One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Blogs
Құлагер

BLOGS

23 february 2019
2685
0

Құлагер

                        

                 

1993 жылдың наурыз айы.

 

...Құлыншақ жан-жағына қараса, енесі бұны қимай тұр екен, айғыр келіп қайырғанда, жаңа туған құлын енесіне ере алмай,тәлтіректеп барып, құлады. Енесі болса үйірінен қалмай, өрісіне қарай шауып ала жөнелді. Олар далада жайылатын, жылына қораға бір рет айдап келгенде ғана кіретін асау айғырдың үйірі еді. Не істерін білмей қалған әлсіз құлын қора ішінде қала берді. Ол енді тастанды, тірі жетім болып шыға келді. Енесі де әлсізді қасқыр жеп кетер деді ме, өзі қорғай алмайтынын білген шығар, дала заңына бағынып, әлсіз құлынын құрбандыққа қиып, кете барды.

    

Құлыншақ орынан тұруға ұмтылды, жіңішке буындарының әлі кетіп, қайта жығылды, кісінейін десе, даусы да шықпады.

    

Бір уақытта қораның есігі ашылып, келген бірнеше адамның дауыстары естілді. Кер құла құлын елең ете қалды.

 

- Қораның ішінде құлын қалып қойыпты, қай биеден туғанын білмей қалдық-ау.

 

- Енді қайта айдап әкелгенмен, бие құлынды алмайды бәрібір.

 

- Қап, құлынға обал болды, аштан өліп қалатын болды ғой.

 

- Сиырдың сүтін беріп, бағып көріңіз, мүмкін өсіп жетіліп кетер,- деді  жігіт құлынды қапшыққа орап, биенің иесінің қолына ұстатып жатып.

  

Құлынды қолына алған кісі мектепте мұғалім еді. Ол құлынды жылқы қамаған жігіттің  қорасынан өз үйіне машинамен әкелді. Көктем келді деген аты болмаса, қар әлі ери қоймаған кез.

    

Қораға әкелген сәтте құлыншақ жаңа бір әлемге тап болды. Қораның бір бұрышында тауықтар қонақтайтын жұмыр ағаш – «тауық бақан» ілінген екен, онда бірнеше тауық қонақтапты, қоқылдап, құлынға сәлем бергендей бастарын шұлғысты. Жерде жүрген әтеш те «кукарекулеп» қояды. Қораның ішін ала кеугім болғанмен жылы екен, жас қозы-лақтар шауып ойнап жүр, сыртта енелері шөп жеп, маңырап, «біз жандарыңдамыз» дегендей белгі беріп қояды. Сөйтіп жатқанда, айналасына таң-тамаша болып жатқан құлынды көруге кішкентай екі қыз жүгіріп келді. Қолдарына сүт құйылған шыны емізік ұстап алған. «Сүтті мен беремін, мен беремін»,- деп таласып, ақыры, әке-шешесі келіп, барлығы құлыншақты ауыздандырды. Ішіне ел барған құлыншақ, орнынан тұрып, бір сілкініп алды. Терісі де құрғап, кер құла түсі айқындала түскендей. Қыздарға әкесі: «мына құлын кер құла түсті екен, атын Құлагер қояйық», -деп айтты да, мектепке сабағына кетті. Құлагер кішкентай баладан кем болмады. Сағат сайын сүт ішеді, қамқоршылары күні-түні күзетіп, сағат сайын сүт беріп, кезекпен бақты. Қыздар сабақтан келе сала, Құлагерге сүт береміз деп қораға жүгіретін болды. Қорада кішкентай «күресі» бар есек те болатын. Құлагерді емізіп көреміз десе, өз баласына арнаған сүтін басқаға бермейтінін көрсетіп, құлағын қайырған есек теуіп, бұларды жолатпайтын, Бір жағынан онысы да жақсы болыпты, есек арам  мал болып саналады ғой. Оның етін жемейді, сүтін ішпейді.  Ол үлкен қыздың есегі еді.

    

Құлагер күн санап өсе берді, үйдегі жақында туған бір сиырдың сүті жетпейтін болып, көршілер де құлыншаққа сүт әкеліп беретін болды. Көктем де шығып, айнала көк орай шалғынға айналған кезде, Құлагер далаға шығып жайылатынды шығарды. Ол ешқандай малға қосылмайтын, жылқыдан да, сиырдан да аулақ, оңаша саяқ жүргенді жақсы көретін. Оның досы адамдар еді, адамдарды айналшықтап жүретін, өзін адаммын деп ойлайтын да болуы мүмкін, кей кездері үйдің есігін аузымен тартып ашып, үйдің ішіне кіріп алатынды шығарды. Ол кезде тек шақпақ қант берем деп көрсеткенде үйден әрең шығатын. Үлкен қыз екеуі мықтап достасып алды. Ол сайдағы көрші тұрған мектепке кетіп бара жатқанда үйден ерте шығып, сен осы жерде жайыла тұр, мен сабақтан соң осы жерге келемін дейтін де, мектепке кіріп жоқ болатын. Құлагер әр шөптің басын бір қайырып, қыз қашан шығады, сабақ қашан бітеді екен деп мектепке қарап, зарыға тосатын. Кейде үзіліс кезінде қыз келіп, мұның мойнына құшақтап, жалын сипап, кекілін тарап, еркелетіп кететін. Кейде үйден өзі жеймін деп алып шыққан дәмді тағамдарымен бөлісетін, кәмпит беретін. Жаз болды. Құлагер өсе берді, бірақ, қарны қампық, бұты шидей. Сиырдың сүтін ішкен соң бұзау болып бара ма, сиыр сияқты жапалайтын болыпты деп үй иесі уайымдаса да, барлығы құлыншақтың өсіп келе жатқанына мәз еді.

   

Бір жылдан соң Құлагер тай байтал болды. Қызбен екеуі жұбы жазылмайтын еді. Мектепке еріп барып, есіктің алдына дейін шығарып салады, қайтарда тосып алады. Қыз бір күні үстіне мініп көріп еді, қыздың салмағын қиналмай көтеретін болыпты. Мыңқ етпеді. Қыз кейде мектептен қайтарда Құлагерге ноқтасыз, ерсіз жалынан ұстап қарғып мініп алатын болды. Оны көрген мектептің директоры таң қалып, қыздың әкесіне: «жылқыны қалай жақсы үйретесің, балаң ноқтасыз мінетіндей»-дейтін.  Кішкентайынан қолда өскен жетім құлын екенін қайдан білсін.

 

Бір күні тайдың аяңдап, жуас болып келе жатқанын көрген көршінің бұзық балалары бұларға ит қосып, айтақтап қуды. Мұндайды көрмеген Құлагер үркіп кетіп, ауыл сыртына басы ауған жаққа қарай шаба жөнелді. Үстінде келе жатқан қыз да жалдан жібермей ұстап, тайдың жалаң денесіне жабыса түсіп, тақымын қысып, шабысқа ыңғайлана түскен. «Құлагер, тоқта!» - деп қояды. Құлагердің екпіні екі шақырым жерге барғанда басылды. Жүрісі жорға, шабысы жайлы нағыз сұлу, ақылды байтал адамның сөзін түсінетін. Қыз үстінен түсіп, шамалы демалып алып, үйге аяңдап қайтайық деп қайтадан мініп алды. «Байтал шауып, бәйге алмас» десе де, бұл байтал басқаларға ұқсамайтын еді. Жүйрік болып, аттармен жарысқанда оқ бойы озып кететін.

 

Қыз бұны жаттықтырып, үстіне аяғымен тұрып алып, цирктегідей жүргізетін еді. Ондай кезде Құлагер қыз құлап кете ме деп өзі қорқып, баппен жүретін.

 

Құлагер байтал болып, жылқыларды іздейтінді шығарды. Жылқыларға қосылып, үйірін тауып, солардың біріне айналды. Сонда да қысқа қарай, «Құлагер тоңып қалады, қорада тұрсын деп, үйірден айырып алайық» деген қыздың әкесін алдынан барса тістеп, арт жағынан барса, теуіп әлекті салыпты. Сонан «мұның досын шақырайық»,- деп әкесі қызын шақырып алды.

 

«Құлагер»,- деп саңқ ете қалған дауысты таныған байтал, үйірден бөлініп шығып, оқыранып, кісінеп келіп қызға мойнын бере қойды. Қыз да мойнынан құшақтап, сағынып көрісті, жалынан ұстап, үйіне ертіп әкетті. Тағы бір қысты қорада жылы жерде өткізді. Жазда қайтадан үйірге қосылды. Сол жылы құлындап, үйге келуді азайтты, үйірдің белді биесіне айналды. Жылқының есте сақтау қабілеті өте мықты, жақсылықты да, жамандықты да ұмытпайды. Досын 20 жыл өткен соң көріп қалғанда, танып келіп, мойнын ұсынып, амандасатын. Көршінің ит қосып қуған балаларын көрсе, 20 жыл өтсе де, теуіп кеткісі келіп тұратын. Не деген адал, әрі кек сақтағыш жануар еді...

                                      

 

***

 

 

2010 жылдың мамыр айы.

 

Құлагердің досы болған қыз химия факультетінде докторантурада оқып жүргенде:

 

- Қызым, сабағың қашан бітеді, ауылға бір айға келіп кетші, -деп әкесі телефон соқты.

 

- Не болды?

 

- Өзіңнің Құлагеріңнің немересіқұлынын алмай кетіпті. Оны өзің бақпасаң, өліп қалатын түрі бар. Бір айға келіп, сол құлынды аяққа тұрғызсаң, бір жылқының құнын беремін.

 

- Жылқының құнын қайтемін, құлыншақты құтқарайын - деп сол күні қыз жетекшілерінен бір айға сұранып, жолға шықты. Келсе, құлын «көтерем» болып қалған екен.

 

-Үш күн бұрын тұратын еді, енді міне жатып қалды, енді соңғы үміт сенде, - деді әкесі уайымдап. Түн ортасында келсе де, сиырды саудырып, сүтін беріп, қыз құлынның қасында  қарап отырды. Түнімен күзетіп, сағат сайын сүт бере берді. Таң атқан соң, құлыншақ орнынан тұрды. Үй-іші оны көріп, түгел қуанды. Өзі ала құлын екен.  – «Алақай, алақай, орнынан тұрды»,- деп барлығы бір ауыздан қуана айқайлады. Оның аты содан кейін «Алақай» атанып кетті. Қыз бір ай бойы құлын шөп жеп қатайып кеткенше, сағат сайын емізікпен сүт беріп, тартылған жемді илеп, нан қылып, пісіріп, жегізіп отырды. Мұндай ерекше күтім жасаған соң құлыншақ күшейе берді.

    

Бір күні Алматыдан жетекшілері қызға телефонға хабарласып: «жаздай эксперимент жасауың керек» - деп маусым айында қайтарып алды. Әкесі кетерде бір жылқының құнын қыздың қалтасына қояр да қоймай салып жіберді. – «Сенің қолыңнан бәрі келеді»,- деді қызына мейірлене қарап,  шығарып салып тұрып.

 

2012 жыл 22 желтоқсан.

    

Құлагердің досы болған қыз шетелден ғылыми жұмыстарын аяқтап келіп, докторлық диссертациясын қорғап жатқан кезде Ю есімді корей профессор тұрып: «осы мен қазақ әдебиеттерінде суреттеп жазатын қазақ қызының образын бүгін жолықтырдым. Мен кітаптан оқыған кезде көз алдыма «қазақ қызы» жау келсе елін қорғауға дайын, ерлермен бірге атқа міне шабатын, батыр, еркін, ержүрек, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын болып елестейтін. Сол образды доктор қызымыздан көріп таң қалып отырмын, Eвропаға бірінші рет өзі барып, ол жақтың ғалымдарын мойындатып келіп отыр. Болашақта да зор жетістіктерге жете беруіңе тілектеспін» -деп қызға батасын берді. Қыздың еркін болып өсуіне Құлагердің де әсер еткенін қайдан білсін.

 

2017 жыл.

 

Германиядағы Гамбург университетінің кітапханасында Құлагердің дос қызы  постдокторлық зерттеулеріне қатысты ғылыми әдебиеттер оқып отырғанда қасына құрбысы келіп  отырып,  сыбырлап:

 

- Киноға барғың келмей ме?- деп сұрады.

 

- Барғым келеді, бірақ қандай киноға барамыз?

 

- Афишаны қарайық.

 

- Тап қазір барамыз ба?

 

- Кеттік.

 

- Wendy деген кино болып жатыр екен, соған барайықшы. Қалған кинолар ұнамай тұр.

 

- Ол не туралы?

 

- Жылқымен дос болған 12 жасар қыз туралы екен. Мен де 12 жасымда бір құлынмен дос болып едім.

 

- Барсақ барайық, мен де атқа мініп үйренгім келіп жүр еді.

 

Кинодан қыздар өте үлкен әсер алып шықты.

 

- Сен білесің бе, мен де Құлагермен осылай Bенди сияқты дос болып едім. Тура бір менің балалық шағымдағы сияқты екен. Құлагерді сатпаймын, өзі қанша жасқа келсе де, қартайғанша жүреді деп әкем оны сатылмайтын мал қылып шығарып қойған еді тап солай. Жылқы мен адамның достығын немістер жақсы түсінеді ғой. Мен Қазақстанда мұндай жылқымен дос болған қыз туралы кино түсіргенін көрмеппін. Жалпы Германияда балаларға арнап жылқы туралы түсірілген бірнеше кино көрдім. Олардың барлығында жылқы мен жасөспірім қыздың достығы оқиғаның арқауы болады. Қыз жабайы жылқыны тап мен сияқты ноқтасыз мініп жүре береді. Мысалы, «Шығыс желі» (Ostwind) деген жабайы жылқы туралы кинода үш сериялы болып шықты. Германияның атын шығарып тұрған осы қызбен дос болған асау жылқылар ғой. Жақында «Оstwind 4» төртінші сериясы 2019 жылдың ақпан айында шықпақшы екен. Алла қаласа, сол кезде премьерасына міндетті түрде қатысуды жоспарлап жүрмін.

 

- «Мына киноны көрмесек, мен сенің бұл қырыңды танымай, сенің кім екеніңді білмеуші едім. Көп нәрсені енді түсінгендеймін. Жалпы, сен қазақ қыздары туралы менің түсінігімді қалыптастырдың. Батыл, еркін, білімді, жан-жақтысың, адалсың. Сондай еркіндікте өсіп, қалайша кішкентай Германияға сиып жүрсің? Бұл жақтағы тәртіпке еш уақытта сенің жаның бағынбайды ғой. Сен химияға көп еңбек сіңірдің. Бірақ жаның басқа нәрсені қалайтын сияқты. Өз стихияңда өмір сүргенде ғана шын мәнінде бақытты екеніңді сезесің ғой» - деді қыздың украин құрбысы.

 

- Иә, мен Қазақстаннан басқа еш жерді мойындамаймын ғой,  бұл жақта білім теру үшін ғана шыдап жүрмін - деді қыз көңілденіп. - Орманда бір қасқырды көрсең, бүкіл қасқырды көрдім деп айтуға болады, ал Германияда бір ғана мені көріп, дүние жүзіндегі бар қазақ сондай болады екен деп ойлап қалуға болмайды. Әрбір адам жеке тұлға, әр адамның өз ерекшеліктері болады. Алайда, жалпы қазақтар сондай болады екен деген жақсы пікір қалыптастыра алсам, әрине, ол жақсы ғой.

 

- Мен де сен сияқты атқа мінгім келеді. Атқа сен сияқты ешқандай ер-тоқым, жүгенсіз мініп, атты өзіме бағындыра алсам ғой, шіркін.

 

- Ол үшін кішкентайынан бауыр басып, соның үйіріне айналуың керек. Мен сияқты жетім құлынды кішкентайынан шешесінің орнын алмастырып, бағып көр. Сол кезде ол саған  бағынатын болады.

 

- Украинада ондай жылқы ұстауға мүмкіндік жоқ қой. Бірақ біреулер бар екен, жабайы жылқылармен қоса, басқа да жан-жануарларды аяп, бір жерді жалға алып бағып жатыр екен, жақында теледидардан көрдім.

 

- Сен де барып, солардың ізін жалғасаң болады ғой.

 

- Германияда неге қыздар еркін, білесің бе?

 

- Жоқ, білмеймін.

 

- Бұл жақта қыздары еркін болған ел ғана дамиды деп, кішкентайынан оларға шек қоймай өсіреді.

 

- Қазақтар да бұрын қыздарын ұлдарымен бірдей көріп, қыздар атқа ерлермен бірдей мініп, соғысса бірдей соғысып жүрген ғой.

 

- Қазір сені көріп, әлі солай деп ойлап тұрмын ғой.

 

- Мен үйде ұл болмаған соң, ұл орнына ұл сияқты болып өстім. Қазір қыздардың бәрі атқа мінбейді.  Айтпақшы, «Секер» деген қазақтың киносын көрші, тап сол кинода қазақтың қызын қалай ұл сияқты қылып өсіріп, артынан қайтадан қыз қылатыны жақсы суреттелген.

 

- Сені тыңдаған сайын, саған таң қала беремін. Қазақтар өзі жерде емес, басқа планетада тұратын сияқты.

                                            

 

Эпилог

  

 

Германия, 2017 жыл.

 

...Сол түні қыз түс көрді. Кең далада мамыражай жаз кезі екен. Кезінде өзі Алматыдан арнай келіп, бағып, тірілтіп алған Құлагердің шөбересі Алақай кер құла құлын туыпты. Қыздың анасы Алақайды сауып, қымыз сапырып, қыз өзі кішкентай «Құлагерді» құшақтап, туған елінде отыр екен. Туған жерге деген сағынышын тек оқу-білім үйреніп жатқанының арқасында жеңе алып жүрген ол ұйқыдан қуанып оянды.  Кім біледі, мүмкін Алла жазса, бір күндері Отанына қызмет ету бақыты да, қымыз ішу де  бұйырар. Тек аман сау болсын.                                    

                                                                        


Share:
     
Leave a comment:
Captcha
Add writing