One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Blogs
Түз тағылары

BLOGS

19 january 2019
676
0

Түз тағылары

Түз тағылары

(Болған оқиға ізімен)

 

Қыстың айсыз қараңғы түні. Тау етегіндегі қара балшықтан соғылған лашық үйлердің маңында қорадағы малдарға қарап абалап үрген иттердің дауысы ғана естіледі.  Қансек ауылы қалың ұйқыға кеткен. Шығыстан қарғалар топталып келіп, шеткі үйдің төбесіне қонды да, ауыл үстін екі айналып, тауға қарай ұшып кетті.

Шеткі үйдің жанындағы дәу ит қарғалар кеткен жаққа қарай басын бұрып, құлағын қайшылап, тауға қарап үре бастады. Әр дыбысқа елеңдеп сақ жататын Кәрім тысқа шығып, тың тыңдап келіп, қайта жатты.  Тәтті ұйқыда жатқан жары Жұмакүлдің жүзіне үңіле қарап тұрды да, балаларының көрпесін жауып, кенже ұлын бір иіскеп алып, маужырап ұйықтап кетті. Жұмакүл бұл шақта түс құшағында жатыр еді...

...Жастық шағы. Кәрім екеуінің отасып, бақыттан басы айналған кезі... Енді бірде, бейтаныс адамдардың ортасында жүр екен... Әйтеуір, шым-тытырық түс... Енді бірде... Жаздың жаймашуақ күні екен... Өреге құрт жайып жүрген Жұмакүлдің құлағына алыстан дауыс естілді. Үлкен ұлы Мұраттың дауысы сияқты. Әзірде ғана қозы қайыруға кеткен баласы есіне түсіп, әйел тау жаққа қарады. Қараса, о, тоба, тау етегінде баласына қарап тұрған қасқырдың бөлтірігін көрді. Жұмакүл жанындағы киіз текеметтің үстінде шөкімдей бұлты жоқ көк аспанға қарап, жыбырлап жатқан кішкене томпақ ұлын жалма-жан көтеріп ала бергенде қора жақтан шыңғырып жылаған қызының дауысын естіді. Үйде ұйықтап жатыр деген қызының дауысын естігенде есінен танып қала жаздады. Дауыс шыққан жаққа жанұшыра қараған ол өз көзіне өзі сенбеді. Қызын көйлегінен, желке тұсынан тістеп алған қасқыр екі аттам жерде тұр екен. Шар-шар жылаған балалар дауысы құлақ тұндырардай... Көзі шарасынан шыққан Жұмакүл қасқырға көзі түскенде тілі байланып, «А-ах-ах!» деп артқа шалқалап құлай берді... Екі көзі тұманданып бара жатты...

  • Жұмакүл! Жұмакүл! Өй, саған не болды? Неге айғайладың?, - деген Кәрімнің дауысынан шошып оянды. - Не болды? Жаман түс көрдің бе?, - деген күйеуінің сұрағына жауап беруге шамасы жоқ, қара тер басып кеткен Жұмакүл жастықтан басын жұлып алып, қараңғыда айналаны сипақтап, балаларын іздеді.

Пыс-пыс етіп ұйықтап жатқан балаларын көріп «уф-ф» деп жастыққа қайта сылқ құлады. «Шүкір, тәуба, шүкір» дей берді. Кәрім сол жақ бүйіріне бұрылып, қор ете түсті. Жұмакүл көпке дейін көз ілмеді. Таңды көзбен атырып, таң сібірлей бастағанда талықсып ұйықтап кетті.

  • Тұр, Жұмакүл, тұрсаңшы, - деген Кәрімнің дауысынан оянған ол уақыттың бірталай жерге барып қалғанын түсінді.
  • Күнде әтеш шақырған уақытта тұрушы едің. Бүгін не болған саған?, - деді Кәрім қалжыңдап. – Тұр, жинақтал, бала-шағаны жолға қамда. Қыстың көзі қырауда, күн ертемен балаларды апарып салайық.
  • Кәрім, бүгін бармай-ақ қойсақ қайтеді? Балалар бір күн сабақтан қалса қайтер дейсің? Күнің мынау қақап тұр. Біз қайтқанша аяз түсіп кетеді ғой. Көрші Жанат та қаладан бүгін кеп қалар. Ертең сенімен серік боп барып қайтар.
  • Жоқ, Жұмакүл, балаларды сабақтан қалдыруға болмайды. Бүгін де, ертең де аяз қайтпайды. Жанатты тосып бір апта жатып қалсақ қайтеміз?  
  • Айттым мен саған, ақпан біткенше балаларды демалысқа әкелмей-ақ қой деп.  Дызылдап, бір орныңда тұрмайсың. Енді мына шытынаған аязда бала-шағаңды, бізді ойламайсың ба? Әй, сенің де бір басыңа жетерлік қиқарлығың бар осы, - деп Жұмакүл томсырайып қалды.
  • Жә, болды. Айттым, бітті. Қорқатын дәнеңе де жоқ. Балалар сабақтан қалмасын. Қайта, азық-түлігімізді ала келеміз, - деп Кәрім сөзді қысқа қайырды.

Амалсыздан үндей алмаған Жұмакүл тұрып, таңғы ас-судың қамына кірісті. Түс әлетіне қарай бала-шаға, отағасының тамағын беріп болып, балаларының киімдерін жинастыра бастады. Аядай ғана жертөленің саңылаудай ғана терезесінен күннің сәулесі қыстың сараңдығын көрсетіп, болмашы ғана жылтыңдайды. Жарық көп түсе қоймайтын бұл тар жер – бұлар үшін төрдің жұмағы. Балалары да кеткісі жоқ, Жұмакүлдің де оларды жанынан жібергісі жоқ. Туысы болса да, балаларының кісі үйінде жүргені жанына батады. «Өз үйіндей қайдан болсын. Қарындары ашығып жүрмесе екен... Жеңгеміздің қабағы қалай болар екен...» деп ойға батып жүріп балаларына пісірген бауырсақ, тамақтарын дорбаға сала бастады.

  • Ал, жолға шығайық, Жұмакүл. Ертелетіп жетіп алайық, - деп сөйлей кірген Кәрімге жұбайы еш жауап қатпастан балаларын киіндіре бастады. Он жас шамасына келіп қалған үлкен ұлы Мұрат пен жеті жас шамасындағы сүйкімді келген Қайша екеуіне күпәйке, аяқтарына пима кигізді. Кенже баласы Сейіттің аяғына кішкене қолпылдап тұрса да Мұраттың кішірейіп қалған пимасын кигізіп қойған. Сыртынан Барақтың бәйбішесі берген ескі ішік тонға орап алды.

Жолаушылар маңайындағы екі-үш үйге үйін тапсырып, түс ауа жүріп кетті. Балықтыкөл ауылы алыс емес. Екі дөң асса болғаны. Абалап үрген иттер ауылды басына көтеріп, қозыкөш жерге дейін шығарып салды.

  • А, құдай, оңда жолымызды, - деп аттың тізгінін ұстап отырған Кәрім ұлы Мұратқа қарап қойды, - Балам, көп болды бұл маңда қасқырлар көрінбей жүр ғой, әйтеуір. Әйтпесе мен жолға батылым жетіп жалғыз шықпас едім, - деп күлді.

«Қасқыр» деген сөзді естіген Жұмакүлдің жүрегі дір етті. Ішінен «піссімілләсін» айтып, күбірлеп, алты ай ғана болған Сейітті құшағына қатты қысып, алаңсыз ұйықтап жатқан баласының жүзіне қарап жымиды.

  • Қазір күннің аязы сынып тұр ғой, - деді Мұрат әкесіне қарап, - қас қарая аяз күшейетін шығар. Үйге ертерек жетіп алсаңыздар жақсы болар еді, әке.

Баласының есейіп қалғанын осы сөзінен-ақ аңғарған Кәрім Жұмакүлге қарап «мынаны қара» дегендей ыммен көрсетіп қойды. Екеуі көзбен-ақ ұғысып, езу тартты.

  • Ә, балам, дұрыс айтасың. Ақпанның аязы мінез көрсетіп тұр ғой, тәйірі. Әйтпесе бұған дейін көп аяз көрмедік қой. Мә, тізгінді ұста, балам, - деп Кәрім қолына темекісін алып тұтатып, іші бос қалған сіріңкені лақтырып жіберді.

Митыңдап арба сүйреткен атының танауынан бу будақтап, қарды сықыр-сықыр басып келеді. Оған дөңгелектің шиқылдаған дауысы қосылып, тынық даланы жаңғыртып тұр. Айнала аппақ көрпе жамылған. Көз қарықтырады. Оң жағындағы тауларды артқа тастай бес жолаушы кетіп барады. Кішкентай ұлы мен қызы ғана анасының бауырына тығылып, пыр-пыр ұйықтап жатыр. Қалғандары ояу. Мұрат жан-жағына тамашалай қарап келеді. Кішкене қарындасы болмаса, бұл үйден жыраққа шығып еті үйреніп қалған. Дегенмен де әке-шешесін сағынады. Сабағы бітіп, ауылдағы қозы, жаман қойларға иелік жасап, сонымен таң атырып, кеш батырып, күн ұзақ ойнайтын жаздың күнін сағынады.

Бірінші дөңнен асқанда Кәрім ыңылдап ән айта бастады.

  • Қазір ауылдың қарасы да көрінеді. Жәкең бізді тосып отырған болар, - деп, өз ісіне риза болып келе жатқан Кәрімнің көзі бір сәт митыңдаған атының құлағына түсті. Жайбарақат аяң жүріспен келе жатқан аты құлағын қайшылап алыпты. Мұрат пен Кәрім бір-біріне қарады. Кәрім жалма-жан алдын, жан-жағын, тау бөктерін көзбен шолып өтті.
  • Әке, анаң қара, қасқырлар, - деп артына қарап айқай салған Мұраттың дауысы дала тыныштығын бұзып, тауды жаңғыртты. Артына жалт қараған Кәрімнің көзі шарасынан шығып кетті.

Мүлгіп, көзі ұйқыға кетіп бара жатқан Жұмакүл жанұшыра артқа қарады.

  • О, тоба, не дейді?, - деп мойын созып қараған ол алыстан бұларға қарай ағызып келе жатқан 4-5 қасқырды көзі шалып қалды. – Құдайым-ау, Кәрім, бұл не сұмдық?, - деп жылап жіберді.
  • Бас, Мұрат, бас атқа қамшы! Дөңге жақын қалдық. Әр жағы ауыл. Аллам, көмек бере көр!, - деді Кәрім жанұшыра айқайлап.

Аттың аяң жүрісіне көңілі толмаған Кәрім ұлының қолынан қамшыны жұлып алып, атты қамшылап-қамшылап жіберді.

  • Әйт, шу, жануар, жеткізе көр!, - деп аласұрған ол атқа қамшы баса берді.

Жүрісін үдеткен жануардың тұяғынан ұшқан қар шиыршықтары балалардың бетіне ұра бастады.

Дегбірі қашқан Жұмакүл есі шығып кетті, көз алдына түнде көрген түсі көлбеңдей берді, көлбеңдей берді. Ес-ақылынан адасқан адамша айғайлап жылап жіберді. Мұрат сұп-сұр болып кеткен, артына жалтақ-жалтақ қарайды.

  • Әке, не істейміз?, - деп жыларман халде отыр. Әлі ештеңеден бейхабар күнәсіз екі сәби ғана. Тек айқайдан шошып оянған екеуі екі жақтан шарылдап жылай бастады.

Атты арба дөң басына шыққанда қарайған үйлер көрінді. Кәрім бұған қуанғанымен, ауыл маңынан қарайған сұлба көрмеді. Жанын қоярға жер таппай қалды. Әшейінде абалап шығатын иттер де көрінбейді. Тірліксіз жатқан, қасқыр жайпаған ауылдай көрінді Кәрімге бұл ауыл. Тізгінді қайта ұлына беріп:

- Бас, аяма! Бас, қамшыны!, - деді.

Артқа қараса қасқырлар жақындап қалған екен. Сұлбасы айқындалып, алдыңғы келе жатқан тайыншадай дөкей қасқырды көріп Кәрімнің көзі шарасынан шыға, тас төбесіне шықты. Жоны күдірейген ірі қасқыр айшылық жерді алатындай көрінді. «Не істеймін? Не істеймін?» деген мазасыз көп сұрақ Кәрімнің миын торлап алды. Бір-ақ амал – ол қасқырларды алдарқату! Бірақ, қалай? Немен? Қолындағы сіріңкесі де біткен... Осы сәт көзі анасының бауырында қап-қара қарақаттай көзі жәудірей қараған алты айлық ұлына түсті. Бір мезетте Жұмакүл екеуінің көздері түйісіп қалды. Жұмакүл күйеуінің бұл қарасын ұната қоймады, денесі тітіркеніп кетті.

  • Жұмакүл, бәріміздің аман қалуымызға бір-ақ амал бар, - дей беріп еді, Жұмакүл «Жо-о-о-қ» деп шыңғырып жіберді.
  • Жұмакүл, мына балалардың бәрі шейіт болады, бәріміз өлеміз, баланы бер!, - деді.

Кәрім әйелінің бауырындағы балаға жармаса берді. Баласын қапсыра құшақтаған Жұмакүл бар даусымен шыңғырып, безек қақты. Ананың дауысы тау қопарғандай... Өсекші таулар ана дауысын жаңғыртып, жарыса әкетіп жатты. Әке-шешесінің сөздерін ұға қоймаған Мұрат қасқырлар мен әкесіне жалтақ-жалтақ қарай берді. Көзінен жасы ағып боздап отыр.

Екі қолы қарысып қатып қалған әйелінің қолынан баланы ала алмайтынын білген Кәрім жалма-жан үстіндегі тонын лақтырып тастап, ұлына шұғыл бұрылып:

  • Мұрат, ауыл жақтан қара көрінді. Артқа қарама, балам. Баса бер! Тоқтама!, - деді де Жұмакүлге:
  • Жұмаш, балалар саған аманат!, - деп, жұбайы «Кәрііім...» дегенше болмады, құрық тастам жер қалған аш қасқырларға қарсы, өлімін бетке алып, арбадан секіріп кетті...

Share:
     
Leave a comment:
Captcha
Add writing