One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Төлеген МЕЛЛАТ

Төлеген МЕЛЛАТ


1983 жылы  Баркөлде  дүниеге келген. Ақынның өлеңдері басылымдарда жиі жарияланады. «Қыраулы көктем» , «Іңір»  жыр жинақтары  жарық көрген. Халқаралық, Республикалық жыр додалары мен байқаулардың жүлдегері. Қазіргі уақытта Алматы облысында ұстаздық қызмет атқарады.

Ақынның ақтық үні

(Таңжарықтың рухына)

                                                                       Өлсек те өлмес біздің атағымыз... 

Таңжарық Жолдыұлы

                                                                                             

 

Маңдайыма мөрленген жарқаш таңба,

Неге мұнша күн санап тереңдейсің.

Сіңіп жатыр дауысым жартастарға,

Мен өлермін, тағдырым сен өлмейсің.

 

Сен өлмейсің, қонарсың басқа адамға,

Жар жаңғыртқан жалғыздың жесіріндей.

Жағалауда жатады бәз баяғы,

Толқын соққан жартастар есі кірмей.

 

Қолына ап қара ноқта, қыл бұрауын,

Қарауыл қарагердің жолында тұр.

Ізімнен қына қаулап, жусан бүрлеп,

Шарлаған өз кеудемді жолым жатыр.

 

Тотыдай торға түскен өлең – жүрек,

Қайла ғып құтыларсың ордан қалай,

Қабырғалы қапаста жазған хатым,

Қабырғасыз апанға жолданбағай.

 

Аттанды аспан жаққа, Алласына,

Алаш деп ар күзеткен ағаларым.

Антым бір, «Аллаһуммә...» дұғамды оқып,

Мендағы сол ажалды жағалармын.

 

Ұшырдым тұмар тағып мойынына,

Жетер ме жыр кептерім сынық қанат.

Қоймағай отанына, ұясына,

Заманның кесір құсы жұмыртқалап.

 

Қарт Ілем, басың Күнес бардым бойлап,

Келмейді қауышудың мөрті дәйім.

Ағызып ақық тамшы жанарымнан,

Жасыммен жиегіңді толтырайын.

 

Сен менің үнімді ап қал, өршіл едім,

Дауысым жатсын шуап ұзақтарға.

Сен менің жырымды ап бар көрсін елім,

Күй болып шертілейін ұзақ таңға.

 

Қарт Ілем – қасиетім, қасіретім!

Арнаң боп ағар едім, барар едім.

Мен саған кіндігіммен байланып ем,

Амал не алып кетпек ажал, өлім.

 

Хош енді, көкке ұшамын, кек құшағым,

Жанамын жалғыз ноқат жарық болып.

Келетін көкжиектен көтеріліп,

Жатамын жұлдыздарға бағыт беріп.

 

Алашым – ақтық үнім, ақ туым сен,

Шырылдап түсті міне торға құсың.

Өмірді сырлы, сұлу, ұлы десек,

Өлу де қымбат тұрмақ ел бағы үшін.

 

Өмір, өлім – өрілген егіз таспа,

Бірінің түспек емес есесі кем.

Өлімнің балдай тәтті дәмін таттым,

Өмірдің у ұсынған кесесінен.

 

Аманат – тұран ,түркі топырағы,

Хош енді ел, сапарымды тауысып ем.

Оралам оңды күні тауға айналып,

Жаңғырып жатам сосын дауысыңмен.

 

Тағзым

 

Бұл құзар шың Арилерден мағылұм,

Сәлдесіне сіңген сырлы тағылым.

Абыз басын айға сүйеп қалғиды,

Жұлдыздардан шырақ жағып бағызы.

 

Түңілігін түн жасырып мызғаса,

Шымылдығын таң сырумен оянған.

Зәу басына айдар тағып ақ бұлттан,

Мың әспетті жоса нұрға боялған.

 

Бұл ақ айдын скифтердің анасы,

Кимешегі құрғамаған жасынан.

Еміреніп жұртына,

Қос емшегі селдеген,

Омырауы тасыған.

 

Бұл топырақ үйсіндердің бесігі,

Ырғағында ықылымның сыры бар.

Жүзі бал һәм сыры бар сол сәбидің,

Жанарында жасырынған мұңы бар.

 

Мынау дала қаңлылардың құндағы,

Қына болған кіндігінен тамған қан.

Қайраты мен қаһарынан солардың,

Дәргейінде тулағанды паң жалған.

 

Мирас болған мызғымас сол мекеннен,

Бұл шаңырақ өр ұлдардың отауы.

Керегесін қос бәйтерек көтерген,

Қазақ еді сол отаудың атауы.

 

Қазақ еді, хандық еді – тың әлем,

Тәңірінен таттым дербес нанды үзім,

Жасыл шарға жалқы сүрлеу салды ізім.

Жаппарынан жарылқанған жалғызым!

 

Маңдайымды сүйген сұлу таң лебі,

Жан мен зардың бодауына берілген.

Еркіндік деп аталатын ескерткіш,

Есілдердің сүйегімен өрілген.

 

Мәңгіліктің миуалы тал, терегі,

Сан мұңлықтың саусағымен егілген.

Қалалардың көк тіреген астына,

Бабалардың бас сүйегі көмілген.

 

Маңдайыма төсегенмен шырынды,

Таңдайымда тұшынбасам несі бал,

Қалтамдағы ауырлықпен тұрам мен,

Арқамдағы аманатты есіме ап.

 

Есеңгіреу

 

Қорқа-қорқа достастым ,
әкесімен үрейдің.
Қашып шығып қара үйден, қопасына түнеймін.
Жаңғырып та қоймайды жан дауысыма Жартастар,
Сұрамаймын - Тілеймін!

Бір жыласа дос жылар,
Мен адасып кетті деп.
Үрей билеп жарылар кеудемдегі от жүрек.
Жарылмаса шығармын қопасынан «досымның»,
Тағы келіп тұрармын Жартастарды тепкілеп...

 

 

Leave a comment:
Captcha