One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Дәулет Жалелов


Жалелов Дәулет Серікұлы  

Астана қаласы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты

Ауыл кеші

(әңгіме)

 

Шұлығын теріс киген Жомарттың адам баласының сөзін тыңдап, түйсінетін мұршасы жоқ.  Бар ойы – кешкі ауылдағы би кешіне дайындық.  Жарғақ құлағы жастыққа тимейтін шіркін балалық шақтың керемет кездері –ай! «Көзден кеткен соң көңілден кетеді» деген мақалдың бұл жерде мағынасы жоққа саяды. Себебі көңілден кетпейтін балалық шақ сағынышпен отау құрып, сезім жарастырғалы қашан?! Көршінің бау-бақшасындағы қызанақ пен алмаға  ала тауықпен жарыса түсіп жүретін Жомарттың бүгінгі ұсқыны – бөлек. Шалбарының түсі тұрмақ, жыртығына мән бермейтін сотқардың қиғылығы үйдегілердің дегбірін қашырды. Таң азанымен кешкі астан қалған табадағы картоптың қаспағын құшырлана жеп, ауыл шетіндегі Құрмаштың үйіне бару. Аңсар арманы ол үймен шектелсе жақсы ғой. Қай жетіскеннен дейсің жер шарының жартысындай болған бір қап шашынан құтылу? Күн ауа Құрмашты ұстау адам баласының ойына сыймайтын құбылысқа не болмаса мифке яки аңызға айналуы мүмкін. Жомарттың да асығыс жүргені сондықтан. Ал құрғыр Құрмаштың есесін жіберіп, елге алданған кезі болған емес. Құдды бір профессордың алдынан төрт жыл сабақ алған оқымыстыдай: «- Уақытымды алған адам – өмірімді алған адам», - деп соғатыны бар. Осы сөз Құрмашпен бірге дүниеге келген бе? Әлде періштелер  ауызыңнан тастама деп тіл қатқан ба, онысын білмеймін. «Шашыңды емес басыңды аласың ба?», -  деп сөйлейтіні ауылға аян. Басыңды түгелдей алса, күзге салым шөбін де шөмешінің кейпіне енгенің, төбеңді алса Құрмаштың үйінде отын шауып жүрмін деп ойлай бер. «Ал мен қаланың жігіттері сияқты ерекше үлгімен алдырғым келіп еді» деген ой Жомекеңнің миында ғана қалды, жүзеге асуы манағы отынмен байланысты болды.  Өріске бұралаңдап бара жатқан тайынша, торпақтармен ұрысып жүретін Нұрия жолайы ауласын бүлдірген қасқа сиырды қоржынындағы керемет сөздермен сыбап жүр. Ол көріністі көрген ірі қараның егесі екінші көшемен зытып кеткеніне жарым сағат өткен. «Шашыңды алдырсаң, тәп-тәуір жігіт екенсің ғой» деген Құрмаштың   кекесінмен айтылған сөзі  Жомекеңнің миында сақталып, жүрегін ауыртып келе жатыр десеңіз қатты қалелескеніңіз. Оның есіл дерті –кешкі сауыққа дайындық. Қолындағы көпті көрген ұялы телефонын әрі бері айналдырып, Жомекең ойға батып кеткендей. Рас, соткасының түнемеген даласы, баспаған  жартасы жоқ.  Былтыр ағасы Сержанмен арбалап үйген маясының астында жарты ай қалды. Сол үйілген шөпті өзіне үйшік еткен Құтжолдың тірлігіне,  әй, бір риза болып еді.  Қайта оны Құтжолдың арқасында табылған тосын сый деп қабылдаған дұрыс шығар. Шашын алса, сыныптасы Бақоштың берген құлаққабыда кәдімгідей дауысы анық шығатын сияқты. Қайраттың «Жүрегіңнен бір орын бер» әнін тыңдап жүргеніне бесінші күн. Көзі түскен қызғалдақтардың жүрегі бос па, әлде армандаған аңсаған ақбоз атты серілері бар ма, ол жағы қиялы көк тіреп келе жатқан жігіттің есіне де кіріп шыққан жоқ. Жүрегінен болмай-ақ қойсын, жанында тұрып билеудің өзі Жомекең үшін бақыттың шыңы болып тұр.

Аудан орталығы Орынсайға кісі жинап тұрған Сәттібайдың көңілі –көтеріңкі. Кешкі жаңалықтардан доллар көтеріледі деген жаңалықты ести сала түрлі өңдеу мен құбылтуларды қосып, маңайындағы таңғы ұйқыдан тұрған жұрттың бастарын шайқалақтатып, таңданысын арттырып тұрғаны әлсін-әлі «Шын ба? Мұнысы қызық екен!?» деген шулы әңгімеге ұласып жатыр. Сәттібайдың сәтті жаңалығының түрі – осы. Бірақ ауылдастар бұл жағдайға үйреніп те алған. Орынсайға аптасына алты рет баратын Кеңестің:

- Ей, Сәттібай машинаңды оталдыр. Сен байығанша, доллар түседі, алаңдама, – деген сөзі Сәттібайдың көк дөненін тұп-тура жолға салды.  

Жомекеңнің ең бақытты кезеңі де, көңілінің көтеріліп, жүзінің жайнап жүретін шағы – оқу жылының аяқталар тұсы. Жылдың басында алған кітаптарын бүтін күйінде өткізіп бергеніне кітпаханашы да мәз. Кітапханашының жыртпай, тап-таза ұста деген сөзін ұран қылып жаттап алғандықтан ба, әлде кітапты ашып қарауға ойын баласының уақыты болмады ма, ол жағы бізге беймәлім. Қиялын шындыққа  балап, жолмен емес өзінше сүрлеу соқпақ салып, көршісі Бақоштың үйіне бір күнде он рет соғып кетпесе, Жомарттың бір ісінің орындалмағаны. Күнделікті, үйреншікті өзіне айтылған бір айғайдан бойын тіктеп алатын Бақоштың да бүгін көңілі әдеттегіден көтеріңкі. Өзінің күнделікті ресми жұмыс орнында жүретіні де еңбекқорлықтың белгісі шығар. Жұмыс орны – таңертеңгі өріске кеткен ірілі ұсақты төрт-түліктің кешкі жатар мекенін реттеп жөнге келтіру. Қораны басына көтеріп өзінше әуендеткен дауысы өмірге жаңа келгендей үнсіз бақырайып тұрған бұзаудың үрейін арттырды. Бақоштың әкесі Тұяқбайдың осы маңда жүргені әлсін-әлсін балғаның тарс-тұрс дыбысынан байқалады. Қасқа сиырдың түні бойы сүйкеніп майыстырған дуалын түзулеп жатқан Тұяқбайдың  аузына әкесінен басқа ешкім түсер емес.

Екі достың сыры мен жыры егіз екенін өз ауылы тұрмақ, көрші ауылдың тұрғындары да біледі. Оған дәлел, былтырғы жаздағы екі сотқардың көрші ауылға жасаған туристік сапарлары куә. Таң азанымен жайылымға асыққан екі тайға жайдақ мінген қос жолаушының қызығы ауыл тұрғындарының әлі есінде. Терісайрық өзені мен күжірейген биік таулар қоршап жатқан бұл Бақсайдың ежелден бағы жарасып, тірлігі бірлігімен жұп болып еңбек етіп жатқаны – ауылдың шежірелі қарияларының арқасы. Әр айтқан сөзі тұтас ауылдың тыныштығын сақтап, берекесін келтіріп отыр. Сол Бақсайға келе жатқан көрші ауылдың серілері Жомекең мен Бақош, ресми тілмен айтқанда, Жомарт пен Бақтығали еді. Таңмен таласа шыққан екі жолаушы маңдайды қыздырып, жүрісті баяулататын тапа-тал түске қарай бірақ жетті. Оған себеп: Жомекеңнің кеше жеген қарбызы  мен Бақоштың осы соқпақ тура апарады деген жалған болжамы ғана кінәлі. Бақсайға кіреберістегі көк шатырлы жасыл шарбақты, қызыл мен сары түс арласқан қақпасы бар, бір ауыз сөзбен, ауыл «бағдаршам үй» деп атап кеткен – екі достың бастауыш сыныпта бірге оқыған сыныптас досы Жандостың үйі. Бесінші сыныптан бастап Бақсайдың білімін көтеремін деп кеткен Жәкеңнің өз-өзін әлі төсектен көтере алмай жатқанына апасы Күләннің: «Әй, жүгірмек, тұр, ұйқыдан басың қалсын» деген сөздері дәлел сияқты. «Ойын баласы ғой. Қазір демалыс ұйықтасын» деген Қоныс қарияның жылы сөзі ары қарай бесіктегі баланы тербеткендей, Жандосқа майдай жағып бара жатыр. «-Жандос достарың келді» деген қарияның сабырлы дауысы мен «Әй, мына бала айтқан тілді алады ма» деген апаның дауысы Жандосты сыртқа жалаң аяқ алып шықты. Қақпаның алдында тайларын жуан темірге байлап жатқан екі досты көре сала Жандос та сергек кейіпте, жүзі жадырап шыға келді. Дастархан басындағы амандық-саулық сұрасып, қою сүтпен шәй ішіп, жаңа ғана қазаннан шыққан ыстық бауырсақты аузына салған серілердің жүзі –жарқын. Бата берілгеннен кейін іле-шала қораның төбесінде жатқан ау мен сабы ескірген қармақты ала сала өзен бойын жағалап үш жолдас саяхатты бастады. Бір-бірімен алысып, күресіп, кейде жұмбақ жасырып тағы бірде әзіл әңгіме айтып, енді бірде Бақоштың асықтан оңбай ұтылғаны жайлы тәтті оқиғаларды бір-біріне үйлестіріп жалғап келе жатқан саяхатшылардың әңгімелері таусылар емес. Балықтан бұрын суға шомылу – маңызды жұмыстардың бірі. Терісайрықтың  бойы дәрілік өсімдік шырғанақ пен итмұрынға толы. Бұл да Жаратқанның осы бір өлкеге сыйлаған нұры шығар. Кеш те қарайып қалған сияқты. Кеше хабарласқанда телефонның ар жағында өзіне сенімді күйде «Саспаңдар шортан аулаймыз» деген Жандостың екпінді сөзі сол күннің бір естелігіне айналған сияқты. Жаяу жалпы жүгін арқалап  Жандостың үйіне қарай бағыт алған үш жолаушының көңілі қызарып батып бара жатқан күнмен бірге үндескендей. Кешкі мезгіл – ауыл тірлігінің қызған тұсы. Өріске кеткен төрт түліктің алдынан шыққан ауыл тұрғындарының әңгімесі таусылар емес. Арғы дәуірден бастап кешегі аудан орталығы Орынсайда болған тойға дейін тақырыптар бірінен соң бірі жалғасып жатыр. Ауылдың көркем өмірін жанындай жақсы көретін, қаладан келгеніне екі аптаның жүзі болған Айсапардың да осы маңда жүргені әлсін-әлсін Терісайрықтың сыңғырындай болған күлкісінен байқалады. Ауылдың жастары бір көзі өрістен келетін төрт-түлікте бір көзі күн сайын арты кішігірім төбелеске ұластын ала доп аламанында. Ішіндегі ересектеуі Айсапардың ағасы Жарқынның ойыны да өзгеге ұқсамайтын ерек екен. Күн сайын ермегі доп болғаннан кейін бе, нағыз шебердің өзі. Осы көріністі алыстан бақылап келе жатқан Жандос ойынға бірден арласа кетті. Жарқын мен Жандостың сыныптас екені де Жомекеңнің есіне енді түсті. Өзінше менде ойнап көрейін деген Бақоштың сөзі ішкі толғаныс сөзге айналғанын өзі де сезгендей көк шөпке жайғаса кетті. Жомарттың көзі ойында емес, бір  топ болып ала допты қызықтап тұрған көрермендердің арасындағы қызыл көйлекті сұлуда. Махаббатқа сенбейтін Жомарт сері де осылай ғашық болып қалған еді. Қасына барып, қалай танысып алғанын өзі де білмейді. Бұл дегеніміз ес түссіз ғашық болу деген сөз бе?! Иә, бір көргеннен ұнатып, тілдің байланып, жүректің діріл қаққан сәті деп суреттеу керек шығар. Қос жүйріктің келген жүйрік көліктері Жандостың алаңғасарланып жартылай жапқан қақпасын менсінбей Жомекең мен Бақоштан бұрын ауылға жетіп алғаны Тұяқбайдың мына жүгірмектерге «не болып қалды» деген үрейге толы айғайымен ұласқанына үш сағат өткен еді. Күллі ауылды жеті рет айналып іздеп шыққан екі отбасының қорқынышы шындыққа айналайын деді. Таң сәріден үй ішіне өздерінше құрған жоспарларының біреуін де айтпай әншейінде қолдарынан тастамайтын ұялы телефондарын үйге тастап кеткені де үлкендердің ызасын тудырды. Дөңгелегі жарылып, жолайы жөндеп Орынсайдан шаршап шалдығып  келе жатқан Сәттібайдың көлігімен қыстырылып жеткен екі жолаушы сол түні ұйқтамады. Ауылды дүрліктірген осы әңгіме біразға дейін басылмады.

Бүгін көрші ауылдың яғни Бақсайдың өнерпаздары ауылға мерекелік концерт қойып келеді деген жаңалық Жомартты ерте ұйқысынан оятқан еді. Концерттен кейін болатын би кеші де ауылдың көркін қыздыратыны сөзсіз. Бір жылдан бері қаладан ауылдың өмірін жанына жақын тартып Бақсайдағы мектептің оқушысына айналған Айсапар да – бүгінгі болатын концерттің мың бұралған бишісі әрі осы кештің жүргізушісі. Көптен күткен мерекелік кеш те аяғына жетті. Айсапардың қарақаттай мөлдір көзі сәуле шашып Жомартқа мейірлене қарады. Мәдениет үйі директорының: «Ауыл қонақтары мен тұрғындарына арналған концертіміз ары қарай би кешімен жалғасын табады» деген сөзі Жомарттың жүзіне де, жүрегіне де қуаныш сыйлады.

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed