One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Жанмұрат Ақерке Жанмұратқызы

Жанмұрат Ақерке Жанмұратқызы


Қостанай облысы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің І курс студенті.

Ауылым – алтын тұғырым (эссе)

Торғайды білесіз бе Арқадағы,

Көз тартып тұратын жер картадағы. 

Ғасырдан ғасырларға тарих болып,

Басылған ұлтым үшін әрқадамы.

Жеткенше құшағына тұяқ қалар,

Әр тасы сырын шертіп, күй ақтарар.

Көріңіз, көзіңізді жеткізіңіз,

Бұл жақты білмеу тіпті ұят болар.

Ондай жер еш мекеннен табылмаған,

Кеудеңде жүрек болып дамылдаған.

Кейкідей батыр өткен дархан дала,

Кешегі ақ патшаға табынбаған….

 

                                                                       Торғайлық ақын Саят Әбенов

 

         

Қазақ жері қойнауы тарихқа толы қасиетті өлке. Біздің жеріміз қаншама тылсым сырларды бойына бүгіп жатыр…  Соның ішінде ойып тұрып орын алған Торғай өңірінің тарихы Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі.         

       

Жалпы адамзат баласы үшін бірнеше қастерлі ұғым бар. Соның бірі әрі бірегейі – Отан ұғымы. Отан неден бастау алады? Осы бір сұраққа жауап берер алдында әрбір адамның ойына ең алдымен отбасы, одан кейін кіндік қаны тамған жері еске түседі.

       

Туған жер … Бұл сөзде сарғайған сағыныш, ащы көз жасы, қаншама қуаныш, қаншама мұң, естен кетпес тәтті естеліктер жатыр. Белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Қартқожа» романында : «Ыстық қой, шіркін, туған жер! Кім сағынбас өз қағын?! Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз…» деп туған жердің қадіріне тереңірек тоқталады.

        

Менің туған жерім – киелі Торғай мекені. Небір түнеріп батқан түндердің,  арайлап атқан таңдардың бұқараны зар еңіреткен сұм жылдар мен мамыражай, бейбіт күндердің куәгері. Туған жерімнің әр тау-тасы, өзені, кең даласы сонау замандардан бері келе жатқан тарихпен астасып жатыр. Бір сөзбен айтқанда сан ғасырлық тарихты сақтап жатқан қария секілді, көргені мен білгені мол – Қарт Торғай. Бүгінгі күнге дейін Киелі Торғай, Текті Торғай деп аталуы тегін емес. Оның үстіне Торғай қаласы, Торғай облысы, Торғай даласы, Торғай қақпасы, Торғай ойпаты, Торғай үстірті, Торғай әуені сияқты тағы да басқа атаулары жетіп артылады. Бұл Торғай досты да, жатты да жанашырдай қарсы алған, талай бейнетті өз басынан өткізген өлке.

         

Тарихқа жүгінсек , «Торғай» атауы  тереңге бойлайды. Атақты философ абыз Асан қайғы желмаясына мініп, жұртына шұрайлы қоныс іздеп жүргенінде,  Торғай өзенін көріп: «Аққан  суың бал татитын,  ақ шабағың май татитын жер екен», - деп сүйсінген деседі.

       

Торғай атауының шығу тарихы жайлы көптеген қызықты пікірлер бар. Сондағы екі нұсқасы қазақ және қалмақ сөзі. Тіл маманы Сейітбек Нұрханов бұл сөзді торы қыпшақ бен оғыздың қай тайпасының одағынан, яғни «торы» және «қай» сөздерінен шыққан деген пікір айтады. Бұл пікірді белгілі ғалым Қойшығара Салғарин атамыз да қолдайды. Ал кей деректерде өңіріміздің басты өзен Сауық атанған, кейін Торғай болып өзгертілген деген деректерде кездеседі.

      

Ендігі кезекте ақын Қадір Мырзалиев:

« Еркіндік пен елдік үшін торғайдай,

Шырылдаған Торғайсың сен о бастан»,

 

- деп Торғай жерінің қайтпас қайсарлығына бас иеді.

     

Қазақстан тарихынан ойып тұрып орын алған Торғай өңірінің киелі жерлері жетерлік. Тарихы тұнық судай Ұлы Жыланшық, Жолшара, Атанбас ақирек, Торғай ауылына қарасты Ақкөл,  Ақшығанақ,  Шеген,  Қызбел, Еңбек ауылдары өткен тарихи кезеңнің куәсіне айналған мекендер. Бұл жердің басты байлығы – Торғай өзені. Ол Торғай, Ақтөбе жерін қамтитын, ұзындығы 825 шақырымға созылып жатқан өзен. Оның оң жағасынан Тоқанай,  Табылды,  Қарыс, сол жағасынан  Тентексай,  Кенжетай,  Қабырға,  тармақтары бөлініп шығады. Өзеннің басты салалары – Қараторғай,  Сарыторғай,  Жалдама,  Өлкейік,  Қайыңды, Ырғыз.

 

Торғай өлкесін ғалымдар әлемнің сегізінші кереметі деп атауы тегін емес. Себебі Торғай геоглифтері нақ осы өлкеде орналасқан, атаған геоглифтер тек Қазақстан мен Оңтүстік Американың Перу мемлекетінде кездеседі екен.

 

Көшелер құрғақ өзен арнасындай

Қала едің кәрі шуда нар басындай.

Ішіне оқиғаны тиеп-сықап,

Тарихтың қойып кеткен арнасындай,

 

- деп Торғайлық ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай,  Торғай жері  еліміздің көп қатпарлы тарихынан өз орынын әлдеқашан алып үлгерген. 

      

Қазақтан тарихында бұқаралық сипат алған 1916  жылғы батыр бабаларымыздың бастаған ұлт-азаттық көтерілісі киелі Торғай жерінің ең алғашқы азаттық жаршысы болғанын толығымен дәлелдейді. Сол кезеңдегі Торғай облысының ханы Әбдіғаппар Жанбосынов, батыр әрі қозғалыс жетекшілерінің бірі – Амангелді Иманов осы көтерілісте қол бастап, Торғай атауын тарих беттеріне мәңгілікке қалдырды. Бұл көтерілісте арғын ханы Шолақұлы Оспан, сардар Алтынсарыұлы  Қасымхан, қыпшақ ханы Жанбосынұлы Әбдіғаппар, мерген Кейкі Көкембайұлы, сардар Амангелді Иманұлы есімдері белгілі болды. Торғай жерінде өткен бұл көтеріліс ерекшелігі – бұқаралық сипатта ең ұзаққа созылған, ең табанды және бір орталыққа бағындырылған қозғалыс болатын. Бұл көтерілісте кауыл-уездерді ғана емес, барлық Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай аймақтарын қамтыды. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл көтеріліске Сырдария, Семей және Ақмола жерлерінің өкілдері де белсенділік танытқан болатын. Торғай жеріндегі көтерісшілер өз жерінің ұлан-ғайыр кеңдігін стратегиялық және тактикалық мақсатта қолдана білді.  Ел арасында қозғалыс жетекшілері туралы: «Амангелді көз мергені, Кейкі қол мергені» деген сөз әлі күнге дейін сақталған.

 

Торғай – ұлт  ұясына  айналған тарихи мекен. Бұл топыраққа кіндік қаны тамған ержүрек батырлар, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен билер, әулие-әмбиелер, суырып салма ақындар, күміс көмей әншілер, жұртының жанашырына айналған қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қаншама?! Сол үшін де мен өз жетімді текті өлке деп санаймын, себебі Торғай топырағында өсіп жетілген, қазақтың бағына біткеннің асыл азаматтарымыз жетерлік. Торғай –елім деп шырылдап, жанын шүберекке түйген, халқының жолында өмірін сарп еткен, саналы ғұмырын ұлтының болашағына арнаған Ахаң мен Жақаңның елі.  Торғай –тұңғыш тархан атанған  батыр Шақшақ Жәнібектің, Торғай жерінде алғаш рет білім шырағын жаққан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринның, ел бостандығын өзінен биік қойған Амангелді, Кейкі, Әліби сынды дарабоздар елі. Торғай – қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өшпес із қалдырған Сейіт Кенжеахметов, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Шәміл Мұханбетжанов, Қайнекей Жармағамбетов, Нұрхан Ахметбеков, Болат Хамзин, Кенжеғали Сағадиев, Қоғабай Сәрсекеев секілді нарқасқалардың туған өлкесі. Сонын ішінде ерекше атап өтетін тұлғалар – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы. Алаштың қос арысы өмірінің соңына дейін «Арым- жанымның садағасы, ерлігім  – елдігімнің садағасы» деп өтті. Олардың ұлт болашағы үшін жасаған еңбектері  ұшан-теңіз.

 

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса ұқпасын жалықпаймын,

Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін,

 

-  дейді алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлы.

 

Бұдан бөлек Торғай жерінде қарасты Қызбел жерінде бар қазаққа танымал 25 академик пен алаш елінің ардақты ұл-қыздары туып өскенін бірі білсе , бірі білмес. Көкалат, Аралбай және Көлқамыс елді мекендерінен 60-қа жуық ақын-жазушы шыққан болатын. Одан өзге жұртты аузына қаратқан Құтан әулие, Оспан қожа секілді тұлғалардың да туып өскен ортасы  қасиетті Торғай жері.

 

Қазақ халқы ежелден әйел азаматтарын құрмет тұтып, оларды барынша қадірлеген . Бұған мысал ретінде тарихта өшпестей із қалдырған ержүрек Тұмар патшайым,  талай жазушылардың әдеби кейіпкеріне айналған Аппақ апа, Домалақ ана, отбасы мен қоғам ұйтқысына айналған «Абай жолы» романындағы Зере секілді көреген аналарымыз қаншама?!  Сол секілді Торғай топырағында ұлт жанашырларына айналған Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Сағындыққызы Досжанова , Құралай Әліби қызы Ниәтоллева сияқты қайсар қазақ қыздары дүниеге келген. Осылардың ішінде қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш мәдениет қайраткері, педагог, жазушы, журналист-публицист, аудармашы – Нәзипа Құлжанова болатын. Бүкіл Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі – Аққағаз Досжанова екенін бірі білсе, бірі білмейді. 

 

Абай атамыз айтпақшы, көңілдегі көрікті ойдың, ауыздан шыққанда өңі қашады демекші, біршама қайраткерлердің есімі аталмауы да мүмкін. Дегенмен Торғай елі үшін әрбір перзентінің орны бөлек. Ендігі тілегіміз осы өлкеде туып өскен ұлы тұлғалар, тарихи атаулар тасада қалмаса екен дейміз.

 

Қазіргі таңда бұл өңірдің даңқы бар қазаққа мәлім. Бүгінде Торғай жері Жангелдин ауданының орталығы. Аудан орталығында Ы.Алттынсарин, Ш.Уәлиханов атындағы қазақ мектептері, Н.Г.Иванов атындағы орыс мектебі жұмыс жасайды.Торғай жерінде  «Алтын дала» мемлекеттік резерватының үш бөлімшесі орналасқан. Олар Тосынқұм, Ұлы Жыланшық, Сарықопа деп аталады.  Сонымен қатар Торғай – мұражай қала. Ел тарихынан көрініс беретін мұражайларымыз Шақшақ Жәнібек батырдың, А.Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы атындағы әдеби мұражай, Ә.Жангелдин мен Н.Ахметбековтың мұражайлары бар. Торғай ауылынан тысқары Шиліде – Қайнекей Жармағамбетовтың, Жаркөлде-Шәміл Мұханбетжановттың, Көкалатта – Айса Нұрмановтың, Ақшығанақта –Кеңшілік Мырзабековтың мұражайлары бар. Бір сөзбен айтқанда, Торғай « Елі барда ердің аты өшпейді» деп, зиялы азаматтарының , бай тарихының қадіріне жеткен халық.

 

Биылғы жыл Жангелдин ауданының халқы үшін ерекше болды. Жангелдин ауданы 90 жылдығын, қарт Торғай қаласы 150 жылдығын атап өтті. Іс шараның арнайы бағдарламасы күні бұрын құрылып, аудан халқы іске кірісіп кетті. Торғайдың «Мен Торғайлықпын» деген азаматтарының барлығы ауданның көркеюіне атсалысты, бірнеше әлеуметтік нысандар қалпына келтірілді. Торғайдың кіре беріс қақпасы қайта жаңартылды. Сырттан келген қонақтарға бейне бір «тарихы терең Торғай өлкесіне қош келдіңіз!» деп тұрғандай. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, ауданның орталық алаңына ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Бағдарламаның ең маңызды бөлігі- «Торғай елі-тұлғалар мекені» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Конференцияға қатысушы мәртебелі меймандар Торғай жерінің шежірелі тарихына қанық болды.

 

Шақшақ Жәнібек алаңында өткен тарихи шеруді көрген де арманда, көрмеген де арманда. Шеру алғаш «Тархан» атағын алған Шақшақ Жәнібек бабамыздың қазақтың кең байтақ жерін қорғап қалу үшін жасаған ерлігінен басталды.1868 жылы Торғай уезінің құрылуы, Торғай жерінде алғаш мектептің ашылуы, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы, 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс,ашаршылық, Елім-айлап босқан халық, Ұлы Отан соғысы бәрі көз алдымызда жанды көрініске айналып, сол ғасырға барып келгендей әсер  қалдырды. Ат жарыс, балуандар күресі,ас берілу барлығы өз дәрежесінде өтті.Екі күнге созылған дүрілдеген той да өз мәресіне жетті.

 

Көргенде жайсаң,Торғай бақ қаласын.

Өсесің,шаттанасың,мақтанасың!
Сауырын Сарыарқаның дүбірлеткен,
Торғайым,саған әркез бақ дарысын!-

 

деп Торғайлық ақындар жырлағандай қорыта айтқанда, осы шағын еңбегімде өзім туып өскен Киелі Торғай өлкесінің өткені мен бүгініне шолу жасадым. Бұл өлке жайлы білгісі келгендерге аз да болса мағлұмат бере алсам өз мақсатымның орындалғаны деп білемін. Белгілі ақын Қ.Мырзалиев жырлағандай:                    

 

Қашан да көк қаулап өсер ертеңге,                                            

Сен осындай болмасаң жыр шертем бе?!

Адырнасын шірей тартқан садақтың,

Жебесіндей, жетер даңқың ертеңге.

 

Киелі өлкенің аты өшпей, тарих сахнасында мәңгілік жасай береді деп сенемін!

                                                                                       

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed