One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ақан Құмай

Ақан Құмай


Ақан Құмай 1982 жылы туған. Орта мектепті аяқтаған соң Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің филология факультетіне түсіп, оны

2006 жылы бітіріп шыққан. Қазіргі таңда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылындағы мектепте ұстаздық етуде.                                           

 

 

Ақын рухымен сырласу

(Таңжарық Жолдыұлына)

 

Қайыспай өткен қара нар тектім,

артылса да ерен жүк,

Сен жетпей кеткен  тарихи баққа ұрпағың,  біздер кенелдік.

Жат елде жүріп, рухтың туын құлатпай кеткен, боздағым,

Ал қазір бізде  діл менен тілде сезіліп тұрад төмендік.

 

Төмендей алмай көптің бірі боп, серпілсем деймін кейде мен,

Еңсемді бірақ көтертер емес мұң сіңіп қалған ой-көген.

Сондай сәттерде рухты іздеймін ұлтыма намыс, күш берер,

Заманда мына тұлпарлар тұрып, қырсаулар келген бәйгеден.

 

Пенделер көп қой ат мініп тұрып, көз сүзген елдің тайына,

Біздің жай солай, рухсыз ілім, Батыстың баттық лайына.

«Еркіндік» деген ұғымның мәнін ұқтыру үшін ұлтымның,

Қапста жазған жырыңның нәрін сіңірер кім бар бойына!?

 

Күлік жыр мініп күңіреніп өттің, шашасын  шаң да баспаған,

Ұлтыңа арнап ғұмырды қысқа, іздемей бақыт басқадан.

Кешіргей бізді тамұқта жатып сәулесін шашқан текті ақын,

«Бабалар-ай» деп тамсанып тұрып таңдай қағудан аспаған.

 

Бір өлең жазсам...

 

Кеудемдегі сезіммен жыр егіз десе,

Жырды қалай тастармын жүрек іздесе.

Ақын болып қалармын мәңгілік үшін,

Өмірімді ажалдың лебі үзгенше.

 

Ілесе алмай келемін уақыт-көшке,

Сырласарым – табиғат ұнатып кеште.

Күздің жылы жаңбыры шабыт сыйлайды,

Қырдың салқын самалы жыр оқып кетсе.

 

Сағыныш бар жанымда біз күткен күзге,

Жапырақ қылшы жырымды бір жіпке тізде.

Сарыала қаздың сазынан өлең іздедім,

Белгісіздеу бір әуенге үздіккен кезде.

 

Білмеймін кейде өмірден не қаларымды,

Оңаларымды немесе жоғаларымды.

Қоңыр үнінен қобыздың күй төгілгенде,

Құлағыма кеп ойнайды бабалар үні.

 

Мен жазармын бір күні, тағдырлы өлең,

(Жүрегім қалап тұрғанды, жазғырды денем.)

Жырменен оқып дұғамды көз ілген күні,

Сіркірей жауған түсімде жаңбырды көрем.

 

Жаңбырды көрем, құйылған қия алмай көкті,

Көз жасын неге көк жүзі тыя алмай төкті!?

Байтақ әлемді сыйғызып қауыздай жырға,

Қанша ақындар әлемге сыя алмай кетті.

 

Жазсам ба деймін бір күні соларға ода,

Тамшыны жиып мөп-мөлдір жанарға жаңа.

Адамдар өмір сүреді дүние қуып,

Ақындар үшін шын өмір өлеңде ғана.

 

Жалаңаш тал

 

Жалаңаш тал жапанда жалғыз ғана,

Басқа ағаш жоқ маңында, андыз дала.

Тең болатын өзіне сырласы жоқ,

Қонақтайды басына байғыз ғана.

 

Желегі бар басында, тәні ашық,

Ешкім оны елемес жаны ашып.

Жел аймалап кетеді, күн аймалап,

Содан тұра береді сәні қашып.

 

Сая да жоқ біреуге пана болар,

(Шыбық қана мына кең далада олар).

Мал кеп жалмап кеткенде жапырағын,

Жазылмастай жанында жара қалар.

 

Көрінеді көзге де оғаш мүлде,

Тұрғандай бір қарақшы дала үстінде.

Жан-жағында жайқалған ну орманның,

Болғанын аңсайтындай ағаш күнде.

 

Айнымай сол күйінен тал қашанда,

Тұрады ол, құрғыр уақыт алдасада.

Ит-құс сарып кетеді етегіне,

Төбесінде қарқылдап қарға сана.

 

Жалғыз ғана жапанда жалаңаш тал,

Ал қалада жайқалған сан ағаш бар.

Мен келемін солардың арасында,

Жан-жағымда киінген жалаңаштар...

 

Leave a comment:
Captcha