One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

ГҮЛ ЗАРҚҰМАР


ГҮЛ ЗАРҚҰМАР - 1974 жылы 15- қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар Одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012- жылы Жалын баспасынан Жүректегі жүзік жыр кітабы жарық көрді.2017-жылы Ауылпартиясының ұйымдастыруымен өткен Ауылым-алтын тұғырым әдеби-онлайн конкурсында поэзия номинациясы бойынша Мағжан Жұмабаев атындағы арнайы сыйлыққа ие болды.

Алтай ғой менің аңсарым




Ақ бұлттар, сәлем айта бар,
Алтай ғой менің аңсарым!
Менің де жаным жай табар,
Мекенін нұрдың аңсадым.
Аңсадым қалай жасырам,
Алыстай алмай мұң-зардан...
Бөкеннің тауы, тасы да ән,
Бөлейді жанды ізгі арман...
Адалдық бар ма десе жұрт,
Алтайда қалды дер едім.
Төбемнен аппақ көшер бұлт,
Төгіліп жасым келемін...

  
                       * * *

 


Тағдырымды тастап кетіп қалар ем,

Тас үйлерді,тастақ жолды қаламен.

Маған ғана арналғандай бір үйдің,

Махаббатын көтере алса бар әлем?!

 

Көтере алса,еркіндікті көк пен жер,

Көшіп сонда барса мөлдір көктемдер.

Күреңіткен күздер қонақ боп тұрса, 

Күннің нұры,айдың сыры төккен зер.

 

Кетер едім, жүрегіммен ән салған,

Кездеспеді, алыстады қанша арман?!

Табиғаттан тақ орнатқан сол үйдің, 

Таңын бәлкім,сағыныштар қарсы алған.

 

Жетер едім,аңсап,шаршап,сағынып,

Жерігендей бар тірліктен арылып.

Тыныштықтың бесігінде тербелген,

Тылсым мекен күтсе мені сарылып...

 

                    ps:

 

Ертең тағы күтіп алар таң нұрлы, 

Ертең талақ етемін мен тағдырды. 

Армандардың гүлі ашылар бір демде,

Ақын болып менше өмір сүргенге.

 

Бақыт деген өзі қағар есікті, 

Бар жаныммен күткен едім,кешікті...

Алтайыма апарады тағы...түс, 

Аршасы аңқып,ермен тұңған сағыныш...



          
                    * * *

 


Сені көрем жүрегімнің көзінен,
Туған жерім, сағынышым өзің ең.
Шетте жүріп шер мұңымды төгемін,
Оған куә өзің жайлы өлеңім...
Уа,туған жер, отанымсың сен менің,
Көкірегімде нұр боп жандың;сөнбедің...
Аспан мен жер арасында ғасырлық,
Отан өзің, қасиетті асыл құт!
Алыс кетсем зарықтырған сен едің,
Мен өзіңді ұжымаққа теңедім...
Көңілімнен төгіледі сәуле мың,
Сенде өткен еске түссе дәуренім...
Отан сенсің, оятатын рухымды,
Жығылмайтын биіктегі ту сынды!
Отан сенсің, құшағына алатын,
Махаббатым, іздеп барып табатын!


          * * *


Өлеңмен бірге өткізер талай күн-айды,
Ақынның мұңы неліктен сұлу,шырайлы?!
Өртеніп-жанып,өкінген құса жүрегі,
Аңсарын іздеп,аспанда жүрген сыңайлы.
Күтеді бәлкім,күткендей құстар көктемді,
Сағыныш екен аңсаудың бәрі өткенді.
Күміс сырғалы жастықтың нұрлы бейнесі,
Самырсын толы аралап жүрер бөктерді.
Қаншама арман түсіме кіріп қара үзді,
Шаштарым қара шашылып қалған тәрізді,
Қасқайып тұрған алтайым сенің бауырыңда,
Шайқалмай қалған дүниедегі асыл, бар ізгі.
Алтайын аңсап көңілім көкті шарлайды,
Сағыныш екен мендегі білдім, бар қайғы.
Аршасы аңқып түсіме енген туған ел,
Самалыңменен сипайсың келіп маңдайды...

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed