One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Көкбөрі Мүбарак


Көкбөрі Мүбарак - 1994жылы 10ақпанда Алтайда туған. Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Тарих, Археология және Этнология факультетінің түлегі. . Аққудың исі, Хат жұтқыш теңіз қатарлы жыр жинақтары бар.

 

 

Ертістің көзі қоңырлау

Ертістің көзі қоңырлау,

Бөбегім екен менің де.

Алты- жеті іңга соғылды- ау, 

Тамшыдай тұнық өмірде.

 

Бөбектің көгілдір шаштарын,

Жасыл орманнан ұрлаймын.

Разы боп сонда әппағым, 

Жасыл орманымды тыңдайды.

 

Қап- қара нәресте түндерді

Ертіске ағызды атырап,

Көкшіл таңбалы тілдерді,

Аузына сақтады жапырақ.

 

Тамшының ғана аузынан

Еркіндік барып үзілген.

Ертісті аршыдым қауызынан

Аспандай тентек қызыммен.

 

Алақанын әкеліп шынардың

Қолыма ұстатты салқын бақ,

Болып та қалған шығармын,

Еркіндігімді тапқырлап.

 

ҚОҢЫР

 

Қоңыраудың дауысынан

Анашымның дауысын ғана ұрладым,

Тымық түнде осы бір!...

Тымық түнге мұхитша қарап тұрып тыңдадым,

Қоңыраудың үніне

меңім тұрды қосылып.

Мен әуелі баламның сирақтарын аршығам

қоңыр сәуле ішінен қоңыр ізін қоздатып.

Қоңыраудың дауысынан

Қоп- қоңыр бір торғайдың қанаты да қозғалып,

Мөлдіреген тамшының қоңырауға буынып отырғанын байқадым,

Осыны да айтамын,

Қоңыраудың дауысынан өлген шымшық оянып,

Жасыл шөптер оның да дыбысына боялып,

Әкем менен ағамды аунатты да қоңырау,

Келе жатты базардан егіз сәуле қой алып,

Саз құшақтап оны да орап алса жыландай,

Қоңыраудың дауысына қобыз тұрды кіре алмай,

Қоңыраудың дауысынан

қандай меңге жұтылып,

Қоңыр таулар оянып қоңыраудың ұшынан,

Міне қандай ағардым қоңыраудың қысынан?!

Әкем менен ағамның жан айхайы боздатып, 

Қоңыраудың ішінде гүңгір- гүңгір мылтықтың ырғағы да қозғалып,

Дүмнің тағы ұшына қоңыр қолын созды анық,

Қоңырау да өшуде,

мүлдемге,

мүлдемге де, мүлдемге.

Қаздар қашты мылтықтың дауысынан бірдем де.

Тек бір ғана кішкене ұл,

Қоңыраудың сазына шүметайы ырғалып,

Қаздың үнін іздеуде.

 

АЛТАЙДАҒЫ ЖӘНІБЕК ӨЛЕҢІ

 

Көк айғыр орғып шалқайса,

Жәнібектің беліне ұқсаған.

Жұлып ап басын қалқайса,

Даланың басындай бұл саған.

 

Даланың тіпті тұяғы- ау,

Күп- күрең оттай тосырлап,

Өрлерге шауып қиялау,

Тұяғынан оттар шошынған.

 

Даланың осы тұяғы,

Гүлдерді титтей теппеді.

Мың жылда туар құлағы,

Қамыстан биік көктеді.

 

Алыстан алтын жел көріп,

Оқ исінен шаршап келеді.

*Бөкемен бірге шерленіп,

Бұл дала көшпек боп еді.

 

Кісінемек түгілі ақырып,

Жылқы- жер шауып зарлады

Қаздар да қайтса шақырып,

Жұлқынып қалды талдары.

 

Көктемге тамса көкпеңбек,

Жасындар да қаптап орынсыз.

Жыландар да ауып кеткенде,

Сусылдап қойды болымсыз.

 

Сыбызғым сынып қалғанда,

Жас шоңайын тұрды сипалап.

Күн езіліп кеткен таңдарда,

Көз жасына тұрды бір қарап.

 

Жапырақтар үркіп жеткенде,

Бұл жерге жаз кеп жуынды.

Қобызым сынып кеткенде,

Бір қайыңының безі туылды.

 

Желбіретіп байрақ ұшында,

Қазақты шаншып ілгенде,

Ұшынып дала соның тұсында,

Қозғалмақ болған бірдем де.

 

*Зуқаның басы ыршып кеп,

Қып- қызыл жаңбыр ішінен.

Иіскелеп ерменді тұмсықпен,

Шошынды- ау далам түсінен.

 

Майлы шалбарын шалдардың,

Иіскелеп шөбі көктеді.

Қазақты тастауға арланды,

Бұл дала көшіп кетпеді.

 

Кетпейді балам, мүлдем сен,

Тобылғысы айтып көктеді,

Құлыныңның кісінеуін сүйген соң,

Бұл дала көшіп кетпеді.

____________

Жәнібек - Ер Жәнібек батыр.

Бөке, Зуқа - әйгілі батырлар

 

ЖАҢБЫР ЖАУАРДА

 

Қалдым ба абайсызда күбірге енбей, 

Бұл жаңбырға жүр екем бұрын келмей-

Жаңбырдың бір жібегін жыртып алып, 

Жалғыз шашың орнына ілінгендей. 

 

Сұмбыл көрген көз болды мұным қалай, 

Иығыңа қарайды мұңым қалмай, 

Өрмекшідей бұл жаңбыр жыбырлап кеп, 

Иығыңнан иығын суырғандай. 

 

Жауды ма, жаумай ма өзі, біле алмадым, 

Білмеймін бұл жаңбырдың мінер жағын. 

Міне алмай кеп жаңбырға, жанталасам, 

Жаңбырға жалғыз шашың түнерді ағып. 

 

Жалғыз шаштың даусынан арыла алман, 

Жалғыз мөлтек жаңбырды танып арман, 

Табиғат басқан кезде тұңғыш оғын, 

Анамның емшегінен қағып алғам.  

 

АҚШОҚЫДА ТУҒАН ӨЛЕҢ

 

Анамның дауысы шалдығып,

Қарлы бір желдің үніне,

Қарлардың сазы қарлығып,

Анамның иірген жібіне.

 

Иірген жібі ішінде ,

Желдің де үнін иіріп,

Тұнық желдің үні үшін де,

Отырсың анам құйылып.

 

Жел іші былқып жатқан ба,

Үніне тұма анамның,

Анамның дауысы шатқалдан,

Бүлкілілмен тұрды ғаламның.

 

Бүлкілдеп жатқан шатқалға,

Дірдектей тие алмаймын,

Иіріліп тұрса мақпал қар,

Жіп екенін жүдеп барлаймын.

 

САҒЫНҒАН ҚОЛДЫҢ ЕРБЕҢІ

 

Ақ шағала аспанға айналғанда, 

Сағынған шығармын...

Балбал басым жан кіріп ойланғанға, 

Сағынған шығармын...

 

Сағынған шығармын,

*Қанастың бетін сипалай беріп...

Сағынған шынармын, 

Ойшыл орманда ырғала қонып...

 

Сағынған шығармын...

Айнаның беті баянсұлуға өзгергенше...

Сағынған шығармын...

Қолдарым шынардың жапырақтарына сіңіп тербелгенше...

 

Сағынған болармын...

Құлындар атымды шортанға айтып бергенінде...

Сағымға толармын, 

Асқар тауларды құшағыма қысып жеңгенімде...

 

Сағынған екенмін...

Білмедім неге?!...

*Сайрам көл жетті шашырап...

Сағынған екенмін...

Білмедім деме, 

Біліп алғаныңды жасырам...

____________

Қанас, Сайрам - туған жердегі көл аттары.

 

ДОМБЫРА ПЕРИЗАТЫ

 

Тырна мойын күйдің жабдығын,

Бармағым ұстай алмады.

Ішектегі жынның әр мұңын,

Көз жасым оюлап парлады.

 

Кісідей сарғылт құлағы,

Дала деп безеріп алады.

Белет аға теңізше бұрады,

Миллион толқын шаңыраққа шабады.

 

Жұпар күй ыңыранып отырды...

Домбырашы сиқыр бастады.

Күй шалғындарды жапырды,

Өле бастады жердің аспаны.

 

Жердегі қара аспанды,

Ағаш бұтақтары қоршаған.

Егілді, жауыннан жас тамды,

Үстіңгі аспандағы олар барша жан.

 

Жауынның ішін кептеген,

Перілер жасы андыздап.

Құр нөсер сілкінер көптеген,

Жындар жасын сілкиді жалбыз бақ.

 

Бөкен жарғақты қағасың,

Шаңы да күйге толып тұр.

Майда мен Қара ебі  арасы,

Дызылдап аққан елік гүл.

 

Еңіреуік Ертіс көзіне,

Балапан толқын үймелеп.

Торғайлы заманның кезі ме,

Бөдене қуанышы кимелеп.

 

Атақты аңқау телқоңыр,

Қапсырған жауға алданды.

Қылқанды арпадан жем жегір,

Жүрегің күйге арналды.

 

Төңірек бақырайған төрт жаяу,

Адамсыз шөлде жыбыр қып.

Нәубел қу ағашқа кеп таяу,

Күйге шұбыра бастады шыбын жұрт.

 

Таң шапағындай мың түрлі арулар,

Домбыра басында ойнайды.

Балалық бүрлі сағымдар,

Ішегін дыз етіп шайнайды.

 

Тақиямдағы үкім үлпиіп,

Сәбилігімнің боран дүркірі.

Қу домырадан аумай сүлкиіп,

Ержетіп кеттім бір күні.

 

Жалбызды төбесіне шәңкиткен,

Дудар бас жар бұған ұнамас...

Алтайда ынтық жан біткен,

Перизатым осы қу ағаш!

 

СӘУЛЕЛІ КҮЙДІҢ ОЙНАҒЫ

 

Тау арасы тыныш ауа, мүлгіп таудың құлағы,

Жұпар таудың шөптерден тербетіліп қүлағы...

Орғыл таудан мүйіз самал ширатылып тұрады...

Ешкі шыңдар артыңнан жылдам басып тұрады...

 

Көз алдыңда секіріп қара қасқа мұнарлар,

Тобығыңнан қалшылдап қызыл-қызыл мұнарлар...

Әппақ арлар сүйеніп қол тимеген ұятқа,

Күн қызарып шығады түні бойы жуылып кептірілген ұятпен...

 

Сенің тәмпіш мұрының, сенің тәмпіш мұрының,

Үкінің де тұмсығын деп сипадым мұрының,

Ұзар таудың басынан Азаулыға дейінгі ақ мұнарша ұлыдым,

Қақшиған бір мойыным қаздай жөңкіп ұлыдым...

 

Сүйем сені қарағай табылмайтын қойыннан,

Мұрнымды жел сипап, самал мүңкіп қойыннан,

Сартап болған төсектен босатамын бәрін де,

Өзімді де босаттым ала-құба желдерге,

қоғамнан да... бәрін де.

 

Ой, шіркін , жаным !

 

 

ҚАЛАДАҒЫ ЖЫЛҚЫНІКІ

 

Самағал сүрінбек едім,

Адамға сүріндім.

... Самалым дүбірлеп еді,

Самалсыз үңілдім.

 

Кім еді ол сүрінген, құлайды...

көлеңкелерін қайда енді ықтырмақ?!

Тас жолға тұяғы жылайды,

Жолдар тек жылайды құп- құрғақ.

 

Кісінегісі келеді, тасырлап өлім,

Уақыттың шектеулі хаты өліп.

Ышқынды машиналар оның

Бар бабасын жинап әкеліп.

 

Өзенді кескісі келеді,

Өзендер арықтап аспанға қайтқан.

Ешкім де естіші демеді,

Демалып енді жастарына жатқан.

 

Жусан жегісі келеді,

Жусандар қылмыс ішінде сұрланған.

Ақ жусанмын дегісі келеді,

Түсіп қалып жатады шыңдардан.

 

Ақ түндерде билеп көрді іші,

Шырақтар сатырлауда,

Айға бас изектегісі келеді,

Именді ай жақындауға.

 

Бұлттағы көзін бергісі келді...

Ғимарат итереді.

Құрлықтарға жер құсып беремін,

Тулағымның  болған-ау бір керегі...

 

Жүрегінен үтірдей қапты,

Бар шаһар тарсылдатып,

Жүрегі лүпілдей қалды,

Малшы өтті сарпылдатып.

 

ТУҒАН ЖЕР

 

Туған жерден бір жұпарға қол беріп,

Саусағымның қалды ұшында,

мұндай асыл жұпарды жылқының да кекілінен көрмедік,

Саусағынан қыз ұстады дей көрме,

Сол бір жұпар балағымнан өрмелеп,

саусағымды қытықтатып келгенде,

Жылан деп те ойламадым оны мен,

Жылан емес, жасыл жұпар шығар-ау деп сеніп ем,

Жылан да емес, әлде бұлдыр шөп емес,

Осы жұпар жүрегімнің бір жартысын елемес,

Сол жұпарға денем жүрді қозғалып,

Сол жұпарға қыстырылар сөз барып,

Жұпарына жұмыр шаштар толысып, 

Жұпарының ырғағына көбелек те көп ұшып,

Ырғағымен асау өзен жартасқа,

мөлдір басын қақ бөліп,

Неше түрлі кесек толқын бейшара боп жатты өліп,

Қандай жұпар, түсіне алмай жүргенде,

Бойым қара шидей болып желпілдеді бірдем де,

Жастық мені қара жасыл демімен,

Иіскей, иіскей қойныма кеп еріген,

Қандай жұпар, әлі таппай жүргенде,

Жұпар жайлы естіп қалдым түнде елден,

Ақжал айғыр басын сөгіп алған ғой,

әлдебір дәу арманға,

Кейде қанша сөгіліп жарылды екен таңдар да,

Менің ойым тағы таңша құлазып,

Әнеу жақта сопақтанып дедектейді күн азып,

Соның-дағы соңына алты көз салып,

Сол жұпарға кеттім мен де қанша арып,

Бүгін жұпар үйіме кеп ұйықтады,

Туған жерім осы екен деп мен де үйімнен шықпадым.

 

АЗАП

 

Қарауытқан күндер тұман тулатты,

Сиқыр таулар келіп мұнарды улатты.

Үзеңгім үзілді, қылышым қайда,

Ақындардан сұрадым шұбар шумақты.

 

Тұлрарым өлексе, тебінгім қурай,

Борандар толғады, елірді құмай.

Жебе қауырсынын қайтарды құсқа,

Қылшаным сүймеген өмірді бұлай.

 

Таңдар үзіліп кірпігінде оның,

Алау жаңбырдың сіркірінде едім.

Арғымақ аттай алқына береді,

Қоян қырқалардың бүлкілінде демім.

 

Менде боз сағым мәңгі кілкіді.

Қуарған алқалардың жауды дүркірі.

Өксіген менің оттай өмілдірігім,

Теріскенге ілініп қалды бір күні.

 

Аңызақтарға тамыздым белді,

Көз жасымнан бұрын ағыздым көлді.

Ендігары, семсерімнен бұрқамас шапақ,

Айдалаға қарап аңырғым келді.

 

Ат тұяғына шөлдің жыңғылын жаптым,

Сарсораға шашаны бүлдіріп ақтым.

Алтыннан мұрақ кидірсе де елім,

Қарақшы тасқа кигізіп қайттым.

 

Сен көшіп өттің қара бұлт болып,

Құзғынға айналдым аларып қонып.

Сауыттарымды шірітпеді әттең,

Соңғы рет Алтай самалын бөліп.

 

Қара құмдарға қарғыс жаудырам,

Әппақ өзендерге алғыс тамдырам.

Қара суларға балық үйілдіріп,

Көкше жарларға жалбызды алдырам.

 

Дәрияға шортандай шөккенде бүрлерім,

Арғымағымның ауызы өпкенде күз демін...

Мен сені сүймейім Қарашөл қызы,

Неге ару емес, кептер боп іздедің...

 

(соңы)

 

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed