One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Мөлдір Дүйсенбаева

Мөлдір Дүйсенбаева


Дүйсенбаева Мөлдір Наурызханқызы

1979 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған  кентінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы Н.Иляллетдинов атындағы орыс мектебін бітірген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Тарихшы. Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері. Қызылорда облыстық «Жастар жетістігі» дипломының  иегері.

«Дүние шегі...»

         

                                                                        Сен көңілім ғибрат тап,

                                                                          Байсал білді көз көргенің.

                                                                              Ай менен жыл өтіп жатыр,

                                                                      Асықпадым өзгермедім.

                                                                      Фәниден баз кешкен ізін

                                                                               Кеше алмадым, кез келмедім.

                                                                    Базардағы бар бояуға,

                                                                             Көзім сүзіп кезген бе едім?!

                                                                           Жоғалтқанын іздеуші бар,

                                                                              Тап болдым ба, тез келмедің.

                                                                         Мынау күйкі тірлікте құр,

                                                                             Кірленбедім, сезген бе едің?!

                                                                    Ғайып болып сіңісермін,

                                                                             Жаман ғой деп безген бе едім.

                                                                            Менмін жаман, жоғалармын,

                                                                 Төңкеріліп өзгермедім...

Н.Төреқұлов

«Адамдар арасында»

* * *

 

Жүрегінде нендей сезім бар екенін өзі де білмеді. Меңіреу боп қалғандай, ештеме сезбейтіндей көрінеді... Ол тек балалығы еске түскенде ғана әкесін сағынатын. Әкесін ойлай бастаса түсінде көреді. Быжық -тыжық түсін айыра алмай, әуреленеді. Сол қабырғаға ілінген суреттен тіріліп келген әкесі пиджагының қалтасынан тұтас маркаларды шығарып, бұған ұсына береді. Оянып кетсе, жоғалтып алардай. Ұйқылы ояу жатқан күйінде көз алдындағы елеске жақындай түсіп, жүзіне қарайлайды. Манағы елес суретке қайта енеді, қабырғада ілулі екен дейді. Бір көрінші дейтін. Бұл қолын созған күйі, шошып  оянады. Әкесі түсіне кірген сайын көңілденіп кететін. Орнынан атып тұрды. Алдындағы айнаға көзі түсті. Шашы қудай,  бір тегіс ағарған екен. Бірі бірінен асып, өтіп жатқан бұл сұрықсыз күндерде көңіліне сүйеніш болар осы түстері ғана. Селдіреген шашын жинап жатып, сол бір жылы да осындай халге түсіп ед. 1958 жыл болу керек. Әкесінің ақталатын жылы ғой деймін. Сонда Құдай білдірген екен де. Түні бойы көз ілмейді. Көзі ілініп кетсе, қорқынышты түс көретін. Сандырақтап, шалықтап күле ма? Бір дертке душар болды. Дерт деймін-ау, бойын буған қандай дерт болсын?! Күндізгі шым – шытырық ойлары да дейді.   

–  Е, әруақ бізден нені тілесін, мен әкеме не жақсылық көрсеттім осы. Ол бейбақты  аузыма да алмаймын.  Сүйегі қурағалы қашан, әлі күнге түсімнен шықпайды дейді.

Шыр еткен телефон шырылы мұның  бар ойын үзіп жіберді.

  • Мен Төреқұлова Әнел апайды іздеп ем... Түркістан шаҺарынан хабарласып жатырмын. Мен қазақтан шыққан әкеміз Нәзір Төреқұловтың жоқтаушысы боламын. Есімім....
  •  Жоқтаушысымын деді ме? - деп дауысы шығар шықпас, екі иығы бүлкілдеп, осы айтқанын қайталай берген. Қолындағы телефон тұтқасы алдына сырғып түсіп бара жатты, бұл  жүзін төмен салып, бүкшиіп  отыра кетті. Екі қолын бетіне басқан күйі, солқылдап жылап жіберді. Бұл қуанды ма, әлде ызасы келді ме? Көңілі бірдеңеге ұмтылатындай. Өмір бойы жанын тоздырған, іштей булыққан беймаза көңілі басылар емес. Көзінен шыққан жас та тоқтар емес.  

Көзінің жасымен жалт етіп айнаға қарады. Ақсары жүзі, қоңырқай тарта қалыпты. Жас толған көзінде қайғының табы ма,  әлде қуаныш болар? Мен түс көріп жатқан болармын деді. Әлден уақытта: «Ей, бейбағым- ай»,  деп күрсініп қойды. Оның атын атап, жоқтау қайдан болсын деді. Атын ататпай қойғалы қаш-шан? Ұмыт болды да деген. Енді өшті де деп жүрген. Түсі мен өңі араласып, шыны әйнектің көзінен өзінің көздерін жаңа көргендей  еді... Жә жетер. Расымен  мына жағдайды естігенде адам қандай болмақ?!  Шынымен есі шықты. Енді не істейді? Қарқылдап күлгісі келді. Өмір қалай өзгерген, ә? Не істеймін, не қоямын десе де өзі біледі. Мұның жолына кесекөлденең тұратын кім бар енді? Шіркін, бейкүнә бала шағына қайта оралар ма? Сол бала күніндей арсалаңдап әкесінің алдынан шығар ма?     Әкесін аман көремін деген тоз-тозы шыққан арманы орындалар ма? Оның келмейтініне ешбір сенбейтін. Ол сөз жоқ келеді деп ойлайтын...   Ол мұның бәрін көріп-біліп өсті...  Ақырында әкесінің келмейтініне анық көзі жетті. Ол солай болса керек деді...  Бұған да еті үйренейін деді. Дегенмен үмітін  үзбеді. Апырмай осындайда жылы сөз айтып, мұның басынан сипар, қара көретін пенде табылсашы. Басқа түскен шарасыздыққа көнгендей боп, ол бұрышқа барып мұңайып қайта отырды.

Бір уақта есін жиып басын көтерді.

        - Мана іш тарта сөйлеген кім болды өзі? - әйтсе де есеңгіреп отырған тәрізді. Кенет тарс ұйқыдан оянғандай, өзінен-өзі шошып кетті.  Ішімде көптен тас түйін боп жатқан сырым  ашылды деген үрей ме? Құдая тоба, мұндай үрейленбес. Тұла бойы түршікті.

        - Ойда жоқта қайдан ғана пайда болды?   

        -  Иә, иә!  Өтті, кетті өмірімді еске алған кім болды екен? – деп тағы да ойға шомған.

          Бөлме ішіне орнаған ауыр үнсіздікті телефон шырылы бұзды...

* * *

         - Өлгенімді тірілтіп, өшкенімді жандырғалы келген сізден мына  сөздерді естудің өзі бір ғанибет екен. Әкемнің есімін атадыңыз, ол жайында не хабар білесіз? – деп жауап қатты Әнел жылы сөзіне іштей риза болып.

         -  Иә, оныңыз  рас, Нәзір әкеміздің топырағы торқа болсын! Ақ жауып арулап та қоя алмаған боздағымыз аз ба еді?! Оған қандай лаж бар еді... деді бейтаныс дауыс.

   -   Әкем дүниеден откенде мен бірін білсем, енді бірін білмейтін жаста едім. Мен әкемді керемет жан көремін. Мен оның перзентімін... Жасыратыны жоқ маңдайымнан иіскеп, еркелеткенін әлі де аңсаймын. Мен әкемнің адалдығын, қарапайымдылығын  алдым-ау деймін. Өмір өзі бәрін орынына  қояды. Қиындығына төзе білдік пе жоқ әлде...  жә... Жаратқан тілеуіңді берсін!  Өзің қай туған боласың?

-  Иә, әпке, басыңызға түскен қиындықтың  қайыры болсын. Осындай қайғылы, аянышты халде жүрген біздер үшін теңдік тиіп, осы күнге жеткеніміз қуантады әрине. Нәзір әкеміз тегін адам емес-тін... Осы жағдай елде жүрген біздердің де қабырғамызды қайыстырып, батып жүр. Мен  Ыбырай  ініңіз  боламын.

- Сүйіншілей келген жаңалығым бар. Егемендікке қолымыз жетіп, асыл бекзаттарымызды халқымен қайта қауыштыру заманы туды. Елде Нәзір музейін ашып, әкеміздің өмірі мен шығармашылығы жайлы халықаралық конференция өткізілмек. Өзіңіз құрметті қонағымыз болыңыз, - деп аяқтады ол әңгімесін.

Онда да, мұнда да үн жоқ. Мұны ешкім сұрау салып іздемеген бе еді... Өзін ыңғайсыз сезінді. Бұл қуанды ма,  қуанбады ма?!  Ойын өзі де толық ажыратып  ұғынбады. Тағы сол мең-зең күйге түскен. Жоқ, шақыруынан қашайын деп тұрған жоқ. Көп  нәрселер айтылды ғой деді. Әлден уақытта:

- Бұл бір игі бастама екен. О дүниелік боп кеткен әкемнің, жақындарымның әруағы риза болсын, - деді ол. Сен енді тумасаң да туғандай болған бауырым болдың, жарқыным. Барамын, - деді іштей бекініп.

Көз алдына әкесінің сол баяғы суреттегі бейнесі елестеді. Жылдар бойы үңіле зерттеген бейнесі еді. Бөлмені айналып көп жүрді. Аядай бөлменің ішінде шарқ ұрып кетті. Әлгінде ғана осында тұр еді, деді. Буыншақ, түйіншектердің барлығын аудара ақтарды. Міне тапты. Әкесінің қарындашпен салған суреттері. Суретті тамаша салатын еді деді. Әрқайсысын қолына ұстап, үңіле қарайды. Апырмай, адамға бақыт қонса, үсті үстіне қонады екен деді. Енді жарыққа шығатынына көзі жетіп:

-  Әке-ау, енді мен қайғырмаймын...  Сен өлмепсің... Сен олардың жүрегінде екенсің, - деді де жиһаз үстінде тұрған ағаш қобдидың  ішіне «мұражайына тапсырамын» деп суреттерді салып қойды.

* * *

            Мұражай  іші кірген  кісінің еңсесін басқан, қою қараңғы. Өз келушілерін үнсіз қарсы алуда. Залдың қақ ортасында әкесінің ақжарқын  бейнесі ...  сол баяғы сабырлы қалпынан таймаған. Астыңғы бұрышында «3 қараша 1937 жыл» деп жазылыпты. Атылар алдындағы түскен суреті екен.   Суретке бейжай қарай алмады. Ұзақ қарады. Іші аласұрып, алқынып барады.  Бала күнінен таныс сурет. Қайғысыз бейне, алысқа көз тастайды. Әкесін тағы бір қырынан көргендей. Жылдар бойы үңіле зерттеген бейнесі еді. Осы суретте әкесінің тектілігі, адалдығы анық көрінгендей екен. Өмірден түңілетін кездерім көп болды, - деді ол ішінен. Сонда көз алдыма осы бейнең келетін. – Жан әке, осы бекзат қалпың мәңгілік менің жадымда, мәңгі ұмытылмас, - деп кідіріп қалған.

- Әкемнің айтқысы келген ғибраты осы қағаздарда қалды. Әкемді өзі жазып қалдырған мұраларынан танығанмын. Бір тәуір мінезін тауып, іштей жақсы көретінмін. Әкемнің Араб елдеріндегі елшілік қызметі мағанда алыстан үміт қып, ғылымға талпынуыма себеп болды ма деймін. Арманын ақтай алдым ба? Білмеймін. Керек қылған адам, керегін алады емес пе. Жақсы сөз жақсылыққа бастайтыны белгілі. Менде жаманға баспадым. Әкемнің ойын ретті орындап, ақтап жүрген сияқтымын. Менің қолымда ол кісіден еш заты қалған жоқ. Көзімнің қарасындай сақтаған мына өзінің қолынан шыққан суреттері ғана қалған. Мұражайларыңызға  Нәзір әкемізден тәбәрік  болсын. Осыны тапсырайын, - деп ол қолындағы суреттерін табыс етті.     

            Мұражай іші кешеден келімді-кетімді кісіден арылмады. Әкесі,  бабалары жайлы лебізін білдірушілер көптеп табылды. Әкесінің кісілігі Төреғұл  атасынан ауысыпты. Төреқұл  атасы ақылды, мейірімді, сол заманда сауаты асқан  кісі болған көрінеді. Менде кімсің Төреқұлдың  ұрпағымын,- деді ол. Ес білгелі мақтанғаны.  - Алданышпен  талай  күндер  өтіптті. Әкемнің бар  жағымды  қарым- қабілеті маған да ауысыпты – деді ол.

          Мұндағы әрбір зат: архив құжаттары, журналдар, түрлі-түсті суреттер...  бәрі, бәрі өзіне тым жақын. Ыстық көрінді. Бәрі де тына қалған. Көзіне оттай басылды. Әр сурет, әр құжатына қараған сайын жүрегі елжіреп, сол жылдарға әкетіп бара жатқандай. Әкесінің бар өмірі көз алдынан елестеп өтіп жатты.  Бұл өзіңе арнап қойылған ескерткіш болсын, - деді ол.Тіріңде көрмеген жақсылық.  - Әке-ау, бұл сенің мешітің.  Жұрт осыны мендей тілесе болғаны, - деді ол. Айналасына көз тастады. Оған маза бермей, жан дүниесін абыржытқан осы ой екен. Өз ойына жауап күткендей. Тағы да айнала  келушілерге қарады. Жұрттың мұнымен  ісі жоқ. Бұл іштей риза болып, қапысыз сенді. Шері осымен тарқағандай еді.

            Сырт  көзге  сыр бермейін деп аяғын бекем басып жүре берді. 

* * *

  Баяғыда түсіне кіріп, көзіне осылай бір елестеп еді...

Ескі суреттен  әкесінің елесі ағараң  етіп, көлбеңдеп  суретке  қайта енген-ді. Ол жай елес болған, мынау әкесі...  Тірі... Қасында жүр.   Мұнымен тілдеседі. Бұрыңғыдай емес, бұған  жүзін  беріп қарайды. Өзі көңілді ме деймін. Түркістан шаһарында жүр екенбіз дейді. Күз түскен екен.  Сары алтындай жайылған жапырақ көзді ауырта шағылысады.Үстіне пиджак киген, әкесі батыл қимылымен Түркістан шаҺарының көшесімен бойлай жүреді. Келісті, ақжарқын жүзі, көздері күлім қаға қарайды.  Қолындағы ағаш қобдиынан кітаптарын, сол баяғы маркаларын, жылтыр сары түймелерін алып, қызының жеңіне қадайды. Бұл бала күнім екен дейді. Әкесі мұның қолынан қысқан  күйі сары алтын төселген жазыққа жүгіре жөнеледі....

- Бағанағы түсім нені меңзеді екен, - деді ол. Әйтеуір ауырламай жеңіл ояныпты. Мұның  ойын Ыбырай бөлді.

- Әуелі кесенеге барғанымыз жөн болар, - деді ол.

Осы күн оның есінде қалар. 2002 жылдың  күз мезгілі. Ызғарлы  күздің күні бүгін ашық. Сырдарияның орта ағысы... Шексіз-шетсіз құмды өлкеден дария суы ағып жатты. Жағасына биік, қаптай  өскен қамысты, қазан  ұрып, өңі тайған. Күн батуға таяғанда  жазық  далада  Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күмбезі алыстан арбап, жарқырай түседі.  Десе дегендей. Түркістан шаҺары оған бірден ұнады. Жазық жерге салынған көне қала.  Қарап  отырып көңілің толады. 

Кесене қала орталығынан едәуір жерде. Жүйткіген жеңіл көлік әне-міне дегенше кесене қақпасының алдына тоқтады. Жолмен біріне бірі жалғасқан кесек дуалмен жағалап келеді. Кесенеге Ыбырай бастап жүрді. Бұл қолын көлегейлеп, кесененің күмбезіне көз салды. Қаншама тарихты бүгіп жатыр десейші. Шығыс елдерінің архитектурасын, ғимараттарын ұнатам. Көргім келіп тұрады, - деді ол ішінен. Сәлем берген ишарат білдіріп, басын изеді. Ақырын жүріп, кесене ішіне енді. Қабірхананың жанына тоқтаған. Бұл тұрған бөлме адамға лық толы екен. Басындағы орамалын жөндеп, күрсінді. Әулиелер жатқан жер. Бұл бір киелі орын, - деді ол.

 - Өткен күндерден сыр шерткен әулиелі жер. Мұнда менің де бабаларым, туыстарым жатыр-ау деді ол. Әкеме туған топырағы бұйырмады... деді сәл кідіріп.

- Қалған аз ғұмырымда армансыз өтейін, Ыбырай, - деді ол толқып тұрып. - Қай күні дәмнің таусыларын білмейміз. Орталарыңызға келдім. Туған жерден топырақ бұйырса деймін, - деді ол баяу тіл қатып.

- Әруақтар бүгін бір аунап түсетін болды, - деді Ыбырай сөзін жалғап.

* * *

Елге қайтар күн таяды. Бұл тағы да дел-сал күйге түсті. Бірақ келгелі   мұңлы бейнесінен қалт өзгеріп кеткендей еді. Жасқанып, секем алып тұрған бұл жоқ. Бауыр басып кетті. Кешке Ыбырайдың үйінде жұрттың басы жиналғанда:

- Тілегім, қазақтың адал ұлы халқымен қайта табысқанын көру еді. Әлхамдулиллах, ол тілегім міне орындалды. Енді менің арманым жоқ. Көрсеткен сый-сияпаттарыңызға рақмет. Өсіп өркендеңіздер... деп, көзі жасаурап, көп сөйлеуге әлі жетпеді.  

- Енді мені қинамаңыздар. Жүруге қам жасайын, - деді.

 Ол дабырласқан шуды тастап, бөлмесіне барды. - Неменесіне қуанамын? Не әурешілік десейші, - деді күбірлеп. Өз үйіне қайтуға  батпады. Оңашада жылап та алды. Дүние шегі осы арамен біткендей. Қоштасу қиын тиді. Ол жаңа қауышқан туыстарын, туған жерін қимады. Ол Түркістанды қимады...   

Ол қатты толқып кетті. Елегізіп жатқан болармын деді. Ұмтылып тұрам дегенде, үйдің іші қусырылып, төсегіне отыра кетті. Екі құлағы тұна қалған. Қимылдап,  көтерілейін деп еді, үйдің іші айнала теңселіп кете барды...

Көзі қарауытып...  Тек айнала жаңғырып,  құлағына әкесінің дауысы естіліп жатты...

 

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed