One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Blogs
Солтүстік қызы (жалғасы)

BLOGS

31 october 2020
1679
0

Солтүстік қызы (жалғасы)

II
 

Солтүстік қызы 11 жасында оқыстан анасынан айрылды. Кешкісін қолмен кір жуып жатып:

 

-  Тұмарым, мен сендерге жылы колготки сатып алып беремін. Аяқтан өткен суық адамды ауру қылады. Тағы нелерің жоқ? Пособия алған кезде айта қойыңдар, құлыншақтарым! - терең жанарында әдеттегідей жоғалмайтын дәстүрлі мұңның лебі әлі қатып тұрғанымен де, өзі жарқылдап күлімдеп отыр.
- Ең әдемісі маған! Бірден айтамын, Тұмар таласушы болма. - деді сыңарына жақтырмай көз тіккен бидай өңді, жасыл көзді, Байдалы мен Бекнұр ағаларына тартқан қыр мұрынды, тығыршықтай келген Анар.
- Таласпаңдар! Бәріңе жетеді.
- Ой, ала бер. Ылғи сен-ақ жоқ жерден шу шығарасың. Жаман әдет бар ғой.
- Кетші бар!
- Мама осында, қайда кетемін?.. - деп шиқылдап күле бастады жүзінде табиғи нұры бар ақ дидарлы, жанары ойлы, талдырмаш келген Тұмар.
- Ақжарқыным, осылай күліп жарқырап жүрші, жарығым. Сен күлгенде бөлме нұрға толады. Аппағым, тістерің қандай әдемі! Бәрі қызығады деп мақтанбай, жуып жүр. Қарашы өзіңдей Анар таңнан кешке дейін өзін қалай күтеді, қалай жақсы көреді. Соған сен де үйренші жарай ма? Әйтпесе, қиналып қаласың ғой...
- Ана, мен өзімді жақсы көрмесем де, барлық әлемді, әсіресе, әкем екеуіңді жақсы көремін ғой!
- Сөйлей бермеші Тұмар! Ылғи жақсы көріңгің келеді. Анашым, қонаққа кешігіп қалмайсыздар ма? Әке киініп алды дайын жүр ғой.
- Әке Ақжолға тамақ беруге кетті.
- Әкенің жұмысы сол ғой өмірі ит асырап, бәйгеге ат баптап, рақат қой. Ал анашым...
- Қой, әкелеріңді ренжетпеңдер, сыйлаңдар! Қартайғанда бәрі ұяларынан ұшып жалғыз қалғанда бір-біріміздің қадірімізді білдік. Айтпақшы ұлдардан хабар жоқ па?
- Мама, соларды күтпей-ақ қояықшы. Оларды ойлап уайымдамашы. Кешке сиыр сауып болған соң ылғи аялдамаға барып босқа күтіп отырасың. Сосын қолдарын тағы тап-тастай болады...
- Тұмардың жалғыз дұрыс сөзі осы шығар. Келісемін. Олар үйленді ғой, ана!
- Бақытты болсын, балапандарым. Келіндеріме қыздарымнан артық қараймын ғой.
- Ой, мама, соны пайдаланып жүр ғой...
- Анар, анашымға су алып келші шөлдеген шығар ерні кезеріп тұр.
- Бар өзің әкел, мен сенің қызметшің емеспін.
- Керек емес. Анар Тұмармен тату болыңдар! Ол сенің - бауырың, туғанын ғой. Бір-бірлеріңнен жақын кім бар сендерге Тұмар?
- Ана, білемін Анар менің  - ең жақыным. Тек сен бізді уайымдамашы.
- Тұмар, сен де Анарды тыңда жарай ма қызым?
- Мен әрқашан біріншімін. Сенен бақандай 15 минутқа үлкенмін біліп ал!
- Білемін ғой күнде айтасың! Тек анашым 15 минутқа емес, 10 минутқа деп еді ғой.
- Ол  - маңызды емес! Мама маған сенеді.
- Анау дардай болған Күнбике мен Байдалыны уайымдасам да, сен екеуіңді қазір өлсем де уайымдамаймын. Сендерге сенемін. Оқыған қызсыңдар, таланттарың да, мінездерің де бар.
- Ой, мама, қойшы!
- Анар маманың аузын жаппа! Мінезің жоқтай шыр ете қалдың ғой.
- Мен өлім туралы айтқанына бола айттым ғой, біліп алсаңшы бірінші.  - деп Анар ызбарлана қолын сыңарына шошайтты.

Шаттық сұңғақ бойлы, сүйектері ірі келген аққұба әйел. Шаштарының сарғыш, көздерінің көкшіл жасыл болғанына қарай оны не неміс не украин қызы деп ойлайтын әуелде ауыл адамдары. 18 жасында әрі ақын,  әрі сері Жанат сәйгүлігіне отырғызып, ұрлап әкете салған екен. 
Тұмар мен Анар екі езулері екі жақта пештің бұрышында жайбырақат жайланып, ауыздарын ашып аналарын тыңдап отыр. Анар шаштарын баппен қайта-қайта тарап жатыр. Жүздері бал-бұл жанып, үйде ішетін шайлары болмаса да, қалампыр ішіп отырып та бұл екі егіздің көңілдері тоқ еді. Ақ  жүректі аппақ аналарының зор сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы мен таусылмайтын жылулығы-ақ сол күні қос қыздары - Анар мен Тұмарға
Тәңірдің өзі әлемнің бар байлығын сыйлаған Сүлеймен Патшаның күллі дәулетінен де  артық теңдессіз, шексіз бақыт сыйлады. 

Олар кейін бұл әсерді қайтып сезінбеді. Ана махаббатының не екенін тек сол жолы соңғы рет сезініп үлгеріпті. Қазір тұғырлы орындарына қонып, атақтары дүркіреп тұрса да, дәл сол ауылдағы бес бөлмелі жер үйдегідегідей, әке шаңырағындағыдай екінші рет себепсіз бақытты болмапты...
 - Күлтежапырақтарым, Білтежапырақтарым, Алла бере салған! Қырық жасымда сендерді сый ретінде берді маған шебер Алла! - деп қалың сұр күпәйкені сыға бергенінде Шаттық отырған орындығынан кенеттен солға қарай сұлап түсті. Екі егіздің көз алдарында аналары құлап кетті...

- Анашым, не болды? Тұрыңыз, қазір көмектесейін...
- Басым, басым... әкетіп барады. Тиіспе.
- Әке,  әке,  мама құлап қалды! - деп бақырған бойы Анар кетті далаға жүгіріп. 
- Ей, не болды? Шаттық, кел тұрғызайын. Қой! - деп Жанат жетіп келді бала құсап елпеңдеп. Егіздердің әкесі өзіне жарасымды мұрты бар қасы қалың, көздері үлкен, кең иықты ер азамат екен. Жас кезінде тіпті тартымды, сымбатты болғаны байқалып-ақ тұр. Оның бір ерекшелігі дәретсіз жерді баспайды, қалтасында айнадай тап-таза екі бет орамалы жүреді және қашанда арқасын тіп-тік ұстайды, жетпіс жеті келіннің бетін ашып, домбырасы асынып, он жеті тазысын шұбыртып жүретіндігімен, атбегі, құсбегі, жыршы, сері жолдасының иттеріне Шаттықтың өмір бойы күнделікті өз уақытында үш қайтара баппен арнайы жем пісіретіндігімен ел есінде қалған. Ауылдарына бейтаныс аттылар келсе, міндетті түрде тек осы үйге қонуға келетін. Жанат танымаса да Құдайы қонақтар келді! деп ет астыратын. Сондықтан, бұл үйдің балалары тыныштықтың екенін білмейді. Қонақ арылмайтын үйдің ризық-несібесі де арта түседі, балаларым!   деген әке сөзін кәнігі шын көріп өсті.

Шаттықтың тілі күрмеліп, сөйлей алмай жатыр. Қырылдаған түсініксіз дыбыстар шығарып жатыр.Тыныс жетпей жатқан сияқты. Жанаттың түрі күрт өзгеріп сала берді. Өзін сондай шарасыз, ешкімге керексіз, қорғансыз сезінді. Қимаса да, жүрегі сезіп тұр. Ішінде бірдеңе үзіліп кетердей әрең өзін ұстап тұр. Қолдары дірілдеп әкетіп бара жатыр. Аяқ астынан құлап қала жаздады, қабырғаға сүйкеніп үлгерді. Анар состиып, қақиған қалпы тұрып қалды. Тұмар шыр-шыр етіп жүгіріп жүр.

- Әке, кімге хабарласайын? Не істейін? Қалаға айтайық та...
- Ана жаққа апарып жатқызайық
- Абайлаңыз, әке, ақырын апарыңыз. Тууу тез жүрмесеңізші...
- Тұмар, ана қамзолды шешші ауа барсын.
 Анар мен Тұмардың анасы әлдене деп сөйлеуге талпынып жатыр. Түсініксіз болған соң үшеуі де ұқпады. 

Екеуі Қырықбайдың үйіне қонаққа барғалы жатқан еді. Оған дейін Шаттық кір жуып кетейін деген ғой. Үйі былығып жатып, қонақтатып жүре алмайды ол. Бастаған ісін бітірмесе,  көңілі көңшімейді. Әдеті  - сол! Шаттық шіркін бос отырудың не екенін білмейді ғой. Ғұмыры демалудың не екенін білмей өтті. Шаттықтай ешкім кір жуу білмейді, орамалдарды киіммен араластырмай мұқият бәрін бөліп-бөліп жуатын. Сырды қолдан қалай қасайды!? Аңқау ғой бәріне үйретіп, қолы кетіп қалды. Бәрібір дәл солай шықпайды қазір. Шаттықтың қолының берекесі бар үйінде ештеңе қалмаса да, дастарқанды жоқтан бар жасап жайнатып жібереді ғой. Анау салақ, лас кей келіндері аз-маз бірдеңе үйренсе еді менің келінімнен. Үлгі керек болса сендерге  сол он баланың анасы Шаттық - XX   ғасыр келіндеріне нағыз үлгі! Оған ескерткіш қойса да болады. Менің сері ұлым Жанат келінімнің әлі де он бірінші баласы ғой. деп ойлана күлетін. Бұл - Шаттықтың енесі Ақбикештің көңілі көтерілгенде ғана мойындап айтып қалатын өз сөзі. Ол кісі ақсүйектің қызы,  әкесі болыс болған көрінеді. Қасиеті бар аппақ жүзді, биік, ірі, тұлғалы келген текті әйел. Талғампаз, тым кірпияз, түрі суық, сұсты. Ашуланғанда қопарып тастайтындай жеңілмейтін күші бар. Ақшаңдаған көздеріне қарай алмайтындар көп болатын. Ақбикеш жүз жасады. 52 жасына дейін енесінің алдынан қарсы бір келмеген келіні Шаттық қайтқан соң көп ұзамай өзі де қайтты...

 Жалғасы бар...


Share:
     
Leave a comment:
Captcha