One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Арман Әділбек

Арман Әділбек


Арман Әділбекұлы, 1992 жылы, қаңтардың 25-күні, Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ автономиялы обылысы, Күнес сахарасында дүниеге келген. Қазыр Алматы қаласында тұрады.

Даря мен ақын


(Таңжарық ақын рухына бағышталады)

Ғаламзаттың баяны түс-шежіре,
Күн нұрымен егілген тасқа мәні.
Үш қасиет,
Үш өмір,
Үш көкірек-
Ал, Үшбурыл үш дүниеден басталады.


Күнес дейді алғысын көк тамызған,
Көз жасындай ертегі уақыттың.
Бейіштей қақпасынан қашқан ызғар, 
Немесе, сырғып түскен үр жарық мұң. 

Екіншісі ел қосар текес шерлі, 
Арқаның арман лебін сезіп аққан.
Төсінен қайнап өткен елес жердің, 
Мезгіл кезген оқ сынды оғыз атқан. 

Соңғы сыр баба таудың ерке ұланы, 
Қас еді, 
Қасарысар қамыт-жермен,
Кежір кейіп,
Қыран сұс,
Сұр құланым, 
Тұмарын Тәңір өзі жазып берген.

Көкірегін күйдіріп егесудің,
Ай бұқтырып айдынды ай жамалы.
Тынып асып,
Тындырып бөгесінді,
Еміренткен
жаралы айдаһарым. 

Дидарында тәугідей жалқын ғұмыр,
Шүңетінде бұйра бұлт,
Сары сағым,
Үшбурыл…
Үш тек, 
Үш ой, 
Жалғыз күбір-
Жалғыз Іле, 
Жалғыз сөз…
Тоғысары.

Үнсіз күй мен тілсіз ән,
Ықылым қыр
Айтқанын әулиелі таңдай ұғар,
Я,солай,
Сол ертек-сұлу ғұмыр,
Бұйырыпты бір сері маңдайына.

Ғаламзаттың баяны түс-шежіре,
Күн нұрымен көмілген тасқа мәні.
Үш қасиет,
Үш ғұмыр,
Үш көкірек…
Үшбурыл үш дүниеден басталады.

Тұмасындай арайдың аяулы бір,
Қамырығына ғапылды көз сиынған,
Алғысы зеңгір көктің аяны-дүр,
Сөз тамызған,
Сөздей нән тәж бұйырған.

Еділ менен Ертістің бұла шері,
Тұман тартып,
Айғыздар құмнан жыра,
Екіншісі Алаштың дұғасы еді, 
Күбірінен күн жанып,
түн қалғыған. 

Қасіреті қашаннан ауыр жалған,
Абыздай ақыр тілер таңғы үмітке,
Соңғы лепес тау жайлы Тәңір қонған, 
Ғұмыр берген бағзыдай,
Мәңгіліктей.

-Күз өтті,
О,енді сен көктемді бер,
Тоқтат енді,- дейді рух,- сағат тілін.
Самұрықтай сам ұрттап, 
Сепкен жігер, 
Сызатын сызып ұшты ол абақтының. 

Дидарында тәугідей жалқын ғұмыр,
Шүңетінде бұйра бұлт,
сары сағым,
Үшбурыл…
Үш тек, 
Үш ой, 
Жалғыз күбір-
Жалғыз ақын, 
Жалғыз сөз…
Тоғысары.

Қарғын соққан сүрлеуде гүл өседі,
Гүл өседі беткейде тас молалы.
Іле-жұмбақ,
Іле-мұң,
Іле-сері,
Ал, Үшбурыл үш дүниеден басталады...

 

УАҚЫТТЫҢ УАХИЫ


Алқара көктен төгілген торғын сәуленің
Топыраққа сіңгені, 
Ғарда туылған абыз лепесінің
Түн мен күн шегін шалғайға шегіндіргені, 
Тасқа сызылған тағдыр ырғақтарының
Ғасыр арасына әлсін-әлі таусыла тамғаны,
Жапандағы жалғыз бәйтеректің 
Жапанда жалғыз қалғаны, 
Семсер жүзіндегі сері сөзінің,
Шырақ жанғанда шалғындай жайқалғаны, 
Таулардың асқақ иығын із қайшылағанда
Көк теңіздің күңірене шайқалғаны, 
Көлдің жүзінде қалқыған қайықтардың, 
Қаңсыған шөлде қабықтай қурағаны, 
Әулиелер қалдырған әлмисақ мәтінін, 
Жақұт моншақты құлдар жырлағаны, 
Батыста аяқталған жолдардың,
Шығыстың шыңдарынан басталғаны,
Шығыста аяқталған жолдардың
Мұхиттың маңғаз бауырын жастанғаны, 
Менен өрбіген үнсіздіктің
Жаңғырықтан жеңілгені,
Махаббаттан жаралған адамзаттың
Айна артында аласұрғаны,
Айна алдында егілгені, 
Сенен сұралған ескі сұрақтардың
Алтын түрмеге айланғаны,
Күнге көз салған көкірегіңнің
Келесі бір сәттер жайында ойланғаны, 
Оның өзегіндегі теңіз жағасы
Жанында жайғасқан кісідей алыстағаны,
Аңыздай алыс меңіреу мәндердің,
Таңғы тағылымдармен табыспағаны, 
Тұманның шеті сөгіліп келе жатса да
Мәңгірулердің мәңгілік екені,
Ешкімнің ешқайда бармайтыны, 
Және,
Болмағандығы жерден басқа мекені...

Бәрі де менің көзімнің алдында,
Бәрі де менің есімде…
Тәңірдің ішіндей шексіз уақытпын мен.
Құм кешіп топырақ шайқаңдар енді 
Бір тамшы жарық сіңген
Кеше ғана.

 

 

ТҰМАН НЕМЕСЕ ҚОШТАСУ

Көк жүзін бүркеген әлде бір сұмдықтан
Тітірер жүрегім ,
Мұз сынды сөз есіп.
Айы мен жұлдызын жалмауыз түн жұтқан, 
Суретте- Құлжаның
тұманда қалғыған меңіреу көшесі.

Әнеу бір алалы дарақтың дәрулі тамырын,
Қажайды жегілер,
(Шыдамас қарауға сорлы дәт.)
Көзімнің қоңырқай сәулесін
Айтшы, жер -зілмауыр сабырым!
Сұрғылт әлемнің,
қане,қай жағына қондырам?

Сұрғылт алыстар,
Сұрғылт жақындар,
Сұрғылт бұтақта көгершін мүлгиді күн-түні.
Ойлана алмайды ол қанат пен
қауырсын хақында,
Ойлана алмайды ол,
Шаршаған аспанға ұмсынып.

Сұрғылт әкелер,
Сұрғылт аналар,
Үйіне қайтатын сүрлеуден шарасыз адасып,
Дуалдар,
Молалар,
Үрейлер қалтырып араға,
Таңдана танитын 
ержетіп үлгірген баласын. 

Сұрғылт әуендер,
Сұрғылт күлкілер,
Аралас келді де өшірді үміттің сүлдесін.
Бараны білінбес желдің де жер-көкті тінтіген,
Қашанғы ?
Кім?
Кәне,
Көтерер күмәннің іргесін.

Шырақтар жылтырар және де сап-салқын зәр шашып,
Зынданда шіріген үніндей бағзы бір дүбірдің.
Аспанда мұнарлы әлемнің қып-қызыл жалғасы-
Аспанда қып-қызыл…
қызыл күн.

Ақыры түсіндім жазымыш тек қана мәңгіру екенін, 
Сындырдым сосын кеп шараптың сұрғылт көзесін,
О,ұлы кітаптар сендерді мен не деп кешемін?
Суретте-Құлжаның
тұманға тұншыққан меңіреу көшесі.

 

 

 

Leave a comment:
Captcha