One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Жүнісов Қанат Құрмашұлы

Жүнісов Қанат Құрмашұлы


Жүнісов Қанат Құрмашұлы - әнші, актер, ақын, драматург.

 

1974 жылы 22 ақпанда бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында дүниеге келген.

1991-94 ж ж Ж.Елебеков атындағы эстрады-цирк училищесінде Қазақстанның Халық артисі Қ.Байбосыновтың шеберханасында оқыған.

1994-98 жж Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының актерлық бөлімін тәмамдаған.                                                                                                        

Дәстүрлі ән байқауының жүлдегері.

Қазақ эстрадасындағы Бәйтерек, Аламан, Формат т.с.с  топтардың,  көптеген танымал әншілердің репертуарларындағы белгілі әндердің сөзін жазған.

Қ.Жүнісов сөз жазған 200 әннің қырықтан астамы Астана радиосында өткен Хит шеру бағдарламасында жеңімпаз атанған.

Біржан сал, Мағжан, Жамбыл фильмдерінде ойнаған.

С.Сейфуллиннің 110, 115, 120 жылдығында театр сахнасында, Сәкен, Өмір жолы, Тайны и судьбы великих казахов секілді деректі фильмдерде, Жамбыл көркем фильмінде С.Сейфуллиннің рөлін сомдаған. 2014 жылы Анкара қаласында Түрксой ұйымы өткізген шарада С.Сейфуллин рөлін ойнағаны үшін Қырғызстан үкіметі Тоқтағұл атындағы медальмен марапаттаған. Сонымен қатар Сәкен сұңқар бейнебаянын түсірген.

Біржан сал фильміндегі сал-серілердің сөз қағысуын, Құнанбай фильміндегі Жанақ ақынның жырын жазған.

Алғашқы махаббат пьесасы Ресей елінде өткен театр фестивалінде Ең үздік шығарма номинациясын жеңіп алған.

2006 жылы Ханшайым, 2014 жылы Ән қанаты атты ән жинақтары шыққан.

Еліміздің көптеген театрларында пьесалары қойылған.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2014 жылы қазақ өнері тарихында тұңғыш рет бірнеше жанрды қамтыған ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АПТАЛЫҚ өткізген. Апталыққа мемлекеттік 5 театр ұжымы мен танымал өнер иелері қатысқан.

Апталық бағдарламасы:

Қ.Жүнісовтің Жас қала, жас қаламгератты шығармашылық апталығының бағдарламасы:

  • 22 қыркүйек Өнерге тағзым (дәстүрлі ән және поэезия кеші)
  • 23 қыркүйек Махаббат мелодрамасы (спектакль)
  • 24 қыркүйек Ғашықтар хикаясы (спектакль)
  • 25 қыркүйек Алғашқы махаббат (спектакль)
  • 26 қыркүйек Әншінің пірі Әміре (моноспектакль)
  • 27 қыркүйек Сәкен сұңқар (спектакль)
  • 28 қыркүйек Сырлы саз (Қ.Жүнісовтің сөзіне жазылған әндерден концерт);

Апталық аясында Сөйле сырлы сахна атты кітабының тусаукесері өткен.

Жұлдызды Астана - 2016 тұңғыш радиосыйлығында Үздік мәтін авторы номинациясының жеңімпазы атанды.

Шалқар шабыт радиоспектакльдер сайысында Әншінің пірі Әміре атты моноспектаклі жүлдегер атанған.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «ТӘУЕЛСІЗДІК. ӘДЕБИЕТ. ҚАЛАМГЕР» атты республикалық байқауда «Үздік драматург» номинациясын иеленді.

«Disney»  компаниясы шығарған «Моана»  атты мультфильмнің әндеріне қазақша мәтін жазды.

2017 ж «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауында Ж.Аймауытов атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.

50 ге жуық әдеби кештердің сценарийлерін жазып әрі кештердің жүргізушісі болған. Республикалық газет-журналдарға шығармалары, сұхбат-мақалалары жиі басылып тұрады.

Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағының мүшесі.

1998-2009 ж ж Гумилев атындағы ЕҰУ қызмет еткен.

2009-2015 жж Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған.

Қазіргі уақытта Қазақстан Авторлар Қоғамының мүшесі әрі Астана қаласындағы филиалының төрағасы.

 

 

 

Махаббат хикаясы

 

                                      «Махаббат хикаясы»

                      (Ересектер мен балаларға арналған ертегі)

 

 

Кейіпкерлер:

 

Алтынқас - ханшайым       (15 жаста)

Күмісқас    (13 жаста)

Қарамық   (жезтырнақ – өкіл шеше, жасамыс әйел)

Ханзада      (20 жаста)

Ақтоты – (тоты құс)

Әли        (шайыр  18 жаста) 

Дінбасы       (қария)

Сұм        (жын)

Сұрқия    (жын)         

Ханзаданың нөкерлері.

Ханшайымның нөкерлері

Көпшілік сахна;  адамдар, жын-перілер, аңдар, құстар...

         

 

Сахна ерекше безендірілген. Сұлу табиғат, сазды әуен, әдемі құстар, күлкісі сыңғырлаған хор қыздары,  сиқыршылар, цирк өнері т.с.с...     (көрермендерді бірден баурап кететіндей сұлулық...)

Нөкер басы:  Уа, сұлулықтан жаралған асыл жандар! Сұлулық әлемінің әміршісі Алтынқас ханшайым келе жатыр!

Алтынға малынған ханшайым нөкерлерімен келеді. Ханшайым әр қадамын басқан сайын жарық жанып, сахна әлемі жарқырай түседі. Күміске малынған Күмісқас қарсы алады.

Күмісқас:   Армысыз, аса қадірлі сұлулық әлемінің әміршісі, Алтынқас ханшайым!

Алтынқас:  Бар бол, Күндей көрікті сіңілім Күмісқас!  Бүгін тағы ерте ояндың ба?

Күмісқас:   Ардақты апатайым! Ата-анамыздың аманатына адал болғым келеді. Анамыз көз жұмарында «Апатайыңның таңғы асын өзің әзірле, сенің кешкі асыңды ол әзірлейді» деп еді.

Алтынқас:  Иә. Анамыз, ханшайым ақсаусақ болмау керек, адамның жауы жалқаулық дейтін.  Әкеміз бағың барда хансың, бағың тайса бір бейшара жансың, хан мен қарашаның барар жері бір деуші еді.

Күмісқас:  Ата-анамыз астан уланып қалғандарын білсе де, кімнің у бергенін біле алмай өтті. Ол әлі күнге жұмбақ. Сондықтан болар ішер астарыңды өздерің дайындаңдар деп тапсырғандары.

Алтынқас:   Рас. Ауру астан келеді, ажал қастан келеді деген екен. Саған ризамын. Қашанда менің қамымды ойлап жүресің. Көгершінім менің! Кішкентай кезде де бір-бірімізсіз жүре алмайтын едік.

Күмісқас: Иә, анамыз неге ұйықтамайсың десе, көзімді жұмсам бөпем кетіп қалады деп, мен ұйықтағанша көз ілмей қояды екенсіз.

Алтынқас:  Мен ас ішпесем, сен де мүлде дәм татпай қояды екенсің.

Күмісқас: (күліп) Ал тоты құс дән жемесе екуміз де ас ішпейді екенбіз.

Алтынқас: Иә. Бірде қайдан келгені белгісіз бір тоты құстың балапаны төсегімізге қоныпты. Күтушілер қанша үркітсе де кетпей қояды. Әкеміз сонда құстың көзінен жас көрдім, оған ешкім тимесін деп әмір етіпті.  Содан бері ол да бізбен бірге өмір сүріп келеді. Тек ата-анамыз алыста...

Күмісқас: Ол әлі күнге ата-анамыздың төсегінің басына барып қонақтап отырады.

Алтынқас:  Оның жүрегінде беймәлім бір мұң бар секілді.

Күмісқас: Рас айтасыз. Ол кейде ұзақ уақыт көрінбей кетеді.

Алтынқас:  Кейде біреудің сөзін қайталап сайрап кетеді. Кейде сөйлете алмайсың.

                                     Өкіл шеше Қарамық  келеді

Қарамық:  Айдан ажарлы Алтынқасым, Күннен көрікті Күмісқасым, таң қайырлы болсын!

Алтынқас: Армысыз, өкіл шеше!

Күмісқас:  Таңымыз қайырлы болсын!

Қарамық:  Бар болыңдар балапандарым! Тақ иесі болса да тасымайтын, асқан сұлу болса да асқақтамайтын қымбаттыларым! Ел қожасы болса да еңбектен қол үзбейтін қос қарлағашым! Бүгінгі таң – ерекше таң! Бүгін мұнда ақыл патшалығының ханзадасы келеді.

Күмісқас:  Рас па? Қандай мақсатпен келмек?

Қарамық: Ханзаданың жүрегінде дерт бар көрінеді. Сол дертіне дауа іздеп, бүкіл әлемді аралап  сапар шегіпті. Дертінің дауасы ару қыз болса керек.

Алтынқас:  Бүкіл әлемнен таптырмайтын ол қандай ару екен?

Күмісқас:   (күліп) Менің Алтынқас апатайымның дидарын көрсе ол сұлуын ұмытып кететін шығар.

Қарамық:  Қыздарым, мен сендерді күніне сегіз мәрте сүтке шомылдырып, жүздеріңе жел тигізбей өсірдім. Мың түрлі гүлден жасалған иіс су сеуіп, тұлымдарыңа тұмар тақтым. Сұлулықтарың әлдеқашан аңызға айналып кеткен. Барлық  ханзадалар сендерден дәмелі.

                          Тоты құс жандарына келеді

Тоты құс:  (үнемі біреудің сөздердін қайталап жүреді)  ...  сендерден дәмелі.

Алтынқас:  (тоты құсты еркелетіп)  Ақтоты! Ерке құсым менің! Қайдан келдің?

Тоты құс:  Ерке құсым менің! Қайдан келдің?

Қарамық:  Ханшайым, ханзада келген кезде тоты құсты торға қамай тұрайық.

Алтынқас: Неге? Оның ешкімге зияны жоқ. Жүре берсін.

Тоты құс:  Зияны жоқ. Жүре берсін.

Күмісқас:  Дұрыс айтады. Қайта елдің сөзін қайталап қонақтардың көңілін көтереді. Көп болды көрінбей кетіп еді. Ақтотыны сағынып қалдық.

Қарамық:  Мейлі. Тек қонақтардың мазасын алмаса болғаны.

Тоты құс:  ...мазасын алмаса болғаны.

Алтынқас:  Ақыл патшалығының ханзадасы расымен ақылды болса қыздың ажарына емес ақылына қарайтын шығар.

Қарамық:  Әлбетте. Бірақ ол алдымен Сенің ажарыңа ғашық болыпты. Анығын айтқанда ол тек сені іздеп жүр.

Алтынқас:  Шешей, бұл әзіліңіз бе? Ол мені қайдан біледі?

Қарамық: Таңқалма қызым. Ол сенің ажарыңды Ай бетінен көріпті. Содан бері саған ессіз ғашық деседі.

Алтынқас:  Мұны кім айтты сізге?

Қарамық:  (күмілжіп)  Кеше хабаршысы келген, ойдағы сарайда тынығып жатыр. Сол айтты.

Алтынқас:  Қызық екен?

Тоты құс:  Қызы-ы-ық  екен!

Күмісқас:  Оған несін таңқаласыз апатай? Толған Айға қарап шашыңызды тарап отырасыз. Айды айна қылған аруды кім аңсамасын.

Қарамық: Күмісқас дұрыс айтады. Айға сәулесі жететін сұлу жер бетінде сен ғанасың, Алтынқас!

Күмісқас:  (күліп)  Ханзада Алтынқас сұлуды Айдан көрдім, айнадан көрдім деп жырлайтын болар.

Алтынқас:  Кім біледі. Сері көңіл сұлулыққа тоймайды. Бәлкім сені көрсе ханзада ойынан айнып қалар. Мен үшін бәрінен сен сұлусың сүйікті сіңілім.

Күмісқас: О не дегеніңіз апатай. Мен әлі он үштемін. Сіз он бесіндегі толған айсыз. Аспанға қарасаңыз ажарыңыз Айға түседі. Содан кейін бәрі Айға ұмтылады. Тек ақыл патшалығының ханзадасы ғана ол аруды жерден іздеуге ақылы жеткен екен. Сіздің теңіңіз сол ханзада!  Шіркін, ханзаданың ақылын сынап көрсе ғой.

Алтынқас: Мен де соны ойлап тұрмын, Күмісқас.  Несі бар, сынап көрейік. Оның іздегені шынымен мен болсам, онда мені көп қыздың арасынан тап басып тауып алсын. Мен қыздармен бірдей киініп, бетперде тағып аламын. Сен өзің тілдес.

Қарамық:  Қызым-ау,  онсыз да есі кеткен бейбақты әурелеп қайтесің?

Күмісқас: Жоқ, шешей! Апатайым дұрыс айтады. Жігітті қыз сынамаса қыздың арзан болғаны.

Қарамық:  Балалықтарың әлі қалмаған-ау. Мейлі, өз еріктерің.  Ханзаданы қарсы алуға дайындалайық. (кетеді)

Тоты құс:  Дайындалайық.

Күмісқас: Дұрыс айтасың, Ақтотым!

                                                Келесі көрініс

Қорған күзетшісі:  Уа, халайық!  Ақбоз арғымаққа мінген, ақ сауыт киген, ақсұңқар ұстап ақ жолбарыс ерткен, апайтөс нөкерлері бар ақыл патшалығының ханзадасы келді!

                                Ханзада нөкерлерімен келеді

Әли: (ханзаданың жаршысы-шайыр)  Армысыздар, сұлулық әлемінің сымбатты ерлері мен хас сұлулары!

Нөкер қыздар:  Армысыздар!

Әли:  Ақыл патшалығының ханзадасы он сегіз мың ғаламды аралап ажары Ай бетінен көрінетін, ақша бұлттан ақ көйлек киіп жұлдыздардан маржан тағатын аруды іздеп келді.

Қарамық:  Хош келдіңіздер! Алыс жолдан келген аса қадірлі ханзада, қошеметімізді қабыл алыңыздар!

                                                   Ән.    Би.

Ханзада:  Құшақ жайып қарсы алған пейілдеріңізге мың алғыс! Ғашықтық дерті қанат бітірді, жүрегім сағынышқа толды. Сөзім жырға айналды, сырым мұңға айналды. Арманымдағы аруды көруге асықпын жарандар!

Күмісқас: Ханзада! Айтқан сөздеріңізге таңырқап тұрмыз. Айнадан болмаса, Айдың бетінен көрінетіндей сұлу бұл маңда жоқ! (күліп) Бәлкім Айдан іздерсіз!? Бұл жерге бекер келдіңіз.

Ханзада:  Жоқ, бикеш! Ол ару осы патшалықта тұрады!

Күмісқас:  Оны қайдан білдіңіз?

Ханзада:  Ол перизаттың ажары Ай осы патшалақтың төбесіне келген кезде ғана көрінеді.

Күмісқас:  Солай ма?  Онда мен шығармын.

Ханзада:  Жоқ! Кешіріңіз, олай емес. Бірақ сіз ол аруға  ұқсайды екенсіз. Дегенмен, сіз басқа, ол басқа!

Күмісқас:  Сеніміңіз алдамай ма?

Ханзада:   Жоқ. Жұмбақ сұлудың  осында екеніне кәміл сенемін.

Күмісқас: Онда осында тұрған арулардың бірі болды ғой. Мархаббат, өзіңіз тауып алыңыз.

Ханзада: Мақұл.

Күмісқас:  Әлде түн болғанын күтіп Айдың бетінен іздейсіз бе?

Ханзада:  Әзіліңіз әдемі екен бикеш. Мен алдымен сізге өз ілтипатымды білдірейін. Сыңғырлаған күлкіңіз бен ыстық ықыласыңыз үшін сізге әлемдегі ең үлкен гауһар тасы бар жүзік сыйлауға рұқсат етіңіз.

Күмісқас:  Мұныңыз не? Сіз ақыл патшалығынан келдіңіз бе, жоқ әлде қазына сарайынан келдіңіз бе? Жүзікті ғашығыңызға емес, маған сыйлағаныңыз қалай?

Ханзада жаршысы-шайыр:  Ақылды адам мырза да болады. Алыңыз, бикеш.

Ханзада: Ғашығыма сыйлайтын сыйым бөлек.  Бұл сізге.  (жүзікті тарту етеді)

Қарамық: Ханзада жомарт екен!

Тоты құс:  Ханзада жомарт екен!

Күмісқас:   Бұл сіздің, қыздар енді бетпердесін ашсын деген қолқаңыз емес пе?

Ханзада:  Жоқ! Ол сұлуды жетпіс қабат жібекке орап қойсаңыз да, тауып аламын.

Күмісқас:  Апырай, ә! Көріпкелдік қасиетіңіз бар ма еді?

Ханзада:  Жүрегімнің қағысы өзгеріп барады. Жүрек алдамайды. Бізде сыйлықты жұптап сыйлайтын дәстүр бар. Келесі сыйымды қабыл алыңыз.

Күмісқас:  Ғашығыңыз ренжіп қалатын болды-ау, ханзада?

Ханзада:  Бекер олай дейсіз. Мына құтыда емдік қасиеті зор зәмзәм су бар. Мұны ішкен адам ешқашан дертке шалдықпайды. Бірақ бір тамшысы қалып қойса зәмзәм су уға айналады.

Күмісқас:  Сізден сыйлық аламын деп қыршынымнан қиылып жүрмейін.

Ханзада:  Ұсынған сыйды қайтармас болар.

Күмісқас:  Қауіпті сыйлық болса басқа жанға сыйларсыз?

Ханзада:  Қауіпті емес. Тауысып ішу де қиын емес. Бұл сыйлықты тек сізге арнадым. Қолымды қақпаңыз. Көз алдымда ішсеңіз қатты қуанып қалар едім.

Күмісқас:  Жарайды. Қастық ойлап келмеген боларсыз. (ішеді, бәрі үнсіз...)

Ханзада:  Батыл жан екенсіз! Зәмзәм су шипа болсын! Саулығыңызды тілеймін! Енді ешқашан дертке шалдықпайсыз.

Күмісқас:  Рақмет! Байқаңыз, уақытыңыздың бәрі сыйлық жасаумен өтіп барады.

Ханзада:  Уақыт өткен сайын арамыз жақындап келеді.

Күмісқас: Бәлкім шынымен сіз іздеген ару мен шығармын?

Ханзада:  Айып етпеңіз, сіз емессіз. Мен оны таптым!

Күмісқас:  Иә, кім болды екен?

Ханзада:  Менің оң жағымда жібек кілемнің дәл ортасында тұрған ару!

Күмісқас:  (аң-таң) Бұл шешіміңіз дұрыс деп ойлайсыз ба? Қыздардың барлығы бірдей киінген, бетпердеден көздері ғана көрінеді. Қалай танып қойдыңыз?

Ханзада:  Көкірек көзімен.

Күмісқас:  Бойыңызда көріпкелдік қасиет болса да, бұл жолы қателестіңіз.

Ханзада: Мүмкін емес!

Күмісқас: Неліктен ол ару деп ойладыңыз?

Ханзада:  Мен алдымен сізді Ай бетінен көрген аруға ұқсаттым. Сол арқылы туыс екендеріңізді  болжадым. Екінші сізге жүзік сыйлаған сәтте ол жанның жанарында ерекше қуаныш нұры тұрды. Қалған көздерден қызғаныш оты айқын көрінді. Сіз зәмзәм суды ішкенде тағы сол көзден бір тамшы жасты байқадым. Ол сізге жақын жан болмаса соншалықты қуанып, соншалықты уайымдамас еді.

Күмісқас:  Міне, ғажап! Сіз қателескен жоқсыз. Оң жағыңызда жібек кілемнің дәл ортасында тұрған қыз Ай бетіне бейнесі түсіп тұратын асқан сұлу Алтынқас ханшайым! Рас, ол менің бірге туған апатайым. Ақылды жан екенсіз, ханзада!

                              Алтынқас бетпердесін шешеді 

Қарамық: Ақылдың алмайтын қамалы жоқ.

Ханзада:  Күніңіз қайырлы болсын, Алтынқас ханшайым!

Алтынқас: Есен болыңыз, ханзада!

                 Ханзаданың әні    «Ханшайым» 

Сен – сұлу ханшайымсың,

Бұралған «бал қайыңсың.»

Армансың бозбалаға,

Жар іздеген ханзадаға.

        Жанымның жұлдызысың,

        Бағымның бұлбұлысың.

        Шуағың таралғандай,

        Сұлулықтан жаралғандай.

                                                Қайырмасы:

Ертегі, мың бір түн бе екенсің,

Ай мен Күн бе екенсің,

Жұлдыздайсың лағыл моншақ тағынған.

Әлде гүл ме екенсің,

Әлде нұр ме екенсің,

Ханшайымсың аңсап жүрек сағынған.

 

Тотыдай түрленесің,

Ғажайып күйге енесің.

Назданып нұрланғанда,

Құлпырады бұл жалған да.

          Аялы жан сырымсың,

          Аяулым, бал шырынсың.

          Шығыстың аруын‑ай,

         Ақ сәулелі ай нұрындай...

Алтынқас: Ханзада, сіңіліме жасаған сыйлықтарыңызға рақмет! Аты Күмісқас. Әйел заты емес пе. Көгершінім қуанып қалды. Жалғызым да, жанашырым да осы.

Ханзада: Ай мен Күндей ханшайымдар! Адамзат баласының анасы жер, әкесі көк аспан. Екеуінің арасындағы табиғат перізенттері бақытты ғұмыр кешуі тиіс. Адам баласы бойына ақылды, иманды, сұлулықты жисын. Менің арманым көк аспандай әке болып, жер анадай жанды жар ету. Жаратқанның құдыретімен аңсаған жанды жолықтырдым. Мен сізге мәңгілік ғашықпын!

Алтынқас: Өз жүрегіңіздің сыры өзіңізге мәлім. Қыз жүрегі не дейтінін неге сұрамайсыз?

Ханзада: Жүрегімнің соғысы сізге естілмей ме?

Алтынқас: Әлі тыңдаған жоқпын.

Ханзада: Махаббатқа сенесіз бе?

Алтынқас: Сұрағыңыз көп екен. 

Ханзада:  (романтикаға берілген ханзада жан-жағына қарамайды) Махаббатқа сенбейсіз бе?

Тоты құс:  Сұрағыңыз көп екен. 

Ханзада:  Ғашықтар жайлы хикаятты естіп пе едіңіз?

Тоты құс:  Сұрағыңыз көп екен. 

Ханзада: Ханшайым?

Тоты құс:  Ханшайым?

Ханзада: Мен ханшайым емес ханзадамын.  (үнсіз жүріп келе жатқан Алтынқас күліп жібереді)

Ханзада:  Күлкіңіз әдемі екен.

Тоты құс: Күлкіңіз әдемі екен.

Ханзада:  Мен күлген жоқпын ғой? (манадан тоты құспен сөйлесіп келе жатқанын енді ұққан ханзада...)  Қандай сүйкімді құс! Қандай керемет!

Тоты құс: Қандай керемет!

Алтынқас: Бұл менің бала күнімнен серігіме айналған тоты құс. Адамдардың айтқан сөзін қайталап күлкіге батырып жүреді. Өте ақылды. Кейде тіпті адам сияқты. Менің ойлағанымды өзімнен бұрын айтып қоятын кездері де болады.

Ханзада: Рас па? Ғажап! Сіздің не ойлағаныңызды тоты құс өзі айтып бере ала ма?

Алтынқас: Иә. Менің ойымды оқып қоятын секілді. Маған соншалықты жақын. Кейде сырымды айтамын. Бәрін түсінеді. Кейде бала сияқты. Үйреткен сөзіңді айтпай қояды. Адамдарды жақсы көреді, сүйеді.

Ханзада: Ғажап! Тоты құс, ханшайымның жүрегі не дейді екен?

Тоты құс:  ...жақсы көреді, сүйеді.

Ханзада:  Дәл қазір сіздің не ойлағаныңызды айтып тұр ма?

Алтынқас: Жоқ, бұл жолы соңғы айтқан сөздерімді қайталады.

Ханзада:  Онда ханшайымның өз жүрегі не айтады екен?

Алтынқас: Ханзада, сізге қояр үш шартым бар. Қыз жүрегінің жауабын білгіңіз келсе, алдымен соларды орындаңыз.

Ханзада:   Айтыңыз, ханшайым.

Алтынқас: Бірінші шартым – махаббат құсын алып келіңіз. Екінші шартым – ақылдың кілтін алып келіңіз. Үшінші шартымды алдыңғы екеуін дұрыс  орындасаңыз ғана айтамын. 

                                                     Махаббат  биі

          Осы сәтте сахнаның екінші шетінен Күмісқас көрінеді Ханзада Алтынқастың қолынан ұстаған сәттен бастап, Күмісқас мазасыз күйге түседі.

Күмісқас:  Апыр-ай, маған не болды?  Бойым неге өртеніп барады? Көңілдегі қуаныштың су сепкендей басылғаны несі? Ханзада неге Алтынқастың қолынан ұстады? Неге Алтынқасты қалады? Неге, неге..? Оның сұлулығын Ай бетінен көрдім дейді. Мен ше? Менің одан қай жерім кем? Мен он беске толғанда одан да сұлу болармын. Мені неге көрмейді. Мен, мен... Не деп кеттім. Ханзадаға ғашық болып қалғаннан саумын ба?    Алтынқасты жек көріп кеткенім қалай... Не істесем екен?  (ханзада мен ханшайым шеткерек кетеді) Өкіл шеше, қайдасың?  

                                        Қарамық келеді

Қарамық:  Неге шақырдың, қызым?

Күмісқас:  Шешей, мен Алтынқасты жек көремін. Естимісің, ол менің дұшпаным!

Қарамық:  (рахаттана күледі) Дұрыс айтасың!  Саған ақыл кірді қызым. Мен сенің осы сөзіңді он үш жыл күттім. Үмітімді ақталды.

Күмісқас:  Қанжар бер маған. Алтынқастың жанын жаһаннамға аттандырамын!

Қарамық:  Сәл сабыр ет. Оның да кезі келеді. Ол сәт алыс емес. Сәл шыда.

Күмісқас:  Шыдай алар емеспін. Одан қалай құтыламын? Осыншалық сұмпайы екенін қалай білмегенмін.

Қарамық:  Сенің бойыңнан өшпенділік оянған сайын жаным рахаттанып барады. Солай қызым, солай! Сенің жауың – Алтынқас!

Күмісқас:  Шеше, Алтынқас сенің жауың деп неге ертерек айтпадыңыз? Ішім қайнап барады. Айтыңызшы шеше, мен неге оны әп-сәтте жек көріп кеттім? Не болды маған? Түсіндірші маған, түсіндірші шеше! Неге мен туған апатайымның көзін құртқым келеді?

Қарамық:  Сен дұрыс істейсің, қызым! Ол сенің  апатайың емес!  Сен менің қызымсың. Біз жезтырнақпыз! Мен бұл патшалыққа он үш жыл бұрын жезтырнақтар елінен келгенмін. Біздің мақсатымыз адамзат әлеміне азғындық орнату. Бұл патшалықта адам кейпіндегі жезтырнақтар күн сайын көбейіп келеді. (сақ-сақ күледі)

Күмісқас: (таңданып) Бұл жайлы бұрын неге айтпадыңыз?

Қарамық: Оның өз мәнісі бар. Ханзаданың осында келгенін күтуім керек болды. Әрі ханзада мен Алтынқастың табысқанын көрмей сенің бойыңда қызғаныш сезімі оянбайтын еді. Қызғаныш болмаса өшпенділік болмайды. Жамандықтың басы қызғаныштан басталады.

Күмісқас:  Солай ма? Тістерім шықырлап барады. Мен ханзадаға ғашық болып қалдым ба?

Қарамық: Иә. Еркіңнен тыс ғашықсың. Қызым, көзіңнен қатыгездіктің сәулесін, бойыңнан өшпенділіктің ұшқынын байқадым. Бұл үлкен қуаныш! Сенің жезтырнақтарға тән түйсігің енді оянды. Түйсігің оянды, қызым! Енді сенің бойыңда адамдарға деген аяушылық сезім болмайды. Сен он үшке толдың. Адамдардың да көбі бір мүшелден кейін өзгере бастайды. Сен де өзгердің! Өйткені жезтырнақсың!

Күмісқас:  Алтынқас менің жезтырнақ екенімді біле ме?

Қарамық:  Жоқ! Ол сені бірге туған сіңілім деп ойлайды. Тыңда! Мен он үш жыл бұрын осы әулетке күтуші әйел кейпінде келдім. Ол кезде патшаның қыздары Алтынқас пен Күмісқас кішкентай еді. Бір күні Алтынқастың сіңілі  Күмісқасты тоты құсқа айналдырып жібердім де, орнына сені салып қойдым. Ешкім сезіктенген жоқ. Себебі сен патша қызы Күмісқастың тәнімен өсіп келесің.  Сендер есейе бастаған шақта патша мен әйелін у беріп көздерін жойдым.

Күмісқас:  Қандай тапқырлық! Мен оларды енді сағынбаймын! Обал жоқ! Алтынқасқа да неге  у бермедіңіз?

Қарамық: Оның да өз мәнісі бар. Алтынқас он беске толғанда ақыл патшалғының ханзадасы оны іздеп келетінін мен бұрыннан білетінмін. Оның сәулесі он беске толған соң Аймен толық шағылысады. Ханзада тек сол кезде Алтынқастың осында екенін түсінеді. Бұрынғыдан да қатты  ғашық болады. Өйткені әлемде Алтынқастан асқан сұлу жоқ!

Күмісқас:  Онда неге мені бірден Алтынқаспен айырбастамадыңыз?

Қарамық:   Онда сенің сәулең Айға түспес еді. Ол үшін жаның да, тәнің де адам болуы қажет!

Күмісқас:  Алтынқастың көзін жоямын!

Қарамық: Асықпа, қызым. Оның жаны да, тәні де әзірше бізге керек. Анаңды жақсылап тыңда. Біраздан кейін күн мен түн теңеледі. Жаңа күн келеді, жаңа жыл басталады. Оған аз ғана уақыт қалды. Күн мен түн теңелген кезде  ханзада екеуіңнің некелерің қиылуы қажет!  Егер ханзада мен жезтырнақтың некесі қиылса бүкіл әлемді жын-перілер билейді. Ал егер оны жасай алмасақ біздің уақытымыз бітеді. Міндетімізді орындамағанымыз үшін күлге айалып кетеміз.

Күмісқас:  Солай ма?  Шеше, ханзада Алтынқасқа ғана ғашық болады дегенің қайда? Ол қалай менімен некесін қидырады?

Қарамық: Аптықпа, қызым. Ол жағын баяғыда-ақ ойластырып қойғанмын. Мұқият бол. Дұрыстап ұғып ал. Мен соңғы дуамды жасап Алтынқас екеуіңнің тәндеріңді ауыстырамын. Жандарың өздеріңде қалады. Сен Алтынқас кейпіне енесің. Ханзада сені Алтынқас деп ойлайды. Ханзада екуіңнің некеңді қидырамын. Бірақ сақ бол. Ол өте сұңғыла адам. Сен неке қиылып біткенше ештеңе сездірмеу керексің. Қалайда оны алдап соғуымыз қажет! Содан кейін бүкіл әлемді біз билейміз! Әлемді жын-перілер билейтін болады!

Күмісқас:  Қандай керемет! Әлемді мен билеймін! Жын-перілер жасасын! Шеше, демек тоты құс та менің жауым болды ғой? Қайда өзі? Қауырсындарын бір-бірлеп жұлып қинап өлтірейін!

Қарамық: Жоқ, Күмісқас! Ол бізге неке қиған кезде керек. Оның көмегі болмаса неке қиылмауы мүмкін. Әйтпесе мен оның баяғыда көзін құртатын едім. Одан көп қауіп жоқ. Сәл-пәл сезімталдығы болмаса біреудің сөзін қайталағаннан басқаға санасы жетпейді.

Күмісқас: Ол не істейді сонда?

Қарамық: Оны сол кезде көресің қызым.

Күмісқас: Күн мен түн тезірек теңелсе екен! Адамдарды жек көремін!

                                             

                                       Жезтырнақтар биі 

 Жын-перілер қаптап кетеді. Орталарынан Сұм мен Сұрқия атты жындар шығады.

Сұм:  (сақ-сақ күліп, Күмісқасқа)   Күнің қайырсыз болсын, тәж киген тажал!

Сұрқия:   Аузыңнан қарғыс түспесін,  желкілдеген жалмауыз!

Күмісқас:  Шеше, бұлар кім?

Қарамық: Бұлар сенің сойқандастарың. Біз бәріміз жын-перілер елінен келгенбіз. Жезтырнақ, жалмауыз, пері, шайтан дегендердің аты бөлек болғанмен заты бір. Мыналар Сұм мен Сұрқия дейтін жындар.

Сұм:  Ұя бұзып көрмеген ұялшақ шайтан!

Сұрқия:   Арбап көрмеген аңқау пері!  (сақ-сақ күледі)

Күмісқас:   Бұлар неге қарғап-сілеп сөйлейді?

Қарамық:  Жындардың ұраны – қарғыс! Біз адамзат әлемін билеу үшін мың жылдан бері күресіп келеміз. Адамдардың иманын әлсірету үшін көп уақыт керек болды. Біз қазір адамдардың ішіне ену тәсілін игере бастадық.

Күмісқас:  Қалай?

Қарамық:  Алдымен адамдар тез құмартатын сусын жасап құмыраға құйып қойдық. Құмыраға жындар да кірді. Сөйтіп сусынмен бірге жындар   адамдардың ішіне ене алатын болды.

 Сахнаның екінші жағынан Ханзада мен жаршысы шайыр шығады.

 Әли: (шайыр)  Әміршім! Сұлулық әлемін көзімен көрген жанның арманы жоқ шығар! Қай жағыңа қарасаң да жайнаған дүние, маржан тастар, сан түрлі гүлдер, мың бұралған хор қыздары. Жұмақ деген осы болар!

Ханзада: Әли, сұлулыққа кім құштар болмас. Сұлулық жақсы, бірақ сұлулардың бәріне бірдей сұқтана берсең ақылыңнан  адасасың.

Әли: Мен әлдеқашан ақылымнан адасқан сияқтымын.

Ханзада:  Е, ертекшіл достым. Алтынқастың дидарын көргенде мен де  есеңгіреп қалдым. Әли, көп ішінен көз қадаған біреуің бар ма? Әлде көңілің бірден қырық қалыңдықты көксей ме?

Әли:  Қырығы да құшағыма сияр еді, әттең!

Ханзада:  Қырық қамытты мойныңа ілмес бұрын қырық арбаның салмағын шамалап алғаның жөн.

Әли: Жөн айтасыз. Менікі жәй қиял ғой.  Бірақ қырық қызға татитын бір қылықтыны  көзім шалды.

Ханзада: Сол екен ғой өзгеріп кеткенің. Қай қызылды ілмексің?

Әли: Кіші ханшайым  Күмісқас сұлуды! Жарқ етіп алдымыздан шыққан кезде жүрегім аузыма тығылып қалды. Ондай сұлуды бұрын-сонды көрмеппін. Бір тіл қатуға дәрменім жетер емес.  Сіз іздеген ару сол ма деп қорқып кеттім.

Ханзада:  Сол болса қайтер едің?  

Әли: Құдай сақтасын!

Ханзада:  (күліп) Маған қимай қалдың ба? 

Әли:  Кешіріңіз! Қиғанда қандай! Онда некелеріңізді өзім қиятын едім.

            Қарамық,  Күмісқас,  Сұм,  Сұрқия төртеуі қарсы кезігеді.

Қарамық: Аса қадірлі, ханзада! Сұлулық әлемінің ханшайымы Алтынқастың сарайы сәулетті ме екен? Тамашалап жүрсіз бе?

Ханзада:  Сәулетінде мін жоқ, байлығында есеп жоқ екен. Күмісқас ханшайым, жаңа ғана шайыр досым сіздің әр кірпігіңізді жырға қосып келе жатыр еді. (Әлиге) Айтып жіберші.

(Әли сасқалақтап ештеңе айта алмайды)

Ханзада:  Мен айтып берейін. Былай деп жырлады;

Жанарынан жалындаған ұшқын от,

Көктегі көп жұлдыздарды жағады.

Аспан тіреп омырауы арудың,

Кірпіктері түн пердесін жабады.

 

Ханзада Күмісқасқа шайырдың жырын айтып келе жатқанда Қарамық, Сұм, Сұрқия үшеуі Әлиді бөгеп қалады.

 

Қарамық:  Шайырлар шарап дәмін ұнататын болар. (шарап құяды)

Әли:  Әлбетте. (Әли ойланып болғанша Сұм тез ішкізіп жібереді)

                        Сұм мен Сұрқия билей жөнеледі

Күмісқас:  Шеше, ханзада мен шайыр жындарға неге қарамайды?

Қарамық:  Адамдар жындардың бар екенін сезеді бірақ оларды ешқашан көре алмайды, дауыстарын естімейді. Олар аң-құстарға да көрінбейді. Тек екеуміз ғана көреміз. Біз адам кейпінде жүргендіктен, адамдар бізді өздері секілді пенделер деп санайды.

Шарапқа қызған шайыр Сұм мен Сұрқияның қимылдарын көрмесе де, қайталай  бастайды.

Күмісқас:  Шайырға не болды?

Қарамық:  Ішіне жын кіргізіп жібердім.

Әли: Әй, ханзада! Сен Ай бетінен сұлу қыздың бейнесін көрдім деп неге сандалып жүрсің?

Ханзада:  Әли, не айтып тұрсың? Мұның не? Тоқтат!

Әли: Сен кімсің мені тоқтататын!?

Ханзада: Осындай әзіл бола ма, ақымақ!

Әли: Нағыз ақымақ мына сен! (жындар ұрыс қимылдарын жасайды Әли айнытпай қайталайды) Ақыл патшалығының әміршісі менмін! Мынау ақымақтар патшалығының көртышқаны!

Ханзада: Жетер! Не көрінді саған?

Әли:  Маған ба, Ай бетінен Күмісқас көрінді. Бейшара мені ұзақ күтіп айлар бойы кірпік қақпаған, жылдар бойы дәм татпаған. Түрін қарашы, қатты жүдеп кетіпті.  Мен келеді деп  шымылдық құрып, құс төсек салып, иіс су сеуіп күтіп отыр екен.

Ханзада: Қиялыңда шек жоқ! Қарамық шешей, кешірім өтінемін. Бірге өскен серігім еді. Бірақ бұлай әзілдемейтін. Әли!

Әли:  Неге дөрекі сөйлейсің? Мені сыйламайсың ба?

Ханзада: Әли, шұғыл тоқтатпасаң сені тұтқындауға әмір етемін!  Күмісқас ханшайым, мұндай келеңсіздік біздің патшалықта бірінші рет. Айып етпеңіз.

Әли:  Мен сені бірге өскен досым деп жүрмін. Сен болсаң тұтқындамақсың. Сатқын! Шық жекпе-жекке! Күмісқас, мыналар сенің жұбайыңды тұтқындағалы жатыр.  Құтқарыңдар!

Ханзада нөкерлеріне шайырды байлап тастауға әмір етеді

Әли:  Әлемде менен асқан кім бар! Кім бар! Менен асқан кім бар! Кім бар!

Ханзада: Дінбасына апарыңдар!       

Күмісқас:  Дінбасына неге апарады?

Қарамық:  Дінбасы қасиетті кітабын ашып дұға жасайтын болса, шайырдың ішіндегі жын шығады. Сол үшін. Шіркін, қасиетті кітап болмағанда бұларды баяғыда жаулап алар едік.

Күмісқас:  Ол қандай кітап?

Қарамық:  Оны айтуға жындардың тілі келмейді. 

                               Ханзада барлығын алып кетеді.

           Даурыққан дауыстарды естіп Алтынқас та келеді. Тоты құс бірге жүреді.

Алтынқас:  Не болып қалды? Мен аспазшылардың жұмысын қадағалап шыққанша  бір жайсыздық болған секілді ғой.

Қарамық:  Алаң болма, жай әншейін. Өзіңнің көңіл-күйің жақсы ма?

Алтынқас:  (күліп)  Жақсы секілді.

Қарамық:  Ханзада жүрегіңді жаулай алды ма?

Күмісқас:  Мен қызғанамын.

Тоты құс: Мен қызғанамын.

Алтынқас:  Көгершінім менің! Күннен сұлу Күмісқасым! Несіне қызғанасың, мен ешқайда кеткелі жатқан жоқпын. Өңің бұзылып тұр ғой?

Қарамық:  Ештеңе етпейді, шаршаған болар. (Күмісқасқа тыныштал деп ишарат жасайды) Алтынқас қызым, ханзадаға келісім бердің бе?

Алтынқас: Мен оған шарттар қойдым. Соларды орындаса ғана келісім бермекпін.

Қарамық:  Ол қандай шарттар?

Күмісқас:  Қандай шарттар?

Алтынқас:   Жан сырымды екеуіңнен басқа кімге айтайын. Бірінші шартым махаббат құсын алып келіңіз, екінші шартым ақылдың кілтін алып келіңіз дедім. Үшінші шартымды содан кейін айтамын деп айттым.

Қарамық:  Ол шарттардың жауабы қандай?

Алтынқас: Бірінші шартымның жауабы,  махаббат құсы – аққу!

Тотықұс:  Махаббат құсы – аққу!

Қарамық: Сен де жаттап ал Күмісқас.

Алтынқас: Екінші шарттың жауабы, ақылдың кілті – кітап!

Тоты құс:  Ақылдың кілті – кітап!

Қарамық:  Мына тоты құс мазаны алып жіберді, сыртқа шығара тұрайын.

Алтынқас:  Мейлі: Бақшаға ұшырып жіберіңіз. Біраз қанатын қағып самғап алсын. (Қарамық тоты құсты алып кетеді)

Күмісқас:   Тағы не айттың?

Алтынқас: Бар болғаны осы. Қатты ойланатындай қиын жұмбақ емес. Жеңіл шарттар. Әрі ханзаданы көп қинағым келмейді.

Күмісқас:  Үшінші шартың?

Алтынқас:  Үшінші шартым әлемді жын-шайтандардан құтқарыңыз демекпін.

Күмісқас:  Не дейсің?      

Алтынқас:   Күмісқас, түрің бұзылып барады ғой? Күмісқас?     

Күмісқас:  Мен бұдан әрі шыдай алмаймын! Шыдай алмаймын!

    Қарамық сол сәтте сырттарынан дуа жасап Алтынқас пен Күмісқастың тәндерін ауыстырып жібереді. Күмісқас кейпіндегі Алтынқасты Сұм мен Сұрқия торға қамап тастайды.

 

                                            Келесі көрініс.   

Алтынқас бейнесіндегі Күмісқас ханзадамен жолығады. (Алтынқасты ойнап жүрген актриса өзі ойнай береді...)

                        Барлығы сарайдың ортасына жиналады

Шайыр:  Аса қадірлі Алтынқас ханшайым! Ханзада сіз қойған шарттарды орындауға әзір!

Күмісқас: (бірте-бірте жезтырнаққа айналып бара жатқан Күмісқас  кей сәттерді ұмыта бастайды) Апыр-ай, Алтынқас қандай шарт  қойды екен..?

Ханзада:  Бірінші шартыңызда жасырған жұмбақтың жауабы мынау болар.                     

Аққу алып келеді

Күмісқас:  Мұнысы несі? (тоты құс қасына келеді) Аққу? Аққуды неге әкелді?  Аққу, аққу...

Тоты құс:  Аққу, аққу, махаббат құсы – аққу...

Күмісқас:  (өзіне-өзі)  Иә, есіме түсті.  Махаббат құсы - аққу!

Ханзада:  Қуаныштымын, ханшайым! Екінші шартыңыздың жауабы міне!

Кітап көрсетеді

Күмісқас:  Бұл не?

Ханзада: Кітап!

Күмісқас:  Кітап?

Тоты құс:  Кітап, кітап, ақылдың кілті – кітап...

Күмісқас:  Иә, ақылдың кілті – кітап!

Шайыр:  Бұл жолы да жауабын тоты құс айтты. Бұл қалай болғаны? Ханшайым өзі қойған шарттарды ұмытып қалған ба? Ханшайым өзі жауап берсін.

      Сұрқия шайырды нұқып қалады. Шайыр не болғанын ұқпайды.

Ханзада:  Алаң болмаңыздар! Бұл өте ақылды құс екен! Ханшайымның не ойлағанын айтып бере алатын қасиеті бар. Оған сарайға келген кезде куә болдым. Ханшайым,  тоты құсым ойымды өзімнен бұрын айтып қояды дегеніңізге енді көзім жетті!

Қарамық: Иә, ол өте ақылды құс. Алтынқастың ойындағысын айтып бере алады. Ханшайым тоты құсының өнерін көрсету үшін әдейі ұмытқан болып отыр.

Шайыр:  Қандай ақылды құс!

Тоты құс: Қандай ақылды құс!

Ханзада: Үшінші шартыңызды қойыңыз, ханшайым?

Күмісқас: Үшінші шартым, әлемді жын-шайтандар... (Сасқалақтаған Қарамық Күмісқастың аузын Сұмның қолымен жаба қояды.)

                           Үнсіздік.  Қарамық аярлыққа салады.

Қарамық:  Ханзада, қандай ақылды жансыз! Сіздің парасатыңызға тәнті болдық. Ақылыңыздың нұры бүкіл сұлулық патшалығын нұрландырып жіберді. Таңқалғанымыз сондай Алтынқас ханшайымның да сөйлеп тұрып тілі байланып қалғандай. Нағыз ғашықтық деген осы болар. Ханзада, бастапқыда қызым үшінші шартын менің айтқанымды жөн санаған еді. Себебі бұл шартты айту қыз балаға ыңғайсыз әрі ұят болып саналады. Солай ма, Алтынқас?

(Күмісқас басын изейді)

Ханзада:   Олай болса айтыңыз, шешей. Құрсағыңыздан шықпаса да, құшағыңыздан шыққан перізентіңіз. Құлағым сізде.

Қарамық:  Алтынқас ханшайымның үшінші шарты мынандай! Әлемді жын-шайтандар билеп кетпес үшін (әлемді жын-шайтандар... -Күмісқастың айтылмай қалған сөзі) ол сізбен күн мен түн теңелген кезде некесін қидыруды қалайды! Егер күн мен түн теңелген кезде некесі қиылса, жаңа күн жақсылықпен басталып бақытты боламын деп санайды. Жын-шайтандар жер бетінен жоғалады. Әрі бүкіл адамзатқа  тек бақытты күн туады. Оған өте аз уақыт қалды.

Ханзада: Қуанып тұрмын. Әйтсе де асығыстық – шайтанның ісі.

Қарамық:  (аярлыққа салып) Көпті көрген ана едім. Баршаңызға бақыттан басқа тілерім жоқ. Ханзада, егер күн мен түн теңелгенде неке қиып үлгермесеңіздер, асыл сезімдеріңіздің арасына шайтан кіреді. Бақытсыз боласыз. Солай ма, қызым?   

(Күмісқас басын изеп құптаған ниет танытады)

Ханзада: Не десем екен?

Қарамық:  Ер жігіт асыл жарының тілегін аяққа таптамас болар. Алтынқас ханшайымның шарты осы. Егер көңіліңізде ханшайымға деген салқындық болса құп алмай-ақ қойыңыз.  Қыз жүрегінің қалауы сіздей құдыретті жанға осыншалық ауыр тиетінін білмеппіз. Махаббатының жолында құрбан боларлық ерлік күткен едік сізден! Айтылар сөз айтылды. Осымен доғарайық! Ханшайым ханзадаға жар болудан бас тартады.

Ханзада: (сасқалақтап) Сүйектен өтер сөз айттыңыз шешей. Сірә мен де бір сәт бақыттан басым айналып есеңгіреп қалсам керек. Ғашық жанда ес бар ма? Сапарымның сәтті болғанын қалай сезбей тұрмын. Дінбасын шақырыңыз. Некемізді қисын.

               Дінбасы келеді

Қарамық: (өзгере қалады)  О, жаратқан!  Ханзада мен Ханшайымды бақытты ете гөр! Ақсақал-дінбасы, асыға көріңіз. Аз ғана уақыт қалды. Дұғамыз қабыл болғай.

                                              Неке қию рәсімі

Дінбасы:  Уа, он сегіз мың ғаламның ақылы мен көркіне айналған жарандары! Күн мен түн теңесер сәт жақын қалды! Жаңа күн келеді! Бар дүние жаңарып, жамандық біткен жерге енеді. Көктен періштелер түсіп жаңа күн, жаңа жыл басталады! Адамзат баласы өкпе-реніштен арылып, бір-бірімен қайта қауышады.  Бұл күнде бастаған іс баянды болмақ! Жаңа күнді жұптасып бастауды ниет еткен жандарға жақсылық келсін.

Қарамық: Асыға көріңіз, ақсақал. Асыға көріңіз.

Дінбасы: Жаратушының жазуымен қос ғашық көңіл қосты. Қасиетті некеге куә болайық!

Қарамық:  Тездетіңіз дінбасы, тездетіңіз.

Дінбасы:  Неке шарты бойынша ең алдымен қалыңдық қасиетті кітаптың атын айту керек. Ханшайым, қасиетті кітап қалай аталады?

Қарамық: (жанталасып) Сұм, Сұрқия, ең қиын сынақ осы. Қапы қалмаңдар!

Күмісқас:  (не айтарын білмейді) Қасиетті кітап...

Дінбасы: Айтыңыз, ханшайым.

Күмісқас: Қасиетті кітап...   Қасиетті кітап...

Дінбасы: Ханшайым, егер сіз ол сөзді айтпасаңыз, қасиетті кітап ашылмайды. Қасиетті кітап ашылмаса, неке де қиылмайды.

Қарамық: Дінбасы, ханшаймға ойлануға мұрсат беріңіз.

Дінбасы: Жоқ, болмайды. Қасиетті кітаптың атын әр адам тілі шыққаннан бастап білуі тиіс!

Күмісқас: (сасқалақтап)  Қасиетті кітап – шежіре!

Дінбасы: Дұрыс айтпадыңыз. Қасиетті кітап ашылмады.

Күмісқас:  Қисса!

       Сұм мен Сұрқия кітапты ашуға әрекеттенеді бірақ  қасиетті кітапқа жолай алмайды. (Бұлар жындар болғандықтан, адамдардың көзіне көрінбейді.)

Дінбасы: Жоқ! Дұрыс емес. Ханшайым, үшінші рет қате айтсаңыз кітап мүлде ашылмайды. Қайталап сұраймын. Қасиетті кітап?

      Есі шыққан Күмісқас құлап бара жатқанда Қарамық демеп қалады.

Қарамық:  Ақсақал-дінбасы, махаббаттың буына басы айналған ханшайым есеңгіреп қалды. Бақшаға шығып, сәл тыныстап алуына мұрсат беріңіз.

Асығып Күмісқасты жетелей жөнеледі.

Күмісқас: Шеше, мен ол сөзді бұрын білетін сияқты едім. Бірақ айта алмаймын. Еріксіз басқа сөздер айттым.

Қарамық: Әрине, айта алмайсың. Адамзаттың  қасиетті кітабының атын айтуға жын-перілердің тілі келмейді.

Күмісқас:  Енді не істейміз? Уақыт болса өтіп барады.

Қарамық:  Некенің мұндай шарты барын бұрыннан білгенмін. Бізге енді тоты құстың көмегі қажет. Былай жасаймыз. Соңғы амалымыз ғана қалды. Қасиетті кітаптың атын Алтынқас біледі. Мен тоты құсты Алтынқасқа алып барып оған алдап айтқызамын. Қасиетті сөзді тоты құс жаттап алады. Содан кейін сен үшін тағы да тоты құс жауап береді.

                       Қарамық тоты құсты алып Алтынқасқа келеді.

Қарамық:  Алтынқас, есіңді жи қызым. Мен сені құтқаруға келдім.

Алтынқас:  Мен қайдамын? Мені мұнда кім әкелді? Күмісқас қайда?

Қарамық:  Сарайға жындар кіріп, сені дуалап торға қамап тастады. Сен енді қасиетті кітаптың атын айтпасаң, тордың есігі ашылмайды.

Алтынқас:  Құтқара көріңіз шешей!

Қарамық: Құтқарамын қызым, құтқарамын. Тек қасиетті кітапты айтшы?

Алтынқас:  Қасиетті кітап – құран.   

Қарамық:  Қайталап айтшы. Тоты құсыңа үйретші.

Алтынқас:  Қасиетті кітап – құран. 

Тоты құс:  Қасиетті кітап – құран.    

             Қарамық тоты құсқа бірнеше рет айтқызады да, Алтынқасқа қарамай шыға жөнеледі.

Алтынқас: (жанұшыра айғайлайды)  Шеше!

Тоты құс арт жағына жалт қарайды.

Қарамық  Күмісқасты демеген болып  тоты құс екеуін ортаға алып келеді. Сұрқия тоты құстың құлағын басып тұрады.

Қарамық:  Ханзада,  ғашығыңыздың халі мүшкіл. Ғашықтықтан ауыр дерт бар ма, ханшайымның тілі байланып қалды. Тезірек некесін қидырмасаңыз, о  дүниеге аттанып кетуі де мүмкін. Сондықтан қасиетті кітаптың атауын  тоты құсқа айтуға рұқсат беріңіз. Басқа амал жоқ. Жүрегіміз енді жүз рет соққаннан кейін  күн мен түн теңеледі.

Дінбасы: Жоқ, о не дегеніңіз? Ханзада қызбен емес құспен некелеспек пе?

Қарамық: Қандай қатыгез едіңіз! Ханшайым көз жұмса қайтесіз!? Некесі  қиылса некенің құдыретімен ханшайым жайнап шыға келер еді. Сеніңіз маған!

Ханзада: (жанталаса) Ханшайымның ойындағысын тоты құсының айта алатынын бәріміз білеміз. Айтқызып көріңіз. Бәлкім қасиетті кітап ашылар. Басқа амал жоқ. Көріп тұрсыз ғой. Әйтпесе ханшайым көз жұмуы мүмкін.

Дінбасы:  Бұл неке шартына қайшы болады. Мүмкін некені күн мен түн теңелгеннен кейін қиярмыз?

Ханзада:  Уағызды кейінге қалдырыңыз. Егер ханшайым көз жұмса сіздің әрекетіңіз де дінге қайшы болар? Ақсақал, сізге сауап жазылсын. Ханшайым көз жұмса ештеңенің мәні қалмайды.  Тездетіңіз.

Қарамықтың меңзеуімен Сұм Күмісқасты көтеріп көлденең ұстап алады.

Қарамық: Міне, қараңыздар! Ханшайым о дүниеге аттанғалы жатыр.

Жындарды көрмейтін адамдар ханшайымның денесі ауада қалқып тұр деп ойлайды.

Дінбасы:  Астафиралла!

Көпшілік: (шошынған, таңырқаған дауыстар) Ханшайым ауада қалқып тұр. Жаны шығып барады. Сақтай гөр, Жаратқан!

Қарамық: Ақсақал тездетіңіз.  Әйтпесе ханшайымның жаны ұшып кетеді. Күн мен түн теңелейін деп қалды!

Дінбасы:  О, жаратқан! Кешіре гөр!

Дінбасы бастаймық деген ишарат жасайды. 

Дінбасы: Қасиетті кітап қалай аталады?

       Сұрқия тоты құстың құлағын аша қояды.  Бәрі тоты құсқа қарайды. Тоты құс үндемейді.

Сұрқия қатты нұқып қалады

Тоты құс:  (жанұшыра айғайлап Алтынқастың соңғы сөзін айтады)  Шеше!  (Сұрқия шошып кетеді)

Дінбасы:   Жақсы сөз. Бірақ қасиетті кітап ашылған жоқ.

Шайыр:  (шыдамай килігіп)  Күмісқас ханшайым қайда? Бәлкім сол айтар.

Тоты құс:  Күмісқас ханшайым қайда? Бәлкім сол айтар.

Қарамық:  Ей, жексұрын, дұрыстап айт!

Тоты құс: Ей, жексұрын, дұрыстап айт!

Дінбасы:  Не дейді?

Тоты құс: Жексұрын! Дұрыстап айт!

Дінбасы:   Мына сүйкімсіз құс маған тіл тигізді!

              

           Осылай шатасып тұрған кезде күн менен түн теңеліп кетеді. Қуанышқа толы музыка беріледі. Көктен періштелер түседі. Осы сәтте неке дұғасы басталмағандықтан Қарамық пен Күмісқас аласұрып құйын тәрізді қимылмен қорқынышты күйге түседі. Қарамық дөңгеленген сайын сыртқы киімдерін шешіп жезтырнаққа айналады.Сұм мен Сұрқия екеуін жетектеп алып кетеді. Күмісқас Алтынқаспен орын ауыстырады. Осы кезде тоты құс та елеусіз сахнаның артына барады. Абыр-сабыр болып жатқан адамдар мұны байқамайды.

 

Дінбасы:  Уа, жарандар! Күн мен түн теңесті! Жаңа күн келді!  Жаңа жыл басталды! Әлемге жақсылық келді, жамандық жерге енді! Құтты болсын!  Наурыз! Наурыз! Жаңа күн ханшайымның дертіне шипа болсын! Бақыт әкелсін!  Ханшайым қайда? Апыр-ай, ханшайым қайда кетті?

Ханзада:  Ханшайым, ханшайым! Жаңа күн келді! Күн мен түн теңесті! Қайдасың, ханшайым!? Әлде бізді тастап кеттің бе?  Мен сені о дүниеге де іздеп барамын.

 

         Сахнаның бір шетіндегі Алтынқас қамалған тор өздігінен ашылып кетеді. Ханшайым жүгіріп шығады.

 

Алтынқас:  Ханзада,  мен мұндамын!

Ханзада: (аң-таң) Қасиетті кітапты білесің бе?

Алтынқас:  Қасиетті кітап – құран!

Дінбасы:    Қасиетті кітап ашылды!

Ханзада:  Асылым менің, аяулым менің! Алтынқасым, жан жарым!

Алтынқас:  Күмісқас!  Көгершінім, қайдасың!?

               

 

       Тоты құстың киімін киген Күмісқас келеді. Сахналық костюмын шешкенде нағыз Күмісқас шығады.  (Бұл Күмісқасты ойнаған актриса.) Шайыр қарсы жүреді.

                                              

 

                                                  Финал.  Хор.   

 

Наурыз нұрлы - жаңа күн, жақсылықтың бастауы.

Бар дүние тазарып, нұрланған көк аспаны.

Бөлеп мейрім - шуаққа, жаңа күн төккен шапағат,

Бар тіршілік иесін, баураған асыл махаббат!                                                  

                                              

 

                                               Шымылдық

«Махаббат хикаясы»  Авторлық құқұғы қорғалған. Автордың рұқсатынсыз пайдалануға заңмен тиым салынған.

Байланыс телефоны: 87013941150  Email:   kanat_zhunusov@mail.ru

                        

 

 

 

 

 

                                                                      

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Leave a comment:
Captcha