One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Қайсар Қауымбек


1987 жылы ҚХР, Іле облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің түлегі. Шығыстану ғылымдарының магистранты. Бірнеше мәрте республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы.

БҰЛ АУЫЛДА ОҚЫЛМАЙДЫ ҚҰРАН ДА

АҢСАР

 

Хат жазам мен де сағыныш, аңсар пейліммен,

Хат жазады ол да кеудесі байтақ ой-мұңмен.

«Мыңжылқы дейтін жайлауым қалды» дейді атам,

«Қарт Іле дейтін қаймағым қалды» деймін мен.

 

Мұңына шалдың абайсыз айтқан әзілім,

Шынға айналар деп ойладым ба екен –

Жазығым!

Сағынып жүрді көктемде келген құстарды,

Сарала күзде санаға құйып қаз үнін,

 

Тұманға батып жанары,

Ойда мұң кілкіп,

Туған жер, әттең –  

Ол да бір ойдың қылқұрты.

Боз ала таңда булығып барып,

кісінеп

Оянады екен түсіне кіріп Мыңжылқы.

 

Мен дағы бүгін көзімнің алды тұмандап,

Боза ала таңым атар бір тұста қылаулап.

Тағдыры талай талқыға түсіп, тартылған

Іледей болып жатамын сосын мың аунап,

 

Біріне бірін ынтызар қылған!

О, тоба-ай!

Желіге келіп, жәудіреп тұрам ботадай.

Туған елінде туған жері жоқ, басым-ай,

Өлген елінде туған жері жоқ, Атам-ай!

 

 

БҮЛДІРГЕН ЖАЙЛЫ ЕРТЕГІ

 

Жәудір жанары мұң тұна қалған меңлімдей

Немесе соның бұртия қалған ерніндей.

Бүлдірген самсап тұратын еді күнгейде,

Қып-қызыл нұрдан тамып бір кеткен мөлдірдей.

 

«Алпысқа келіп, ассақ та талай мың белден,

Қарғам-ау, мұндай қасіретіңді кім көрген.

Қазақтар ауып, өзге жұрт көшіп келгелі,

Бүлдірген дағы жерініп кеткен бұл жерден».

 

Топырақ иіскеп, еңсесін жерден көтермей,

Күрсінді көкем, көкірегі ұшып кетердей,

«Арына тисе ажалға ғана жар болған,

Жарықтық бұл да арудай адал екен ғой»

 

Түңіле сөйлеп бүлдірген жайлы баянын,

Толқып бір тұрды бәйтерек сынды саялым.

 «Сәби де сенбес мұныңыз енді ертегі», –

деп айтқым келген,

Айтпадым.

Мүмкін, аядым.  

 

Сағынышы елдің жүрген соң болар көп өртеп.

Ұйытты мені имандай болып сол «ертек».

Біреулер үшін бұл да бір жалған сөз шығар.

Сағынған жандар сенер тек!

 

 

***

 

Бұл ауылда оқылмайды құран да,

Желге ұшқан жоқ жер ошақтың түтіні.

Шығыстағы жеті басты жыланға,

Бара жатқан секілді енді жұтылып.

 

Естілмейді азанның да дауысы,

Қазанның да жылынған жоқ бауыры.

Үнсіз ғана қасіретпен қауышып,

Тілсіз қалған кейуанадай ауырып,

 

Жатыр әне өз жүрегін түтіп жеп,

Әлде кімді күтетіндей елеңдеп.

Қайран ауыл, бауырыңды бүтіндеп,

Қалай ғана алсам екен сені емдеп?!

 

Найзағайдай үмітімді бұлт ішіп,

Сол далаға сағыныш боп байландық.

Құбылаға арманы мен рухы ұшып,

Құр сүлдері қалып қойған қайран жұрт.

 

 

ӘУЛИЕШОҚЫМЕН ҚОШТАСУ

                                                  Қайырлы болсын сіздерге,

                                                  Бізден бұл қалған Еділ жұрт.

                                                                          Қазтуған жырау

Әулие дейді ел,

(Өз басым сенем),

Бар кие дейді ғажап бір.

Көктемнің одан көз жасын көрем,

Бесігі болған азаптың.

 

Қаралы нардың шудасындай боп,

Қап-қара бұлт кеп ілінер.

Күнбидің асқақ тұлғасындай деп,

Сыйынған кеше дүйім ел.

 

Қызғалдақ терсе гүл қыздар келіп,

Күрсініп қалар кейде бір .

Түн бойы көктен жұлдыздарды еміп,

Тұрады ауыр ой көміп.

 

Батырып күнді, таңды да атырып,

Тәңірден медет сұраймын.

Басымды сосын баурына тығып,

Өзім де өксіп жылаймын.

 

Күн шығар тұстан жеткен деседі,

Кеудеңе батқан қорғасын.

Тас болып сосын кеткен деседі,

Үйсіннің ұлы ордасы.

 

Сол Тәңіртауым туғызған күй көп,

Өшіре алмас енді ешкім.

Таң алдындағы жұлдыздай сиреп,

Бірсін де бірсін ел көшті...

 

Бір асқақ күй ең қобыздан жеткен,

Құлаштап салған хан бабам.

Ұлы асқақ Үйсін, Оғыздар өткен,

О, қайран, менің тау-далам!

 

Қош енді,

Саған сүйеніп өстім,

Мәңгі асқақ, дарқан құз – кеуде.

Бізден бұл қалған киелі көк шың,

Қайырлы болмас «Сіздерге»!..

 

 

***

Өзекте ауыл.

Өрттей жанған кешқұрым,

Өзегімді тырнайды кеп ескі мұң.

Құбылаға жинады күн сәулесін,

Құйрығындай қанжирен кіл бестінің

 

Бура бұлтты есіп өткен сарбауыр,

Мына көк шың – қанға малған қандауыр.

Аулақ барып ыңыранып шөкті де,

Ауырсынып ауық-ауық аунады.

 

Саяқ кеткен жылқы үні де үрейлі,

Сапырады бір ой қуып, бір ойды.

Жортуылдан жеткен Жетіқарақшы,

Құба қырдың желкесінде түнейді.

 

Жез киіктің сауырындай мұңлық ай,

Көкжиектен қашады ұзап құлдырай.

Жүрегімдей жүдеп қалған ауылдың,

Жетімсіреп жатқан осы тірлігі-ай!

 

 

ІЛЕНІ ҚИМАҒАНДА

 

Арнасының аяғы у, алды балдай.

Қайдан білсін қаларын тағдыры оңбай.

Ирелеңдеп іңірде ағады Іле,

Алтын құмға аунаған абжыландай.

 

Тағдырымды тапсырған, қайран Ілем,

Жар құмыңды жастанған жайдары Ілем.

Бұрымынан иіскеп бұла қыздың,

Ай астында тілдескен айлағым ең.

 

Жүзіп өтсе жылыстап жай бетіңмен,

Жирен жалы толқындап ай да есілген.

Жетімсіреп тағы да жалғыз өзім,

Жетісуға қайтармын қай бетіммен?!

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed