One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Қара көпір

№24. Қара көпір


Жердің ұжымағы – Қарқара, Қарқараның қазыналы кіндігі –  Ереуілтөбе. Бұл өзі биік те  емес, ұзыны қырық қадамдай-ақ  жайдақ жота. Жүз қаралы кісі жүгініп отырса құйрық айналмайтын шағын дөң. Елсіз жазықта «мен мұндалап» тұрғанынан ба, алыстан қараған кісіге әжептәуір дәрпі бар, топаны үлкен  нар өркеш. Қарқараның басы Мыңжылқы, одан ары Хантәңірі, шығысында Шәлкөде, батысында Түптің асуы, асудан ассаң айыр қалпақты, жалпақ бет  қоңсы Қырғыздың Ыстықкөлі.

             

Ереуілтөбенің басында бүгін де жиын. Қандарына қарайған, қабақтарына қан қатқан қатулы топ. Жиналған игі-жақсылардың  ішінде Әділғазының  әкесі – Момын Мәлік те отыр. Тегі жуас болған соң солай аталып кетті ме, ит білсін, «Момын!» десе де, «Мәлік!» десе де жалт қарайтын жарықтық. Құдайдың шеберлігіне шек барма, Мәлік еркек кіндіктінің ішіндегі көріктісі еді: аясы кең мойылдай қара көз, қыр мұрын, қою қас, ішінде бір қылауы жоқ бұп-бұйра қалың сақал-мұрт, бояуының  қызылы – қызыл, ағы – ақ  дөңгелек жүз... осының бәрі оның балуан денесіне құйып қойғандай құп жарасатын. Салмағына қарай біткен ауыр мінезіне бағып жер жылжыса жылжымайтын, желп етіп желікпейтін, отты жанарын алысқа қадап, қашан көрсең тұңғиық ойдың құшағында отыратын. Аласы мол өткір көз қадалған жерін тесіп жіберер еді, қарсысындағы кісінің сағын сындырып, қос кірпігін жыпылықтатып, жер шұқытып қояр еді. Жазық маңдайға біткен алақандай-алақандай екі шыраққа  тік  қарауға шыдамы жететіндер некен-саяқ. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын Мәліктің тахуалығы арғы аталарынан дарыса керек, білетіндердің айтуынша:  «Мәліктің ұлы әкесі  Ықсан молда  Бұхардың оқуын тауысыпты, шариғат сөйлегенде  тәмәм жұртты ұйытып, сұңқылдатып құран оқығанда қарасуды теріс ағызып жібереді дейді. Ықсан әулие осы  бертінге дейін өмір сүріпті, жасы жүзге жеткенше тобылғы таяқ таянбай, шабындығын  шауып, шөмелесін үйіп, күншілік  алыс жолға  атына жайдақ мініп желіп кететін бақуатты кісі болыпты».

                 

Бүгінгі жиынның үстінде қойдан қоңыр деп жүрген сол Момын Мәлік  тосын  мінез көрсетті, сыздаған жара жарылды, солқылдақ емен морт сынды, қас қағым  әлетте талағынан тарс айырылды:

              

– Ау, ағайын! Мал екеш мал да жаны шығарда  қара тұяғын бір серіппейтін бе еді...Қашанғы мал боп күн кешесің! Жеріңді алғаны, еліңді жаулағаны жетпегендей, ақ орыс қойныңда жатқан қатыныңның ышқырына  қол жүгіртетінді шығарды. Қызыңды күң қылғаны жетпегендей, ұлыңды байлап-матап, жиып-теріп майданға апарып жер қаздырмақшы, жер қаздырғаннан гөрі  көр қаздырады десейші!  Ертең соғысқа салады – ұлдан тірідей айырыласың, ерінен айырылған елге кім опа береді!? Сонда сенің нең қалады, жамағат?! Әлгі айтқан мал құрлы болмағанымыз ба шетімізден...

            

– Мәлік дұрыс айтады, ақсақалдар, алманы құрғыр көз аштырмады, еңсені езіп бітті. Естіп жатырмыз: әнеу итжеккен жақтан  босып келген орыс салық төлемейді екен, қалаған жеріне қазық қағып, ен салып  қонысын да, өрісін де алатын көрінеді. Зәкөн соларда болған соң, патша аққұлақтардың сойылын соқпағанда кәйтеді?! Алдымыздағы аз малдан айдың күні аманында айырылсақ, Құдайдан келетін ақбұйрық өлімді күтіп отырғаннан өзге не  қалады бізде!

             

– Ақ-адал өліммен өлсең, қуанарсың, Сейіт! Сайда саның, құмда ізің қалмағанда  көресің көресіні!

            

–    Астағыпыралла!

            

–  Күннен күнге басынып барады аққұлақтар! Малымызды алмасын дегеннен шығады, түнеукүні Бақтыбайдың ошарлы жаны күнелтіп отырған үш  сиырын ақтар тартып алыпты. Бақтыбай әйелін ертіп, Салқынсайдағы  орыстардың үлкен ұлығына  шағыныпты. Анау Бақтыбайға болысқанды қойып жағасынан алған екен, Бақаң да жөбі-шөңкі кісіге бой берсін бе, әлгіні жақтан асатса керек, содан күллі орыс жабылып Бақтыбайды көгала қойдай сабапты. Екі қабырғасын сындырып, оң көзін ағызып, басын жарыпты . Ал әйел байқұсқа ойына келгендерін істепті... Тіпті, айтуға ауыз бармайды...

            

 –  Түйт! Кәпір-ай!!!

           

 –  Жақыннан бері мұндай қылықтардың талайын естідік қой.

            

– Естісең, сол! Ел ісіне араласатындар да қағынып кетті: жең ұшымен жалғасып, өз балаларының орнына өзгенің жалғызын байлап-матап қосаққа қосып жатқан көрінеді. Орыс ұлықтарын жақтап, қандасынан теріс айналып кеткендерді кімнің санатына қосамыз сонда, «іштен шыққан жау жаман» дегенді осындайда айтса керек.

             

– Мен айтарымды айттым,бітті! Арам қатпаймын десеңдер атқа қоныңдар!

            

Момын Мәлік орнынан тұрып тізесінің шаңын қағып, етекке беттеді.

             

Үлкендердің әңгімесінің байыбына бармаса да, Әділғазының ұққаны мынадай: мына дүние астаң-кестең, аспан төңкеріліп жерге түскен... Әкесінің бұлай түйілуі, шалт байламға келіп ел ісіне білек сыбана кірісуі  осыны аңғартты. Бұл ес біліп, етек жапқалы әкенің сырбаз қалпынан айнығанын көрген емес, не айтса да орнымен айтып, не істесе де жөнімен істейтін. Бүгінгі жиындағы әкесінің әлпеті мүлдем бөлек, қаны теуіп тұратын нұрлы жүз қуарып кеткен, ерні көгеріп, ойлы жанар шатынап тұрды. Иә, дәл  осы түрді  қай күні түсінде көрген...

         

О, тоба! Үй-іші тегіс жиылып кешкі шәйға бас қойған шақ екен дейді. Көршілердің біреуі бұйымтай айта келген сияқты болатын. Әкесі төрде малдас құрып, әңгіменің майын тамызып отырған, бір кезде Әділғазы әкесіне  қараса, о, сұмдық-ай! Әкесінің  басы бар да, денесі жоқ... денесіз бас сөйлеп отыр, шәйін ішіп отыр... Шешесі шар ете қалады: «Ойбай-ай! Мынаның денесі қайда, Құдай-ай?!...». Бәрі  ошарылып  әкейге қарамай ма, сөйткенше  бас орнынан тұрып  есікке беттейді. Жүзінде қан-сөл жоқ, тотияйындай көкпеңбек қу бас босағадан  аттап бағыт-бағдарсыз, иен далаға тұра жүгіреді... Бұлар жабылып соңынан қуса жеткізбейді, айқайлап шақырса естімейді, қайырылып қарамайды. Суықсайды бетке алып сол кеткеннен мол  кетеді...

           

Сол түсін шешесіне айтпақ болып бір оқталған да іштен тынған. Онсызда денсаулығы дімкәс ананың  жанына жара салғысы келмеген. Құдды өңіндегідей ап-анық көрінген қорқынышты түсті тірі жанға айтқан да, жорытқан да емес, үрейлі түс есіне түссе, денесі түршігіп, тұла бойы шымырлап  кетеді. Құдай оның  бетін аулақ қылсын!

           

Ереуілтөбеде бас қосқан елдің ақсақал-көксақалдары  орысқа бала бермейтін болып  қолдарын қанға матырысып қасам ішіп, анттасып ауыл-ауылдарына тарасқан.

            

Арада бірқыдыру уақыт өткенде «елді азғырды, патша жарлығына қарсы шықты деп Албанның болыстарын түгелге жуық тұтқындап, түрмеге тоғытып, еш сұрақсыз атып тастапты» деген сұмдық  хабар қазақтың ұланғайыр кең даласының бір пұшпағында бейқам жатқан елдің төбесінен  ашық күні жай түсірді. Ел арасы алашапқын. Елдің беделді кісілерінің басын алғаны жәй екен, енді қара халықты қанға бөктіріп, аяусыз қырып келе жатқаны бел астынан естіліп, үркердей ауылды үрей кернеп, төтеннен келген  ажалға мойынұсынудан басқа шара қалмаған-ды. Құдайтағала өзі бергенін өзі алса, пенде шіркінде  не қайран болсын!

           

Көптің күткені дәл болды. Әділғазы есік алдында  жүрген. Алыстан қою шаң көрінді, іле қолдарында алмас қылыштары күнге шағылысқан аттылы әскерлер тура осы үйге беттеп келе жатты. Ат дүбірін естіген Мәлік тыстағы Қабылғазыға айғайлады:

            

– О кімдер?!

            

– Орыс, орыс!!!...

            

Әділғазы қорыққанынан бір-ақ қарғып үйге енді. Үйде әкесі мен шешесі ғана бар еді.  Төрде  жамбастап жатқан отағасы орнынан тұрып та үлгерген жоқ, киіз үйді  құлатардай екпінімен сау етіп қарулы шеріктер кіріп келді. Сақалы белуарына түскен  үрген қарын, жардай орыс  шаңқ-шаңқ етіп   Мәлікті нұсқағаны сол еді, аш күзендей атылған жас орыс жаюлы дастарқаннан қарғып өтіп, көз ілестірмес жылдамдықпен Мәліктің қыл мойнына  қылышты  бір-ақ сілтеді. Көкке шапшыған қанмен бірге Мәліктің басы домалап жерге түсті. Төбесінде қоңыр түсті тақия,  жанары шарасынан шыға ақиған көз, ашылған ауыз...   Таяқ тастам жерде жатқан басты көргенде Мәліктің бәйбішесі Зәмзәнің шыңғыруға шамасы келмей талып түсті. Әділғазы әлгінде бас ұшып бара жатқанда жүрелеп отырған  дененің кирең-кирең етіп шоршығанын, қып-қызыл қанның мойынның тұғылынан сигектеп атылғанын көрді... Жұдырықтай жүрегі тас төбесіне шығып, сілейіп тұрған баланың миында қалғаны тек осы  сурет... Тас мүсіндей серейген күнәсіз балаға  әлгі жас әзірейіл  қылышын ала жүгірді. Осы кезде манағы сақалды, үрген қарын ананың қолына  жармаса кетіп, бірдемелерді бастырмалатып айтып жатты. Тегі «балада нең бар, ол да бір періште ғой!...» - деді ме екен, анау қылышын сүйретіп, дастарқанды таптап бермен қайтты...

           

Қанша уақыт өткені  Зәмзә мен Әділғазының есінде жоқ... Бірқыдыру жұрт жиналып қалыпты. Бәрі де жағаларын ұстап, ботадай боздап тұр...  Ақылдарына кеш келген көрші-қолаң  шошынған баланың бетіне суық су бүркіп, таңдайын көтерді, екі-үш әйел Зәмзәнің қол-аяғын уқалап жатты, Кәулімбай  молданы алдырып, Мәліктің басы мен денесін қосып жуындырып-кебіндеп,  оңаша қостың оң жағына жатқызды.

         

Ертесі күллі Қарқара даласындағы қаралы хабарды естіген Құрбан атаның балалары  түп қотарыла Ереуілтөбенің етегіне жиналды. Мәліктің жаназасы төбе басында оқылды. Кәулімбай молда бисимилласын шәриғаттан бастап, қанқұйлы кәпірлердің қара халыққа жасаған кешілмес күнәларын жіпке тізіп, бәтшағарлардың ахиретте жазасыз қалмайтынын пәтуалап берді. Аса аянышты өлім үстіне тоқайласқан жамағат көз жастарын сығымдап, дұшпандарын тек іштей қарғап-сілеумен болды. Жаназа соңынан  сай сүйекті сырқыратқан Зәмзәнің жоқтауына қаршадай Әділғазының зарлы дауысы қосылып, Мәліктің сүйегін ат арбаға салған қаралы жиын шұбырып бара жатты.

        

 Талқаны таусылып, Алланың берген рыздығы біткен күні бұл дүниенің қонағының  мәңгілік тыным табатыны рас болса,  жаны жәннатта болғыр Момын Мәлік те ата-бабасының ежелгі жайлауы –  Суықсайдағы ескі  қорымның  бір төмпешігін  жастанып, жарық дүниемен осылай  қоштасты...

           

Бұл – 1916 жылдың қыркүйек айының ең соңғы күні  болатын, дәл сол күні Әділғазы алты  жасқа  толған-ды...  

           

Күндегі атыс-шабыс талай түтінді түп-тұқиянымен жер жастандырса, талай шаңырақты арыстарынан айырды. Бағзыдан жерұйық-құтты мекендерінде мамыражай тірлік кешкен көшпенді жұрттың бір шоғыры ата қоныстарын жатқа тастап, тым құрыса ұрпағын аман алып қалудың қамымен  жан сауғалап Қытай асты. Шұбырған көштің жолын бөгеп, оққа ұстаған кәззаптар бейуаз халықтың қанын суша ағызды, өліктер тау-мая болып үйіліп, ит пен құстың жеңсік асына  айналды.

             

Мәліктің жетісіне жетпей Зәмзәнің дерті күрт ауырлап, шөке түсіп жатып қалды. Қызыл өңештен ас өтпеген соң жағы суалып, көзі шүңірейіп,  қаңқасы саудыраған аш аруаққа айналды. Құдайға ғана мәлім, жан баласына жұмбақ бір сұрқия зауал төтенен келді де, айға жеткізбей Зәмзәні о дүниеге жетелей жөнелді. Марқұм ажалын күтіп жатып бойжетіп келе жатқан үш қызын туған ағасы Медетбекке аманаттап, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз ұлы Әділғазыны Қытайға әне-міне асамыз деп отырған жақын  жамағайындарына ілестіріп жіберді де, көңілі көншігендей  о дүниенің есігін асығыс  қақты... 

           

Әділғазы ерген көш Жәркенттің, Майқапшағайдың  тұсынан  аман жібермейтінін естіп, күн-түн қатып ат арып, тұяқ тозғанда Аягөз, Үржарды басып, Бақтыдан өтіп арғы беттегі Шәуешек дейтін шаһардың іргесінен  бір-ақ шықты. Қытай дейтін елі сол екен, бақса, елі қазақ, жері кең, түңкелі өлке көрінеді. Жаз жайлап, қыс қыстап көшіп-қонған іргелі жұрт дегенімен жағдайлары мәз көрінбеді.

         

Көшті бастап келген кісі Әділғазыға бірге туыспаса да  нағашы жолындағы Әшімбек дейтін шал. Әшімбектің қимылы шалт, қолынан келмейтіні жоқ пысық, тілге жүйрік  шешен кісі. Жаңбырдың тамшысы тескен құмдауыт жердей шып-шыбар шешек бет, жар қабақ, шүңгіл көз, дорба ауыз, ұзынтұра Әшімбектен бір көрген адам сескеніп-ақ қалар еді.  Жаратылысы бөлек осы бір Құдайдың сүйген құлы шұңғылы көп тосын өлкенің тау-тасын кезіп, жер шолып, ел жайын барлап  біраз жүрді де, бұл жаққа мүлде бейтаныс бір қарекетке бел шешіп, білек сыбана кірісіп кетті.

         

Мұндағылар топырақтан  түйіп қабырға тұрғызып, төбесіне жуан-жуан бөрене бекітіп, жеңдібілектей сырғауылдарды көлденең жатқызып, оның үстіне қамыс төсеп, одан сабан лаймен сылап, лай үстіне топырақ жауып  үй тұрғызады екен. Таудай салмақты толассыз жауған жаңбырда көтере алмай көп үйлер жарбиып отырып кететін көрінеді. Әшімбек осыны байқады,  байқады да орыстан әкелген ағаш тілетін екі кісілік ұзын темір араны іске қосты. Құрт жаятын өре секілді арқалық жасады, құшақ жетпейтін бөренені арқалықтың үстіне домалатып шығарып, скобымен бекітіп алады да төбеде бір кісі, төменде бір кісі араның екі басынан ұстап  жұқалап тақтай  тіледі. Ал тақтайдың қадіріне жеткендер күн озған сайын көбейіп жатты. Бір бөренені тіліп берудің құны –  бір қозы немесе бір лақ. Сөйтіп аз уақытта арып-ашып, бордай тозып келген Әшімбектің отбасындағы он баланың қарны қампиып, иіндері киімге жарып, бойларына  шыр біте  бастады...

       

Етек-жеңін жинап алған Әшімбектің ендігі ойы балаларын молдаға беріп, сауат аштырып алу болды. Келесі көктемде  «Шыбарталдағы Қапас  молда бала жинап, сауат ашқалы жатыр» дегенді естіп, өзінің төрт ұлы мен Әділғазыны көгендеп  апарып  молданың қолына ұстатты да «Сүйегі менікі, еті сенікі» деді.

         

Арада зымырап үш жыл өтті. Бір күні «Ойбай, Сәбеттен бір топ қазақ оқымыстысы келе жатыр екен!» деген хабар шағын шаһардың шығысынан батысына дейін желдей есті. Әділғазы бар, Әшімбектің төрт ұлы құлақтарын түріп, Сәбет оқымыстыларының қайда түсетінін білмекке ынтықты. Айтқанындай бір қора салт атты сау етіп келіп те қалды. Атшаптырым бау-бағы, шатырлы үйі бар ноғай шалдың үйіне  жайғасты бұлар. Осындағы ел иелері жиылып, дастарқан басында шұрқырасып табысты мына топпен. Топ бастаушы Байтұрсынның баласы Ахмет деген кісі екен, қасында Міржақып, Райымжан, Садық дегендер бар. Ең үлкені Ахметтің жасы қырықтың жуан ішінде, одан кейін Райымжан қырықтар шамасында, қалғандары отыздың ортасындағы жігіттер көрінеді. Олардың жас шамасы балаларды қызықтырмаса да, түрлері мен киім киістері еріксіз назар аудартты. Оның үстіне туған жерден келген соң балаларға тым ыстық көрінді мына қонақтар. Бұл кісілер неге келді, не іздеп келді, ол жағы бала түгілі  үлкендерге де әзірге  жұмбақ. Балалар ағаш-ағаштың арасынан жылтыңдап, сығалап  үлкендердің қылығы мен сөзін бағуда. Екі беттің сорпа бетіне шығарлары тоқайласқан жиынның ортасында Найманбайдың баласы Әсет те бар болатын. Әшімбек те келіп есендік сұрасып, дастарқан шетінен орын алды. Мал сойылды, қазан асылды, мәслихаттың  соңында Әсет ақынға « ауылдың алты ауызын айтыңыз» деп қиылды. Содан бір мезетте Әсекең кетті шырқап. «Қысмет» деген әнін шығандатып шырқағанда қонақтар жағы : «Беу, бауырым-ай! Бұлбұлым-ай!!!» десті кеу-кеулеп. Анығында, Әсеттің жасы қонақтардың бәрінен үлкен еді. Әсетті «Бауырым» деп неге айтқандарының байыбына  мына жұрт бара қойған жоқ. Әсет өрге шапқан жүйріктей өршеленіп бір тоқтамастан түн ауғанша әндетті...   

      

Ертеңінде бұдан басқа не қызық болғанын Әділғазы өз көзімен көре алмады. Түнде үйге қайтқанда жолда жатқан  малта тасқа сүрініп құлап, оң қолын сындырып алды. Содан бір ай бойы бейнет көріп, үйден аттап шыға алмады. Ал құдайы қонақтардың келген бұйымтайын көрінген кісіден сұраса да жарытып жауап ала алмады.Біреулер: «Сәбеттің қазақтары «Алаш» дейтін мемлекет құрмақшы екен, Циннің қазағымен бірігейік» десіпті десті, енді біреулер: «Орысқа қарсы соғысамыз, бізге қару беріңдер» деп қару сұрай келген екен дегенді айтты. Қайсысы шын, қайсысы қаңқу онысы бір Құдайға ғана аян. Әйтеуір көз алдына сымбатты ағалардың бейнесі  елестеп, сал Әсеттің алты қырдан асатын әні құлақта жаңғырып  көп  жылға дейін ұмыта алмай жүрді Әділғазы.

       

Бір қора жан бір күнде аяқасты қара жамылып қалды. Оқиға былай болды: күздің қарасуығы өңмендерінен өткеніне қарамай Әшімбек пен оның үлкен ұлы Жәменке  күндегісінше ағаш тіліп жатқан. Жәменке жоғарыда, әкесі төменде. «Үйдің төбесі жалаңаш, жауын-шашын жауса шиеттей балалармен  далада қалармыз, екі есе ақыңды ал да, тақтай тіліп бер» деп Еркеш шал өлердегісін айтып жабысқан. Денесі құрысып, ыстығы көтеріліп тұрған Жәменкені таң бозынан сирағынан суырып алған әкенің қимылы тым сөкет. Жас жігіттей әбжіл қимылдап, жанын салған әкесіне қайран қалды ұл. Пышаққа ілінетін бір тоқты босағасына байланатын болғасын шалдың аяғы-аяғына тимей жүрген шығар деп ойлаған ол. Сөйтсе жарықтықтың бой жасағаны екен, шешек басқан екі беті нұрланып, ары өткен, бері өткенмен жылы амандасып, түп-тұқиянын қалдырмай сұрап, емен-жарқын әзілдесіп тосын мінез көрсеткен бүгін. Оқыс аяқ асты, күтпеген жерден өредегі бөрене ағытылып кетіп домалап жерге құлап, Әшімбектің белін  басып қалды. «Алла!» деген үн шықты Әшімбектен. Қос құлаш жуандықтай бөрененің  астында қалғанда жұлыны үзіліп кеткен екен, Әшімбек сол жерде  тіл тартпай кетті... Ұлардай шулап бала-шаға  қалды...

       

Отағасыдан айырылған соң енді құтайып келе жатқан бұл әулет айдың күні  аманында бордай тозды. Ұлдары көрінген байға жалданып, Шәуешектің төрт тарапына тентіреп, қоңыз теріп, қыздары бірінен кейін бірі сіңірі шыққан қу кедейдің етегінен ұстап, көз көріп, құлақ естімеген бөтен жаққа  кете барды. Төрт тамның ортасында сомаладай сопайып Әшімбектің жесірі Бәтес қалды. Енді Әділғазы үшін бұл шаңырақта нәпақа-несіп қалмады. «Алтайға барғандар  алтын қазады екен, жеті қараңғы түнде жұдырықтай тастар  жарқырап жатады дейді, сол кесектер  қолға түссе шіріген бай боласың» деген бір сыбысты естіп, Әділғазы Мазан деген дүңген  саудагердің соңына еріп  «Алтай қайдасың!» деп бір- ақ тартсын.

       

Бұлар не көрмеді жолда! Үшінші күні талтүсте Жәйірдің жазығында  көктен түскендей бір топ  қарақшылар сау етіп жетіп келді де, саудагердің жолдорбасын қағып, өзін көйлек-дамбалшаң  қалдырып, бар мүлкін астындағы атымен қоса үптеп кетті. Сондағы Мазанның солқылдап жылағанын көрсең! Өмір бойы жиып-терген байлығын көлденең көк аттылар қақшып кетсе, қалай ғана шыбыны шырқырамасын... Елсіз, сусыз далада күн қатып, түн қатып екі жаяу ілби басып бара жатты. Қанша жүргендері, қайда жеткендері бір құдайға белгілі екі міскін бір қосқа келіп түсті. Қоста бұратылып аш-арық бір шал жатыр екен, «жоғалыңдар!» деп айқайлауға дәрмені әзер жетті қарттың. Қуса кетсін бе бұлар, босағадан сүріне-қабына аттап, сұлай-сұлай кетісті екі ғаріп...

        

Арада талай жыл өтті. Баяғы дүңген саудагер ауырып өлді. Әлгі қоста жатқан аш шал да ұзамай дүние салды. Марқұм шал Серінжап дейтін бай қалмақтың жылқысын бағады екен, сор айдап келген Әділғазының мойнына қыл тұзақ  түсті. Әділғазының ендігі көрген күнін итке бермесін! «Шықпа жаным, шықпамен» арқа еті жарқа, борбай еті борша болып, таңның атысын, күннің батысын білмей жүре берер еді, жылқы қайырып жүргенде бір бейсауат жолаушы кез болып, атына мінгестіріп алып кетті де, тірі тозақтан аман құтылдырды жас баланы. Енді Алтайға жетіп өлуден басқа арманы қалмады  Әділғазының...

        

Алтайдағы Сарысүмбе  жан-жағын тау қоршаған дөң-белесі көп шағын шаһар.  Шаһарды екіге жарып Құдіреттің әмірінше Қыран дейтін өзен таудың құзарына  қарай теріс ағады. Өзеннің суы таяз болғанымен, ағысы қатты, қанды су. Қыранның үстіне қызыл қарағайдан тізіп, қарабура салып, қарамаймен сылаған жалғыз өткел-көпірді жергілікті жұрт «Қаракөпір» деп атайды. Әлмисақтан бері Қыранның арғы-бергі жағындағы жалпақ ел  аттылы- жаяу осы көпірмен қатынайды.

       

Таң құланиектенгенде Көксаздан  шыққан Әділғазы бесін ауа Қаракөпірге жақындағанда құмырсқадай қаптаған қалың  халықты көрді. «Астағыфралла! Алла! Алла!», «О, Құдай-ай, енді көрсетпегенің осы еді!», «Қайран, есіл  ер, арыстаным - ай!...»  дескен ел көпірдің басындағы биік сырыққа  ілулі тұрған әлдебір нәрседен көз алмай, мойындарын соза, иін тіреседі. Әділғазы ә дегенде ештемеге түсіне алмады. Не болса да көрмекке жұртты кимелей алға ұмтылды. Өлдім-талдым деп алдыға өтіп, сырықтың басына көз салғанда екі көзі шарасынан шыға жаздады, жүрегі лобылып, лоқсып, тал бойын әзер тіктеді. О, құдірет! Сырықтың ұшында бір кісінің басы екі құлағынан ілулі тұр: екі көзі ақиған, сақалы қаптай, дөңгелек жүзі  сұп- сұр денесіз бас... Баяғыдағы бала күнінде орыстар қыл мойнынан шауып түсіргендегі дәл әкесінің басы! Ой, Алла-ай, сол шарасынан шыға бақырайған қос жанар, аңқиған ауыз, тіпті  қоңыр тақиясы да тура сондай... Аумаған Момын Мәлік!  Денесі дір ете түсті, түршігіп кетті, көз алды тұманданып, тұншығып жылап жіберді... Кім екен бұл сорлы?!

      

Кейін білді: қараорман қызыл  қытайға қарсы соғысқан жаужүрек батыр Зуқаның басы екен Қаракөпірде ілулі тұрған Алланың добы. Қазақтың әптігін басып, үрейін ұшыру үшін әдейі іліпті батырдың басын. О,жалған-ай, десеңші! «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген осы екен-ау! Әділғазының үміті үзілді,  мына жарық дүниеде сенетін, таяныш көретін пенде қалмады, паналайтын ықтасын жер қалмады... Ымырт үйіріліп келеді, жұрттың қарасы көбеймесе азаяр түрі жоқ. Қаракөпір о дүниедегі сират көпіріндей, ажал көпіріндей көрінді көзіне. Иә, тозақ көпірі осындай-ақ болар, қайда қашасың, қалай аман өтесің мына көпірден?! Арғы жағы тұңғиық, түпсіз қара жылым, ашылған аран, әруақтар мекені...

      

Алты жасында елден, ажалдан қашып келіп еді. Ат жалын тартып мініп азамат болғанда алдынан тағы аждаһа ажал шықты ысқырып. «Патша тағынан құлап, жаңа үкімет орнады»  дегенді ұзынқұлақтан естіп еді, есі барда елін тапса қайтер еді?! Мына Қытай бүгін  қазақтың батырының басын алса, ертең елінің тұқымын тұздай құртпасына кім кепіл! Зуқадан жаны артық па бұның!? Кешегі көш бастаған Зуқаның, ғұлама-қажы, көсем  Зуқаның, ел қорғаған түкті жүрек Зуқаның тағдыры мынау болғанда, сенің шыбын құрлы қадірің бар ма Әділғазы!?   Қой! Не көрсе де еліне барып көру керек бұл, өлсе елінде өлсін! Қытайдың бір шалшық шұқанағында үйелеп өлгенше, атамекеннің бір төмпешігін жастанып өлсін! Қарқара! Қайран Қарқара, аман ба екен киелі мекен? Орнында ма екен қасиетті Ереуілтөбе?! Адам баласы туған жерін қалай сағынады-ә, мал екеш мал да жерін көксейді деуші еді, рас екен! Дәм тартып  елге барғанда кімге барады бұл бала, кім күтіп отыр мұны?! Бала-шағасы жоқ сүрбойдақ кімнің босағасына сиып, кімнің шаңырағына еге болады!? Үш әпкесі әлдеқашан бойжетіп, күйеуге кеткен шығар, жатжұрттық болған олардан не қайыр! Әке жоқ, шеше жоқ, туған-туыс, жанашыр-жақыннан ешкімі жоқ тұл жетімді кім маңдайынан сипап, ішке тартар дейсің... Жоқ, туған елден, туған жерден, атамекеннен  асқан  қандай ыстық құшақ, ана мейіріндей мейір керек кісіге! Не көрсе де елмен бірге көреді, дәм-тұзы таусылса  туған топырағында өледі, «әркімнің туған жері – Мысыр шәрі».

       

Соңғы бекім осы. Әділғазы Қаракөпірге қарап батырдың әруағымен үнсіз  қоштасты. Артта ажал көпірі қарауытып қалып барады, азаматын жоқтаған елдің күбір-сыбыры, қанды Қыран өзенінің тас домалатқан сарылы естілмеді. Самсаған жұлдыздар қара аспанды күндізгідей  жарқыратып жіберді, Алтайдың ақбас шыңдары алыста қарауытады... Әділғазы батысқа қарап: «А, Құдай, жолымды оңғара көр!» деп бетін сипады.

      

Бұл – 1928- жылдың қыркүйек айының ең соңғы жұлдызы болатын. Дәл сол күні Әділғазы он сегізге толып  еді...

 

10. 10. 2017 жыл, Алматы.  

Leave a comment:
Captcha