One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Нұрғиса Төремұратов

Нұрғиса Төремұратов


Нұрғиса ТӨРЕМҰРАТОВ Түркістан облысы. Нұрғиса ТӨРЕМҰРАТОВ 1975 жылы дүниеге келген. Облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. 2007 жылы Баянауылда өткен республикалық жас ақын-жазушылардың республикалық І форумының делегаты. «Самала» (Шымкент 2007) «Көңіл көкжиегі» (Алматы 2013) атты жыр жинақтарының авторы.

Ақын,журналист

Ауыл тақырыбы

АУЫЛ ТОЙЫ

Сүндет той беріп, ал бірде

Бесік той- ол да мақтаны.

Қыз кетіп жатса бір кезде,

Келін кеп бақыт тапқаны.

 

Түнесе қонақ мақтаныш,

Түк емес оның «шапқаны».

Қашан көрсең де ауылда,

Әйтеуір той боп жатқаны.

 

Саулығы егіз төлдесе,

Қоң жинаса баққаны,

Ол-дағы елге қуаныш,

Еңбектен абырой тапқаны.

 

Қашан көрсең де қазақта,

Торқалы той боп жатқаны.

Осындай менің Халқым бар,

Амандық болсын ақ таңы!

 

 

ҚЫЗЫЛҚҰМ

 

Қашаннан әуелеген әні дара,

Қауышқан арманменен бағы жана.

Қара алтын өндіретін құмдағы ел

Қызыл жол, қызыл белдеу, қызыл дала.

 

Қызылқұм – малдың асыл құрсағындай,

Көркем ғып бере ме екен мұнша құдай!

Төскейде қой мен қозы жамырасқан,

Арудың жүз құбылған моншағындай.

 

Естілер тұяқ дүбір сай-саладан,

Мақұлдап қимылдарын ай қараған.

Қыр асып бауыр жазса, па, шіркін-ай,

Самал жел аттың жалын аймалаған.

 

Көрінер жалпақ әлем жанарынан,

Сабырлық танытады қабағынан.

Қалады әр жотада бір-бір сурет,

Маң басқан түйелердің табанынан.

 

Қазына ел ішінде, қойнауында,

Тарихтың бар дерегі ойда, құмда.

Керемет қызықтарға кенелесің,

Жабықсаң, кел, қарағым, қойлы ауылға!

 

Ден қойғын даңғыл қиял жетегіне,

Жыр өлке талай сырды шертеді де.

Ешқашан даңқ пен құрмет арылмаған,

Батырлар, Майталмандар мекенінде!

 

 

АУЫЛ ДӘМІ

 

Аңсарлық бойға енгенде,

Іңкәрлік ойда піседі.

Ауылдың нанын жегенде,

Есіме ауыл түседі.

Ауылды тербеп ән жатты,

Қалада мынау мол дүрмек.

Қаланың наны тәп-тәтті,

Ауылдың наны тым бөлек.

Тандырда пісіп бал татқан,

Күлшелер күндей қызарып.

Өзімсіп барып тіл қатқан,

Беретін көрші қыз алып.

Ауылдың дәмі ерекше,

Келмесін, құрдас, салқын ой.

Апамның наны бөлекше,

Апамның қолы алтын ғой.

Жүрміз ғой оқып қалада,

Көңілде үміт көктейді.

Ауылда өскен балаға,

Тандырдың наны жетпейді.

 

* * *

 

Арман!.. дейміз...

Арман деген керемет!

Арман бізді өмір бойы демемек.

Армандауға жаратылып келген соң,

 

Арман айтып... орындалса... деген ек.

Арман, арман... Биіктерде, алыста.

Асығасың қамшы салып шабысқа.

Арманыңнан туады екен тағы арман,

Арманыңды қалғаныңда нақ ұстап...

Солай, досым, жол саласың мұратқа.

Сөйтіп арман әкетеді жыраққа.

Дүниемен дүрлігесің... дегенмен,

Арманнан да артық күш бар бірақ та.

Әрбір адам тағдырының иесі,

Тәтті алдың... ащы көрдің,

(Сый осы).

Мақсатқа жет, байлық жина, бәрібір,

Туған жердің тартып тұрар киесі.

Мейлі, жиі сауық-сайран құрарсың,

Мақсат-айқын, ғажап кезең ұнар шын.

Шын сағыныш туған сәтте

Бір шындық – Туған жерге барғың келіп тұрарсың!

 

 

Leave a comment:
Captcha