One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Атылған мен Сатылған

№15. Атылған мен Сатылған


(он үш көріністі пьеса)

 

                                              

                                                           «Күшік асырап, ит еттім,

                                                           Ол балтырымды қанатты,

                                                           Біреуге мылтық үйреттім,

                                                           Ол мерген болды, мені атты».

                                                                                                                      Абай

                                              

                                               «Қинамайды абақтыға жапқаны,

                                               Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

                                               Маған ауыр осылардың бәрінен,

                                               Өз ауылымның иттері үріп қапқаны».

                                                                                                          Ахмет

 

 

Қатысушылар:

 

Ахмет – ұлт ұстазы

Іңкәр   Ахметттің сүйген қызы

Елдес –  Алаш арысы

Эльза –  Елдестің жан-жары

Бәдірисафа – Ахметтің әйелі

1-ші көлеңке

2-ші көлеңке

Сатылған  (келуші де сол)

Тергеуші  (2-ші тергеуші де сол)

Бастық

Шәкірт

Ақсақал

Сәкен, Мұхтар,Әліби,Міржақып, т.б. дауыстары үнтаспаға жазылган.

 

Бірінші көрініс

 

Ақкөлдің жагасы. Қалың қамыстың арасы. Сахнада қол ұстасқан Ахмет пен Іңкәр.

Ахмет:

Сені көрсем, жүрегім аузыма тығылып, кеудеме сыймай кетеді. Кейде ұстаз алдында тұрған шәкірттей қобалжимын.

Іңкәр:

Ертең алыс сапарға аттанғалы отырсың. Қимай кетемін десейші.

Ахмет:

Ия, Іңкәр! Қимаймын. Арман жетелеп, намыс қамшылап, алысқа кетіп барамын. Мені бүл жолға ешкім айдап салған жоқ. Таңдауым осы. Мақсатым көп. Бірақ, қайда жүрсем де жүрегімнің төрінде өзің ғанасың.

Іңкәр:

Әттең, тонның келтесі-ай дейтін кеп өз басымда да бар. Менің қолым қысқа. Елдің сөзі ұзын, өсегі көп. Әйтпесе, өзіңмен бірге кетер едім. Құс қанатындай қанат маған бітсе, сенің барған жеріңе самғап үшып жетер едім.

Ахмет:

Көп ұзамай ораламын. Тағдыр жазса, сол кезде табысармыз. Сағынысып  қауышармыз, жаным!

Төсіне басып, құшақтайды.

Іңкәр:

Жүрегі құрғыр бәріне сенеді, бірақ, өрекпи береді.

Кейде ауыр ойлар еңсемді басады.

Неге дегбірім қашады?

Әлде келешек жақсылықтың, жақсы үміттің нышаны ма?!

Ахмет:

Солай деп жақсылыққа жориық.

Іңкәр:

Өзің жиі айта беретін өткен замандағы Қыз Жібек, Еңлік секілді сүйгеніне қосыла алмай, арманда кеткен, зар жылаған қыз аз ба?!   Көп болса, көп мұңлықтың бірі болып қалармын. Бірақ, көзімді ашып көргенім өзінсің. Не десең де, көнемін.

Ахмет:

Қапаланба, Іңкәр! Оқу іздеу, өнерге ұмтылу жан құмарлығы. Мен сол құмарымды басу үшін ғана емес, туып-өскен ел-жұртымның көзін ашу үшін жол жүргелі отырмын. Қалаға орналасып, біріңғайланып болған соң тағы келіп, өзіңді алып кетермін. Сен де оқу оқисың.

Іңкәр:

Айтқаның келсін. Мына орамалды өзіңе арнап кестелеп тіккен едім.

Өзімдей көр. Өзімдей болмаса, көзімдей көріп жүрерсің.

Ахмет:

Рахмет, жаным!

            орамалды алып, ерніне басады.

    Қарсы алғанда елден ерек таңымды,

    Сағынышың нұрға бөлеп жанымды,

    Екеуміздің есіміміз жазылған

    Қолыма алам әсем орамалыңды.

    Айшықты етіп гүл салыпсың бетіне,

    Жібек жіптен шашақ тоқып шетіне.

    Біз екеуміз!

    Екеу болсақ, біргеміз,

    Бірге болсақ, бөлінбейміз екіге!

Іңкәр:

Ия, біз екеуміз!

дауыстап, сыңғырлап күледі

Екеу ешқашан да бөлінбейді.

Ахмет:

Дұрыс айтасың. Өмірде барлығы да егіз жаратылған. Адам да, аң мен құс та, тіпті өсімдіктер де жұбымен ғана өмір сүреді.

Екеуі қосылып:

Біз екеуміз!

Бөлінбейді іргеміз!

Мәңгі-бақи біргеміз!

            көңілді әуен, қуанышты күлкі

 

Екінші көрініс

 

Сатылған:

Ақыры дегеніме жеттім. Ахмет келмеске кетті. Ана тұрған Іңкәр ғой. «Мен сендікпін, Сатылған, айналайын атыңнан!» –  дейтін күн қашан туар екен?!

дауыстап:  Іңкәр!

Іңкәр:

Не болды? Жай ма?

Сатылған:

Қайдан жай болсын?! Ана Ахмет оқуға аттанып бара жатыр. Барлық мақсатын, арманын алып барады. Біз болсақ қалып барамыз.

Іңкәр:

Оған қапа болма. Елге де адам керек. Арамыздан әуелі бір кісі оқыса, кейін оған қосылатындар көбеймей ме?!

Сатылған:

Солайы солай ғой, біз де елдің бір қажетіне жарасақ деген тілек қой, әншейін.

Іңкәр:

Ендеше арманыңа жетуіңе тілектеспін.

Сатылған:

Рақмет!

            өзіне өзі:

Сол кеткеннен мол кетерсің, Ахмет. Сенен басқа ақылды адам жоқ деймісің?! Жақсы атақ та, әдемі қыз да сенікі болуы керек пе?!

Мен де жақсы көрем Іңкәрді.

Түрім де ешкімнен кем емес.

Серілігім де жоқ емес. Ендеше «жігітті ел мақтаған қыз жақтаған» демей ме?! Бірақ, Ахметтің не кереметі барын қайдам, бұл қу қыз одан асқан адам бар деп білмейді.

Тіпті мың жерден жамандасаң да, сенбейді.

Ахмет тұрғанда менің айтқаныма көнбейді.

Ендігі амал қулықта.

Ұрымтал тұстан ұрайын.

Донос жазып, қайтып келместей қылайын.

алақанын ысқылап

 Оны жазатын адамды да таптым.

 

 

Үшінші көрініс

 

Бұрышта Іңкәр. Көзінде жас. Бір шеттен Сатылған шығады.

Сатылған:

Іңкәр, амансың ба? Қайдан жүрсің?

Іңкәр:

Ахметті үндеместер алып кетіпті.

Не үшін? Неге? Неге?

Қандай жазығы бар?!

Сатылған:

Іңкәр, мен де соған қайранмын.

күмілжіп:

Қалайша бұлай болды екен?

Іңкәр:

Ендеше бір амалын тапсаңшы. Екеуің дос емес пе едіңдер?! «Досқа достық қарыз іс» деуші еді бұрынғылар. Қандай көмек жасарымды білмеймін. Менің қолымнан не келеді. Кімге барып шағынайын.

Сатылған:

Сабыр ет, Іңкәр! Анық-қанығына жетерміз. Түсінбестік болған шығар.

Іңкәр:

Ахмет ойын-тойдың көркі еді, отырыстың сәні еді. Айтқан сөзі, салған әні, тартқан күйі жан-дүниемді тебірентетін.

Сатылған:

Дұрыс айтасың, Іңкәр. Біздің де қабырғамыз қайысып, бұғанамыз майысып тұр. Үкімет адамдары бәрін анықтар. Нақақтан жалалы болса, Алла жақтасса, жазадан да құтылар. Мен бір хабарын берермін, Іңкәр! Жақсы.

 қолынан ұстап қоштасады

 Іңкәр:

Жақсы, Сатылған. Қуанышты хабар күтемін.

 Сатылған:

өзіне өзі:

Ха-ха-ха! Ортаның көркі дейді.

Салған әні, тартқан күйі, айтқан сөзі дейді.

Енді қайтып естімессің оның сөзін де, әнін де.

Көре алмассың сәнін де.

Темір тордың ар жағынан шықпайтындай қылармын.

Іңкәрдің алдында «біз де жігітпіз» – деп кеуде қағып тұрармын.

«Ал, бойжеткен, кімнің бағы жанды?» – деп сонда Іңкәрдан сұрармын.

 

Төртінші көрініс

 

Абақты. Ахмет темір тордың ар жағында.

Терезенің алдына он бес-он алты жастағы қыз келеді.

Қыз:

Аға, Сізге тамақ әкеліп едім.

Ахмет:

Рахмет, қарындасым! Қарным аш емес. Маған осы араның ас-суы да жетеді.

Қыз:

Бір тілім нан мен қатықсыз қара су ас болып жарыта ма?! Ас-адамның арқауы демей ме? Ішіп алыңыз!

Ахмет:

Рахмет, айналайын! Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын деген екен бұрынғылар. Тапқан-таянғаның өз басыңа жетпей жүріп, мұның не, жаным-ау! Бұдан былай маған тамақ әкелмей-ақ қой.

Қыз:

Жоқ, аға! Қолымды қақпаңыз. Ниетімді қайтармаңыз. Өзіңізге деген ықыласым ғой. Сіз халыққа керек адамсыз.

Ахмет:

Оны қайдан білдің?

Қыз:

Ел құлағы елу емес пе?!

Ахмет:

Өзіңді осы түрме ішінде бұрын да көрдім. Есімің кім, қарындасым?

Қыз:

Есімім Александра.  Әке-шешеден ерте айырылған соң  түрменің еденін жуып, күнкөріс жасап жүрмін.

Ахмет:

Тағдыр ісіне не шара?! Ықыласыңа тағы да рахмет, қарындасым. Ендеше маған тағы бір көмек жаса. Менің жазған-сызғандарымды осындағы бір таныстарыма апарып қою керек еді.

Қыз:

Аға, сіздің   өтінішіңізді   орындау   мен   үшін   үлкен   абырой. Бұлжытпай орындаймын!

 Ахмет:

Ендеше ертең бір айналып соқ. Мен барлығын дайындап қояйын.

Қыз:

Жақсы, аға! Көріскенше сау болыңыз!

Ахмет:

Сау бол, айналайын!

             Қыз шығып кетеді.

Ахмет

өзіне өзі:

Киіктің асығындай бала екен. Мінезі де, тіпті мүсіні де Іңкәрдан айнымайды. Ақкөлдің жағасына, Аққұмның даласына қайтып келемін деген уәдем бар еді. Мына кері кеткен заман ырқыма қойды ма?

Жаралы жанымды қалай жұбатайын?

Жүректегі запыранды қалай кетірейін? Тар қапаста даланы аңсасам да, елді сағынсам да көз алдымда Іңкәр тұрады.

Ахмет ақырын әндетеді. Әуелі баяулатып бастаса да кейін дауысы күшейе түседі:

Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты,

Сөзі бар алуа, шекер, балдан тәтті.

Адамның өзім  көрген абзалы екен,

Айтайын өлең қылып перизатты.

Көзімнің жанарындай сәулем едің,

Көңілімнің қуанышты дәурені едің.

Ойымнан жатсам-тұрсам еш кетпейсің,

Басымды не сиқырмен әуреледің?

 

 

Бесінші көрініс

 

Семей абақтысы.  Тор көздің ар жағынан болмашы ғана сәуле байқалады.

Тергеуші:

Сіз он жыл бойы мұғалімдік қызмет атқарған екенсіз. Балаларға білім беруге үкіметтің қарсылығы жоқ. Бірақ, қазақ халқының атынан жазылған петицияға сіз де қол қойыпсыз. Сондағы мақсатыңыз не?

Ахмет:

Мақсатым – халықтың көзін ашу, сол жолда елдің басын біріктіру, Орыс халқының Крылов деген ақыны болған. Мен сол кісінің мысал өлендерін аудардым. Ол да сондай игі мақсатган туған.

Тергеуші:

Сіздің   әкеңіз   Байтұрсын   Сібірге   айдалған   екен.   Не   үшін айдалғанын жақсы білетін шығарсыз.

Ахмет:

Ол кезде мен он үштегі баламын.

Тергеуші:

Сіз айтпасаңыз, мен айтайын. Ол ояз Яковлевке қол көтеріп, басын жарған, яғни, бұзақылық жасаған, сол үшін жазасын алған. Ал сіз болсаңыз тағы да ел арасына іріткі салғыңыз келеді.

Ахмет:

Іріткі емес, ол өмірлік мәселелер. Біздің петицияда көрсеткен негізгі мәселеміз жер мәселесі. Жер дауы деген қазақта ежелден бар. Қазақ жеріне переселендердің кейінгі кезде көп келіп жатқаны рас, соны тоқтата тұруды өтінгенбіз. Екінші –  жергілікті халыққа земство берілуі керек. Үшінші, қазақ халқы мүфтиге қарауы керек, өйткені, олар мұсылман  халқы болып есептеледі деп жазғанбыз.     

Тергеуші:

Бірақ, сіздің бүл пікіріңізге қазақтың белгілі болыстары, тіпті олардың тілмаштарына дейін қарсы ғой.

Ахмет:

Ол олардың жеке пікірі. Мен өз пікірімде қаламын.

Тергеуші:

Жарайды! Бүгінгі әңгімені осымен доғара тұрайық. Конвой! Тұтқынды алып кетіңіз.

Ахмет шығып кетеді. Артында мылтық асынған конвой. Сахна айналады.

Абақты камерасының терезесінде темір тор.

Ахмет:

Қайран, Абай! «Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой» дегенде, ұлы ақынның көкірегі шерге толған екен-ау. Он үшімде жүрегіме оқ тиіп, сол қансыраған жараның орны әлі бітпей келеді.     

Отырмын абақтының бөлмесінде,

Бұйрықсыз, көз жетеді өлмесіме.

Есіктің құлпы мықты, күзетші көп,

Ажалдан басқа ешкім келмесіне.

Қоршаулы айналасы биік қорған,

Берік қып салған темір терезесіне.

Қалайша мұны көріп көңіл сенбес,

Аттанып жау келсе де бермесіне.

Қанбақпен салмағын тең бұл бір заман,

Ылаж жоқ жел айдаса ермесіңе,

Тайпалған талай жорға, талай тұлпар,

Тағдырдың кез келіп тұр кермесіне.

Солардан жаным –  тәнім ардақты емес,

Орынсыз күйзелейін мен несіне!

Ахмет тұрған орын жап-жарық. Екінші бұрышқа сәуле түседі. Ол жерде қара киімді, әлде адам, әлде басқа бір мақұлық па, әйтеуір, қара киімді көлеңке көзге түседі. Оның екі жағынан да жарық түсіп, көлеңкесінің өзі арбиып, бүйіге ұқсап көрінеді.

 

Алтыншы көрініс

 

Сахнада қара көйлек киген, басына ақ жаулық салған Бәдірисафа.

Бәдірисафа:

Ахметпен кездескенім күні кеше ғана сияқты еді. Уақыт не деген жүйрік ?! Тағдыр ісіне көнбеске шараң жоқ.

«Жақсының аты өлмейді» – деген рас екен. Ахмет дәл қазір менің жанымда тұрғандай.

Алдынан жас жігіт жолығады:

Жігіт:

Армысыз, Бәдеш апа!

Бәдірисафа:

Бар бол, балам! Танымадым ғой, кім боласың?

Шәкірт:

Мен Ахаңның шәкіртімін, апа! Ол кісі маған Әулиекөл деген жерде сабақ беріп еді. Сабақтары қандай тағылымды еді?! Әлі есімде, тақтаға араб әрпімен «Ш» әрпін таңбалайтын.

            Балалар, қараңдар!

            Бұл аш шал,

            Бойыңа назар сал!

            Сақал-шашы ақ,

            Қайраты қайтқан шақ.

            Ауқаты –  шабақ,

            Сусыны – шалап,

            Қатқан аш, арық,

            Бұл сондай шатақ шал! – дегеннен кейін «ш» әрпін енді қайтып ұмытпайтынбыз.

Бәдірисафа:

Рахмет, балам!

Аханның халқына жасаған жақсылығын елі ұмытпас. Ол кісі төңірегін жарық қылған жалын, жаратушының жіберген нұры секілді кісі еді ғой, жарықтық!

(музыка ойналады)

Сахнаның ортасындағы Ахаң суретіне жан біткендей болады. Сурет тұрған орыннан Ахмет шығады.

Ахмет рухы:

Ия!

Мен кешеден келген жарық нұрмын,

Тәуелсіздік заманды танып тұрмын.

Бәдірисафа, өзіңді ойда жоқта

Қарқаралы жерінде жолықтырдым.

Бәдірисафа:

Неге есімде болмасын?!

Әуелі Алла жаратқан,

Әулие-әмбие ұрпағыңды қолдасын,

Ол бір жарқын күн еді,

Әлі есімде түрмедегі өңі кашқан реңің.

Бірақ, батыл серпіп тастап қараңғылық түнегін,

Сен сонда да жап-жарық боп тұр едің.

Ахмет рухы :

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп қапқаны.

Сахна көмескіленіп, екі бұрыштан екі көлеңке шыгады.

1-ші көлеңке:

Біздің көзіміз орыс оқуы, орыс тілі арқылы ашылды. Ал Қарқаралыдағы Ахмет Байтұрсынов дейтін мүғалім басқаратын училищеде ылғи қазақ балалары оқиды. Олардың арасында тіпті бірде бір орыс баласы жоқ. Оқитын балалар бар, бірақ оларды Байтұрсынов ұлтшыл болғандықтан әдейі алмаған. Ал жақында сол оқу орнындағы қазақ шәкірттері бір сарттың баласын жабылып сабапты. Ахметті бірінші Думаның мүшесі Әлихан Бөкейханов қолдайды. Ол да соған сүйеніп, ойына келгенін істеп отыр. Балаларды тек қазақша оқытып, қазақ дәстүрін үйретеді. Үкіметке қарсы ғайбат сөздер айтады.

2-ші көлеңке:

Ахмет Крыловтың мысалдарын аударады. Бірақ, оның өңін айналдырып өзгертіп, ұлтшылдық пиғылын танытуға қолданып жүр.Мысалы, «Қасқыр мен Тырна» деген өлеңін «Қасқырдай қара жүрек залымдардың Жүрмеңдер түсіп кетіп тамағына» – деп аяқтапты. Қасқыр деп отырғаны ұлы орыс халқы екені, қазақты қойға теңегені тайға таңба басқандай белгілі.

1-ші көлеңке:

Ахмет басқарған «Қазақ» газеті қазақ тілін бірінші орынға қояды, балаларды осы тілде ғана оқытуға үгіттейді. Ахмет орыс сөздерін де менсінбейді, көп сөздерге қазақ тілінде балама тауып, балалар санасына солай сіңіруге тырысады. Бұл үшін губернатор мен полиция оған бірнеше рет айып салды, тұтқынға алу туралы шешім де шығарды, алайда оның достары мен жақындары қажетті ақшаны жиып беріп, кұтқарып алды. Газетте ел басқарған жақсыларға тіл тигізген мақалалар басылады.

2-ші көлеңке:

«Қазақ» газетін шығарушы Ахмет Байтүрсынов һәм Міржақып Дулатов өздерінің агенттері һәм школдағы шәкірттері арқылы қазақ халқын өкіметке қарсы тұруға құтыртып жатыр. Түрік пен неміс орысты жеңіп тұр, қамсыз қалмаңдар, кезі келді, қимылдап қалыңдар деп жол береді. Және де халыққа түсіндіреді: «Қазақ Россияға қарағаннан бері орыс үкіметі қазаққа пайдалы закон шығарып көрген жоқ, қазақты жұрт екен демейді, жерден ақымақ болып айырылдық» – дейді.

Ахмет рухы:

Іші лас, сырты таза залымдардың арбауына алданба, бауырларым!

Есіңді жи!

Еркін далам қайда?

Еркін көшкен ел қайда?

Бетегелі бел қайда?

Шағалалы көл қайда?

Малың алдауда.

Жаның арбауда.

Жақының қамауда.

Тілің құрсаулы.

Адымың тұсаулы.

Лақ құрлы бақырмай,

Өлемісің, япырмай!

Бәдірисафа:

Қазақ халқы: «ит үреді, керуен көшеді» – демей ме ?! Сіз   секілді   халық   қамын   ойлаған   азаматқа      табыстырған тағдырыма ризамын!

Ахмет рухы:

Рахмет, Бәдеш! Сенің ықыласыңа ұлы Абай сөзімен жауап берейін:

«Дүнияда сенен артық маған жар жоқ!»

 осы әннің әуені ойналып, кейіпкерлер кетеді.

 

Жетінші көрініс

 

Жұпыны бөлме. Кітап сөресі мен музыкалық аспаптардан басқа артық бұйым жоқ.

Сахнада Елдес пен Эльза.

Елдес ән бастайды:

Мәриям Жагор деген орыс қызы,

Он бес пен он алтыға келген кезі.

Жігітке Дудар деген ғашық болып,

Сондағы Мәриямның айтқан сөзі.

Эльза қосылады:

Дудар-айым, дудым,

Сенің үшін тудым.

Шіркін-ай, Дудар-айым, дудым-ай!

Елдес:

Мынандай әнге кейіпкер болған Дударда не арман бар?

Эльза :

Дударға ғашық болған Мәриям да тегін емес-ау.

Елдес:

Екеуі бір-біріне сай болған ғой.

Ахмет Байтұрсынов та жас кезінде Іңкәр деген қазақ қызына ғашық блған. Оның «Аққүмның бір қызы бар Іңкәр атты» деген әнін қазір екінің бірі біледі. Бірақ, оған  қосылуды тағдыр жазбапты.

Эльза:

Елдес,сен  білесің бе, Ахаң Бәдеш  апайға үйленгенде ауылдағы  туыстары  ұнатпапты  деседі,  ұлты  басқа  деген болар.Біздің де жағдайымыз сол кісілерге ұқсас емес пе?!

Елдес:

Ұқсас болғанда қандай?! Егіз қозыдай айнымайды десе де болады. Ахаң елге барғанда осы сауал оның да алдынан шығыпты. Ауылдастары: «Өзіңіз қазақ бола тұра, келіншекті басқа ұлттан алуыңыз қалай?» – деп сұраса керек. Сонда Ахаң: Ол рас!

Мына отырған Александра Ивановна,

Ризамын  маған оны тағдырдың қиғанына.

Бір қазақ бір кәпірді мұсылман қылса,

Татиды он қазақтың иманына, –  деп жауап беріпті.

Эльза:

Тауып айтқан екен.

Елдес:

        Ахаң жан-жарын мұсылман дініне кіргізіп, құлағына азан айтып, Александра атын өзгертіп, Бәдірисафа деп ат қойған. Некелерін қиып, неке суын ішіп дегендей, қазақы салт-дәстүрге сай үйленген. Әлихан Бөкейхановтың жұбайы да орыс қызы. Ол кісі де қазакша-орысшаға бірдей.

Эльза:

 сықылықтап күліп

        Ой, Елдес, олар орысша және қазақша білсе жетіп жатыр. Ал менің ана тілім неміс тілі ғой. Сонда маған үш тілді білу керек қой.

Елдес:

Ендеше сен маған неміс тілін үйрет, мен қазақ тілінен қолқабыс жасайын. Тіл білгеннің пайдасы болмаса, зияны жоқ.

Эльза:

Витте!

Елдес:

Данке!

Эльза:

Тіл дегеннен шығады, мен баяғыда Ташкенттен Қызылордаға кетіп бара жатқанда Міржақыпқа хат беріп жібергенің есіңде ме?

Елдес:

Ол бір ұзақ хикая. Онда мен математикалық формулалардың белгіленуі жөніндегі мәселелер туралы Ахаңмен ақылдасқым келген. Сол хат тергеушілердің қолына түсіп, есімізді шығарған. Әлгі үсті-басы түгел былғары, түсі суықтар формуланы құпия шифр деп ұғып, басымызды әңкі-тәңкі қылған.

Эльза:

Рас, рас! Сол кездегі көрген қорлық өмірі естен кетер ме?

Елдес:

Жарайды, еркем! Мен баспа жаққа барып келейін.

            Есіктен шыгып кетеді. Бәдірисафа кіреді.

Эльза:

Армысыз, Бәдеш апа! Кімді айтса сол келеді деген рас екен. Әлгінде ғана Елдес екеуміз сіздерді әңгіме қылып едік.

Бәдірисафа:

Соңғы кезде біртүрлі жүрегім қобалжып, мазам кетіп жүргені.

Эльза:

Ол аумалы-төкпелі заманның ауа райына байланысты шығар. Ахаң мен Елдес те келешек үшін жандарын шүберекке түйіп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр ғой.

Бәдірисафа:

Біз осындай қысылтаяң шақта оларға сүйеу болуымыз қажет.

Эльза:

Дұрыс айтасыз! Сүйей де, сүйе де білуіміз керек. Шынымды   айтсам   бар   ғой,   осы   Еддестің   етегінен   ұстап, тағдырымды қосақтағалы адал да аңғал қазақ халқын керемет жақсы көріп кеттім.

Бәдірисафа:

Ұзағынан сүйіндірсін!

қолына мандолин аспабын алады

Домбыра шертуді үйренгім келіп еді, икемге келмей жүр.

Эльза:

Ендеше Абайдың әнін айтайық. Мен бастайын. Сіз қосылыңыз, Бәдеш апа!

Екеуі қосылып әндетеді:

            Қараңғы түнде тау қалғып,

            Ұйқыға кетер балбырап.

            Даланы жым-жырт, дел-сал қып

            Түн басады салбырап.

            Шаң шығармас жол-дағы,

            Сілкіне алмас жапырақ.

            Тыншығарсың сен-дағы,

            Сабыр қылсаң азырақ.

екеуі құшақтасып, бірге кетеді

 

Сегізінші көрініс

 

Орынбор қаласы. Екі қабатты үйдің алдындағы орындықта екі адам отыр. Біреуінің үстінде былғары күрте, екіншісі қара пальто, сұр қалпақ киіп, жағасын көтеріп алған.

Бұлар да көлеңкелерге қатты ұқсайды.

1-ші көлеңке:

Ахмет Байтұрсынов Кирревкомның мүшесі болып Лениннің қолынан мандат алған. Оны білетін шьғарсың.

2-ші көлеңке:

Білемін. Бұл он тоғызыншы жылы шілдеде болған оқиға. Бірақ Ахмет қой терісін жамылған қасқыр десе де болады. Өйткені, сырт көзге жылтыраса да, ол ешқашан да өзінің ұлтшылдық пиғылынан қайтқан емес.

1-ші көлеңке:

            Сол Кирревкомда қазақ-орыс екі жікке бөлінгені де жанағы қазақ халқының көсемі болып жүрген бүлдіргіштердің бүліншілік әрекеті болуы керек.

 Орталық партия комитеті Куйбышев, Голощекин жолдастарды бас қылып Ташкенттен Москваға дейін жолға шыққанда Орынборда қандай оқыс оқиға болғанын білесіз бе? Сол  ревкомның мүшесі Лукашев Байтұрсыновтың ұлтшылдығын бетіне басып, оның іріткі жасап отырғанын айтқан ғой.

2-ші көлеңке:

Естігенмін.Оған Ахмет беті бүлк етпей: «Ложь!» –  деп айқай салыпты. Лукашев алтыатарын суырып алып, сол жерде Байтұрсыновты атып тастай жаздаған.

1-ші  көлеңке:

Атып тастаса обал жоқ еді. Қазақтар өзара автономия құрғанда да осы Ахмет Байтұрсынов алғашқы оқу комиссары болды, тіпті коммунистік партияға кіріп алды. Бірақ, ол партияда ұзақ болған жоқ.

2-ші көленке:

Саяси көзқарасына байланысты партиядан шығарылғанын білемін.

1-ші көленке:

          Бірақ, осы кісінің бір оққағары бар ма, әйтеуір, қаймана қазақтар арасында ғана емес, біраз білікті басшылар да онымен санасады, беделін мойындайды.

2-ші көлеңке:

            Орынбор қазақтары оның елу жылдық мерекесін де дуылдатып өткізді. Сәкен Сейфулиннің өзі сөз сөйлеп, Смағұл Садуақасов оның өмірі мен қызметі туралы баяндама жасады. Ахметтің жолдастары мен шәкірттері де аянып қалған жоқ. Міржақып Дулатов пен Елдес Омарұлы қазақшаны былай қойып, оны жер-көкке сиғызбай мақтап, орыс тілінде мақалалар жазып, газеттерге бастыртып шығарды.

1-ші көлеңке:

Александр Затаевич тіпті оның әндерін де сол жолы орындапты.

2-ші көленке:

Ол жастардың алдында сөйлеген бір сөзінде: «Артта қалып, езіліп келген халық қашанда озық ұлттарға тәуелді болады, сондықтан қазақ жастары елін теңдікке жеткізу үшін арымай–талмай білім алулары керек» – депті.

1-ші көлеңке:

            Мұның енді ұлы орыс халқына қарсы айтылған нағыз ұлтшылдық сөз екенін қалай ешкім байқамаған?

2-ші көлеңке:

Жалпы, Түркістандағы ұлт мәселесі түбегейлі шешілді деп айта алмаймыз ғой. Ал алашордалықтар сөз жүзінде болмаса, іс жүзінде ниеттерінен қайтқан жоқ Тіпті башқұрттардың өздері Салауаттың жырын жырлап, башқұрттың бөлек мемлекетін құрғысы келетінін жақында білдік. Татарлар да «Еділ-Орал» деп аталған автономия құру ниетін жасырмайды.

1-ші көлеңке:

            Міне, байқап отырсың ғой, Ахмет Байтұрсынов жалғыз емес. Оны қолдаушылар да, табынушылар да жетіп артылады.Сондықтан теректі құлату үшін оның тамырына балта шабу керек. Бұтағын кескенмен, қайтадан өсіп шығуы мүмкін.

2-ші көленке:

Алашты қалаштай кескілеу керек дейсің ғой.

1-ші көлеңке:

Ия, Ия!

Бұл партияның мақсаты!

 

Тоғызыншы көрініс

 

Ахмет рухы:

Асықпаңдар, артымызда қазы бар,

Тергеп талай сүйектерің қазылар.

дауыс жаңғырығып, әлгі екі жол күңіреніп естіледі.

Кен болар деп балшықты,

Көл болар деп шалшықты,

Біз үмітпен қазып ек.

Дәреті жоқ аяқтар,

Қорсылдаған саяқтар,

Былғамасын қасыңды,

Қасиетгі басыңды,

Қазаққа не жазып ек?!

Байлаттырған қолымды,

Бөгеттірген жолымды,

Жақыным бар, жатым бар,

Хабарлана жатыңдар,

Мен сендерге жүгіндім

Төресі әділ қазы деп.

Сахна бұрышында қара былғарымен қапталған қара стол. Қара қағазбен тысталған папка, қара телефон. Тергеуші Ахметтен жауап алып отыр.

Тергеуші:

Қазір мына анкетаға қол қою керек. Мұқият тыңдап отырыңыз. Тағы бір оқып шығайын.

Аты-жөңініз – Байтұрсынов Ахмет.

Туған жеріңіз – Қостанай облысының Торғай шаһары.

мысқылдап

Қарай көр! Торғай деген кішкентай ауыл емес пе?!

Ахмет:

Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі деген. Торғай кішкентай екені рас. Бірақ, орыстар да оны қала деп атаған.

Тергеуші:

Жарайды! Тұрған жеріңіз – Алматы.

Ахмет:

Дұрыс!

Тергеуші:

Тұтқынға алынған уақытга еш жерде жүмыс істемеген көрінесіз.

Ахмет:

Тиіп-қашып оқытушылық жұмыспен айналысқанмын.

Тергеуші:

Шыққан  тегіңіз – орта  шаруа.

Өткен   саяси  жолыңыз  деген графаға «Алаш» партиясының мүшесі болған деп жазамыз. 1930 жылы контрреволюциялық қызметіңіз үшін сотталғансыз. Бәрі дұрыс қой.

Ахмет:

Алып-қосарым жоқ.

Тергеуші:

Әйеліңіз –  Байтұрсынова Бәдірисафа.

Ахмет:

Ия!

Тергеуші:

Денсаулық жағдайыңыз?

Ахмет:

Құдайға шүкір !

Тергеуші:

Жоқ! Олай деп қағазға жаза алмаймын. Менің қолыма тиген анықтамада жұмыс істейтін шамасы жоқ, мүгедек деп жазылған. Ендеше анкетада да солай көрсетеміз.

Ахмет:

Ықтиярыңыз білсін!

Тергеуші:

Ендеше

қағазды ұсынады

Мына араға қолыңызды қойыңыз.

            Ахмет қолын қояды.

Тергеуші:

Сондай мәдениетгі, әдепті адам екеңіңіз түріңізден де, сөзіңізден де көрініп түр. Соншама ақылмен мынандай былыққа шатылғаныңыз өкінішті.

Ахмет:

Менің былыққа қатысым жоқ. Еліме қарсы ерсі қылық жасаған жерім жоқ.

Тергеуші:

Жарайды, алған бетіңізден қайтпайтыңызды білемін. Мен сізді шынында да сыйлағаннан сіз деп сөйлесіп отырмын. Енді өзіңізге тағылған айыптың қорытындысын оқып берейін.

             1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрғансыз. Орта Азиялық пантюркистік ұйымның басшысы Валидовпен тығыз қарым-қатынаста болып, байланыс жасағаныңыз үшін сотталып, денсаулығыңыз нашарлауына байланысты мерзімінен бұрын босап шыққансыз.1917-1919 – шы жылдары Совет үкіметіне қарсы әрекет жүргізгеніңіз дәлелденген. Революция жеңіске жеткеннен кейін оған қарсы астыртын ұйым құрып, оның басшыларының бірі болғансыз. Алматыға қайтып оралғаннан кейін де контрреволюциялық түркі халық партиясының белсенді мүшелерінің бірі Қабдалиевамен жолығып, байланыс орнатқансыз.

Ахмет:

Жоқ, сонгы кезде мен біріңғай оқу-ағарту жұмысымен айналыстым. Ешқандай саяси күреске қатысқан жоқпын. Одан кейінгі уақытта саналы түрде бас тартқанмын.

Тергеуші:

Сонда сізге еліңізді кім басқарса да бәрібір дегіңіз келе ме?

Ахмет:

Менің идеалым-қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғы   шарты   болғандықтан   мен   осы   мұратты   қандай   билік қамтамасыз ете алса, соған риза болмақпын...

Тергеуші:

Мемлекеттің киргиз атауын қазақ атауына өзгерткенде де осындай пиғылда болдым демексіз бе?

Ахмет:

Ия, онда тұрған не бар?! 1925 жылы автономиялық республикалар советтерінің сьезінде: «енді тарихи шын атымызды әлемге дұрыс әйгілеу біздің міндетіміз. Шын атымыз қырғыз емес, қазақ. Одан бас тарту алты-жеті миллион ұл-қызы бар ұлттың өз атын не жоғалтып, не жасырып, басқаның атына зорлық ия қанағат қылып жүре беруі тарих алдында ұят болады» – дегенмін. Тарихи әділдік қалпына келді, біздің де көңіліміз тынды.

Бөлме іші тағы қара көлеңкеленіп, бұрыштан қап-қара албастыдай еңсені басқан көлеңкелер елес береді.

1-ші көлеңке:

Ахметті мәдениеті биік, зиялы адам деседі. Олай деуге ауыз бармайды. Өйткені ол кемеңгер орыс халқының мәдениетін мойындамайды. Тіпті аузына  да алмайды. Мәселен, «Мәдениет тарихы» деген кітабында қазақ ұлтының мәдениетін жер-көкке сиғызбай мақтайды, ал ескіліктің сарқыншақтары туралы жұмған аузын ашпайды.

2-ші көлеңке:

Ендігі ел азаматы біз боламыз. Шығатын төр де біздікі, ішетін ас та біздікі. Иіліп төсек, жантайып жастық болмайтындар болса, е-хе-хе, олардың да жөнін табармыз. Алашпыз, азаматпыз деп жүргендердің тұқымын тұздай құртып, артында із де қалмайтындай қылу керек.

Ахмет рухы:

дауыс алыстан талып жеткендей естіледі

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

Сахара көлге қонып салқындаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған?!

Алаштың адамының бәрі мәлім,

Кім қалды таразыға тартылмаған?

 

Оныншы көрініс

 

Кеңсе. Бастықтың алдында таяғын жанына сүйеп Ахаң отыр.

Бастық:

Шаруаңызды айта беріңіз.

Ахмет:

Мен жұмыс сұрап келіп отырмын.

Бастық:

Мамандығыңыз қандай еді?

Ахмет:

Мұғаліммін. Орыс тілінде де сабақ бере аламын.

Бастық:

Іздегенге сұраған деген. Орыс тілі мамандары бізге ауадай қажет.

Ахмет:

Онда білгендей келген екенмін.

Бастық:

Құжаттарыңызды көрейік.

Ахаң қағаздарын ұсынады.

Бастық:

ашып көріп:

Ахмет Байтұрсынов

орнынан ұшып тұрады.

Мен сізді танымай қалдым.

Ахмет:

Оқасы жоқ.

Бастық:

Кешіріңіз, Аха, қанша жаным ашыса да, жұмыс бере алмаймын. Менің де басым екеу емес.

Ахмет:

Жарайды! Ар жағын қазбаламай-ақ қояйын.

Сау болыңыз!

Бастық:

Сау болыңыз!

Тек маған ренжімеңіз. Мен кішкентай адаммын.

Ахмет есікті ақырын жауып, сыртқа шығады.

Біздің    қазақ    көлеңкесінен    қорқады.    Осыларды    қоянның көжегіндей үркек қылған осы заман ба, әлде адам ба?! Жоқ әлде солақай саясаттың салдары ма?

Жанға көңіл қалып тұр,

Жан бұл күйге салып тұр.

Тәнге көңіл қалып тұр,

Тән шыдамай арып тұр.

Жұртқа көңіл қалып тұр,

Жұрт жаманға нанып тұр.

Өтірік өрлеп, күшейіп,

Шын жеңіліп, талып тұр.

Бақ дегенде байлау жоқ,

Уағдадан танып тұр.

Тағдыр, шіркін тап беріп,

Тамағымнан алып тұр.

Пәле деген аңдушы

Аяғымнан шалып тұр.

Жала деген төбеті

Балтырымнан қауып тұр.

Абай айтпақшы, сап, сап, көңілім, сап көңілім!

Орынсыз күйзелме! Кешегі өткен ата-баба, ұлы тұлғалардан жаным да, тәнім де артық емес.

ұңды музыка ойналады.)

 

 

 

Он бірінші көрініс

 

Тергеушінің кабинеті. Мойнына қарғыбау (галстук) таққан интеллигентсымақ біреу отыр.

Келуші:

Сізге арнайы айтайын дегенім,  өзіңіз айтқан қырағылықтың арқасында халық жаулары ішімізге сыналап кіріп алғанын енді ғана байқап жатырмыз. Арамызда қой терісін жамылған қасқырлар көп екен.

Тергеуші:

Міне, міне, мәселенің байыбына енді бара бастапсыз.

Келуші:

Қостанай қаласынан жақында бір туысым келіп еді. Сол айтады, газетте істейтін Сары Қазбеков деген біреу Сталин жолдасты күйелеп, улы деген сөзді байқамағансып, газетке әдейі бастырыш жіберіпті.

Тергеуші:

Ім-м... Сонда қалай, газетте тура солай жазылған ба?

Келуші:

Ия! Мінекей, өз көзіңізбен көріңіз.

Алдына газет тастайды

Тергеуші:

Большевиктік жол. Ұлы Сталин жеңіске жігерлендіреді. Тақырыбы осы ғой.

Келуші:

Анықтап оқыңыз. Ұлы деген сөздің алғашқы әрпінің үстінде сызықша тұрса, онда ұлы болып оқылады. Ал тексте ол жоқ. Мына қалпында бүл ұлы емес, улы деген сөз.

Тергеуші:

Бұл деген саяси сауатсыздық қой. Сонда газет оқығандар не қараған. Ай қараған ба, шошқа тағалаған ба?

Келуші:

Одан да сорақысы бар. «Жалшы» деген колхозда   Қасым деген есепшінің есерсоқ өйелі не дегенін естісеңіз, жағаңызды ұстайсыз.

Тергеуші:

Ия, не депті?

Келуші:

Он төрт бала тапқан ардақты ана ғой деп ауданда өткен үлкен жиналыста сөз берген ғой. Партияға, Сталин жолдасқа рахмет айт деп алдын-ала тапсырылған. Сүйтсе, әлгі әумесер әйел мінберге шығып алып, әуелі Құдай қосқан байыма, сосын Коммунистік партияға, сосын Сталин жолдасқа рахмет айтамын деп салыпты.

Тергеуші:

Бұл деген барып тұрған сұмдық қой. Ол ауылдың парторгын да, әлгі әйелді де, күйеуін де тегіс жауапқа тарту керек.

Келуші:

Мен де соны айтып едім. Басқармадағылар    сөзімді құлаққа ілмеді. Тергеуші:

Ендеше, міне, қағаз! Қалдырмай жазыңыз.

Әуселесін көрейік олардың. Сталин жолдаспен қалжыңдасқысы кежен екен.

Келуші:

            қолын ысқылап, алақанына түкіреді

Жазамын! Мен партия ісіне жан-тәніммен берілген адаммын.

өзіне өзі:

Әлгі Қасым деген қонақта отырғанда өзімді келемеждеп, күлкі қылып еді. Ендігі күлкісі қалай шығар екен?

Келуші:

Айтпақшы, осы Алматыда Эльза Адамовна деген неміс бар. Өзі Ташкенттегі неміс консулының қызы деседі. Сол жақында Ахмет Байтұрсыновқа ақша апарып беріпті деп естідім.

Тергеуші:

Ол  қайдан келген ақша?

Келуші:

Қайдан келді деуге бола ма? Жанашырлары жинап берген де. Оның тілеулестері көп деседі.

Сонау Қостанай, Торғайдан жылу жинап, Алаштың келешегі үшін деп қаржы жинағанның бірі Елдес Омаров.

Тергеуші:

Ол Ахметтің жан жолдасы емес пе? Кезінде Алашорда комиссары болған адам ғой.

Келуші:

Дәл өзі.  Қылмысты  болып,  сотталып келген.  Енді қайтадан бұрынғы әніне басып жүргенге ұқсайды.

Тергеуші:

Асықпаңыз. Олардың бәрінің де тамырына балта шабамыз.

Мына қараңыз.

Стол тартпасынан бір бума қобыраған қағаздарды алып шығады.

Сізбен көңіліміз жақын болған соң ғана көрсетіп жатырмын. Мынау сол Елдес Омаровтың ісі.

            Ұмытпасам, ол да сіз айтып отырған Қостанай жағынан. Сіздің жерлесіңіз.

Келуші:

Ондай жерлестен Құдай сақтасын!

Тергеуші:

Міне, сол Елдестің үйінен тінту кезінде Нұржан деген ақынның өлеңдері табылған. Қандай өлең дейсіз ғой? Біреуінен үзіндісін ғана оқып берейін.

Жанына өлшеп балаған,

Бес Қыпшаққа қараған,

Үй, Тоғызақ, Әйет пен

Орман, ағаш, неше көл,

Тобылменен арада

Жұртты жаман болдырды

Ит абалап қабаған.

Қара қазан, сары баланың

Бір адам жоқ бұл жүртга

Қамын ойлап жылаған?!

Келуші:

Қалай-қалай сайрайды?!

Тергеуші:

Азғырынды ақынның әзәзіл сөзін олар халыққа таратып, елдің санасын   улап   жүр.   Бөлкім,   жанағы   Ахмет   пен   Міржақып, Елдестерің неміс, жапон капиталистерімен ауыз жаласып жүрген шығар. Сіз солардың аңысын бағыңыз. Тың тыңдаңыз. Ішінде жүріңіз. Сеніміңе кіріңіз. Болған әңгіменің бәрін бізге жеткізіп тұрыңыз. Отанымыз сіздің қызметіңізді ұмытпайды.

Келуші:

Бұл менің парызым!

Тергеуші:

Сау болыңыз! Келесі сәрсенбіде бір айналып соғарсыз.

Келуші:

Жақсы! Сау болыңыз!

шегіншектеп шығып кетеді.

 

Он екінші көрініс

 

Айықтырғыш іші. Полиция қызметкері шашы қобырап, түрі қарайып кеткен, киімі былғаныш келушіден жауап алып отыр.

 

Қызметкер:

Анкетаңызға   қарасам, кезінде әжептәуір қызмет атқарған кісі екенсіз.

Келуші:

Оның бәрі көрген түстей өтіп кетгі ғой.

Қызметкер:

Дегенмен, мұндай күйге қалай жеттіңіз?

Келуші:

Шырағым,   оның   несін   қазбалайсың?   Мен   қарғыс   атқан адаммын.

Қызметкер:

Қызық екен!

Келуші:

Не қызығы бар? Талайдың обалы, талай қазақтың қаны мына менің мойнымда. Бірақ, ол кезде  ойлауға мұрша болды ма? Алжастық, адастық. Сен секілді органда қызмет істегендерге жағу үшін халық жаулары жоспарын орындау қажет болды.

Қызметкер:

Сонда қалай? Жауды қолдан жасадыңыздар ма?

Келуші:

Әрине! Ол оп-оңай нәрсе. Екі адам куә болса, жетіп жатыр. Сол екеудің бірі менмін.

жынданган адамдай қарқылдап күледі

Бірақ, халық жауы дегеніміз халық жанашыры екен.

Олар ақталды.Мен тапталдым.

Тапталған емей немене, кісі жүзіне қарайтын бет қалмады.   Тіпті  балаларым  мен  немерелерім  маған  жиіркеніп қарайды.

Қызметкер:

Қатеңізді түсіңсеңіз, кешірім сұрамайсыз ба?

Келуші:

Кімнен?

Ия, ия, олар, сөз жоқ, кешіреді, өйткені, жандары менікіндей қатып қалған безбүйрек емес, жүректерінде кек тұрмайды, нөзік жандары таттанбайды. Әй, бірақ, арым менің күнәмді еш уақыт кешірмейді. Сондықтан да менің ең бірінші досым бөтелке. Қимасым да, сырласым да сол.

О, ол мені жақсы түсінеді. Қажет болса, тергейді, тіпті әруақтармен тілдестіреді. Мен арақ ішкен сайын олардан кешірім сұраймын.

аласұрып

Бірақ, олардың ешқайсысы өлген жоқ. Бәрі тірі. Өлген мен ғана.

            Әне, Мәңкүр-Нәңкүр келе жатыр. Олар мені сабайды. Тепкілеп, бетіме түкіреді, қорлайды. Отқа салып шыжғырады. Несі бар, мен сол   жазаға   лайықты      жанмын.  

Екі  қолымен   басын   қысып айқайлайды:

Қарғыс атты мені!

Анау Ахмет. Мынау Міржақып. Елдес. Мағжан. Олар атылып кетсе де, жазғандарын менің немерелерім жатқа айтады.

Олар алғыс арқаласа, мен қарғыс арқалап жүрмін. Ол дүнияда  да тыныш жата алар ма екенмін, мен бейбақ?!

Күніренген дауыс:

Жақсылық пен жамандық!

Адалдық пен арамдық!

Ғалымдық пен надандық!

Жомартгық пен сарандық!

Күн мен түндей итжығыс түсіп жатқан өмірде осы екі жолдың біріншісін қалағандар алғыс алады.

Екінші жолды таңдағандар қарғыс алады.

Біреуі өмірдің нұры болса, екіншісі өлімнің күлі.

Рақат пен азап,

Жұмақ пен тозақ,

пешенеңе қайсысы жазылуы, сенің өзіңе байланысты, азамат!

Сахнада тағы да Ахмет рухы пайда болады.

Ахмет рухы:

Ей, бишара пенде!

Сені мен кештім. Ар алдында дар алдында тұрғандай жауап бере алсаң болғаны. Сені сатқындыққа итермелеген заман ба, әлде адам бойындағы қанағатсыздық пен тойымсыздық па?! Өзгенің талантын көре алмаушылық па? Ол жағын кесіп айта алмаймын.

Тек артыңда ұрпақ қалса,

олар атасының ісінен жиренсін,

жақсылықты үйренсін,

опасыздықты талақ қылсын,

жігерін қанат қылсын,

оқысам, білсем, үйренсем деген талап болсын,

арамдықты адалдық жеңетін болсын,

адам баласы бір біріне сенетін болсын дегім келеді.

 

 

Он үшінші көрініс

 

(немесе эпилог орнына)

 

Әлібидің дауысы:

Ахаңды барлық қазақ жақсы көреді. Оның беделі біздің жас қазақ республикасының болашағы үшін керек. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі комитет құрамында міндетті түрде Ахаңдай азаматгар болуы керек.

Ахмет:

Ғасырлар бойы езгіде болып келген қазақ халқының азат етілу жолдарын көп уақыт іздеуден кейін мен мынандай тоқтамға келдім: азат етілген халық қаналғжан адамзатгың бүкіл басқа бөлігімен бірге ғана, яғни дүниежүзілік революция, дүниежүзілік федерация арқасында ғана бақытқа жете алады.

Мен осы пікірімді Лениннің өзіне де айтуға даярмын.

Сәкеннің дауысы:

Ахмет ұлт қамы үшін коммунист партиясына кірді. Әрине, Ахмет коммунист партиясында да көп бола алмады. Көп бола алмайтыны белгілі еді. Ахаң байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айқайшысы емес, олардың шоқпаршысы емес, бірақ, байын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйетін таза ұлтшыл. Қалай болса да жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына Оқу һөм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай.

Ахмет:

Халықтың басты байлығы деннің саулығы болса, жанның басты байлығы- өнер-білім. Өнер-білімі бар жұртгар ғана тарихтан өзінің орнын алады. Әуежі мақсат жастарға білім беру, өнер үйрету, белгілі кәсіпке баулу. Қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылуы үшін ауыл мекгептерінде балалар қазақша сауат ашуы керек, оқу ана тілінде жүргізілуі керек. Біздің негізгі бағытымыз осы.

Мұхтардың дауысы:

Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаңның салған әдебиетгегі орны – Қырық мысал, Маса, Қазақ газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты –  біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер болатын.Оны жұрттың бәрі де біледі. Мұның шындығына ешкім де дауласпайды. Ахаң еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі –  артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебінде тізіліп, кіріп жатқан жас буын. Жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өзінің басшысы санайды. Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды.

Ахмет:

Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық. Біздің қазақтың өз әліпбиі, өз жазуы, төл оқулықтары болуы керек.

Елдестің дауысы:

Ахмет Байтурсыновича знает вся киргизкая степь. Его уважают, любят, и высоко ценят его талант. Ахмет Байтурсынов не имеет многотомных ученых трудов. Все свои открытия он поместил вместе с другими правилами киргизской грамматики, известными до него, в изданные им учебники: киргизский букварь, фонетику и этимологию киргизского языка. Трудно по этим скромным учебникам судить об его ученой деятельности, но достаточно серьезно сравнить их с трудами европейских ученых по тому же предмету, чтобы увидеть колоссальное значение этих учебников, увидеть какие открытия сделал Байтурсынов в области киргизской грамматики.

Міржақыптың  дауысы:

В  результате научно-педагогических трудов Ахмета Байтурсынова мы имеем киргизскую азбуку, фонетику, синтаксис и этимологию киргизского языка, теорию словесности и историю культуры. Этим кропотливым трудом Ахмет Байтурсынов поднял киргизскую словесность на высокую ступень и заложил прочный фундамент для национальной школы и родной литературы. Ахмет Байтурсынов народный поэт. Поэтическая деятельность его начинается с перевода басен Крылова. Ахмет Байтурсынов публицист и творец школы киргизской художественной словесности.

Ахмет рухы:

Сәкен менен жас Мұхтар,

Елдес пенен Міржақып.

Дәл жанымнан тұрған-сынды тіл қатып.

Еңбегінді бағалайтын жан болса,

Мұның өзі бір бақыт!

Іңкәрдің дауысы:

Ахмет! Ахмет!

Саған шексіз рақмет!

Орныңнан тұр, жасыма,

Күліп қара досыңа,

Қиналсаң да, білдірме

Хал-жайыңды қасыңа.

Еңбегің зая кеткен жоқ,

Күнің босқа өткен жоқ.

Қаулап өскен шәкіртгер

Қысты қуар көктем боп.

Ахмет, сенің дауысыңды сағындым!

Тағдырдың тәлкегіне бағындым.

Күте-күте шаршадым...

Домбыраңның үнін де аңсадым.

Есіңде ме, мақсатым көп,

әкеме және еліме берген уәдемді орындаймын деп едің.

Орындалды сол арман!

Халқың мынау қуанған.

Ахмет, сен бақыттысың!

Менің де бақыт құсымсың!

Естимісің?!

Сен бақыттысың!

(Сахна айналады)

Күміс көл. Сахнада ақ сақалды қария және бірнеше жас шәкірт.

Ақсақал:

Осы көлдің не себепті Мұғалім көлі атанғанын ұғып ал, балам!

Бұл көлдің жағасында ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынов тұрған.

Қостанай қаласында Тобыл өзені жағасында Инспектор көлі деген көл бар. Оны ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринның құрметіне солай атап кеткен екен.

Осы көлдердің суындай білім бұлағынан сусындау енді мына сендердің шаруаларың.

Ахаң айтқандай, біздің осы өмір сүріп отырған заманымыз өткен күннің баласы.

Сонымен бірге келер заманның атасы.

Ақсақал:

Ұстаз рухы санамызды жарық қылсын!

Ұлағатын жас ұрпақ танып-білсін!

Шәкірттер:

Жұлдыздай мәңгі-бақи жанып тұрсын!

Ақсақал:

Бәрекелді!

Шәкірттер ән бастайды:

Қандай қызық осы күнді көргенім,

Темірқазық жұлдызымсың сен менің.

Алмас пышақ қын түбінде жатпайды,

Халқың үшін еш кетпейді еңбегің.

Ахаңның мұңы-қазақтың жыры,

Ахаңның үні-қазақтың сыры.

Теңіздей терең, таулардай ұлы

Ахмет дер ем Арқаның шыңы.

Теңіздей терең, таулардай ұлы

Ахмет дер ем Қазақтың шыңы.

Өткен күндер қалса-дағы жырақта,

Айтқан сөзің әлі күнге құлақта.

О, тағдырым! Ағамыздай ақылды ет,

Ағамыздай, бірақ, бізді жылатпа.

Көкіректен кетіп бүгін нала-мүң,

Жарқырады жұлдыздары даланың.

Алатаудай арқа сүйер айбарлым,

Бас иеміз рухына  ағаның!

 

                                    Шымылдық

Leave a comment:
Captcha