One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Асхат Аймағанбетов

Асхат Аймағанбетов


Асхат Аймағанбетов Бекторғанбекұлы 1989 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүинеге келген. Көп деген облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы.Қазірге таңда Алға аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарады.

Осы жол...!!!

 
 
          (Туған жерге барар жолдың суретін көргендегі толғаныс )
 
Жанымызды желпінтіп жалған- желік,
Жарғанат-бақ қонардай алдан келіп.
Жалтақ-жалтақ жәутеңдеп ата жұртқа,
Осы жолмен кеткенбіз  арманға еріп.
 
Артып алып сөмкесі тола арманын,
Жолаушы іздеп шықты жоғалғанын.
Осы жол аттандырып сапарға оны,
Қалды күтіп қайтадан оралғанын.
 
Мекен етіп аяғы жеткен жерін,
Жолаушы күндіз -түні етті еңбегін.
Бәрі өзгерді арада,
Бірақ әлі,
Осы жол тосып жатты кеткендерін.
 
Қандай бақыт табам-деп- шеттен дара?-
Туғандарын қия алмай шеккен нала.
Әке болып үлгерді баласына,
Осы жолмен ауылдан кеткен бала.
 
Жабықтым- деп- өзің жоқ жақтан жалғыз,-
Анасына жалғаған хаттардан да із.
Ана болып қазірде үлгеріпті,
Осы жолмен ауылдан аттанған қыз.
 
Шаруа жайын бастасам шалғай барып,
Жазылғаны болар деп маңдайға нық.
Осы жолмен ұзаған жас отбасы,
Отыр бүгін кемпір мен шалға айналып.
 
Бері итеріп өмірдің ағысы әрі,
Әр пенде әр толқынмен жарысады.
Шартарапқа шашылған ауылдастар,
Осы жолдың бойында табысады .
 
Бір ит тірлік көңілге жақпай қалып,
Бір түйіннің шешімін таппай налып.
Қажығанда тұрмыстың күйбеңінен,
Қарайлаймыз осы жол жаққа айналып.
 
Кей тұста тобығыңнан шалып қалар,
Кей тұста сергелдеңге салып та  алар.
Тағдырдың суығынан жаурағанда,
Осы жол жылы жаққа алып барар.
 
Қарбалас күн кешкенмен қалада құр,
Қайран ауыл келбеті санада тұр.
Әне,
Менің сап-сары сағынышым, 
Осы жолмен жүгіріп бара жатыр....
 
 
Қара бала!
 
Қара баламын кешегі,
Қара баламын.
Қара жол мені әкелген қалаға жаным.
Қалада қанша тұрсамда жөн болар еді,
Қалалық жігіт деп маған қарамағаның.
 
Қара баламын,
Иә, иә мен қара баламын.
Қаралығымды ұмытсам жарамағаным.
Қара суына шомылып,
Есімде ауылдың,
Қара тасына тіземді жаралағаным.
 
Қара шыбығым кәдімгі-
Қара атым еді,
Қара жорғаға мінгендей шабатын едім.
Қара бұлт деген болмайтын қара аспанымда,
Қара ниетті білмейтін бала тілегім.
 
Қара қыздарға,
Бере алмай-
Мадақтап атын.
Қара сиямен жазылған парақ қалатын.
Қара сирақтың бірі едім қара шаң болып,
Қара сөмкесін сүйретіп сабақ баратын.
 
Баланың шала болса да талғамы мүлдем,
Қарағай-арман құламай алдағы күлген.
Қараңғыға да қарамай Абайды оқығам,
Қара май құйған білтелі шам жарығымен.
 
Қара бала боп о бастан жаратылғанмын,
Тентектің бірі ем ойыннан табатын бағын.
Қара түндерде қиялдап болашақ жайлы,
Қара торғайдың үнімен таң атырғанмын.
 
Қара шал шерткен келтіріп кештің реңін,
Қара домбыраның әуенін естіген едім.
Қара тонының етегін шаужайлап жүріп,
Қара дорбамен жемдегем бесті күреңін.
 
Қарамық теріп жаз бойы таласа қырда,
Қар кешіп қыста  жүгіргем бала шағымда.
Аптап ыстығын сезінбей Сүмбіленің де,
Қара суығын елемей қарашаның да.
 
Қайырылмас қайта жылдардан сабақ аламын,
Қайран күндерді іздесе таба алады кім?
Қара қазанда қайнаған қара көжені,
Қотарып ішіп қатайған қара баламын.
 
Қара жондардың қадірін-
Дара шыңымдай.
Кім ұғынады-
Ауылдың баласы ұғынбай?
Қара тал өскен қасиетті қара топырақты,
Қастерлеп өтем көзімнің қарашығындай.
 
Қара балшыққа жарылған қара табаным,
Қаланы басты,
Мен қандай шара табамын.
Қара сөзімді өзгелер түсінбесе де-
Қара қазақты аузыма қарата аламын.
 
Өйткені мен де ұлымын қара қазақтың,
Даланы аңсаймын-
Біртүрлі қалаға жатпын.
Қара көзіме жас толып қамыққан шақта,
Қара домалақ кезді оймен араламақпын.
 
Сағынып жүрмін әкемнің қара тымағын,
Қара көңілім айта алмай таратып әнін.
Қара жердегі,
Мен әлі қара қайғыны.
Қара қылыштай қақ жарып дара тұрамын.
 
Қара тау бір күн қол бұлғап шақырар мені,
Қара баланы көрмеуге хақы бар ма еді?
Қарқылдақ қара қарға ұшар биіктік емес,
Қырандар ұшар биік ол- ақын әлемі.
 
Қара басымның қамы үшін жүгірген емен,
Қара бет болып күштіге күлімдемегем.
Қара күйесін жаққысы  келсе де біреу,
Қара орман-халық алдында сүрінбеген ем.
 
Қара теңіздей шалқимын еркіндікпенен,
Қара өлең шипам емдейтін дертімді еппенен.
Қара қылды да қақ бөлер әділдік үшін,
Адалдығымды айнымас сертім деп келем.
 
Қара бақырды жан емен жиі сұраған,
Қарап жүре алмай,.
Тағдырға тиісіп алам.
Қара күшке де мығыммын-
Себебі анамның-
Қара терінің сіңіпті иісі маған.
 
Алам деп жүріп жалғанның алып тұғырын,
Жүйрік жылдарым санама салыпты мұңын.
Қара жүректі жандармен жағаласам деп,
Қара шашыма ақ кіріп қалыпты бүгін.
 
Қаралап айтар ауыртпай жалаға жанын,
Қарабайлардың тыңдамай табалағанын.
Қарабайырлау күйіне қанағат қылған,
Қараша үй қанат қақтырған қара баламын.
 
Қара баламын,
Иә,мен сол қара баламын,
Қасына серік қып алған қара қаламын.
Бүгінгі күннің қадірін ұқпаған тұста,
Өткенге бір сәт қарайлап,
Қарап аламын.
 
Қара шаңырақтан түлеген-
Қара баламын.
Қара кемпірдің жеп өскем табада нанын.
Қара боп қалам қалада қанша жүрсем де,
Қаралығымды ұмытсам жарамағаным...
 
...Қара баламын 
    кешегі қара баламын...  
 
 
Ауылға келе жатырмын...
(Жол үстіндегі ой)
 
Ауылға келе жатырмын,
Алыстан бүгін.
Көзіммен үнсіз аймалап шаңы ұшқан қырын.
Шұрқырап қазір табысам ата жұртыммен,
Секілді бейне ене мен табысқан құлын.
 
Бозаң жол маған тым ыстық боз даладағы,
Сағыныш әні-жанымның қозғаған әні.
Анау бір алаң-кіл тентек тай жарыс жасап,
Досымның қара тайының озған алаңы.
 
Анау бір сайда қой бағып шопан да болғам,
Басымда телпек, қасымда ит, жотамда дорбам.
Қолымда таяқ-қылышым, қойларым әскер,
Қолбасшы болып ойнағам отанға қорған.
 
Анау бір төбе-жолдағы барар ауылға,
Шабытын талай сыйлаған шалалау ұлға.
Жарықтық, қара суымда жатыр екен-ау,
Жалаңаяқтар жүгірген жағалауында.
 
Анау бір қырдың жуасын тергенмін талай,
Гүлінен жұлып құрбыға бергенмін талай.
Жұпары аңқыған осындай жұмақты тастап,
Тағдыр көшіне, япырай, ергенмін қалай.
 
Қайтқан құс сынды келемін қайтадан елге,
Бұл сәтте жүрек қалайша жай табар демде.
Алдымнан қазір шығады-ау ауылдастарым,
Олардан жақын таппадым байтақ әлемде.
 
Ақсақалдарын сағындым аталарымның,
Әжелерімнен кеп қалды бата алар күнім.
Әпке мен жезде, аға мен жеңгелеріме,
Базарлығым да дайын тұр апарар бүгін.
 
Мақсат қып алған биігін жалғанда шығар,
Ер жеткен болар інілер-арманға асығар.
Қуыршақ ойнап жүретін қарындастарым,
Бойжеткен болып қазірде қалған да шығар.
 
Ойынға ғана байланып бар үміттері,
Доп қуалаған бойынан ағылып тері.
Балалық шақтың қызығын бөліскен бірге,
Достарым күтіп жүр ме екен сағынып мені?
 
Іштегі жалын-сезімді тыя алмай келем,
Жас балаға ұқсап есімді жия алмай келем.
Алып даламды көрген соң көсіліп жатқан,
Кішкене ғана көлікке сыя алмай келем.
 
Асығып келем, сырғуда сағатым болса,
Мықты жан емес едім мен тағатым да онша.
Амалым қанша, шіркін-ай, көлікті тастап,
Ұшып-ақ жетіп барар ем қанатым болса.
 
Қиялым - жүйрік бір сәтке бөгеледі ме,
Өзекті жырын арнауда өрелі еліме.
Көзіме таныс көрініс оттай басылды,
Көрінді, әне, үйлердің төбелері де.
 
Мен келіп қалдым,
Қайдасың?
Қаумала ағайын.
Қырға шығайын,өзенге,тауға барайын.
Тоқтатшы бір сәт көлікті жүргізуші аға,
Секіріп түсіп құмыма аунап алайын!!!
 
          
Ауылдың түні!!!
 
Ауылдың түні,
Қандай түн!?
Адамның жанын арбайтын.
Қараңғылыққа  құмарың,
Қараған сайын қанбайтын.
 
Беу,
Шіркін,
Барқыт,
Балдай түн,
Бойымды билеп алды айқын.
Жұлдыздың өзі,
Аспаннан,
Жыр оқып бермей жанбайтын.
 
Мақтадай түнде,
Мақпалдай,
Бұл сәтті көру бақ қандай?
Ауыл емес-ау,
Бейне бір,
Ару қыз ұйықтап жатқандай.
 
Ғаламат дерсің бұл қандай?
Түнекте тылсым нұр бардай.
Түн тербеп тұрған көшеде,
Үнсіздік сөйлеп тұрғандай.
 
Ешкімнің болмас шатағы,
Ешкімнің шықпас атағы.
Ең таза,
Ең пәк түн осы,
Ауылда ғана батады.
 
Жарамды жазып емдер ме?
Езіліп еңсе,
Менде елге:
Күнаһар болған қаланың,
Түнінен қашып келгенде.
 
 
 
Қыр басында қорым бар.
 
Сәті түсіп,
Тағдырыңның табаны,
Басып досым,
Жусан өскен даланы.
Бара қалсаң біздің жаққа,
Алдымен,
Қырда тұрған қорымды көз шалады.
 
Ол қорымнан бет сипамай өтпегін,
Жатыр онда жаны жайсаң,
Бектерім.
Жатыр олар ақ жол тілеп әр жанға,
Сырттай қарап келгені мен кеткенін.
 
Ол қорымда талай асыл, 
Дүр жатыр,
Қауыз жармай солып түскен гүл жатыр.
Ол қорымда арман жатыр бітпеген,
Ол қорымда айтылмаған сыр жатыр.
 
Еске салып мәңгі өмірдің тұрмасын,
Жатыр олар мекен етіп қыр басын.
Бар да досым,
Дұғаңды оқы бағыштап,
Рухтары риза болып тыңдасын.
 
Аз ғана еді менің бала күнімде,
Қарасы да молайыпты бүгінде.
Бұл өмірді сыйға берген құдайым,
Өлімді де қоса берген мүмінге.
 
Кеше ғана көз алдымда жүргендер,
Қазір міне,
Қабір болып үлгерген.
Тәубемізге келмейміз-ау сондада,
Мына өмірдің мәңгі емесін білгенмен.
 
Жер бетінен жарқ етті де жоғалды,
Демі бітіп,
Тірліктері тоналды.
Құрбан шалып,
Құран-кәрім бағыштап,
Тіршілікте ұмытпайық оларды.
 
Тірлік барда ажалдың да бары анық,
Босқа жүрмей сауап жыйнап алалық.
Бір күндері біз де досым тұрармыз,
Сол қорымда бейіт болып қаланып.
 
Қорым көрсең қол бұлғаған қыраттан,
Басына бар,
Жолың түссе жырақтан.
Бетті сыйпап,
Өлгендерге тілек ет,
Жаратқанның жай беруін жұмақтан.
 
Біздің жаққа  бұра қалсаң жолыңды,
Қуанамын,
Құп көремін оныңды.
Өтінемін,
Өтпе бірақ  байқамай,
Қыр басынан қол бұлғаған қорымды.
 
 
         
 
Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed