One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Исраил Сапарбай


Исраил Сапарбай - 1942 жылдың 15 мамырында Өзбекстан Республикасы Самарқан уәлаятының Құшрабад ауданында дүниеге келдім. Орта мектепті Жетісай ауданының Тельман атындағы колхозында бітірдім. 1969 жылы Шымкент педагогика институтының филология факультетін тәмамдадым. 197О-1983 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасында, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінде, Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінде қызметте болдым. 1983 жылы Алматыға қоныс аударып, «Жалын», «Жазушы» баспаларында, «Қазақ әдебиеті» газетінде және «Қазақтелефильм» студиясында қызмет атқардым. 1998=1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде, ҚР-ның Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінде дипломатиялық қызметте болдым. 2ОО1-2ОО2 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында тұңғыш рет шығарылған «Иман» діни=рухани жұрналын басқардым. 2ОО5-2ОО7 жылдары М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында әдеби кеңесші қызметін атқардым.

                                    

Шығармаларым

 

Поэзия: «Аққу арман», «Раушанғұмыр», «Бозқараған», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Қызыл жел», «Қызыл=жасыл дүние», «Бармақтай бақ», «Ғашықтың тілі», «Махаббат пен Ғадауат», «Сенің туған күніңе», «Жүз бір түн», «Түңгі әуендер», «Балауыз шам», «Махаббат маусымы», Үш томдық өлеңдер таңдамалы жинағы, «Өзімді саған сыйладым», «Өкінбеймін, шақырмаймын, жыламан» /С. Есенин өлеңдерінің аударма жинағы/, «Бір тамшы көздің жасындай», «Рух мейманасы», «Сағыныш сазы» әндер жинағы.

Драматургия: «Ауылдан келген ару», «Әмір Темір», «Абай—Тоғжан», «Махаббат пен Ғадауат», «Сыған серенадасы», «Мәжнүн» /«Қыз мұңы»/, «Қақпақыл», «Кемпір алып қашу», «Періште», «Жаға мен Су», Адам ата—Хауа ана», «Сен ертең өлесің!».

Аударма: «Наурызнама»/Омар Хайам/, «Әмір Темір аманаты», «Сәлемдеме»/Джордже Катич/, «Имам Исмаил Бұхаридың «Ақиқи хадистері», «Лұқпан хакім»/аңыз, афсана/, «Мың бір сауал»/Құранды тәпсірлеу/,«Бір тал гүл»/Әбдірахим Пратов/, «Қызыл алма»/Еркин Құшуақтов,драма/, Пушкин, Есенин, т.б. жинақтары мен топтамалары.

Әндер мен ән мәтіндері: «Сағыныш сазы»/ән жинағы/ және 3ОО-ден аса өзге композиторлар мен сазгерлердің әндеріне жазылған ән мәтіндері.

Кемпір алып қашу

/диалог—драма/

 

 

Кейіпкерлері:

Кейуана — 60-65 жаста

Пазыл — 40-45 жаста

Пәтима — 30-35 жаста

Насыр, Назира — жас жұбайлар

Көрші кемпір — 70-75 жаста

Көрші қарт — 60-65 жаста

Ақсақал — 65-70 жаста

Нұрхан — 7-8 жаста, екі полиция

Исламбек—35 жаста

Альберт—50 жаста

 

/Оқиға үлкен бір қалада өтеді/

 

 

 

 

 

 

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бірінші сахна

Аула. Кейуана мен Көрші кемпір. Кемпір қанден күшігін қарғыбауынан босатып жібереді. Қанден арсалаңдап Кемпірдің асатаяғын алып қашады, олай-былай жүгіреді.

КЕМПІР: — О, тоба! Бұған да еркіндік керек. Бұған да үйдің іші қапас түрме. Тайраңдауын қарашы құйрығын қайқайтып алып! Қыңсылап, жер тырмалап болмаған соң... Біраз ойнасыншы деп... Қалай, Кейуана, қалаға үйреніп қалған шығарсың, ендігі?

КЕЙУАНА: — Е, үйренбегенде қайтуші едім?.. Маған немере ермек, саған мына күшік ермек. Анау балаң мен келініңе айтпайсың ба, немеремді қолыма беріңдер деп? Әйтпесе, жалғыздан-жалғыз...

КЕМПІР: — Қайдағы бала? Қайдағы немере?! Анау керауыз неме екеуін де бауырына басып алып... тіріде жіберсін бе?!

КЕЙУАНА: — Керауызың кім еді тағы? Келініңді айтамысың? Өзі көргенді жердің қызы-ау деймін, былай, сәлемі түзік.

КЕМПІР: — Көргенді жердің? Өй, әдірем қалсын, әдірем қалғыр неме! Сен де кісі таниды екенсің, тәйірі!

КЕЙУАНА: — Қайдан білейін, «Здрасти, апашка!» деген сайын «Здрәсті, қарағым, здрәсті» деп қауқылдап қалғаным болмаса...

КЕМПІР: — Ой, әдірем қалсын, әдірем қалғыр! Жөйттің жулигі ғой, жулигі! Түсі күліп тұрғанымен, іші жылап тұрады қу сайқалдың.

КЕЙУАНА: — Қой, күпірлік қылма, уыздай келініңді сайқал деп. Оның үстіне аяғы ауыр ма деп қалдым...

КЕМПІР: — Жарайды, сайқал демей-ақ қояйын, бірақ бар ғой, қулығына құрық бойламайды. Баламның басын шыр айналдырып алған. Бірі доңыз, бірі мегежін болмаса, қалада тұрып...баланы үсті-үстіне тоғыта бере ме?

КЕЙУАНА: — Апырмай, аузыңа ие болсаң етті? «Балалы үй – базар» демекші, әр баланың несібесі Алладан. Оның үстіне апта сайын келіп тұрады өздері жетектесіп... Жағдай сұрап, жай біліп...

КЕМПІР: — Қайбір емешегі үзіліп тұр дейсің. Оларға мен емес, үй керек, білдің бе, мына үй керек! Ал мен әлі тірімін. Құдай алатын емес. Мына қара күшігім аман болсын... Әй, таяғымды қайда әкетіп барасың? Қарашы мұны, құйрығын қайқайтып алып! Әй, әкел деймін ана таяқты? Е, бәсе деймін-ау, тіл алғыш өзі...

КЕЙУАНА: — О, тоба! Орысшаны қашан үйреніп жүр, қаршадай болып?

КЕМПІР: — Енді сөйлеуі ғана қалып тұр. Әлі жас қой, әйтпесе...

КЕЙУАНА: — Сонда қалай, сөйлеуге де үйретпексің бе?

КЕМПІР: — Ойбай-ау, Тоты құстан мұның қай жері кем? Тіпті, Қарға да өз атын айтады ғой – қарр...қарр...

КЕЙУАНА: — Біз де ит асырап көріп ек, ауылда... Бірақ, арпылдағаны болмаса...

КЕМПІР: — Таңданбайтын нәрсеге тандай қағады екенсің, тәйірі! Қарға мен итті былай қойғанда, қазақтар да орысша сайрап кетті емес пе, өз тілін тастай салып!..Анау балаң, келінің, немерең...

КЕЙУАНА: — Қой әрі! О несі-ай, орысша деп? Сенің көргенің де, білгенің де қала қазағы ғой. Құдайға шүкір, ауыл...

КЕМПІР: — Ауыл, ауыл!.. Кеше ғана бір депутат сайрап тұр «ауылда қазақ қалмады» деп. Дұрыс айтады – көшеге шықсаң, қаңғырып жүрген қазақ. Кемпір екеш сен де, міне, өнер бастап, ауылды тастап...

КЕЙУАНА: — Ойбай-ау, мен келсем, жалғыз балама... Маңдайыма басқан әлгі... анау немереме...

КЕМПІР:  — Қалай десең олай де! Қала қазақтарға қол емес. Қандарың бұзылып барады, әркіммен бір шатысып, әркіммен бір шатасып... Одан да отырмайсыңдар ма анау далада — мал өсіріп, жан бағып?

КЕЙУАНА: — Әй, маржа! Неше жерден білгіш болсаң да, бұл енді сенің шаруаң емес! Құдайға шүкір, патшамыз бар, басқамыз бар дегендей. О несі-ай, қала, дала деп...

КЕМПІР: — Ә, қытығыңа тиіп кетті ме? Әншейінде «мал-жан аман ба?» дейсіңдер. Сөйтесіңдер де жапатармағай қалаға қашасыңдар, астарыңнан су шыққандай... Талағың тарс кетсе де айтайын – қазақтың қаны далада, қаладан қазақ садаға! Білдің бе?

КЕЙУАНА: — Өйдөйт деген, ішің толып қалған білем, қай тесіктен шығарарыңды білмей... О несі-ай, қарадай ұрынып? Байқап сөйле! Күнә болады...

КЕМПІР: — Айтқаным айтқан! Қазақсырап бара жатқан қала жоқ! Қаңғырып жүр ғой анау ұлың да, қызың да, көрінгенге құл, көрінгенге күң болып!

КЕЙУАНА: — Жақсы бағалайды, жаман табалайды. Қайдам, маржа, мен сенен қорқайын дедім. «Іштен шыққан...»

КЕМПІР: — «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дейтін де сенің қазағың. Көңіліңе алсаң да осы, алмасаң да осы! /орнынан тұра беріп/ Әне,

«Айтып ауыз жиғанша,

Келіп қалды Биғайша...» Келе жатыр қосақтасып-жұптасып. Үй іздеп, үйірінен безіп... Кеше мен бұларды ит қосып айдап шыққам ауладан. Қай қазаққа пана болып жарытам, өзім өлексемді әрең сүйретіп жүргенде!.. Әне, тұп-тура саған келе жатыр. Қарсы ал қазақтарыңды! Үйбай, белім-ай. Әй, қара неме, қайдасың? Күшікті айтам. Ит болмаса, адамнан қайыр-мейір қашқан ғой бүгінде. Әл-демім, дәрменім – Қанденім аман болсын, басқасына түкіргенім бар, түге!!!

 

 

Екінші сахна

 

Үй іші. Пазыл диванда шалқасынан түсіп газет оқып жатыр. Пәтима асүйде.

ПАЗЫЛ: — Не көп – газет көп. Қайсысына қарарыңды білмейсің. Оқысаң, білгеніңнен жаңылып қаласың, оқымасаң қарайып қаласың. Бірін-бірі қаралап, бірін-бірі жаралап жатқан біреу. /ана газетті бір қарап, мына газетті бір қарап жатып қалғып кетеді. Түсінде өзін көреді/

ӨЗІ: — Сол біреулерің кім өзі, анығырақ айтсаң болмас па?

ПАЗЫЛ: — Ә-ә... Біреулерің деймісің? Кім болушы еді, өзіміздің қазақтар да...

ӨЗІ: — Қазақтың бірі сен емессің бе?

ПАЗЫЛ: — Мен бе? Әрине, қазақпын, бірақ...

ӨЗІ: — Не бірақ? Әлде, күмәнің бар ма?

ПАЗЫЛ: — Неден?

ӨЗІ: — Қазақ екеніңнен?

ПАЗЫЛ: — Е, жоқ, ә...

ӨЗІ: — Ендеше неге қашқақтайсың?

ПАЗЫЛ: — Неден?

ӨЗІ: — Сұрақтан?

ПАЗЫЛ /жыны келіп/: — Сен өзі... сұрақтың астына алдың ғой...Тергеушідей...

ӨЗІ: — Әр адамның соты да, тергеушісі де өз ішінде болуы тиіс! Әйтпесе...

ПАЗЫЛ: — Әйтпесе не болады?

ӨЗІ: — Құдайын ұмытады. Құдайын ұмытқан адам Қуыршақ құдайға айналады.

ПАЗЫЛ: — Қуыршақ құдайға?

ӨЗІ: — Ия. Қуыршақ құдайлар Ібілістің жетегінде, Сайтанның етегінде жүреді. Сонымен, жауап бересің бе, бермейсің бе?

ПАЗЫЛ: — Ә-ә...Кімге? Саған ба? Не үшін?

ӨЗІ: — Сен, қазір, осы жатқан жеріңнен қарғып тұрып «Мен –қазақпын!!!» деп айтып көрші, кәне, мықты болсаң?

ПАЗЫЛ: — Оның мұнда не керегі бар екен? Сен мені...

ӨЗІ: — Немене, қорқасың ба, жоқ, ұяласың ба?

ПАЗЫЛ: — Ойбай-ау, енді, тапа-тал түсте...бала-шаға, көрші-қолаң бар дегендей...

ӨЗІ: — Міне, көрдің бе, айта алмайсың?! Өз үйіңде де, өзге жерде де!!!

ПАЗЫЛ: — Әй, авантюрист! Сен мені... сен мені провакацияға итерме, білдің бе? Қарашы-ай мұны?!

ӨЗІ: — Тым болмаса, сыбырлап айтшы? Өтінемін? Жалынамын? Кәне, кәне?..

ПАЗЫЛ: — Айттым ғой, мен сенің ақымағың емеспін деп?!

ӨЗІ: — Міне, міне, дәл осы даусыңмен! Көтеріңкі, былай!..

ПАЗЫЛ: — Біле-білсең, маған бәрібір! Қазір әпербақан айғайдың заманы емес. Керісінше, кім еді, әлгі...Көпбай ма еді, Кәкітай ма еді?.. «Бірің өліп, бірің қал...» дейтін? Сол айтқандай...

ӨЗІ: — «Күз келді ме, бәтір-ау, неге тоңдым?

Тоңғаның рас, бозарып түсің де оңды.

Бірің тоңып, бірің қал, мейілдерің,

Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның!»

ПАЗЫЛ: — Иә, дәл өзі! Кәкітай екен ғой. Абайдың Кәкітайы. Сол айтқандай, айтысқандар алқынып, қырқысқандар қылғына берсін, менің шаруам шамалы!..

ӨЗІ: — Сонда қалай, қолында Құраны барға да, аузында ұраны барға да қосылмайсың ба?

ПАЗЫЛ: — Құранынды құптаймын, ал ұраным: «Ұр, тоқпағым, ұр, қай жеңгенің – менікі!»

ӨЗІ: — Демек, ешкімнің ішіне кірмейсің, ешкімге ішіңді бермейсің, солай ғой? «Қырық күн атан болғанша, бір күн бура бол» демейтін бе еді қазақ?

ПАЗЫЛ: — Қазақ айта береді. Ол заман әлдеқашан өтіп кеткен... Қазір тыңдауға да, таңдауға да уақыт жоқ. Атан да бол, бура да бол – қор болмайсың!

ӨЗІ: — Е... солай де! Мынау дүмі шолақ дүниенің арғы-бергісін түгел оқып қойғанмын десейші?! Ал енді сол Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» дегенін қай құлағыңмен есітіп жүрсің? Әлде, Абай да айта бере ме?

ПАЗЫЛ: — Абайдай ақынға айту парыз. Сорлы болғанда, сол Абай да – қазақ. Ал қазақ айтқыш халық. Айтқыш адам қашанда тыңдауға құлықсыз. Басқаны былай қойғанда, екеуміз бір-бірімізді тыңдап отырмыз ба?

ӨЗІ: — «Іштен шыққан жау жаман», «Қазақтың жауы – қазақ»... Не боп кетті өзі? Сонда қазақ бір-бірін жақсы көрмей ме?

ПАЗЫЛ: — «Әр қазақ – менің жалғызым» депті тағы бір ақын. Ал мен айтар едім, «Жалғыздық – қасірет» деп. Һмм... Ақындар айтады да қояды, ал мына біздер – философтар айтқанын орындайды! Бар айырма осында!!!

ӨЗІ: — Қателесесің, бауырым, ақын философ бола алады, ал философ...

ПАЗЫЛ: —Па, шіркін! Қазір не көп – ақын көп. Атқан оғың ең кемінде екі ақынды етпетінен түсіреді!

ӨЗІ: —  «Қайран сөзім қор болды-ау,

Тобықтының езіне»...

ПАЗЫЛ: — Оттапсың! Ол мақалдың да күні озған. Бүгінгі трактовкасы: «Кедей бай болсам дейді,

Бай құдай болсам дейді». Болып та жатыр! Біліп қой, Жиырма бірінші ғасыр – Құдайлар ғасыры!!! Қазір аспанда да, жерде де құдайлар соғысы жүріп жатыр! Былайша айтқанда, аспандағы Құдайдан жердегі мұнай құдіретті! Ал сен...қайдағы бір ақындардың әуезесін алға саласың!.. /ауыз үйде кесе-аяқ шылдырлайды. Пазыл селк етіп көзін ашып алады. Есік тарс ашылады/.

ПӘТИМА: — Кіммен соғысып жатырсың? Үйдегі бүлік пен былық аздай-ақ...

ПАЗЫЛ: — Ә-ә... Әлгі...анау... Жоқ, өзіммен...

ПӘТИМА: — Өзіммен?

ПАЗЫЛ: — Иә, өзіммен... Қайда кетті өзі?.. /жан-жағына алақтайды/ Әлгі, неме?..

ПӘТИМА: — Бәріңе бірдеңе көрінген шығар бүгін! /о жер, бұ жерін ұстайды, маңдайына алақанын апарады. Үрейлене/ Екі көзің екі жаққа қарап кеткен бе, қалай өзі?

ПАЗЫЛ: — А-а... Не дейсің? /айна алдына жүгіріп барады/. Бір көзім саған... Бір көзім әлгіге қараймын деп...

ПӘТИМА: — Әлгің кім? Айтсаңшы, кісіні өлтірмей? Айттым ғой, бұлардың бәрін... Анау кемпір де... бүгін қайдағыны шығарып...

ПАЗЫЛ: — Апырай, көзім...шынымен-ақ атыс-шатыс қой? Ана...атаңа нәлет!..

ПӘТИМА: — «Әлгі», «анау»! Біз жоқта біреу-міреу... /диванның астын, киімілгіштің ішін қарайды/ Ұрғашы ма, еркек пе өзі?

ПАЗЫЛ: — Әй, сен де!.. Қайдағы ұрғашы?

ПӘТИМА: — Қайдан білейін... Шүйкебас көрсе шүйлігіп, ұрғашы көрсе ұйлығып қаласыңдар ғой осы. Ал енді бар ғой, қыз көрсеңдер... қырылып қаласыңдар ғой шеттеріңнен!

ПАЗЫЛ: — Көзім орнына келген сияқты, бірақ өзім... Әлгі мақалды білуші ме едің?..

ПӘТИМА: — Тағы қандай мақал?

ПАЗЫЛ: — «Көршінің қатыны қыздай,

Тауығы қаздай» деген мақалды?

ПӘТИМА: — Айттым ғой!.. Таппай қоймаспын! /терезе, балкондарды кезіп кетеді/

ПАЗЫЛ: — Болды, болды. Бұларға бірдеңе айтсаң, түймедейді түйедей ғып... Неменеге шақырып едің? Жәй ма, Пәтимаш?

ПӘТИМА: — Оны менен емес, анау менің қайыненем, өзіңнің шешеңнен сұра!

ПАЗЫЛ: — Біздің үйде екі-үш күнде ыдыс-аяқ шылдырлап, бірер шыны сынып тұрмаса... Апа-ау, қайдасыз? Мына келініңіздің келбеті келіспей тұрғаны... Әлде, Нұрхан бірдеңені бүлдірді ме? /ішкі бөлмеден Кейуана шығады/

КЕЙУАНА: — Жоқ, Нұрхан емес, бүлдіріп жүрген менмін, балам.

ПАЗЫЛ: — Қойыңызшы, aпa, сіз бүлдіретіндей...

КЕЙУАНА: — Қазір айтам. Кәне, балаларым, бері келе қойыңдар? Келінім, сен де... /Кейуананың бөлмесінен ерлі-зайыпты екі жас шығады/

НАСЫР: — Ассалаумағалейкум, аға?!

ПАЗЫЛ: — Әликсалам... /Назира иіліп сәлем береді/

КЕЙУАНА: — Айналып кетейін, ауыл баласы ғой – бірі ізетті, бірі ибалы...

ПӘТИМА: — Отағасының бөлмесіне «әлгі» мен «анау» кіріп кетеді, енеміздің бөлмесіне көшедегі кез келген кезбе...

КЕЙУАНА: — Пәтимаш-ау, бұлар...бұлар...

НАСЫР: — Кезбе екеніміз рас қой енді, апа...

КЕЙУАНА: — Жоқ! Кезбе, келімсек деп елі, жері, үйі, күйі жоқ адамды айтады. А л сендер...

ПАЗЫЛ: — Апа-ау, дұрыс қой енді... Бірақ мына Пәтимаш айтқандай «дала – қар, үй тар» демекші, өзіміз сыймай жатқанда...

КЕЙУАНА: — Оқасы жоқ! Көңіл кең болса, көмнет бәрімізге жетеді. Анау Нұрханның бөлмесін осыларға босатайық. Немерем менің қасыма жатады.

ПӘТИМА: — Фу! /тыжырынады/ Нұрхан қайтіп қасыңызға жатады? Мынауыңыз ауылбайский ғой енді! /бұрылып кетеді/

КЕЙУАНА: — Келін шырағым, мен де ауылдан келдім. Сендер шақырған соң. Мынау Пазыл да. Немене, балам жатқан бауырыма немерем сыймай ма?

НАСЫР, НАЗИРА /қосарланып/: — Aпa, біз үшін... Қап, ыңғайсыз болды-ау, біз кетейік, бәлкім, басқа жерден...

КЕЙУАНА: — Кетпейсіңдер! Сендер кетсеңдер, мен де кетем! Бірге іздейміз, әлгі немене еді... кібәртірәні!

ПАЗЫЛ: — Апа-ау, мұныңыз не енді, жоқ жерден...

ПӘТИМА: — Буынсыз жерге неге пышақ ұрасыз? Үйіміз кеңсарай болса бір сәрі. Бар болғаны аядай үш-ақ бөлме... Жоқ, болмайды! Нұрлан жата алмайды сізбенен!

КЕЙУАНА: — Онда ма, онда... менің балам да жата алмайды сенімен, білдің бе?! О несі-ай!? Солай ма, балам?

ПАЗЫЛ: — Апа, былай, енді, келініңізді де тыңдау керек шығар...

КЕЙУАНА: — Жарайды, маған да орын жоқ екен бұл үйде. /киімдерін буып-түйе бастайды/

ПӘТИМА, ПАЗЫЛ /қосарланып/: — Нұрханға кім қарайды сонда?

КЕЙУАНА: — Білгем, білгем, маған емешектеріңнің үзіліп тұрмағанын. Нұхан үшін шақырдыңдар, мен де немерем үшін... Әйтпесе... Қайран, қара шалым-ай, сен қасымда болсаң, бұлайша... /отыра қалып жылайды, жылау жоқтауға ұласады/:

— Баланың сөзі анадай,

Келіннің сөзі мынадай.

Қара да басым қалған соң

Қайтейін енді жыламай?

Келіннің сөзі мынадай,

Баланың сөзі анадай.

Қай жаққа кеттің, әкесі-ау,

Алды-артыңа қарамай?

Ананың көңілі балада,

Баланың көңілі далада.

Қаңғыртып мені қалаға

Жатырсың қайтіп молада?

Қайран да қара шалым-ай... /екі жас не кетерін, не қаларын білмей үрпиіседі. Пәтима жүгіріп шығады/

ПӘТИМА: — Ужас!!! Жылағаны несі? /Пазылға/ Жұбатсайшы мына шешеңді? Көршілерден ұят болды-ау!.. /тызақтайды/

Пазыл: — Апа, апа-ау, мұныңыз не? Тұрыңыз орныңыздан! Біреу-міреу көрсе не дейді, құдай-ау? /Көрші қарт әуелі есіктен сығалап, жылп етіп ішке кіреді/.

КӨРШІ ҚАРТ: — Апырай, біз жоқтау естімегелі қай заман... Кейуана...кәдімгідей-ақ сұңқылдап отыр ғой? Шалы түспегірі қашан қайтып кетіп еді? Әй, дегенмен, маңдайының бағы бес елі екен сабаздың! Артында жоқтайтын адамы қалған. Мына бізді айтсайшы – не кете алмай, не жете алмай...

ПӘТИМА: — Мына кісі не тантып отыр?! Сізді кім шақырды? Өзіміз-ақ жұбатып аламыз! Ене, тұрыңыз! Әлдеқашан сүйегі қурап қалған адамды жоқтап... Қас масқара болдық-ау мына ел-жұрттың алдында... Тұрыңыз деймін?! Әйтпесе...

КӨРШІ ҚАРТ: — Әйтпесе мына шалға қосақтай саламын десейші, қарағым-ау?

КЕЙУАНА: — Қазымыр сендей қақпастың

 

 

 

Қасында тірі жатпаспын!

Жеті айналсам-дағы жер үстін

Өзіңдей жанды таппаспын,

Қайтейін, қара шалым-ау, ойбай!

КӨРШІ ҚАРТ: — Өлтірді деген осы! Бұл кемпірдің бетін қайтару үшін сеңсең тон киіп, сақал жіберіп, мына басқа сәлде орау керек шығар, ә?..

КЕЙУАНА: — Келіннің өзі келгендей, Баланың өзі болғандай. Жаныңа барып жатсамшы, Қалада мынау қор болмай, Қайран да қара шалым-ай, үйбай!

КӨРШІ ҚАРТ: — Па, шіркін! Енді екеуіңді бірдей сұлатып салды! Бір оқпен!!! Сөзі мірдің оғындай екен, қалай-қалай жоқтайды, ә?! Кейуана, тағы да? Әрі қарай?!

ПАЗЫЛ: — Ой, сіз де бір! Қайдағыны оттап!..Үйіңізге барыңыз! Мыналар ғой бәрін бүлдірген?! Сендер де жоғалыңдар, түге!!!

 НАСЫР: — Иә, ағасы, бізден болды, кешіріңіз...

НАЗИРА: — Кетсек кетейік... Апа, сау болыңыз?!.

КЕЙУАНА: — Жоқ, кетпейсіңдер! Қаласыңдар!!!

ПӘТИМА: — Жоқ, ене, қалмайды бұлар! Шалыңызды жоқтап болсаңыз, сіз де бөлмеңізге барыңыз!

ПАЗЫЛ: — Иә, сүйтіңіз, апа. Көктем шықса, шалыңыздың, то-есть, әкеміздің басына барып қайтармыз...Сағынып қалғансыз білем...

КЕЙУАНА: — Ал сен ше? Тасбауыр болмасаң, неше жыл өтті?

ПАЗЫЛ: — Апа-ау, қол босамай жатыр ғой... жұмыстан...

КЕЙУАНА: — Ендеше мен де кеттім!

ПАЗЫЛ: — Қайда, апа?

КЕЙУАНА: — Өзім білем... /Осы кезде Нұрхан алқын-жұлқын есіктен кіріп келеді/

НҰРХАН: — Әже, қайда барасыз? Ауылға ма? Мені де ала кетіңізші? /бауырына кіріп, мойнына асылады/

КЕЙУАНА: — Құлыным десе! Өкпе-бауыр жұлыным десе! Сен болмасаң, қайтсін мені мыналар...

ПӘТИМА: — Барсаңыз барыңыз, бірақ Нұрханды...

ПАЗЫЛ /аузын баса қойып/: — Тсс. Біз кетейік бұл жерден... /екеуі шығып кетеді/.

КЕЙУАНА: — Ауылға дейсің бе? Барамыз, барамыз, құлыным. Қаладан қашып шықпасақ, мыналар жібермейді. Аптастансаға барамыз, аптабозға отырамыз. Тұп-тура ауылдың өзіне апарады. Екеуміз Құран бағыштаймыз атаңның басына барып. Үйде бір дорба асық тұр, сары дейсің бе, қызыл дейсің бе, түрлі түске боялған! Қорғасын құйған сақа да бар, айтпақшы. Одан жалықсаң, балалармен бірге көлге шомыласың, балық аулайсың...

НҰРХАН: — Әже-ау, сабағым бар ғой, оны қайтем?

КЕЙУАНА: — Айтпақшы, кәнікөлің қашан еді? Құлынтайым-ау менің! Сабағым бар дейді. Бұл да бос емес. Сабағыңнан да, өзіңнен де айналдым-ау, әншейін...

 

 

Үшінші сахна

 

Үй іші. Түскі уақыт. Шағын бөлмедеКейуана, Насыр, Назира. Азын-аулақ дастархан мәзірі.

КЕЙУАНА: — Дәмнен ала отырыңдар, қарақтарым. Шәй суып қалған жоқ па?

НАЗИРА: — Мен қазір, aпa... /шәйді жаңалап әкеледі. Насыр есік жаққа алаңдай береді/

КЕЙУАНА: — Үрікпей-қорықпай отырыңдар, олар кешке бір-ақ келеді. Нұрхан сабағына кетті.

НАЗИРА: — Ой, апа, кеше Сіз болмаған да, кім біледі, тағы қай көшеде қаңғырып жүрер едік...

НАСЫР: — Шынында да, бізді құтқардыңыз, апа. Әйтпесе, әбден табанымыздан таусылып...

КЕЙУАНА: — Десе де мені мақтайтын жөндерің жоқ. /күліп/ Әуелгіде әзілдеймін деп, жоқтауым шынға айналып кетті-ау деймін...

НАЗИРА: — Әрең деп жұбатып алдық емес пе өзіңізді.

НАСЫР: — Нұрхан келіп қалмағанда, кім біледі, бұл жерде бүйтіп отырар ма едік, отырмас па едік... /бәрі де мәз болады/

КЕЙУАНА: — Иә, дұрыс айтасың, балам. Мен де сендермен кетіп қала жаздап...

НАСЫР: — Әзіліңіз қайсы, шыныңыз қайсы, ешкім де ештеңені ұға алмай қалды-ау деймін, шамасы.

НАЗИРА: — Бәрінен де ана Көрші шалды шалқасынан түсіргеніңізді айтам да!

КЕЙУАНА: — Соны айтам-ау. Шалымның бір тал шашына тати ма екен өзі, қараңқалғыр.

НАСЫР: — Ойбай-ау, жетіп келді емес пе, Сіздің дауысыңызды естіп?

КЕЙУАНА: — Мені ән айтып отыр деп қалса керек, шамасы. Есектің қодығындай болып алып дәмесін қарай гөр өзінің!

НАЗИРА: — Келініңізді қайдам, балаңыз қызғана ма деп қалдым, «кет-кеттің» астына алып болмады ғой, тегі.

КЕЙУАНА: — Қызғанса қызғанатын шығар, сөзіңнің жаны бар, қызым. Әнеу күні деймін-ау, ана қаңбақ шалды айтамын, әлгі жөйіт кемпір екеуміз есік алдында отыр едік, арамызға әй-шәй жоқ отыра кетті де ананы бір сапырып, мынаны бір сапырып, ақыр соңында біреуімізге қыдыңдап, біреуімізге қырыңдап әлек болды да қалды, әліне қарамай!..

НАСЫР: — Кемпірі жоқ-ау деймін, әйтпегенде...

КЕЙУАНА: — Өй, әдірем қалсын! Не аузында мақалы жоқ, не иегінде сақалы жоқ... Өткен аптада келінім мен балама қоймай айтып жүріп Шалға Құран оқытып, бата бағыштайын деп үйге шақырдым емес пе. Бата түгілі бет сипарға дәнеңе таппай айдалаға қаңғып ала жөнелгені. Біздің Шал, оның қасында, атқа мінгендей екен ғой, енді байқасам...

НАСЫР: — Атаны сағынып жүрсіз-ау деймін?

КЕЙУАНА: — Кім біліпті, қарағым, түске ене берген соң ғой шелпек пісіріп, Құран бағыштап жатқаным...

НАЗИРА: — Балаңыз, ағамызды айтам, атаға ұқсай ма?

КЕЙУАНА: — Ұқсайтыны ұқсайды-ау, бірақ шалы түспегір ерте қайтып, бұл қолыма қарап қалды емес пе.

НАСЫР: — Жалғызыңыз екен ғой...

КЕЙУАНА: — Иә, балам. Содан ба, иі жүмсақ, ергіш, көнгіш. Әке тәрбиесін алған бала олай болмаса керек еді. Келін де мұнысын әбден біліп алған.

 

НАЗИРА: — Ауылға барып тұратын шығарсыздар?

КЕЙУАНА: — Қайдағы! Қақсай-қақсай қойдым. Жаз келсе болды демалыс алады да екеуі шетелге қаңғырады да кетеді. Нұрханды да қалдырмайды. Үй қорып мен қаламын.

НАСЫР: — Апа?..

КЕЙУАНА: — Жә, болды. Сауалды енді мен қоямын, жауапты сендер бересіңдер. Өздерің қай бала болдыңдар?

НАСЫР: — Біз мына Қордайданбыз, апа, келініңіз Семейден.

КЕЙУАНА: — Бірің Кенен елінен, бірің Семей жерінен! Е, тегін болмадыңдар, түбі. Анау қабына салып қаз қатар тізіп қойғандарың немене еді?

НАСЫР: — Домбыра мен қобыз ғой, менікі домбыра, Назиранікі қобыз дегендей.

КЕЙУАНА: — Әп-бәрекелде! Екеуің де өнерлі болдыңдар ғой?!

НАЗИРА: — Иә, консерваторияны биыл бітіреміз, құдай қаласа...

КЕЙУАНА: — Ендеше қаптың аузын ашпайсыңдар ма, қамап қойғанша?

НАСЫР: — Ашуын ашармыз-ау, бірақ...

КЕЙУАНА: — Көне-көне әбден көнбіс боп қалған, қарақтарым-ай... Ашыңдар, кәне! Ешкімнен ұялмаңдар да қысылмаңдар! Кешке дейін әлі талай уақыт бар. Өз көңілімізді өзіміз көтермесек, мына домбыра мен қобыздан ұят болмай ма?!

НАСЫР: — Апырай десе!..Қалай болар екен өзі?.. Жата-жайғаспай жатып...

КЕЙУАНА: — Тіпті, қысылып тұрсаңдар, өзім-ақ бастап берейін! Ана бір жылдары «Іңкаужан» деген атымыз да шыққан... Шалымыз екеуміз — ол керегенің аржағынан, мен бер жағынан айтысып, ұнатқан соң өтірік жеңіле салғаным бар.

НАЗИРА: — Есіңізде бар ма, апа, айтыңызшы?

КЕЙУАНА: — А...айт дейсің бе? Есімде қалды ма екен?.. /тамағын қырнап, жөткірінеді/ Иә, әуелі Ол бастады, былай деп:

— Қорқып тұрсың несінен немененің,

Аржағына тығылып керегенің?

Үй іргесін осылай түріп қойсаң,

Айтысуға күн сайын келер едім.

НАСЫР: — Ой, пәлі!!!

КЕЙУАНА: — Ал мен былай деп қайырдым:

— Аржағында қаздиып керегенің,

Айтыспасаң менімен неге келдің?

Осы жолы шынымен жеңіп шықсаң,

Не жазса да тағдырым, көнер едім...

НАЗИРА: — Жарайсыз, апа!!!

КЕЙУАНА: — Еркекке керегі де сол емес пе, іліп ала жөнелгені, былай деп:

— Аржағында майысып керегенің,

Ыңғайыма жығылдың неге менің?

Қасы-көзі қиылған қарағым-ай,

Ай мен Күнге өзіңді теңер едім!

НАСЫР: — Апырай, атамыз ақын екен-ау, ағып тұр ғой!!!

КЕЙУАНА: — Осы сөзден кейін буыным босап, мен де сылқ ете қалдым емес пе...

НАСЫР: — Қалайша?

КЕЙУАНА: — Аржағынан телміртпей керегенің,

Үйге кір деп шақырсам, не дер едің?

Расымен көңілің менде болса,

Тәуекел деп соңыңнан ерер едім...

НАЗИРА: —Үйбүй, апасы-ау, көне салғаныңыз не, айтыс енді қызып келе жатқанда?

НАСЫР: — Сонымен, апа?

КЕЙУАНА: — Не болушы еді, атаң құда түсіп, алды да кетті ғой. Ал енді «ауылдың алты ауызы» осымен тәмам. Кезек сендердікі. Қабы ма, пүтләрі ме, ашыңдар ананы! Кәдені бұзуға болмайды...

НАСЫР: — Әміріңізге құлдық, апа! /бірі домбыраға, бірі қобызға қол созады. Жеке де, қосылып та ән айтады, күй тартады. Есіктің аржағынан Көрші қарт көрінеді/

КЕЙУАНА: — Немене, сүтке тиген ұрлықшы мысықтай болып?!

КӨРШІ ҚАРТ: — Есіктің бер жағында мен есіктің аржағындағы сенімен айтыссам ба деп...

КЕЙУАНА: — Өй, қараңқалғыр! Айтыс сенің неңді алған? Айтысам деп қайтыс болып жүрме!.. Одан да төрге оз, шәй іш.

КӨРШІ ҚАРТ: — Жоқ! Жеңсем — төрге озам, жеңілсем — өзіме-өзім көр қазам!

КЕЙУАНА: — Мына неме шындайын деді ғой, қайтеміз, қызым?

НАЗИРА: — Қайтпаңыз, апа! «Өз обалы өзіне» демейтін бе еді атам қазақ?!

КЕЙУАНА: — Ал, баста, қараңқалғыр?

КӨРШІ ҚАРТ: — Сүтке тиген мысық деп жамандадың,

Одан басқа теңеуді таба алмадың.

Аңдығаны мысықтың тышқан болар,

Сен бе екен деп сол тышқан алаңдадым.

НАСЫР: — Қайтеді-ай мына кісі?..

КЕЙУАНА: — Суырдай жаңа шыққан тесігінен,

Жаманның түстен кейін есі кірген.

Тышқан да жоқ бұл жерде, мыстан да жоқ,

Сығаламай әрі жүр есігімнен!

НАЗИРА: — Ал, керек болса!!!

КӨРШІ ҚАРТ: — Бет қаратпай тұр екенсің, бәйбіше! Қойдым, қойдым, қоймасыма амал жоқ.

КЕЙУАНА: — Ішке кір, қараңқалғыр?

КӨРШІ ҚАРТ: — Айтқаным айтқан, кеттім өз көрімді өзім қазуға...

НАСЫР: — Браво, aпa, браво!!! Қария омақаса құлады! Былайша айтқанда, шәйіт кетті! «Жеңіс» күйін тартуға рұхсат етіңіз?!

КЕЙУАНА: — Тартсаң тарта ғой, балам, /есік аузында Пәтима мен Көрші карт соқтығысып қала жаздайды/

ПӘТИМА /тіксініп/: — Сізді кім шақырды мұнда? Қайдан шығып келе жатырсыз өзі?

КӨРШІ ҚАРТ: — Қайыненеңнің қойнынан, қарағым! Қайдан дейді ғой!.. /кетеді. Үй ішінен музыка естіледі. Пәтима есікті ашып қалады/

ПӘТИМА: — Е, мұнда целый колхоз көшіп келіпті ғой!..То-есть, халық театры! Фольклорно-этнографический ансамбль!!! Күнде осылай ма? /күй кілт үзіледі/

КЕЙУАНА: — Мына балаларым... Өздері көп-көрім әнші, күйші екен, аздап көңіл көтеріп отыр едік, қарғам...

ПӘТИМА: — Претендентті де көріп қалдық, есік алдынан...

КЕЙУАНА: — Піртендентің кім, қарағым?

ПӘТИМА /тыжырынып/: — Түк білмегендей!.. Хватить разбазаривать! Нұрханды неге әкелмегенсіз?

КЕЙУАНА /абыржып/: — Кешелі бері өзі келіп жүрген соң...

ПӘТИМА: — Машина басып кетсе қайтесіз?

КЕЙУАНА: — Құдай сақтасын... Аузыңа жөнді сөз түспей тұр ғой, балам...

ПӘТИМА: — Кешірерсіз, мен сіздің балаңыз емеспін! Сіздің балаңыз — анау біздің үйдің маубасы!

КЕЙУАНА: — Астапыралла! /есік тарс жабылады/

 

 

Төртінші сахна

 

Кешкілік мерзім. Бөлмеде Пазыл мен Пәтима. Дастархан үстіндегі ыдыс-аяқтар қалай болса солай шашылып жатыр.

ПӘТИМА: — Қайынене қалай келді — бұл үйден береке де, мереке де ұшты, күйді, жоғалды...

ПАЗЫЛ: — Иә, солардың қатарына қонақты да қосып қой...

ПӘТИМА: — Қонақ дейсің бе? Анау Көрші шал, мына екі қаңғыбас, одан қалса, менің қайыненем күнде қонақ емей немене?

ПАЗЫЛ: — Қой енді, анамызды қонақ дегенің... ни в какую рамку не влезет. Ал енді Көрші қария біздің үйде не бітіріп жүріпті?

ПӘТИМА: — Оны анау апаңыздан сұраңыз, Пазыл мырза?!

ПАЗЫЛ: — Апамыздан десең бірдеңең кете ме?

ПӘТИМА: — Кешірерсіз, аузым бармай тұрғаны.

ПАЗЫЛ: — Екеумізге бір aпa көптік қыла ма сонда?

ПӘТИМА: — Менің анамның жоқтығын бетіме салық қып тұрсың-ау, ә? «Адам аласы ішінде»... Білсемші бұрын... /жылайды, долданады/

ПАЗЫЛ: — «Әйелдің көз жасынан мөлдір һәм көлгір ештеңе жоқ» депті ғой Спиноза бәтшағар...

ПӘТИМА: — Кеше ертерек жұмыстан сұранып келсем, үйдің іші полный бардак! «Шымкентский шоу» түгелімен көшіп келіпті! Үйді басына көтеріп жатыр, бәтшағарлар!.. Анау қаңбақ шалмен қақтығысып қала жаздадым, сәл болмағанда. «Қайыненеңіздің қойынынан шығып келе жатырмын» дейді. Үйбүй, бетім-ай!..Осының бәрі сенің момындығың, ынжықтығың!

ПАЗЫЛ: — Енді... басқаны қойып, Шалмен шайқасқаным қалып па?

ПӘТИМА: — Анау шешең болмаса, өстіп оттай ма ол шал?

ПАЗЫЛ: — Қартайған адам не демейді, алжи бастаған шығар...

ПӘТИМА: — Сенің апаң, то-есть, біздің анамыз уылжып тұр ғой деймісің?

ПАЗЫЛ: —  «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген сөз бар қазақта.

ПӘТИМА: — Сол «сырлы аяғыңыздың» жатқан бөлмесінен көңірсі иіс шығады. Шығып қана қоймай бүкіл бөлмені жайлап барады!..

ПАЗЫЛ: — Әр адамның өз иісі бар. Мысалы, сенің де, менің де.

ПӘТИМА: — Тағы да Нұрханды қойныма алып жатамын дейді. Фу! /тыжырынады/

ПАЗЫЛ: — Енді неғыл дейсің? Шақыртқан мен, көнген сен емес пе едің?

ПӘТИМА: — Мені көндірген сенсің. Басында Нұрханға бас-көз болсын деп ойлағам, әйтпегенде...

ПАЗЫЛ: — Әйтпесе көнбес пе едің? Мәселенки, сол менің анам менің емес, сенің анаң болып шықса қайтер едің?

ПӘТИМА: — Ол басқа әңгіме...Менің анам сенің анаң сияқты үйге көшедегі көлденең көкаттыны көшіріп әкелмейді!

ПАЗЫЛ: — Аяған, мүсіркеген, есіркеген шығар...

ПӘТИМА: — Мынау заман, қоғам аямағанда, сенің анаңның аяғаны, құдай-ау, кімге керек болыпты?

ПАЗЫЛ: — Жарайды, үйге біреу келер, біреу кетер...Сеніңше, анамызды қайтпек керекпіз сонда?

ПӘТИМА: — Соны бүгін шешпек керекпіз! Мен есік-тесігі ашық-шашық мұндай атқорада тұра алмаймын! Ұқтың ба?

ПАЗЫЛ: — Е..е..е...солай де... Сонда мен не істеуім керек? /сырттан ішке кіріп келе жатқан Насыр мен Назира үй ішіндегі шаң-шұңды естіп еріксіз іркіліп қалады/

ПӘТИМА: — Қысқасы, бұл үйде не мен, не шешең тұрады! Тоқетері осы, қалғанын өзің шеш!..

ПАЗЫЛ: — Пәтимаш-ау, ол менің анам ғой, қалай дәтің барып?..

ПӘТИМА: — Не нужны мне твои крокодиловые слезы! Ешкім де анасын арқалап жүрген жоқ. Мен де анамды тастап сенің етегіңе жармасып, жетегіңе ердім емес пе?

ПАЗЫЛ: — Ойбай-ау, менен басқа кімі бар ол кісінің? Ауылға-ақ апарар едім, бірақ кім қалды онда, әкемнің мүрдесінен басқа?..

ПӘТИМА: — Немене, басқа амалы құрып қалып па, соншама таусылатындай?

ПАЗЫЛ: — Ақылым айран, ойым ойран болып тұр. Сен айтпасаң... бірдеңені...

ПӘТИМА: — Әй, еркектер-ай, еркектер-ай...Екі көзге көл толтырып алып бізден де бетер жылайтындарың жаман да!.. Әйтпесе, не көрініпті сонша...

ПАЗЫЛ: — Айтпаймысың енді ақылыңды?

ПӘТИМА: — Айтайын ба?

ПАЗЫЛ: — Айт...

ПӘТИМА: — Айтсам... қалада қанша Қарттар үйі бар?

ПАЗЫЛ: — Оны кім санап көріпті...

ПӘТИМА: — Мәселенки, осы қалада мына біздің апамыз сияқты қанша қарт бар деп ойлайсың?

ПАЗЫЛ: — Қайдан білейін...

ПӘТИМА: — Солар қайда барып, қайда демалып жүр?

ПАЗЫЛ: — Сонда, сонда...менің апам да?..

ПӘТИМА: — Онда тұрған не бар екен? Барсын, демалсын, үйде отыра берсе ішпысты боп өледі ғой?

ПАЗЫЛ: — Пәтимаш-ау, не айтып тұрсың? Біржола ма?

ПӘТИМА: — Қалауы білсін. Ұнаса, қалар, ұнамаса...

ПАЗЫЛ: — Мынауың... Естіген жұрттан ұят екен... Қой, Пәтимәш...

ПӘТИМА: — Ұят, аят!!! Бетмоншағымыз төгілетіндей, бауыр етіміз сөгілетіндей заман ба мынау, Пазыл-ау? Аяулы да ардақты анамызды анау ауылда қалған әруақты шалының қасына апарып тірідей көміп жатқан біз жоқ қой!? Бар болғаны — мына қарға адым жердегі Қарттар үйі. Оның несі айып, несі ұят?

ПАЗЫЛ: — Ол кісі... Көне қояр ма екен?..

ПӘТИМА: — Көнеді де, көреді де! Ақырзаманға аттанып бара жатқан жоқ қой... /қылымсып, дауысын өзгертіп, үнін жұмсартып/ Үһ, қандай ауыр күн еді?.. Мен шаршадым... Қатты шаршадым... Пазик, жүрші, ертерек демалайықшы... Ертең жұмыс...

 

 

Бесінші сахна

 

Насыр мен Назира. Өз бөлмелерінде. Екеуі де есеңгіреген қалпы, үнсіз...

НАЗИРА: — Мынау сұмдық екен!

НАСЫР: — Естіген құлақта жазық жоқ, бірақ...біздің қолдан не келер?

НАЗИРА: — Құтқару керек, Насыр! Естіген екенбіз, бір амалын іздейік, табайық!

НАСЫР: — Қандай амал, айтшы? Немене, дәл қазір, осы тұрғанда барып ана оңбағанды буындырып өлтіруім керек пе?

НАЗИРА: — Қайсысын айтасың?

НАСЫР: — Е-е-й...сен де қызықсың! Қарғыс атқан қара қаншықта нем бар?! Қолымды былғап...Анау еркек емес, ез немені айтам да!

НАЗИРА: — Ойпыр-ай, неткен аяр, неткен зәлім десеңші анау әйел!?

НАСЫР: — Бәрің де сондайсыңдар!.. Адам аласы емес, әйел аласы ішінде!

НАЗИРА: — Қой, енді...Көпке топырақ шашпай...

НАСЫР: — Шын айтам! Жаулықтының жаны да бір, жыны да бір, жауы да бір!!!

НАЗИРА: — Сонда қалай? Мен...мен сенің жауың екем ғой?

НАСЫР: — «Әйел заты — залым. Ол ыстық жар құшағы мен суық ажал құшағында ғана қымбат». Мұны айтқан кім? Әйел жанының жапагері — Проспер Мериме! Меніңше, өте дәл айтқан, тауып айтқан!

НАЗИРА: —  «Еркек— үйде есек, түзде — есуас». Мұны ше? Кім айтты деп ойлайсың?

НАСЫР: — Мұны ма? Еркекті түнде төсек, күндіз есек қып мініп алған әйелдер айтқан. Басқа кім болушы еді...

НАЗИРА: —  «Еркек ақылды болса — бишара,

                        Ақымақ болса, не шара» дегенді ше?

НАСЫР: — Сонда сен...мені ақымақ деп тұрсың ба?

НАЗИРА: — Менен несін сұрайсың? Таңдау өзіңде.

НАСЫР: — Екеуі де оңып тұрған жоқ екен.

НАЗИРА: — Ендеше, ашуды қояйық та ақылға келейік — апаны қалай құтқарамыз? Ол кісінің әлі ештеңеден хабары жоқ...

НАСЫР: — Ұйықтап жатыр-ау... қам-қаперсіз... Шалын түсінде көріп...

НАЗИРА: — Таптым! Таптым!!!

НАСЫР: — Кімді? Нені?

НАЗИРА: — Таптым дедім ғой, таптым, алақай!

НАСЫР: — Жынданғанбысың өзің? Екі кештің арасында...

НАЗИРА: — Атама апарамыз! Ауылға алып қашамыз!

НАСЫР: — Алып қашамыз? Кімді? Қайда?

НАЗИРА: — Апамызды! Ауылға — атамның қасына!..

НАСЫР: — Қалайша? Өй, сен де қайдағыны...

НАЗИРА: — Айттым ғой! Тамаша болады! Апамызды құтқарамыз!

НАСЫР: — Сен...не айтып тұрсың, Нәзіш? Шынымен... Апырай... Әй, бірақ... көне қояр ма екен бұған апамыз?

НАЗИРА: — Түк те етпейді! Ана кісі анда, мына кісі мында... Жалғыздан-жалғыз... Аузымызға Алла салып тұрған шығар... Насыр, қалайша түсінбейсің?

НАСЫР: — Түсініп түрмын ғой, бірақ, ойыннан от шығып кетіп жүрмес пе екен?

НАЗИРА: — Қайта сауап болады, Насыр! Екі жалқы — бір бүтін!

НАСЫР: — Ойбай-ау, екеуміз оқуды енді бітірейін деп тұрғанда?..

НАЗИРА: — Бірдеңені ұрттасаң болды «әкем де, мен де жетім қалдық, қайран, анашым-ай...» деп егілуші едің, езілуші едің... Енді, құдай қаласа, төрт құбыламыз тең болады!

НАСЫР: — Ой, Нәзираш, аузыңа май! Шынымен солай ойлайсың ба?

НАЗИРА: — Насыр, оллаһи, ішім сезіп тұр — бәрі де жақсы болады. Тек, тездетейік! Естідің ғой, әлгінде ғана үкім кесілді, енді орындалуы ғана қалып тұр...

НАСЫР: — Дұрыс айтасың, Нәзіш, бірақ апамызды қалай көндіреміз?

НАЗИРА: — Оны өзім түнімен ойластырып шығам. Тек, сен қарсы болмашы. Құдайақы, апамыз үшін, атам үшін, жарай ма?

НАСЫР: — Болсын! Жарайды! О, Құдайым, өзің қолдай гөр!.. /қолын жайып, бет сипайды/.

 

 

Алтыншы сахна

 

Сәскелік сәт. Шәй үстінде — Кейуана, Насыр, Назира.

НАЗИРА: — Апа, бүгін «Ақ түйенің қарыны жарылған» күн. Біз Насыр екеуміз стипендия алдық. Пәтерақымызды да төлеп қойдық. Енді... сәрсенбінің сәтінде демекші, Сізді қыдыртып қайтсақ деп отырмыз, көшеге шығып...

КЕЙУАНА: — Әуре болып қайтесіңдер, қарақтарым-ау. Онсыз да ақшаларың жетпей жатқанда...

НАСЫР: — Қызыңыздың айтқанына мен де қосыламын. Нұрхан мектебіне кетті. Үйде қамалып отыра берсе адам өмірге қапа болады. Одан да...

НАЗИРА: —Aпa, қала күн сайын өзгеріп, жаңарып жатыр. Анау театрға, көрмеге, паркке барайық. Мешітке кіріп атаға Құран бағыштайық. Көктөбеге шығайық, тіпті, Медеуге дейін көтерілсек те болады. Солай ғой, Насыр?

НАСЫР: — Иә, солай. Келгелі бері бізге қаншама жақсылық жасап жатырсыз, апа... Айтып тауыса алар емеспіз. Бізден де бір қайыр-мейір болсын деп кеше кешке Назира екеуміз осылай шешіп едік...

КЕЙУАНА: — Апырай, екеуің екі жақтан...қинадыңдар ғой мені. Бармайын десем, көңілдеріңді көлденең тосып тұрсыңдар. Қайтсем екен? Оның үстіне, әлгі, келін мен бала кеп қалып...

НАЗИРА: — Бүгін жүмыс күні. Ешқандай мейрам емес, тек бізге болмаса... Солай ғой, Насыр?

НАСЫР: — Өте дұрыс, жөн, жөн!

НАЗИРА: — Олай болса, апа, тез киіне қойыңыз. Біз Насыр екеуміз жеңіл көлік шақырайық.

НАСЫР: — Көшеге шықсақ алады да кетеді ғой.

НАЗИРА: — Ең жаңасын, ең жақсысын, ең жүйрігін! Солай ғой, Насыр?

НАСЫР: — Әрине! Сөз бар ма?!

КЕЙУАНА: — Апырай, екеуің екі жақтан есімді шығардыңдар-ау, тегі...

НАЗИРА: — Жүріңіз, апа, болыңыз! Бүгін күн де айырықша жұтынып-ақ тұр екен, жолымыз болатын шығар, құдай қаласа!..

КЕЙУАНА: — Жол болады дейсің бе, қызым? Е, болса болсын. Ал мен киіне қояйын онда. /киініп шығады/

НАЗИРА: —  «Адам көркі – шүберек» деген, апам мүлде жасарып кетіпті, қарашы, Насыр?!

НАСЫР: — Туу...қалай байқамай жүргенбіз — кербез десе кербез екенсіз ғой, апа-ау?!

КЕЙУАНА: — Енді қалай деп едіндер?! Аталарыңның көзі анау-мынауға түсуші ме еді, тәйірі!..Әй, бірақ қартайдық қой, қажыдық қой...

/Жеңіл көлік қаланы бір айналып күре жолға түседі. Артта қала қалып бара жатады/

КЕЙУАНА /оң-солына қарап/: — Қаланың ішінде де бос жатқан жер көп екен ғой... Неге көптеп үй салып, қазағын қарық қып тастамайды екен Өкімет?

НАЗИРА: — Оны кім елеп-ескеріп жатыр, апа-ау?

КЕЙУАНА: — Әсіресе, мына сендерді сенделтіп қойғанша деймін де...

НАЗИРА: — Жалғыз біз ғана болсақ, мейлі еді-ау... «Жаны ашымастың қасында...» демекші...

НАСЫР: — Баяғыда анасын қапқа салып, қапты арқасына салып бір жігіт жолда арып-ашып келе жатса керек. Алдынан кезіккен жолаушы «Мынауың не зат?» деп сұрамай ма. «Анам ғой» депті анау. «Алда байғұс-ай, өздігінен жүре алмай қалған екен де» деп аяушылық білдіріпті жолаушы. «Жүруін жүреді, бірақ «Анаңды Меккеге арқалап апарсаң да парыз-қарызыңнан құтыла алмайсың» дегенді естігенім бар еді» депті жігіт. Сол Меккеден қайтып келе жатқан қажы: «Сауап іс атқарғың келсе, анаңды неге шалға бермедің?» дегенде, анасы қаптың ішінен «Оны білетін бала қайда?..» деген екен. Сол айтпақшы, оны білетін ан-а-ау жақтағы жақсылар мен жайсаңдар қайда, апасы-ау?..

КЕЙУАНА: — Әлгі, анау теледидарды ашып қалсаң да, басып қалсаң да: «Өкіметте ақша көп, игере алмай жатқанымыз болмаса...» дегенді естисің. Игере алмай жатыр ма, үйрене алмай жатыр ма, сол немелер?

НАСЫР: — Екеуі де бар ғой, апа. Әкеміз:

«Барды ұқсата алмасаң,

Базар барып нең бар?

Жоқты таба алмасаң,

Азарланып нең бар?» деп отырушы еді. Сол сияқты ғой бұл да.

КЕЙУАНА: — «Әке көрген оқ жонар...» дейді, балам. Әкесі бар баланың сөз төркіні бөлек. Ал әкесі жоқ баланың... Оны өздерің де көріп жүрсіңдер ғой... /күрсініп салады/

НАЗИРА: — Құдайға шүкір, әкеміз әлі тың, тек жалғызсырап қалғаны болмаса...

КЕЙУАНА /жан-жағына алаңдап/: — Қарақтарым-ау, қаладан шығып кеткенбіз бе, үйлер көрінбей қалды ғой?

НАСЫР /жүрексіне/: — Апа...Біз Наз-и-ра екеуміз...Сізді...

НАЗИРА: — Иә, Насыр екеуміз Сізді ауылға әкеле жатырмыз. Қалада қыдыратын жерлер таусылып қалған соң...

КЕЙУАНА: — Е, тез таусылып қалса, болмаған екен... /кенет/ Не дейт, ауылға дейсіндер ме?

НАСЫР: — Біз сізді, апа...

НАЗИРА: — Біз Қордайға келе жатырмыз, апа...

НАСЫР: — Иә, бірер күн қонақ боп... қыдырып қайтасыз, апа. Біз де әкемізді сағынып...

КЕЙУАНА: — Құдай-ау, не айтып кеттіңдер? Қыдырғаны несі? Анау балам... Келіні түспегір не дейді?..

НАСЫР: — Сол балаңыз бен келініңіз сізді ана бір жерге... Әлгі, не бар ғой...

НАЗИРА: — Aпa, енді кеш. Ауылға жақындап қалдық. Сіз де, біз де бір-екі күн болып қайтамыз.

КЕЙУАНА: — Қап, «Бала, баланың ісі шала» деген осы да. Әлі балалықтарың қалмаған екен-ау, қарақтарым. Тек, арты қайырлы болса екен мұның...

НАЗИРА: — Айтқаныңыз келсін, апа. /бетін сипайды/ Ренжи көрмеңізші?..

НАСЫР: — Міне, ауыл шетіне де келіп қалдық...

 

 

Жетінші сахна

 

Ауыл иттерінің өршелене үргені, абалап-арпылдағаны естіледі. Екі полиция Насыр мен Назираны түртіп-нұқып, сахна алдына алып шығады. Насырдың қолында кетпен, Назираның қолында күрек. Үстерінде жұмыс киімі.

ПАЗЫЛ: — Көрсетемін сендерге... адам ұрлаудың не екенін!!! Көздеріңе көк шыбын үймелетем! Түрмеде шірітем, түрмеде, оңбағандар!!!

ПӘТИМА: — Бәріне шешең кінәлі! Қайдағы қаңғырған қарақшыларды үйге әкеп кіргізген!.. «Жақсылыққа жамандық» деген осы, сотталасыңдар!!! Оқыған-тоқыған дейді-ау сендерді де!..

/Қолына шелек ұстап үйден Кейуана шығып келе жатады/

ПАЗЫЛ: — Апа!..Сіз...сізге не болған? Шелегі несі?

ПӘТИМА: — Үйбүй, ұяттағы-ай! Не масқара мынау... қашып келген қызға ұқсап?! Жетіскен екенбіз!.. /Қора жақтан қария көрінеді/

АҚСАҚА Л:  — Ассалаумағалейкум!

ПАЗЫЛ: — Мынаусы кім еді тағы?

ПӘТИМА: — Қайда барсаң – қатпа қара шал... О, тоба! /қасына барып, іле кері қайтады/ Фуу, мал сасып тұр, құсқым келеді...

АҚСАҚАЛ: —  «Қонақ қойдан жуас» деуші еді, екпіндерің тым қатты ғой, тегі... Қазақы балалар екенсіңдер, кәне, ішке кіріңдер, қарақтарым?..

ПӘТИМА: — Қайдағы «қарақтарым»?! Мыналар сізге кім болады, соны айтыңыз алдымен?

АҚСАҚАЛ: — Бірі балам, бірі келінім.

ПАЗЫЛ: — Ендеше, екеуі де ұры! Шешемді күштеп ұрлап әкеткені үшін ең жоғарғы статьямен соттатам!!! /екі полицияға/ Кәне, қолдарына кісен салыңдар!!!

ПӘТИМА: — Мал ұрлағанды көріп ек, ал адам ұрлағанды... Сұмдық-ай! Аяушылық жоқ бұларға! Түрмеде шірисіңдер екеуің! /кейуана жақындап келе жатады/

ПАЗЫЛ: — Апа-ау, сізге не болған? Тастаңыз анау шелекті!?

КЕЙУАНА: — Жоқ, қазір сиыр сауамын, балам. Желіні сыздап кетіпті байғұстың. Ал сендер үйге кіріңдер. Аптығатын, айқайлайтын ештеңе бүлінген жоқ. Көріп тұрсыңдар ғой, аман-саумын. Қария, қонақтарыңызды үйге бастаңыз, мен қазір... Ал сен, Назира, самауырды шығар, дастархан әзірле, шәй жаса... /екі полиция Насыр мен Назираның қолдарын босатады. Пазыл мен Пәтима аң-таң күйде бір-біріне қарайды/

АҚСАҚАЛ: — Кәне, жүре қойындар, қарақтарым. Әңгімені үй ішінде, шәй үстінде жалғайық. «Қуыс үйден құр шықпа» деген... жүре қойыңдар?..

ПӘТИМА /Пазыл есіктен еңкейе бергенде жеңінен тартқылап/: — О, сорлы, ынжық, неме! Шешеңді, туған анаңды әлдекімдер байлап-матап алып қашып кетеді, ал сен болсаң солармен бірге төрде шалжиып шәй ішіп отырмақсың! Сен қал, мен, мен... кетем!!!

ПАЗЫЛ: — Әй, әкеңді!.. Кім сорлы, кім ынжық? Өзім күйіп, өртеніп тұрғанда!.. /Пәтима анадай жерге ұшып түседі. Кейуана шелегін тастай-мастай жүгіріп келіп асты-үстіне түседі. Шелектен сүт ақтарылады/

КЕЙУАНА: — Тоқтатыңдар, түге!!! О несі-ай, бірің шалжиып, бірің қалшиып! Тұр былай, әбдіреңді ақтармай!.. Қақ шаңыңды үстіңдегі! /баласына/ Ал сен...ана қатыныңды қағып-сілкіп алып кір үйге! «Жаман үйді қонағы билейді» демекші, бұларың не ессіздік? Анау қариядан ұялсаңдар етті?! Жетті, болды, енді мен сөйлеймін! /бәрі де тым-тырыс бола қалады/ Ал, Қария, қондырған құсың құтты болсын! Мен қаламын осы үйде. Сіз бен біз бұдан былай — екі жарты, бір бүтінбіз. Тағдырдың жазғаны шығар, балалар ұрласын-жырласын, осында әкелді. Мен көндім...

ПАЗЫЛ: — Апа, не деп тұрсыз? Есіңізді жиыңыз. Біз сізді әкетуге келдік. Ал мыналарды!...

ПӘТИМА: — О, тоба! «Әпкеме жездем сай»! Көнгіш, көнпіс. Тура баласынан аумайды! Айтып тұрғанын қарашы? Бетім-ай, не дейін...

КЕЙУАНА: — Сөзді бөлмеңдер! Аяғына дейін айтып болайын. Енді екеуің де бұл үйге бөтен емессіңдер. Келіп-кетіп тұратын, аунап-қунап қайтатын қара шаңырақтарың болады. Ал Насыр мен Назираның ендігі тағдыры мына екеуіңнің қолдарыңда. Қанаттыға қақтырмайсыңдар, тұмсықтыға шоқыттырмайсыңдар, ұқтыңдар ма?! Ал ақсақалға өзім бас-көз боламын. Сойыс малдарың, қысқы соғымдарың біздің мойнымызда. Анам десеңдер — бүгін осында қаласыңдар, қонасыңдар. Аналарыңды жаман десеңдер — жолдарың анау, жүре беріңдер! Сөз тәмам, мен болдым!..

АҚСАҚАЛ: — Назира келінім, шәйіңді демдей қой. Ал сен, Насыр, балам, қорадағы маңырауықтың бірін бері сүйреп әкел де Пазыл ағаңнан бата сұра. Кәне, ішке кірелік?..

/дастархан жайылып, жұрт жайғаса бергенде сырттан абыр=сабыр дауыстар естіліп, екі кештің арасында екі=үш адам сау етіп кіріп келеді/

ИСЛАМБЕК: --Ассалаумағалейкум! Орта толсын! «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген, дәм=тұздың үстінен түстік=ау деймін, ағасы? /қасындағы кісіге бұрылады/

АЛЬБЕРТ: --Қазағымның салтынан айналдым: күнде келсең де, түнде келсең де сол баяғысынша дастархан мәзірі әзір...

ИСЛАМБЕК:--Ендеше, төрге озыңыз, Альберт аға!..

/отырғандар аң=таң: бірі адырайып, бірі одырайып, бірі көзімен жер шұқып үнсіз қалады/

АҚСАҚАЛ:--Бұл үйдің иесі мен болам. Қалғаны өздерің сияқты бірі балларым, бірі келін=кепшіктерім дегендей...Олардың да төрге озып, аяқ басқаны жаңа ғана.

ИСЛАМБЕК:--Қайдам, ата, өздері сұлық, өңдері суық көрінген соң...Біз, былай, Сізге арнайы сәлем бергелі...

АҚСАҚАЛ:--Олай болса емін=еркін жайғаса отырыңдар, құдайы қонақсыңдар бәрің де. Насыр балам, кәне, бата сұра үлкендерден? Я, пәруардігер ием, өзің қолдай гөр!../қолын жаяды/

АЛЬБЕРТ:--Аузыңызға май: «Қырықтың бірі Қызыр» деген, дастарханыңыз тек жақсылыққа жайылсын. Алладан тілегеніміз алдымыздан табылсын, аумин!..

/былайғылар аң=таң күйде бір=біріне аңтарыла қарасады. «Мынаның төбесі тесік білем...» деген күбір=сыбыр да шығып қалады/

ИСЛАМБЕК:--Бұл кісінің аты Альберт болғанымен, заты бізбен баяғыда=ақ мидай араласып кеткен. Қазір Мюнхенде тұрады. Менің іскерлік, кәсіпкерлік жөніндегі ұстазым. «Қазағымды сағындым» деген соң, бірер апта болды, елді, жерді аралап жүрміз. Кәсібі де, нәсібі де бізбен шамалас. Қалғанын, былай, өзіңіз?..

АЛЬБЕРТ:--Атасы, сіздің елде «Боза шарап емес, қожа қазақ емес» деген сөз бар емес пе?! Сол айтқандай, мың жерден сайрағаныммен, мен бәрібір қазақ бола алмаймын. Дегенмен, қаным неміс, жаным қазақ екенін жасыра алмаймын. Алманияға барғанымды қайтейін, жерсінбедім бе, кім білсін, аттай алты ай ауырып жаттым. Жазылып кетуіме бірінші Алла, екінші мына інім Исламбек себепші болды. Осы арқылы қымызға аузым жетті. Осы арқылы қымыз да, саумал да үзбей келіп тұрды. Құныққаным сонша, ақыр аяғында жылқы өсіріп, бие байлайтын әдетті бойға жұқтырдым...

АҚСАҚАЛ:--Ой, айналайын, Әлбертжан! Ондағы ісің оңға бассын, мұндағы шаруаң жүзеге ассын. Насыржан, тездетіп қымыз алдыра ғой ағаларыңа!

АЛЬБЕРТ:--Сол жылқыларыңызды өзіміз барып көрсек қайтеді?

АҚСАҚАЛ:--Біздікі жоқтан бардың амалы ғой, қарағым...

АЛЬБЕРТ:--Оқасы жоқ, әлі=ақ көбейеді, солай емес пе, Ислам?

ИСЛАМБЕК:--Дұрыс айтасыз, Альберт аға. Астанадан әдейілеп келген себебіміз де осы емес пе?!

АҚСАҚАЛ:--«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген. Жөн, жөн, қарақтарым. Қадамдарың құтты болғай.../үйдегі басқаларға жанарын қадай қарап/ бірің ғалым, бірің барымсыңдар ғой, сендер не дейсіңдер бұған?

/бірің «ғалым» дегенге елең ете қалған Пазыл «сен де барсың ғой бұл санатта» дегендей Пәтимаға оқшыраяды. Ол болса отырған орнынан су шыққандай өзімен=өзі әлек=шәлек күйге түседі. Ыңғайсыздықты Кейуана бұзады/

КЕЙУАНА:--Ұстазын сонау алыстан алға салып келген Исламбек баламызға мың да бір рахмет. Өркенің өссін, қарағым. Жәй келсе бір сәрі=ау, іспен, жұмыспен келіпті. Арнайы ат басын Сізге бұрып... Ендігі сөз өзіңізде, Отағасы?

АҚСАҚАЛ:--Менде қандай билік болушы еді...Жылқы бағып, мал жайғағаным болмаса...

КЕЙУАНА:--Соқталдай екі азамат соқадай басыңызды сыйлап келіп отырған жоқ па, Отағасы=ау? Сонау алыстан...

/осы кезде саба толы қымызды алдына өңгеріп Насыр да ішке кіріп келеді/

АЛЬБЕРТ:--Па, шіркін саба толы сары қымыз!

                     Жанға шипа, тәнге сау дәрі қымыз!!! Шайқап=шайқап құйшы бір, сіміріп=сіміріп салайық! Ал, қария, өзіңіз бастаңыз әуелі! Иісі мұрынды жарып барады ғой, пах=пах, шіркін=ай десеңші!!!

КЕЙУАНА:--Насыр, Нәзира! «Ауылдың алты ауызы...» демекші, асай=мүсейлерің қайда әлгі? Қобыз бен Домбыраны айтам? «Әу» дей отыралық, кәне!..

/үй іші лезде абыр=дабырға көшеді. Дастарханға әуелі бас келеді, іле=шала ас келеді. Сабадағы сағыздай созылған сары қымыз сарқылар болмайды. Айтылған ән мен күй алыстан бірте=бірте баяулай естіледі. Теміржан Базарбаевтың «Ауылым» әні...

 

                                      Шымылдық.

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed