One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ


Шапағат ӘБДІРҰЛЫ - Қазақстан Республикасының азаматы. Жамбыл облысы Тараз қаласы М.Х.Дулати атындағы универистеттің «Журналистика» мамандығының 2-курс студенті. Республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. Жырлары республикалық, халықаралық басылымдарда, Қытай халық республикасының газет-журналдарында жарық көрген.

Ауыл аңыздарынан

Ауылдан келген телефон

 

-Алло інім,

-Жағдайың жақсы ма?

-Шүкір, аға, сіздей жандар тапшылау…

Сіздер де ше? Жеңгем қандай жақсы ма?

- Жақсы болмай кеше апардым бақсыға.

- А, не дейді? Апам қандай үйдегі?

- Олар жақсы немересін сүйгелі.

Бірақ жауын, отын тапшы, қи шірік…

- Сен қалайсың?

- Бізде де, аға, күй сұлық,

Жапыраққа ай қарайды сүйсініп…

Қазан желі мөңіресе әрең тұр,

Ағаштардың бұтақтары исініп…

 

- Сіздерде ше?

- Е, бізде сол,

Атпен ауыл кезген боп,

Күн суық па? Бірақ әлі сезгем жоқ…

Алатаудан самолетпен жездең кеп.

Содан ба сәл көңіл-күйім көрім боп,

Қара таудан шабан атпен келін кеп.

Бүгін быраз сілтеп қойдым, сорпа ішіп,

Қуырдақ пен

Жылқы етін де жедім көп.

Сонан кейін жалғағам ғой телефон,

Жағдайың қалай екен сенің деп.

-Ия, ия.

……………………………..

Ауылды айта бермеші, аға, әрең тұр,

Менің-дағы қос жанарым желіндеп…

 

                   

Аршалардың ұйқысы ашылмайды

 

Күн өзінің көлеңкесін қуса адасып, 

Тобылғының мұңынан жусан ашып.

Тұрған сол бір тікеннің арасынан, 

Ағама қой жүр деші кім санасып?

 

Оған ешбір қоймас-ау ел іші ашып, 

Бүлдіргенді боранның жеңі шашып.

Дәл осы уақ шіркін-ай сол қыстауда, 

Ермендердің кеткен кез демі сасып.

 

Сол қыстау бөктерінде құлан асып, 

Лашығын әрең табар түн адасып.

Ұйықтай алмай шығады сол қойшы ағам, 

Шегірткелер жатқанда құдаласып.

  

Ал құмырсқа алған күн жаулап шиді, 

Бақа да көлшігінен аулақ сиді.

Асығып шала жансар түскен жаңбыр,

Түйе жапырақ бетінде аунақшиды.

 

О, Қаратау өзіңді қорғап бабам, 

Сенен ауып, ал кейін болды ақтабан.

Аршалардың ұйқысы ашылмайды,  

Қарағайлар мезгілде тоңғақтаған.

 

Ақ сыйырды кесіртке жүргенде еміп,

Елік қырдан қарайды күлген болып.

Бір хатында құдашам көбелектер, 

Тұмауратып жүр дейді гүлге емделіп.

 

Кірпігімнен мен болсам уықты иіп,

Бар жүгімді кеткім бар буып-түйіп.

Хат қайтара алмаймын қаламымның, 

Қабырғасынан қалған суық тиіп.

 

Сол даламның баурайын ай күзетіп, 

Кеткенін де білмейді қай күз өтіп?  

Менің жазған жырымды таң атқанша, 

Жартастарға береді байғыз оқып.

               

 

Қарындас теріп берген бүлдіргендей

 

Біздің үйдің бас жағы ну қарағай,

Бауырында бастау бар тұнған арай.

Су алып жаулығына жалғанды орап,

Жеңгем кетіп барады бір қарамай.

                            

Жүректегі қайтейін тоңды арылмас, 

Өтіп кеткен дәурен бас ол да бұрмас.

Бір кездегі құдашам жеңге болды,

Келін болып үлгерді сол қарындас.

 

Әжем айтқан ертектей көрінді әрі, 

Алдаспаны қан сасып қолындағы.

Киіз үйлер пері қыз отауындай,

Жорықтан қайтқан ханның жолындағы.

 

Білмейтін ол кезде ес жоқ тентек пе едік? 

Айда өзін тауысарын өртеп толық.

Ертек айтып жатқанда сезді ме екен?

Әжем өзі кетерін ертек болып.

 

Өмір өстіп өтерін білдіргендей,

Күн емес төбемізде мұң жүр нендей?

Көкжиектің көзінде таусылды іңір, 

Қарындас теріп берген бүлдіргендей.

 

                   

Күлкіңді іліп қойғым кеп жүр тіліне

 

Үйшік жасап жұлдыздарды тізіп ап,

Ойнаушы едік көрші ауылдың қызын ап.

Ал бұл күнде сол күндердің бәрі Ертек,

Жүрегімді сол елес жұр әлі өртеп…

Көне қыстау,

О, бүгінгі,

Тұнық еді ай неткен?

Ай бетіне, балалықты алып қашқан қай көктем?

Гүл теретін бөктер жатыр тымырсық,

Күл төгетін төбе жатыр ыңырсып.

Бұзау сүйреп жүрген анау баланы, 

Жеңгем құсап жылатады кім ұрсып?

Сайға кірді сай сүйегін күйретіп, 

Бір шөкім бұлт көлеңкесін сүйретіп…

Дәл сол сәтте қой маңырап тау жылап, 

Бәрі ұйқыға кете берді маужырап.

Жыпырлаған тұяқ Жаншып гүл тәнін,

Иығында үкі ойланды қырқаның...

Мен қайтем деп,

бәрі кетсе тірі қап…

Осы ауылда өле салғым келеді.

Еркелеген күшігіне жұлып ап,

Жүрегімді бере салғым келеді.

 

Бірақ сені қимаймын ғой тәттім-ау,

Сенсіз маған бұл дүние жат мынау.

Күнде азанда дейтін маған тұр ымдап,

Сен сыйлаған сағат тұрды шырылдап. 

Бұдан кейін сол сағаттың күніне, 

Күлкіңді іліп қойғым кеп жүр тіліне! …

 

                    

            Ауылда

 

Тауларым, қырларым, жолдарым,

Барлығын басайын бауырға.        

Ұшайын төсіңде құс боп мен,

Мен келмей кеткелі ауылға,

Келіп-кетті дейді үш көктем.

 

Қойныма ап сенде өскен мысықты,

Сипайын сенде өскен күшікті.

Теріскей беткейде биыл да,

Қып-қызыл бүлдірген пісіпті.

Биыл да алма көп бүршіктеп,

Биыл да өрік көп түсіпті.

 

Шегіртке шырылын күйме ғып,

Өзінің көз жасын түйме ғып.

Құдашам қаладан үй көріп,

Көрші ағам кетіпті үйленіп...

 

Қырға өтіп, ал бірде ойға өтіп,

Қалды деп жүгірген қой кетіп.

Шерімді тарқатып ойнайын,

Балдырған балдарын сөйлетіп.

 

Тұратын көзіңнен ойды оқып,

Бақсы апам кетіпті Меккеге.

Кетіпті бір талай той да өтіп,

Кетіпті топырақ қартайып,

Кетіпті гүлдер де бойжетіп.

Ауылда…

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed