One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Эльмира Байназарова

Эльмира Байназарова


Эльмира Байназарова  - 1984 жылы Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін филология мамандығы бойынша тәмәмдаған.  «Қазақстан-Тараз» телеарнасында, «Жамбыл-Тараз» газетінде журналист редактор болып қызмет атқарған.  Бүгінде шағын кәсібі бар. «Алаш» білім орталығы мен «Тіл» аударма орталығының басшысы. 2013 жылғы журналисттер арасындағы «Ұшқыр қалам иесі» номинациясының иегері.

Шөптері сөйлейтін ауыл! (эссе)

Ауыл! Өскен жер! Осы сөзді естігенде жүрегім елжіреп, кіндік қаным тамбаса да өсірген, өндірген жер деп Талас ауданы, Тамдыбек ауылы есіме түседі. Иә, рас, мен қаланың қызымын! Асфальтты жерде туылдым. Бірақ, бала күнімнен ауылда өстім. Бұрын бұл ауыл Амангелді деп аталатын. Қазір Тамабек ауылы деп аталады. Яғни, бұл менің ауылым!

 

Ауылда өскеніме мың да бір алғыс. Әлі есімде, ауылға бір топ газет-журнал келетін. Үйдегі әпке-тәтеміз мәртебелі мұғалім болғандықтан, республикалық, облыстық басылымдар үйіліп келетін. Ол күні үйде  - той. Сауатымызды ашып, мәз боп қалатынбыз. Басқаны қайдам өзім үлкендермен жарыса отыра қап, жаңалықтан жаңалық қоймай, әдеби шығармаларды оқып, талдап, ой түйетінмін. Бейне бір қарным тойып қалғандай рухани байып қалатынмын. Тәте деп отырғаным, мені бағып қағып өсірген жездеміз. Ол кісіні жезде деп айтуға аузым бармайды. Мен үшін бұл кісі «әулие адам» әке орнына әке болған Аманжол тәте. Яғни, әпкемнің күйеуі. Өз әке-шешем қалада тұрды. Жұмыстың жоқтығы, сол бір кездер қиын болды ма, ата- анамыз бізді ауылды жерге әпкем мен тәтемнің тәрбиесіне берді. Ауыл деген жақсы ғой! Айран сүті, майы, құртын айтсашы! Бар жоғы алпыс шақты үй. Бәрі мал ұстайды. Азанда мал өріске шығады. Кешкісін төрт түлігін жайғап болып, ауыл халқы теледидар алдына жайғасып, кешкі шәйін ішеді. Бәрі бірін бірі таниды, кімнің үйінде не болып жатқанын, бүгін көрші үйге қандай қонақ келгеніне дейін біледі.

 

Амангелі ауылынан жүзге жуық ақын-жазушы шыққан. Алақандай ауылдан атақты профессорлар, саясаткерлер, «менмін» деген дүлділ ақындар, атағы жер жарған жазушы филологтар шығыпты. Солардың сәл де болса ұшқыны жұқса керек, мен де сол ауылдан түлеп ұшқан соң журналистика саласында қызметімді бастап кеттім. Өйткені бұл ауылдың шөптері сөйлейді. Тербеліп ән айтады. Керек десеңіз от болып өлең оқиды. Еңбектеген баладан бастап еңкейген қариясына дейін кітап оқиды, газет ақтарады. Шетінен әнші. Сал сері ма дерсің! Айтып айтпай не керек, шетінен өнерлі жандар! Міне, мен осындай ауылда өскеніме, тәрбиеленгеніме мақтанамын!

 

Әлі есімде ауылдағы үйде бір қабырғаны алатын кітап сөресі болатын. Паһ, шіркін, қандай кітап керек? Бәрі болатын. Көршілер, кейбір кісілер кітапты ұрлап кетіп те жататын. Махаббат, жастық шақ, әйел мен күйеу туралы кітаптар жоғарғы сөреде, мақал мәтел, балаларға арналған ертегілер, жасөспірімдерге арналған кітаптар астыңғы сөреде тұратын. «Оқымаңдар», «Сендер оқуға қатаң тыйым салынады» деп Бексұлтан  Нұржекевтің «Ерлі зайыптылары»,  Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», Бибігүл Иманғазинаның «Тауқыметі» оқшау тұратын. Бала емеспіз бе? «Болмайды» деген нәрсе қызығушылығымызды тудырып, бөлем Айсана екеуіміз жаңағы кітаптарды ұрлап, жата жастана оқитынбыз.  Сөйтсек сыныпта бәрі «сондай кітптар» оқиды екен ғой. Қала берді, сабақтан бос уақытта оқыған кітаптарымызды әңгімелеп, елдің аузынан суын кетіріп айтып беретінбіз. Айтқанда да әсірелендіріп, ана кітапты оқымаған досың үйге бара сап оқитындай етіп әңгімелеп беруші ек. Кім оқыған кітабын айтса да кино көргендей болушы ек. Қазір ше? Заман басқа, адам басқа. Біз сол кітапты әңгімелеп берушілердің соңғы тұяғымыз ба деп қалам. Кітапқа деген махаббатым осылайша ауылда туды. Сабақтан қайта салысымен үй тірлігін істеп болып, табаға нанды жаба сап, кітап оқитынмын. Арасында нан жауып отырып оқысам міндетті түрде наным күйіп кететін. Бала екенмін ғой, қанша нанды кітаптың қызығына батам деп күйдіріппін. Қаншама жолды кесіп өтіп алыс ауылға келген газеттің иісін айтсаңызшы. Өзгеші бір «свежии» мүңкіген иісі бар басылым. Ой құшырлана иіскеп болып, сосын оқитынмын. Бірінші болып ол газеттерді тәтем оқиды. Сосын әпкем, сосын мен оқимын.

 

Өскен соң да «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген бар емес пе қолыма газет, кітап алсам болды иіскейтін болдым. Және баламен декреттік демалыста отырғанда да газет сатып алатын күйге көштім.  

 

Бүгінде бұл ауылда жастар кетіп, қарттар қалған. Жастар жағы сыртта, үлкендер жағы ауылда. Бәз баяғы күйбең тіршілік. Жері сортаң, тұзды. Суы да тұзды. Әй, бәрібір, осы ауылды жақсы көрем! Сағынам да тұрам.

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed