көмір кен орындары қайта қалпына келтіріліп, электрлендіру өріс алып, жабдықтар жаңартыла бастады. 1925 жылы патша кезінде салынған Орынбор – Ташкент темір жолымен астана Орынбордан Ақмешітке көшіп келді. Алғашқы лекті қарсы алушы халық, әсіресе «қара айғыр»-паровозбен жарысқан аттылы-жаяу көшпенді қазақтар көп болды. Олар тымақтарын аспанға атып қуанышпен мәре-сәре боп жатты. Ол кезде астанаға бес қала – Шымкент, Ақтөбе, Әулиеата, Ташкент және Ақмешіт аталған екен. Сол кездегі Түркістан АССР-інен ауысқан Қазақ Өлкелік Комитеті төрағасы Сұлтанбек Қожанов «қазақтың жаман киіз ауылында болса да астана қалың қазақтың ортасында болуы керек» деп табандап тұрып алды. Аз жылда Сыр жағалауында кеңестік жас қала бой көтерді. Қырғыз АССР-і Қазақ АССР-ы болып өзгерді. Қала Қызылорда атанды.

1926 жылы қазақ даласына алғашқы ПО ұшағы келіп, телеграф іске қосылып Мәскеуге қатынас орнады. Осы 1925-26 жылдары Қазақстанға төртінші басшы Ф.И.Голошекин келуімен «Үлкен террорға» негіз басталды. Оның басшылыққа келуімен 1925-26 жылдары Халық шаруашылығы Кеңесі мен Мемлекеттік жоспарлау Комитетінде алдағы бес жылдықта республикада аудандастыру, жерді бөлу, дәстүрлі мал шаруашылығын, патриархаттық-феодалдық қатынасты жою, күштеп ұжымдастыру мәселелері қаралып, оны үш жылда орындау ұрандармен қабылданып жатты. Халықтың бұған дейін бодандықта болғаны, әлеуметтік және мәдени жағынан еуропалықтардан артта қалғаны сөз болды. Сонымен қатар Голошекиннің Қазақстанды индустрияландыру, кейінгі мәдени төңкерісі қазақ зиялылары тарапынан сынға ұшырап жатты. Мысалы «Мәдени революциясының» түпкі мақсаты – саяси ағарту еді және латын әрпіне көшіру де соның бірі болды. Өйткені оларға, басқа ұлт басшыларына араб әліпбиі қиын тиді. 1926 жылы латын әрпіне көшіруге ең алдымен Қазақ АССР халық ағарту Халкомы Ахмет Байтұрсынов қарсы шықты. Дегенімен ол латын әрпінің қазақша қолданысын қолға алды, 28-ші жылдарға дейін латыншаға көшіп болғанша 1940 жылы орыс графикасына көшу туралы заң да шықты.

Әкем балалық, жастық жылдары туралы өмірінің соңында көбірек еске алып, есіне түскендерін жазып, үлкен баласы маған аманаттап кетті. Әсіресе есіне көбірек алатыны туған нағашылары Атшыбай би жұрты, оның ұрпақтары еді. Ел көшуін тоқтатпаған 1927 жылға дейін Атшыбай нағашысы еліне Қызылқоға, Миялыға көшпен екі рет барғанын еске алады. Жем мен Ойыл арасы үш жүз шақырымдай еді. Жылыой жеріне қарағанда, ол кездегі Қызылқоға жері өсімдікке бай, ұжмақ секілді дейді.

Нағашы атасы бұл жерді Әлімдерден Шекара комиссиясына беделін салып Батырқожаларға алып берсе керек. Жайлы орналасқан, қыстаулар салған. Атақты Налай болыс ұрпағы Мереке Айжарықұлының маған айтуынша, Қызылқоғада Атшыбай көңі деген ата жұрты әлі бар. Атшыбай Орынбор, Орал көпестерімен де малмен сауда жасаған, неше бас сұраса да, ат сұраса да беріп жібереді екен, кедейлері уақ жандық алып кететін көрінеді. Мәрт, сахи кісі болған. Батырқожаның Құдайназар, Саназар ұрпақтарының үй тігіп, ошақ қазып, ұрпақ өрбіткен негізгі жері Тайсойған аталған. Құмды өлкенің Арқа бетін ала ағып жатқан Ойылдың Жарыпшыққан өзегінің Шәдіман түбегі, Күшіман жалынан, батысында Миялы құдығын төр етіп, Кеңкөл, Бөрінің көлі, Налай көлі аймақтарын, Сүмесін, Бектұрған жалдарын, Еркектің көгі атты жусанды, сұлу алқапты алып жатқан кең даланы жайлайды дейді. Кіші жүздің биі атанған Қазыбек атаның билік етіп, меншіктеп, ұрпақтары мекен еткен Қазыбек тоғайы, Қазыбек елді мекені бар еді. Қазыбек би Жабайұлы 1760 жылы туып, 1824 жылы 64 жасында қайтып, сол Қызылқоғадағы Қазыбек қауымына қойылған екен. Бұл әйгілі Мұрат Мөңкеұлы:

Би өлмейді демеңіз,

Шежіредей тілі сайраған.

Аузына арам салмаған,

Ортадан пара алмаған

Жауғаштыда Қазыбек,

Қаракемпір Беймембет,

Беріште Есет, Айтуар,

Солардан қалған дүние бұл,- деп Байұлы Беріш ақыны беріде жырға арқау еткен Қазыбек би асыл анамыз Жұмақтың аталары еді. Миялы 1926 жылға дейін Қазыбек болысы аталып келіпті, одан әрі Қазыбек ауыл кеңесі дегендей. Налай болыс баласы Сағын Налаев Сағыз, Тайсойған Ревкомы болды. Жоғарыдағы жыр иесі, Гурьев уезінің Қарабауында дүниеге келген Мөңкеұлы Мұрат ақын 1843 жылы туып 63 жасында, 1906 жылы дүниеден өткен екен.

Жем сағасына таман қоныстанған Жанғабылдар жазда жайлым іздеп, маса-сонадан қашып Батыс Қазақстан, Ақтөбе жеріне көшіп шығып жайлап қайтады. Байлары аз біздің кей аталарымыз алысқа бара алмай Ойылдан, Жекенді, Жетікөлден аса бермеген. Біздің ауылдар ауа райына қарай Қызылқоға жеріне үт, кешіксе наурыз айларына қарай, өр суы тасымай тұрып қозғала бастайды. Елдің көшуі әлі тоқтатылған жоқ болатын, бар малын айдап, соны сақтап қалу қамымен жолға түседі. Бұл ұзақ іш пыстырар көш жолында ашамайға таңылған 5-6 жастағы әкем ат үстінде қалғып-мүлгіп өткізеді екен. Атын ағайындары, кейде анасы жетектеп отырады. Кейде түйе қомына алаша, не киізден екі жағына үлкен қоржын тігіп теңдейді, онда ерте туған төлдер мен атқа міне алмайтын жас балалар отырады, өзі сияқты үш-төрт балалармен қозы-лақ арасында жып-жылы ұйықтап шығады. Көктем шығып, әр жерде бір шағын ауыл қалады. Кешкілік қоналқаға, әлдебір жағдаймен аялдаса сол жақтың рулары алдын ала ерулікке шақырады. Балалар «уыз қағанақ» ішіп-жеп мәз болады. Ондай жерде бір-екі күн аялдап, барар жеріне дейін бір айдай көшеді екен. Жас төлдер қамымен жүріп наурыз айы аяғында Миялыға, атақты Көкмешітке жетеді.

Көкмешіт ол кезде біткеніне оншақты жыл болған, алыс-жақынға аты шыға бастаған еді. Мырзабай түбекте Әбілхайыр нағашы Қазан татарларын әкеліп осы мешітті 1914 жылы тұрғызған екен. Мырзабай асқан бай кісінің бірі болыпты, патша кезінде Қызылқоғада екі қатарлы пәтер тұрғызған. Қыстаулар түбіне тал-дарақтар отырғызылған, талдарда құстар шулайды, ал Жем бойындағы біздің елде ондай жоқ дейді. Қызылқоғадағы Қарабау, Қаракөл, Кермеқаста қырлықтар үшін алғашқы бастауыш мектептер – «Қызыл үйлер» төңкеріске дейін тұрғызылған еді. Қаракөл мектебі Ы.Алтынсарин бастамасымен ашылғанын айтады. Кермеқас Қызылүйін шеркеш руының дәулеттілері тұрғызса, Қаракөлдегі мектепті ысық руының ауқаттылары салыпты. Ал Қарабау Қызылүйін есентемірлер салған. Әжеміз Жұмақ, ағасы Беркінғали 6 жастан Миялыға жақын Қаракөл Қызылүйінде жәдитше алғаш сауатын ашқан. Алтынсаринның XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі мұндай төрт кластық қазақ-орыс мектептері Жайықтың Жаманқаласында, Ойылдың Жыландысында, Оралдың Қаратөбесі мен Тайпағында да болғанын көнекөздер айтады. Ахмет Байтұрсыновтың оқу құралы ретіндегі жәдитше алғашқы «Әліппесі» 1912 жылы Орынбордағы Каримов, Хұсайынов және басқалары серіктестігі баспаханасында басылып шыққан екен. Бұл тұңғыш қазақ әліппесімен бірге Құран әліппесі қоса оқытылған дейді. Әліппенің хрестоматиялық беттерінде шағын әңгімелер, жырлар болғанын айтады әкеміз.

Көктемнің басы «ұзынсары» шамамен батыста 5-10 наурызда келсе, «бес ешкі», яғни «бесқонақ» ортасында болатын амалдар. Міне, осы кезден бастап көрісу басталады. Амал деп біздің жақта табиғаттың мал мен жанға өз ықпалын тигізер жел-құзды, қарлы-дауылды кездерін белгілеп айтады. Наурыз аяғына жақын «қаратамақ» келеді. «Қаратамақ құс» - көктемде алғаш келетін шымшық құстардың бірі, оны көшпенді халық сыйпаттауынша, жан-жағына жалт-жұлт қарап, «қырылып қалғай» деп, қыстан өлген қойдың көзін шұқуға қаратамақ торғай келеді дейді. Осыдан соң «Отамалы» өтіп, сарышымшық келгенде ел итарқа қос ықтырмасын жыға бастайды, мал өріске кетеді. Көктеуде отырған ел көшін жалғастыруға, сары атанға жазы салып, шыбын-шіркей шықпай тұрып жайлауға шығуға қам жасай бастайды. Сондықтан бізде мамыр айын кейде тұсаулы «сарыатан» дейміз. Күн жыли қыстың қары кеткен тепсеңге 5-6 қанат үйлер тігіледі. Теңдер сөгіліп, шаңырақ көтеріп ұл-қыз, келін-кепшік уық тігіп жатады. Сырты сұрқай болғанмен, басқұр, сырмақ, тұскиіз-алашалармен жайнатып қойған қазақтың киіз үйлер іші ерекше әсем салтанатқа енеді. Мамыр аяғына жақын қозы-лақтардың құйрығында сарыала тоңы қатқан соң, түйежапырақтар арасынан ақ бөкендер құралайын өргізеді. Көктем аяғына таман «Құралайдың салқынымен» лағын алдына салған ақ бөкендер жазық далаға қуалайды. Төлін аяқтандырады.

Көк қаулап, ел жайлауға орныққан соң «Бие бау», «Қымыз мұрындық» басталады. Қыс бойғы жасалмаған ырым-жырымдарын өткеруге тырысады. Көшпенді елдің тіршілік-тынысы осындай еді. Ол кезде Атшыбай айналасының бұрынғы дәулеті, малдары азайған. Алдымен үлкен баласы Мұқаш, араға бес-алты жыл салып беріде Дәулет атамыз қайтқан болса керек. Дегенімен оның балалары Еркін, Құсайын шаруада, азын-аулақ малдары соңында болса, Беркін, Әжіғали оқуда, үкімет қызметінде жүрсе керек. Жаңа құрылып жатқан үкімет жұмысындағы Беркін ол кезде Мәскеуде не Ташкентте болар, оларды көрмедік дейді. Осы көш жолында біздің ауыл арнайы соғып кеткен ол кезде атамыз Нұрмахан қайын жұртына, әжеміз Жұмақ төркініне келіп мәз болып жатады екен.

Қазақтың ежелгі дәстүрімен көрісу, елмен араласу, тумалармен танысу, үлкендер алдында парыздарынан құтылу, өсіп қалған балаларына келін айттыру, өзге ауылдармен құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату, қайтқан кісілерге бата оқу - ұлан жаздан құс қанаты суылдап, көкті кернеген қоңыр күзге дейін елдің шаруасы осы еді. Кеңес үкіметі 1926 жылдары қазақтың ежелгі дәстүрлеріне, көрісу салттарына ескіліктің сарқыншағы ретінде тиым салды деп жүргенімен, халықтың мұндай тұрмыстық, ағайын-туыстық мерекелерін түбірімен жоқ қылуы мүмкін емес еді. Батыс өлке қазақтарының көрісу салты, наурыз көжесі үзілген емес. Көшпелі ел бұрынғы жолымен тіршілігін жалғастырып жататын. Күз сүмбіле жұлдызы туа ата қоныс Жем бойына, қыстауға оралуға асықпай қам жасай бастайды. Асықпай дегенде бұл жақтағы қыр қазақтары сүмбіле туып, таң суығанша күзгі жаңбырмен басы толған «сүр оты» - қау шөпке малын армансыз бір мелдектетеді. Шағыр, жусан, түйе қарын басы жауынмен қайта бүрлейді. Осы сәтке орай «Шөп сарғайса қымыз дәрі, таудан түсер елдің бәрі. Құстар ұшып көлдің сәні, жаңғырады қырдың әні» деген, немесе «Сүмбіле туар сүмпиіп, тай семірер құнтиып. Сүмбіледе қар жауса, семізің қалар құнтиып» деп мәтелдеткен сөздері айтылатын осындай кез еді. Шөп басын боз қырау шалып, алғашқы қар түскенше түгі құндыздай жылтыраған жылқылар жайлаудан түспей күндіз-түні жайылады. Ойсылқара түлігі екі өркеші жардай боп қомын жияды, шекшек ата түлігі іші шеңбірік атып шелін жияды. Сүмбіле айы – мал мен майдың айы делінеді. Сүт құйған бітеу күбі шелек пен шұбат құйған жағылан ернеуіне екі елі май қатады. Жаздағы көтерем қара тоқтының жоны тақтайдай, құйрығы керсендей болады. Күйекке түскен алакөз құлжалар маңғаз тартып, азу тісін қайрайды. Ел соғымға дейін күзгіжиын, тойларын өткізеді. Жазғытұрғы ырым-кәдесі, дәстүр-жоралғысы сары ала күзде де қайталанады. Тай жығып, бағылан шалады. Жайындай нәһан қазақтар астау-астау майлы етті жайпап, шара толы жұпар атқан ақ ішіліп, саба-күбілер босайды. Ән мен күй төгіліп, ақсақалдар мен аналардың ақ жарма тілегі айтылып, баталары беріледі.Ел ертеңіне алаңсыз, малынан басқаға қамсыз еді. Алапат, тасыр заманның келе жатқанын, бір-біріне көз жазып, адасып қаламын деп ойламағаны анық еді. Әкемнің айтуында нағашысы Атшыбай жұрты – келіндері Шора мен Нағима, қыздары Әуес пен Ақкенже, тағы басқалары қазақтың ибалы, жүзінен нұр төгілген сұлу арулары және Зиба апамыз да айрықша қасиет иесі еді дейтін. Оның ұлдары Муса, Қабдол да анасына тартқандар болатын, бұл екеуі 2-ші дүниежүзілік соғыстан оралмапты. Беркін, Әжіғали (Әмина Мәметова шешеміздің екінші қосағасы), Еркін, Зиба, анам Жұмақ бәрі де қой көзді, ақсары жүзді болағанын айтатын. Күз түсе атам Нұрмахан, әжеміз Жұмақ баласымен малын жайлап, семіртіп, Қызылқоғадан ел көшімен бірге Жем бойына оралады. 1929 жылы ел көшуін тоқтатып, әкем Айранкөлде бастауыш мектепке барған жаз еді.

 

V. Ашаршылық. Біз Абаймен қалай таныстық.

Ұлт болмысы туралы әке сөзі.

 

Сонау Мұғаджардың ала қыры – өрден Атжақсы, Жайынды, Әулиесу, Құмжарған, Көлденең, Көкжиде, Күбейлі, Қарақмыс, Тіктемір атты ірі салаларынан жазғытұры жайылып аққан Жем өзені ол заманда Каспийге жетіп құятын. Жем құйылысында ол жылдары ауданның алғашқы орталығы – теңіз жағасындағы Жылыой кенті қазіргі орталықтан жүз шақырымдай қашық болатын. Автомобиль, теміржолы жоқ заманда иен даладағы бұл орталыққа Гурьев, Астарханнан қатынайтын бірде-бір көлік - теңіз кемелері еді. Сағада сарқыраған Құланөзек, Жылыс, Келек, Мергенөзек, Матайқылы, Қияқ, Қараөзек атты ел жадынан өшкен бірнеше арналары бар еді. Бұл өзектерге сыймаған теңіздің қара жон асау балығы ұршықша зырлап өрге жөңкитін. Жемнің сол ырғын ырыздығы, қыр шаруаларының ойға сепкен қара бидай, тары егісі – ел несібесі болды. Сол кездегі қарттардан «Елді асыраған ежелгі Жидесу-Жем ғой», «Жем болмаса елі ашаршылықта жұтар еді», «Жем байлығы-ел байлығы» деген сөздер қалыпты. Жылыой кентінде қазақтармен қатар татарлар, орыстар, азшылықта белорус, дағыстандық лак халықтары өкілдері болды. Жұт жеті ағайынды дегендей елге ортақ ашаршылық нәубеті, адайлар наразылығына ұласқан сол 1931-32 жылдары табиғат та тосын мінез көрсетіп, топан су басып, талайды қарап қылды дейді. Бірақ бұл өткен ғасыр соңындағы алапат тасқын дәргейіне келмейтін. Теңіз жағалауындағы толқын шайған Атарал, Тоқтыарал, Прорва, Қарабөлек аралдары сол 30-ыншы жылдар соңында құрылықпен ұласар деп ешкім болжаған емес-ті. Кейін көк теңіз құрлықтан шегіне бастады. Байырғы халқы азшылыққа айналып, аудан орталығы жаңа өндіріс орнына көшкенше бұл ұмытылған атақты Жылыой кенті басынан талай тарихтар өткенін кейінгі ұрпақтар біле бермейді.

Өткен ғасырдың 20-сы жылдары басталған ашаршылық пен жұт қазақ даласында тағы қайталанды. 1928 жылы ызғындай 27 болыс елдің 170-190 мыңнан аса халқы болса, 32-ші жылы ашаршылық соңында Жылыой ауданында 15 мың, ал Маңғыстауда одан да азы қалды деп жазады тарихшылар. Мұның қаншалықты дәл екенін мен, әрине білмеймін. 1932 жылғы аштық әкелерім айтуынша Жылыой ауданында онша ауыр болған жоқ деседі, ал Маңғыстауда аса қиын болған. Аштық нәубеті Ақтөбенің Табын, Маңғыстаудың Адай уезін қатты есеңгіртіп қоймай халқының көбі Орта Азияға, Қоңыратқа, Жем сағасына, тағы басқа өңірге босып кеткен. Гурьев округінде Қызылқоға ауданы мен Жайықтың арғы бетіндегі аудандарда аштық кіргенін айтады. Әкем ол жылдары ауыл шаруашылығы бір құрылып, бірде тарап жатқан Айранкөл деген жерде өскенін, сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Қ.Көзеев деген кісінің ашаршылықта қажырлы еңбегін бала да болса есте сақтағанын айтады. Маңғыстаудан, Ақтөбеден Жем бойына, Жылыойға ағылып келіп жатқан аштарды аман алып қалудағы Көзеевтің ерлігін, ұйымдастырудағы адамгершілік ісін тарихқа қалдыруға лайық екенін жазады. Жасынан жетімдік пен жоқшылықты көріп өскен ол кісінің өзі бас болып, интернат, балалар үйі, мектеп мұғалімдерімен бірігіп, қазақтың аш-жалаңаш, жетім балаларын тірі сақтап қалу қарекетін жасаған. Аш-арықтарды, сәбилерді жинап, шаш-тырнағын алып, азық-түлік бергізіп баспанаға орналастырған. Ересек балаларды мектепке тартқан. Осы үшін Көзеевтің үстінен бәлен астықты жоқ қылды деген арыз түсіп, мұғалімдермен қоса жауапқа тартылады. Атқару комитеті төрағасы Қ.Көзеев барлық кінәні өз мойнына алып, мұғалімдерді құтқарып өзі еңбекпен түзеу жазасына ілігіп кетті дейді.

1932 жылы серіктестіктер тарап, ортаға салынған мал-мүлік иелеріне қайтарылып берілді. Жем бойында алғаш құрылған «Жаңа талап», «Қоңыркөл», «Елтай» серіктігі бірігіп Калинин атындағы колхозды құрағанын, «Тұздыкөл», «Құмтоғай», тағы басқалары Сталин атындағы колхозға біріккен айтады. Атан түйе, өгіз, шығырмен Жем бойынан суармалы егін егуге жұмылдырлыпты. Еңбектеріне өз өнімдерін 40-60 пұттай тары алып, ағайындары мен жетімдерге қарасып тұрыпты. 41-шы жылға дейін көшпенді ел отырықшылық өмірге осылай бейімделген. Бастапқыда 45 ауылдық кеңес болса, 1939-40 жылы қысқа қарай 12 ауыл кеңес және ұсақ ТОЖ, артель, серіктестіктер 19 ауыл шаруашылық колхозына ұйымдасқан. Қызыл атымен «Қызыл Ту», «Қызыл Каспий», «Қызыл Жем (Эмба)», жаңа атауымен «Жаңа таң», «Жаңа күш», «Жаңа жол», кеңес, партия басшылары атымен А.А.Андреев, К.В.Ворошилов, Л.М.Каганович, М.И.Калинин, С.М.Киров, В.М.Молотов, А.И.Микоян, И.В.Сталин және Чапаев, Амангелді аттарымен аталды. Бес балық колхозы бөлек кәсіпшілік болған, кейін олар Бақсай, Редут аудандарына берілді.

1929 жыл аяғында А.Байтұрсынов негізген араб әліпіндегі төте жазудан латыншаға көшкенше, қыр баласы әкем 1932 жылға дейін ана тілі мен есеп сабағы және «Пионер» журналынан басқа кітап, журнал оқымағандарын айтады. Ең аяғы химиялық сия карандаштарды оқушыларға екіге, төртке бөліп береді екен. 1931-ші жылдан бастап кеңестік мылқау киноларды көре бастапты. 33-ші жылы мұғалім жездесі үйіне «Жылан», «Ақыш» және Джек Лондонның Әшімұлы аударған «Киш туралы аңыз» кітабын, кейін латын әлпіндегі «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Әдебиет майданы» журналдарын оқи бастаған. Сол кездегі бұл аталған қазақ баспасөздерінің ішінде «Пионер» мен «Қазақ әдебиеті» айына 10 реттен шығады екен, ал баспасөздегі жазылу бағасы ең қымбаттары «Қазақстанның халық шаруашылығы» мен «Әдебиет майданы», «Ауыл мәдениеті» болған. Бұлардың жазылу бағасы 18-20 сом аралығы болғанмен, облыстардың, Оралдың «Екпінді құрылысы», Гурьевтің «Социалды құрылысы», шығыстың «Екпіндісі», солтүстіктің «Ленин туы» т.с. қасында бағасы мен тиражы жағынан жіп есе алмаған. Яки адамдар руханияттан гөрі саяси, шаруашылық мәселесіне көбірек көңіл бөлген.

Теңіз жағасындағы аудан орталығы Жылыой кентінде жалғыз кітапханадан шықпайтынын, одан алып келген көркем әдебиет кітаптарды сабақ үстінде оқып, мұғалімдерден ескерту алып жүргенін, тек екі-ақ математик, химик мұғалім жоғары білімді болғанын, әдебиеттен сабақ беретін мұғалім жоқтығын айтады. Ол кезде жастары 30-дан енді асқан Сәбит, Мәжит, Ғабит шығармалары, одан аз-ақ үлкен Сұлтанмахмұт, Сәкен, Бейімбет, Ілияс және Шәкәрім аудармалары, батырлар жыры, Асан Қайғы, Шортанбай, Дулат, Мұрат өлеңдері, Ы.Алтынсарин мысалдары, Толстой, Пушкин аудармасын оқитынындарын еске түсіруші еді. 1937 жылы Абайды оқытты. Мұғалім 30-дағы жігіт, қайдан тауып айтатынын, қайдан білгенін, сабақ сайын Абай жөнінде теріс пікір айтуға сөз табады дейді. Асықпай 45 минут жай сөйлейді. Абай – федолдың тұқымы, байдың баласы, мына өлеңде былай, ана өлеңде алай деген. Жөнді ештеңе түсінбейміз. Сабақтан кейін кітапханаға баратын әдеті. Кітапханашы, яки қызыл отау иесі, ВЦИК мүшесі Сақыпжамал Нұроллина жаңа газет-журналдар алып келді. Бірден «Әдебиет майданына» жабысыпты. Әкем көзіне С.Мұқановтың «Абай-халық ақыны» деген мақаласы түсіп, соны сол күні-ақ оқып бітіріпті. Ертеңі сабаққа барғанда ағайы тағы Абайды айыптаудан бастап келе жатыр дейді. Мұғалімді күнәға батыра бермей, «Әдебиет майданынан» оқығанын орнынан тұрып айтып беріпті. Мұғалімнің түсі қашып кетіпті, баспасөзге сенетін заман. Қия тайсаң бітті. Сөйтіп ұстазын бір қатерден алып қалыпты. Сол 37-ші жылдан бастап Абайдың даналыққа толы қара сөздері мен өлеңдерінен рухани нәр алып, алыстағы қыр балалары осылай танысқандарын айтатын.

30-шы жылдың ортасында Жылыой кентінде алғашқы халық театрі құрылды. Оған кенттегі үш діни орындар – 2 мешіт, 1 шіркеу алынған. Олар алдымен бастауыш мектепке, пионер клубына, мәдени қызметтер мен үлкен салтанатты шаралар өткізуге бөлініп берілді. Екі мешіттің біреуі қазақ мешіті болса, екіншісі татарлардікі еді. Ал күмбезі жарқыраған орыс шіркеуі – халық театрі болды. Бұл халық театрінде ән, күй, концерт беріліп жатады. Қойылымдардан алғашқы кезде «Айман-Шолпан», «Шұға» пьесасы өтеді. Кейін домбыра үйірмесі, оркестрі құрылып орыс шіркеуін дүбірлетіп жататын. Тіпті алыстағы Якутиядан цирк те келіпті. Кейін бұл діни орындар жоғарыдан келген солақай нұсқаумен бұзылып, атақты кенттің тарихи жәдігерлері қиратылды. Ол кенттің болғаны жөнінде жер бетінде ештеңе қалмады десе болады.

Әкем кейін қойын кітапшасының бетіне ел тарихы туралы естеліктермен қатар «Біздің тарихымыз кеңес заманында жарық көрген күйінде, кей тұстарын өңдеп «Қазақстан тарихы» деген атпен өзгертумен шықты. Бірақ бұл он томдық «Қазақстан тарихы» «қазақ» деген сөзден қашумен келді. Өз тарихыңды, ана тіліңді, ұлттық болмысыңды, шығу тегіңді білмей тұрып Ұлт болып қалыптасуың да қиын» деп пікір жазып қалдырыпты. Бұл сөзге кім-кім де ден қойып тоқтары сөзсіз еді.

 

 

VI. Мұзбалақ ұшқан қиялар. Жаһандағы киіз үй.

Жаңарған ел. Самғаған ән.

 

Бұл Түркістан–Сібір теміржолы салынып бітіп, Орынбор–Ташкент жолына қосылған, астана алыстағы Алматыға көшкен жыл болатын. Үкімет басына Голошекин келгеніне үш жылдан соң 1929 жыл ел көшуін тоқтатып ұжымдастыру, кәнпеске аласапыраны басталып кетті. Атшыбай айналасы аман еді. Беркін мұнай іздеп жүр дейді. Сол 1929-30 жылы Айранкөлге, үйімізге екі рет келіп кетіпті. Оның Жанша Досмұхамедовтермен гувернияларға уақытша жер аударылып, кейін қазақтың оқыған зиялыларымен кеңес үкіметі қызметіне тартылғанын білдік. Ол туралы профессор Құсекен Шәукеновтің дерегіне салсақ: Қызылқоғада Ы.Алтынсарин салдырған Қызылүй мектебін, Оралдағы реалды училицені, Мәскеу мұнай факультетін бітірген. Батыс Алашорда бас интенданты болып жүрген Б.Атшыбаев ел ішіне алғашқы ашаршылық кірген 1920-21 жылдары Орынборда КирЦик, Кирбоенком, Ішкі істер комиссары және Ашыққандарға көмек басқармасында, 1922 жылдары Ташкентте, Бұхара станциясында аштық жөнінде Ерекше өкіл қызметтерін атқарыпты. Одан кейінгі 1923 жылдардан Орынборда Наркомпросте, Әлеуметтік қызметкерлер даярлау курсы меңгерушілігінде, Мәскеуде «Сантонин» тресінде және «АКОСПО» АО тексерукомы, КазКрайсоюз өкілдігінің экономикалық контролі мен екі жыл Жоғары соттың аудармашысы боп жасаған. 20-шы жылдар басында Мәскеудің тау-кен академиясы, мұнай факультетінде саяси белсенділігі үшін соңғы курста оқудан шеттетіліп, «мәңгі студент» аталған ол сол жылдар аяғында бітіріп шыққан. Батыс Алашордадан кейін осындай қызметтер атқарған оның жүріп өткен бұл тарихи жолы әлдебір саяси себеппен тасада қалған.

«Қазақстан мұнай энциклопедиясында» Б.Атшыбаевтың 1897 жылы туғанын, Мәскеу тау-кен академиясын 1930 жылы бітіріп, 1937 жылы тұтқынға алынғанша «Ембімұнай» тресінде геологиялық партиясында геолог және басшылығында болғанын жазады. «1931 жылы Мұнайлы, 1932 жылы Алтыкөл, Ескене кен орындарының ашылуына тікелей қатысты. Қазіргі игеріліп жатқан Қондыбай және Уәз, Жолдыбай күмбездерінің геологиялық картасын жасаған. 1933-35 жылдары Дүйсеке, Қарашүңгілдің құрылымдарын зерттеумен шұғылданған, сонымен қатар Доссор, Сағыз, Құлсары, Төлес кен орындарының геологиялық құрылысын крелиустік бұрғылау арқылы нақтылады. Каспий маңында және Ембінің (Атыраудың) мұнайлы ауданында мұнай-газ кендерін зерттеу мақсатындағы геологиялық барлау жұмыстарының кең өріс алуына жан аямай бар күшін салды. Атшыбаев Беркінғали 1957 жылы ақталды» деп жазылған. (42 бет. Қаз. Мұнай энциклопедиясы).

Ал, «ҚР Ұлттық энциклопедиямызда» «Атшыбаев Беркінғали (Беркін) Алаш қозғалысының қайраткері, мұнайшы инженер. Орал әскери-казак уцилищесін 1916 жылы бітірген. 1917 жылы Батыс Алаш партиясының ұйымдары мен Алашорда комитеттерін құруға ат салысты. Ойыл уәлаятының ( Алашорданың батыс бөлімі) басшыларының бірі болды. 1920 жылы наурызда Қазақстаннан қуылып, 1930 жлға дейін Мәскеуде тұрды. Губкин атындағы мұнай институтының 5 курсынан Алашордаға қатысқаны үшін шығарылды. 1930 жылы елге қайтып келіп, 30-жылға дейін «Эмбанефть» тресінде қызмет істеді. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін кезінде тұтқындалып хабарсыз кетті. 1957 жылы 6 желтоқсанда ақталды» деп жазылған. (Ш.Аманжолова. 530 бет. Ұлттық энциклопедия.). Бұл жерде Б.Атшыбаев туралы тарихи мәлімет жазушыға рахметімізді айта отырып, 2-3 жаңсақтықты да айта кеткенді жөн көреміз. Аталған Мәскеудегі мұнай институтына Губкин аты кейін өмірден өткен соң берілген еді. Екінші Б.Атшыбаевбұл оқу орнына 1920 жылдар басында түсіп, оған дейін саяси партияларға араласқаны үшін шығарылған. Және елден осындай себептермен конфескіленіп, қуғындалса да Орынбор қаласында, Ташкентте, Мәскеуде ел үшін жоғарғыдай қызметтер атқарып жүргенін көреміз. Кеңес үкіметі басшыларының тек екеуі жоғарғы білімді, қалғаны сауатсыз болса, сол кездегі үкімет Алаш зиялыларының білім, біліктілігін жаңа үкімет құруға пайдаланғанын жасыруға болмайды. Ол кездегі Алаш зиялылары мен қазақтың бетке ұстар жастары, мысалы Ә.Бөкейханов орман шаруашылығын, М.Тынышпаев Темір жол көлігі иниститутын, Х.Досмұхамедов, С.Асфандияров дәрігерлік академиясын, Б.Қаратаев, Ж.Досмұхамедов, М.Шоқай Санкт-Петербург университетінде оқып, Н.Төреқұловтар Москва коммерциялық инистутты 3 курстан кейін тастап кеткен. Бұлардың арасында Стамбул, Каир, Варшавада т.т оқыған қазақ жастары бар екені белгілі. Бұлар жаңа заманның, қазақ зиялыларының алғашқы қарлығаштары болатын.

Б.Атшыбаев жоғарыдағы қызметтерден кейін сол кездегі кеңес үкіметі басты назар аударып жатқан мұнай кәсіпшілігіне, геологиялық барлау партиясына кетеді. Оның жеке анкетасында неміс тілінде техникалық әдебиетті еркін оқитыны, жоғары техникалық персонал екені жазылған.. 1929-36 жылы біздің үйге, Айранкөлге соққан жылдары «Эмбанефть» тресінің геологиялық - барлау партиясының басшысы қызметінде екен. Расында біздің ел тәуелсіздігін алған жылдары жарыққа шыққан қос бірдей Ұлттық энциклопедиямыз бетіндегі мәліметтегідей, 1931 жылы Алтыкөл, Ескененің ашылуы, 1933 жылдары Қондыбай кен орнының геологиялық картасын жасақтау және 1935-36 жылдары Құлсары, Дүйсеке, Мұнайлы, Төлес кен орындарын зерттеуге қатысқан. Бұл Алаш зиялысы Б.Атшыбаевтың еңбек жолдары еді. Өмір дерегі осылай кете береді.

Кеңес үкіметінің Алашорда зиялыларына бірінші таққан айыбы – ұлтшылдық болды. Олар ұлт мүддесін жоғары қойғанмен, осынау жаппай тобырлық культтік сипат алған заманда өздерінің жеке бас мүддесін түсіндіре алған жоқ. Қазақ зиялылары егер ұлттар қамын ойлайтын болса, олардың арғы тегінде, от басында неге басқа ұлт өкілдері жоқ деген ұшқары пікір, ымыраға келмес айып тағу тұрды. Міне, сондықтан болар XX ғасырдың бірінші ширегінен бастап қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтары, Алаш зиялыларының өзге ұлт қыздарына үйленуі сипат алды деп жүргені жасын емес. Тарихқа қарасақ сонау Есім ханның «Ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғыларында» жазылған қазақтың ғұрыптық заңынан бері де, басқа діндегілерге үйленуге тыйым салған бабалардың «Дала заңы» болғанын қазіргілер де біле бермес еді. Ол заң бойынша басқа діндегілерді өз дініңе кіргізіп алсаң ғана, қалыңсыз қатын құшуға ұлықсат берген дейді. Ол «сауап» делінеді. Өйткені жаугершілікте қолға түскен олжа, күң мен құл көбейгендіктен, екінші жағынан ғасырлар бойғы шапқыншылықтан саны селдіреп қалған халқымызды да ойлап, мына даланы жан мен малға толтыру үшін де дана бабаларымыз амалсыз соған барған. Алаш зиялыларының ішінде ең бірінші орыс қызы Александраға үйленген Ахмет Байтұрсыновтың :

Сұрасаңыз есімі Александра Ивановна,

Ризамын құдайдың маған қиғанына.

Бір кәпірді мұсылман ғып «сауаптасақ»,

Тұрмай ма он молданың иманына, - деп мысқылмен жазуы осындай «сауаптың» себептерінен еді. Бұларға қарсы сол кездері шыққан кеңестік «Құдайсыздар Одағының» жарғысы жазылуы да осының керағар басты көрінісі болды. Онда от басы құндылығы деген атымен жоқ. Баланы әкеге, әкені атаға, әйелді еріне кеңестік зымысқы саясат үшін қарсы қояды. Мен әрине, бұл жерде сол екі төңкеріс аралығындағы партиялар таластарын, сол кездері Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сьездері пікірін, діни ұстанымдарды айтып сізді жалықтырғым келмейді. Бұрынғы патшалық билікте, Романовтар әулетінің европалық үлгісімен бекіткен, діни қағидаларға негізделген некелік заңы да жайына қалып, 1918 жылы кеңес көсемі Лениннің жариялаған «Азаматтық неке туралы» декреттік жарғысы барлығын күйретіп салды. 1918 жылғы бұл «Азаматтық неке туралы» декреттің шыққанына да тура 100 жыл толып отыр.

Сол 100 жылда «азаматтық неке» ұғымының өңі 100 пайызға теріс айналып кету таңқаларлық құбылыс еді. Ол кездегі «гражданский брак», «граждансая война», кейінгі «граждансий кодекс», «гражданская оборона» т.с. айырмасы да алшақ. 1918 жылғы «Гражданский брак» шығуымен католик, православие, хрестиан, иуда, буда, мұсылман, т.т деген жоқ, нағыз бейберекетсіздік басталды. «Гражданская война» түбін тергесең де солай, әлеуметтік топтар мен таптардың, діни ағымдар мен кландар арасындағы билік үшін соғыс, мүдделер қақтығысы. Бір сөзбен айтқанда бетін шіріген салынды басқан топан су. Одан кім қалай шығады, ол – бір Алланың жазмышы. Әркімнің парасат-пайымы шешеді. Сол 100 жылда біз өзіміздің киелі ұғымдарымызды жоғалтып ап, осы бір «гражданский» қоғамның төңірегінен шыға алмай жүрген жоқпыз ба деген де қорқыныш та бар. Аты айтып тұрғандай «Азаматтық неке» - батыстан келген «еркін махаббат». Тарихы әріден басталып, Ұлыбритания, Франция, Германияда өркендеп, XX ғасырда Ресей халықтарына, ягни «барлық елдің пролетариаттары» арасына жоғарыдағы көсемнің жарғысымен жайылған зымиян саясат еді. Оның зардабын кіші халықтар күні бүгінге дейін тартып жүргені жасырын емес. Кеңес әдебиетінде де елдің салт-ғұрпында, сол адамның өмірінде болмаған «еркін махаббаттың» әсіреқызыл тақырыбы еркін жазылып келді. Аңыз әңгіменің, эпостың түбін түсіретін, әдебиеткешебер келетін біздің қазақтар бұл жағынан «әсерлеуде» алдына жан салған жоқ...Сұрқай заманда номенклатураның қызмет бабында өсуі Сталин тұсында бір жағынан осы анкеталық «аралас некеге» байланысты болды деседі. Ахмет Байтұрсыновтан бастап, Алаш арыстарының көбі осының жолын құшқанын айта бастауы тегін емес-ті. Ахмет пен Александра, Әлихан мен Елана некесін ел түгел, өз туыстары да қолдаған жоқ. Олардың өз ұрпағы да болмады. Алаштың асыл Мағжаны, ақын Мағжанның жалғызы – Гражданы, Бейімбет, Сәкендердің «Азамат Азаматовичтері» сол кезде өмірге келгендедер емес пе еді. Сол сияқты Мұстафа Шоқайдың Мариясы, Жүсіпбектің Евгениясы, қазақтың тұңғыш инженері Қаныштың Таисиясы..жатқан бір хиқая. Қазақ зиялыларында мұндай мысал жеткілікті еді.

Беркінғали зайыбы Софенрейтер Лидия Георгиевна 1915 жылыГурьевте жұмысшы-слесарь отбасында дүниеге келген. Әкесі Георгий 1895 жылы Кубанда туған, ұлты – неміс. 1938 жылы шілдеде ол кісі де ұсталып, үштіктің шешімімен қазан айында атылған. Лидия 1935 жылы 20 жасында алғашқылардың бірі ретінде Атырау мұнай техникумын техник-мұнайшы мамандығында бітіріп, Беркінғалимен тресте қатардағы геолог қызметін атқарған. Дала қостарында, барлау партиясында бірге болды. Әлихан Бөкейханов 36 жасында үйленсе, Беркінғали Атшыбаев 39 жасында 21 жастағы неміс қызына «аяқ салған», некесін мұсылманша қидырды. 1937-ші жылы Беркінғали, 1938 жылы әкесіұсталған соң, Лидия Георгиевнаның қызметі аға лаборантқа дейін төмендеп, 1939 жыл қызмет орнын ауыстырады. Беркінмен 1-ақ жыл отасты. Жалғыз ұлына Беркінғали атын береді. 1939-41 жылға дейін немістің қайсар қызы «Қазақстанмұнай» комбинатында орталық ғылыми-зерттеу лабораториясының Палеонтология секторы жетекшісі, 1941-43 жылы Индер геологиялық париясында аға коллекторы, 1943-60 жылдары Алматыда «Қазгеофизика» барлау партиясы бастығы, аға геолог қызметіне дейін жоғарлап, 1967 жылы зейнетке қалды. Бала Беркінғалидың соңынан «арыстың бір тұяғы» деп ақсақалдар, әсіресе әкем көп іздеп барды. Шешесі елден адам келсе шошынады екен, ештеңе білмейді, әлде білгісі келмейді.. Бала Беркінғалиды кездестіргісі келмейді, тілі де орысша шыққан, ата-баба тарихынан мақұрым, орысша жоғары білім алған. Қызмет еткен. Әкем өмірден өткенше осыны еске алып, күңіреніп отыратын....Беркінғалиұлы Беркіннің баласы, Лидияның немересі аты кім десеңіз – Георгий. Яки әкесінің атын береген, Беркингалиев Беркинович Георги деген немере Мәскеуде тұрады деседі. Әрине, Атшыбай би ұрпақтары ізсіз кеткен жоқ. Әбілхайыр хан шөбересі, ғалым Әмина Маметова шешеміздің қосағасы Әжіғали Мұқашұлы нағашымыз Алматыда ұзақ жыл банк жүйесінде қызмет етті. Сапар Мұқашев Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығында хатшы, КәрімАтшыбаев «Геоаналитика» АҚ президенті, т.с. дегендей жалғастықтары бар. Әрине, бұл өткен шақ еді. Әлеуметтік желіде бүгінгі жас ұрпаққа арналған «Тұнық тіл» акциясы «Азамат деп, ару деп кімді айтамыз» тақырыбын оқығаным бар. Онда бұл сөздердің кейінгі кездері ескеріп, кез келген жерде әлеуметтік төменгі топтарға қарап орынсыз қолданып жүргенін, о баста тәрбиелі адам мағынасын беретін атаулардың жоғарыдай «гражданский» де қалып, сөз қадірі, құны түскенін айтады. Мысалы, «ару» - кіршіксіз, таза, пәк әйел, «азамат» - Орта Азияда және парсы, араб сөзінше: кәмелетке жеткен жігіт, кісілікті адам. Қазақта «жігіттің жақсысы – азамат, жылқының жақсысы – қазанат» мақалдарын, «Алғаным ару болмаса, Алдыма алып сүймен-ді..» Ақтамберді жыраулардан үзінді келтіреді. Біз өзгеге еріп, ұлттық діліміз бен тіліміз үлгісін бұзбағанымыз, шын азаматтарымызды танығанымыз жақсы-ау.

Өткен тарихқа шегініс..1936 жылы Құлсары дейтін жерде Беркінғали партиясы мұнай қарап жатыр деген хабар келді. Ол кезде ұсақ артель, серіктестіктер тараған кезі. Әжем көптен көрмеген ағасына бармақ болып жиналады. Түйе жеккен арбаға сарымай, құрт-ірімшігін, сүр еті мен майға тары жаншылған жентін, айран-шұбат, бауырсағын салып және екі-үш жандықты баласы әкеме айдатып Тұрғызба қасындағы Кебіркөлден жолға шығады. Ол кезде әлемге Теңіз кенішімен әйгілі әйдік қала жоқ, Құлсары деген құр жер аты ғана. Айналада ел жоқ. Қазіргі қала іргесіндегі шалқыған көл жайпақ аласа сусыз сор орны болыпты. Екі жерде күмбезді мола болған, бірі шошақ қауым, жер аты сол моланың бірі Құлсары атына байланысты қойылған дейді. Ол арада 4 қоңыр киіз үй ғана бар. Оңтүстік жағында 1-2 шақырым жерде келісті жалғыз корпус салынған. Киіз үйлер Беркіндер тұратын үй екен, екіншісінде қарындасы Ақкенже күйеуімен, үшіншісінде Еркін және жұмысшылар, төртінші үйде сол разведканың есепшісі Қойлан көке Құлметенов тұрады екен. Әжеміз тікелей Ақкенже мен күйеу баласы үйіне түседі. Еркін және барлығы келіп көрісіп, мәз болып жатыр. Үйлер шетінде төрт адам сөйлесіп тұр, бірі Беркін, екіншісі 1929-30 жылы қыста Беркінмен біздің үйге келген орыс П.Я.Авров болар дейді. Ол кезде Авров Беркіннің қарамағында барлау партиясының аға геологы екен. Шайдан кейін Ақкенже, анасы Жұмақпен әкеміз нағашысы Беркінге көрісуге барды. Беркін қыры сынбаған таза шалбар, запонка салған көйлек киіп, келісті қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып көріскеннен кейін анасы мен апасы шығып кетеді. Әкемнің балалық қызығушылығы жазу столы үстіндегі кітап-журналдарға ауды. Қолына орысша «Фольклор» деген кітап түсіп, нағашысына :

- Фольклор деген не - деп сұрайды.

- Қазақта «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Айман-Шолпан» деген жырлар бар ғой. Фольклор деген сол.

- Не жазып жатырсыз ?

- Докладная. Құлсарыдан мол мұнай шығады, соңғы рет дәлелдеп жатырмын. Жазып жатқаным сол.

Әкем өз үш сұрағының екеуіне нағашысынан осындай нық жауап алыпты. Осынау ғұмырбаяндық шежіресінен, оның жүріп өткен өмір жолдарынан, ол туралы естеліктерден оның мұнайшы-геолог, немесе өз ісін білетін үкімет жұмысына жегілген қызметкер, қатардағы саясаткер емес, ұлтының рухани қазынасын жинаған, оны зерделеген, ән мен жырын насихаттаған, өзгелерге үлгі еткен көшелі кісі болғанын да осы бір естеліктен көреміз. Б.Атшыбаевтар аты жер жарып жатты. «Мұнай ашылады, мол екен», «Атшыбаевтар зиянкестер екен», «Жоқ, мол мұнай бар, промсл ашылады дейді». Ол кездегі ел арасындағы әңгіме осы еді. Кең Жылойдың шежіресін жазған әкем де, туған ағасын іздеп барған анамыз Жұмақ та оны соңғы рет көріп тұрғанын білген жоқ. Әкем «Беркін нағашым неге бізге келмей жүр» деп сұраса, әке-шешесі іштен тынып «саған өкпелеп жүрген болар, не қолы тимейтін шығар» деп алдайды екен. Бұл әйгілі 37-ші жылдың алды еді.

Біздің өлке танушы және тарихшыларымыз сол кеңестік алғашқы кездердің тарихын қалай жазып жүргеніне келсек, сол өзіміз туған жерге қатысты олардың шығармашылығы беттері ең алдымен өзге ұлттардың оқыған кісілерін дәріптеуден басталады. Мысалы кейбір өлкетанушы інілеріміз Қосшағыл, Құлсарының алғашқы зерттелуі тарихтарына қатысты В.Я.Авров, П.Я.Авров, Я.В.Лаврентьев, С.И.Миронов, Н.Н.Тихонович, С.П.Полетаев, В.П.Скворцов, Л.П.Смирнов, Э.Э.Фотиди, С.В.Шумилин, т.с. деген ғұламаларды көзінен тізеді, қазақтан мұнай тапқан қарапайым шаруа Бешім атамыздан басқаны ауызға алмайды. Осынша кеңестік оқымыстыларды сол кездегі сауатсыз қазақтармен қатар қою адам күлерлік тарих еді және ол аталған басқа ұлт өкілдерінің өмір деректерін тексеріп қарағанда, бұлардың өлке тарихына қатысы жоққа жақын болып шықты. Бұл да біздің басқаға жалтақтап, бас шұлғып үйренгенімізді, отаршылық пен құлдық санадан арылмағанымызды көрсетер еді. Шындығында сол кездегі мұнай саласы ардақтылары Е.Тауманов, С.Өтебаев, Ж.Досмұхамбетовтер Батыс Алашорданың бас интенданты қызметін атқарған, қазақтың тұңғыш мұнай геологі, кәсіпшіліктер кенін алғаш зерттеген Беркінғали Атшыбаевтың Қазақстан мұнайы корифей-абызы болуға лайықты тарихи тұлға екенін, есімі ескерусіз қалып келе жатқанын айтып кеткен еді. Алашорда тарихын зерттеуші азаматтар, ұлттық компаниялар басшылары, Атырау облысы, аудан әкімдері қазақтың тұңғыш мұнай геологы, Алаш арысыБ.Атшыбаев атын елеусіз қалдырмай жаңа ашылып жатқан кен орындарына, облыс, аудан орталықтары көшелеріне есімін беруді есерер дейміз.

1937 жылдың жазында Беркінғалилар да ұсталды. Бұл КСРО Ішкі істер комиссары Ежовтің 5 тамыздағы атақты N 00447-ші қанды жарлығы шыққан кез еді. Мұнда барлық республикаларда, өлкелер мен облыстарда бұрынғы кулактарды, кеңеске қарсы белсенділер мен қылмыскерлерді кезекті тұтқындау операциясы басталсын делінген. Кеңес үкіметі ең соңғы Алаш арыстары түгел, адал қызмет еткен өз партияластарын да аяған жоқ. Біздің өлкеде Гурьев округі атқару комитетінің төрағасы Боран Айтмағамбетов, дәрігер Халел Досмұхамедов, Уком 1-ші хатшысы Нұғыман Залиев, Қадырбай Есмағамбетов, Өмірзақ Есмұрзиев, Сергей Сухарев және 1939 жылы құрылған Гурьев облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Хамит Ақботин, Нығымет Жәлелов, Жылыбай Шолақов, Мұқаш Әубәкіров, Сираж Лұхпановтар, тағы басқалары, ағайынды Стамғазы, Салауат, Хамит Ақботиндар қатар ұсталғанын айтады. Меңдіқұлов Ниязғали, Әубәкіров Тілеген, Мәдібаев Әбіш сияқты зиялы кісілері қызыл террордың тырнағына ілікті. Беркінғали Атшыбаев серіктері П.Я.Авровтар да жазалы болды, бірақ кейін Авров босатылды. Ал Алаштың Беркінғали сияқты оқыған зиялылары оққа ұшты. 1937-38 жылдары репрессияға үкімет, облыс, аудан басшылары ғана емес, елдің қатардағы бетке ұстар сауатты кісілері, мал баққан қарапайым шаруалары Қоштай, Үбиян Жылқышиевтар, Сембай Есенаманов, Омар Арыстанов, Әби Омаров, Әли Өтемағамбетов, Аққойшы Тәпенов, Жонас Берниязов, Жолан Қалиев, Асан Мырзағалиевтармен қатар, Таңқыбаев Әбілғали, Тобаниязов Бердіхан, Қарабалин Ғабдікәрім, Оразбаев Терекбай, Елеусінов Мусағали, Қаратілеуов Сәлімгерей, Кенжин Аспандияр, Хангереев Дәрібай сияқты беделді ел азаматтары атылып кетті. Бұлардың өз заманында жазықсыз зұлматқа ұшырап, өмірден өткеніне де биыл 80 жылға жуықтайды екен.

Алаштың Беркінғалиларының асыл мұраты, армандары орындалды. Жергілікті журналист-ақынның «Теңіз ғаламаты» атты публицистикалық – деректі дастан кітабының «Алыптың ашылуы – көне тарихын қозғасақ» мақаласында: «Теңіз кен орнының да өзіндік даму жолы, қалыптасқан тарихы бар. Кеңес заманының геологтары өткен ғасырдың басында-ақ Каспий маңы ойпатында, атап айтқанда Оңтүстік Ембі өңірінде мұнай мен газ өндірудің келешегі бар деген жорамал жасаған болатын» деп, геологиялық зерттеу жұмыстары 1930 жылдары жүргізілгенін атап өтеді. Беркінғалилардың айдалада киіз үйде «мол мұнай бар, Ембінің келешегі зор» деген сөзі осылай ақихатқа айналды. Иә, ол тарихымыз келешек үшін көне тарих беттеріне кетті. Кешегі ол шарлаған өлкеден одақ қана емес, алты құрлыққа әйгілі Теңіз, Қашаған кеніштері ашылды. Ел басына қиын қыстау күн туғанда ұшақтар мен соғыс техникалары осы Ембі мұнайымен от алды. Бүгінде «ескі кеніштер» мұнайын сарқып алу себептері де, 2-ші дүниежүзілік соғыс қыспағынан Кеңестер Одағын қазақтың мұнайы алып шыққаны де әлі мойындалмаған тарих.Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары ел экономикасын өрге сүйреген локомотивы де осы мұнайымыз болды.Тарихқа қарасақ XX ғасырдың 70-ші жылдары теңізде бұрғылауы қиын жұмыстарды әлемде алғаш Норвегия, Нидерландия, Ұлыбритания елдері бастаған еді, одақта ол Балтық теңізінде басталыпты. Араға 15-20 жыл салып тәуелсіз Қазақстан жағалауынан «Сұңқар» бұрғылау платформасы Каспий айдынына қанат қаты. Қазақтың тұңғыш «Сұңқар» платформасы бұрғылау тереңдігі жағынан американдық «Лютация», ағылшындық «Седко», тағы басқа да шетелдің «Пеликан», «Гломар Челенджер» мақтаныштарын жолға тастады. Қашаған, Ақтоты, Қайраңдар солай ашылған еді. Тәуелсіздіктің сол алғашқы он жылдықтарында Каспий айдынына 12 мың тн.лық «Астана» мұнай танкері түсірілді. Выборг кеме зауытынан жасалған бұл «Астана» танкері сыйымдылығы бұдан жүз жыл бұрынғы ағайынды Новельдердің 50 «Зороастр» танкерлеріне татитын еді.Мұны әрине, екі дәуір айырмасын салыстырмалы түрде алып отырмыз. Бұдан жүз жыл бұрын Атырау даласынан арбалы түйемен, торсық-бөшкемен толтыра алмаған, сол «Зороастр» танкері тасыған Батуми, Поти мұнай резвуарлары түбіне шеменделіп қалған кісі бойы сор топырақты қуатты техникалар бұза алмады деседі. Ол сор топырақ-қазақ мұнайшыларының көз жасы, ащы бейнеті, маңдай тері, жанкешті еңбегі сіңген топырақ еді. Кешегі елсіз далаға жан бітіп, өндірісті нысандар, зауыттар, әсем қала, мекендер бой көтерді. Бұл табыс, жеңіс, бақыт бізге оңай түскен жоқ. Кешегі сор орнында айдынын жел тербеген айдынды көл, қала орнаған. Айлы түнде келсең сыңарын іздеп сыңсыған аққулар үнін естіп жүрегің шым ете қалады...Бесігіңнен сен естіген, жадыңа сіңген бір сырлы үн. Тыңдай бергің келеді. Қанша аңсасаң да ол саған үн қатпай қоюы мүмкін. Жаның таза пенде болсаң ғана сен сол ғажайып шақпен табыса аласың...

Өмір де бір орнында тұрмайды. Біздің мұратымыз, ел үшін, келешек ұрпақ үшін қолға алған әрбір ісіміздің бағытын Елбасымыз «кешегі кеңес Одағының құрамында тоталитарлық жүйенің темір құрсауында тұмшаланып келген елдің еңсесін көтеру, ұлт рухын ояту, халық бірлігін ұлықтау, атадан балаға арқау ретінде үзілмей жеткен бай тарихын және мәдени мұралармыздың бары мен жоғын түгендеп, азат ұрпақтың қолына табыстау үшін жасалуда» деп бұдан он бес жыл бұрын Махамбет бабамыздың 200 жылдық тойында ғылыми конферанцияда мілімдеген еді. Бүгінгі «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы да сол бастаманың жалғасы деп білуіміз керек. Көп нәрседен арылуымыз, өшкенімізді жандыру, өткенімізді саралау керек. Рухани жан дүниеміздің жаңғырысы, санамыздың сілкінісі керек.

...Жер беті масатыдай құлпырған мамыр айының жазға ұласар шағы. Құлсары қаласы көшесінде ағылған жастар. Арасында шетелдіктер де бой көрсетеді. Бүгін «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні. Жақын маңдағы көк желекке малынған ардагерлер аллеясына келушілер қарасы мол. Халықтың нөпір толқыны саяси қуғын-сүргін құрбандары монументі алдына кеп гүл шоқтарын қойып жатыр. Әріректегі алаң сахынасында ақ көйлекті жас жігіттің орындауында таныс ән сазы әуелеп тұр :

Кім білер, кімдер келер мейірім қанар,

Рухым сөнген менің қайта жанар.

Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп,

Кейінгі ұрпақтарым есіне алар....

Иә, бұл өмірге кімдер келіп, кім кетпеген.. Адамзаттың дүниеде ұрпағынан басқа ешнәрсеге көңілі тынбаған. Ол болмаса артында арманы, өкініші, ұлы мақсаттары қалады. Бұл әнді естігенде көзге жас, көкірекке шер толып, мейірі қанып ұрпағын сүймеген, көңілін асқар тауға меңзеген Алаштың арманда кеткен арыстарын ойлап күрсінесің. Олардың аңсаған ел тәуелсіздігіне мың қайтара шүкір етіп, артында елі, іздейтін ұрпақтары барда Рухтары сөнбек емес деп шамырқансың. Бұл ән Алаштың ұлтжанды бір ұлы аманаттап кеткен «Паңкөйлек» еді. Паңкөйлек – ұзатылған сұлу қыздың аты деседі...

 

2017. 07.20. / 2018.02.09.

 

 

Leave a comment:
Captcha