One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Айжан Табаракқызы

Айжан Табаракқызы


Ақын, көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Өмірзая жинағының авторы. 

БАЙЫРҒЫ ЖҰРТТАН БЕС ӨЛЕҢ ⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀⠀⠀⠀⠀

 

                   Бірінші әуен

 

Елің көшіп, құлазып жерің қалды,

Көңіліңді қайтейін, сенің жарлы.

Балбалтаспен жарысып бұл күндері,

Бейіттер қырқаң менен беліңді алды.

 

 Жөңкіген бұлттай болып көшер жылдар,

Кетер қыз бар, бауырыңнан өсер ұлдар.

Жел жемірген далам-ау, шарасыздан,

Тағдырыңның жазғанын көтердің бар.

 

Бәрі де болмады ғой көңілдей ақ,

Өзіңді аяп, сен кешкен өмірді аяп.

Қарайсың жарты ғұмыр қалған жолға,

Жоқшылықтан жүретін қоңылтаяқ.

 

Қуана алмай жүрегің балаша шын,

Өткен күнмен бәрібір санасасың.

...Бір кездегі орман да, тоғай да жоқ,

Тек ойыңның ішінде адасасың.

 

Осылай бүгін жоқ боп, кеше барың.

Оралмайды қылсаң да неше амалын.

Парқына жетер болсаң түбінде осы,

Дүниенің барлығын шешеді арың.

 

 Бірақ, оған жұртыңның жетті ме әлі,

Елден, сосын өмірден кетті бәрі.

Жас ұлғайып бара ма?..

Біреу көрсең,

Әйтеуір, ақыл айтқың кеп тұрады.

 

Аңсарым көз алдымды етер мұнар,

Айдыныңа бір аққу жетер сыңар...

...Саған адал болмаған бұл ақылды

 - Біреуді адам қылар деу бекер шығар...

О, туған жер!              ⠀⠀⠀⠀       

 

               Екінші әуен

 

Ақкөлдің* арғы беті Өлгей* ме екен,

Жас өссе елін тауып келмей ме екен.

Бұл дәурен бізден-дағы көшкендігін, 

Көз көрмей көңіл құрғыр сенбейді екен.  

 

Келмесем деген едім мұң жетелеп,

(Бір мұңайып алуға түн де себеп)

 Ескі жұрт көңілімді қозғап кетті-ау,

Әйтпесе, осы өлеңім кімге керек?!

 

 Жалғандығы сол шығар, бұл фәнидің,

Түтіні ұшқан жер едің туған үйдің.

...Сен мені балалыққа қимасаң да,

Өзегі жасқа толы жырға қидың.  

 

Жұртым-ау, қайда келдім...

Барам қайда?!

Аманат қылған саған ағам қайда?!

Жел ғана маңдайымнан сипайды үнсіз,

Түсіргісі келгендей анамды ойға... 

 

Дәл қазір аспан болып жылап тұрмын,

Өзіңнен кеттім білем, жырақ бұл күн...

Туған ел, сені-дағы түсінем ғой,

Бауыры бүтін дейсің бірақ, кімнің..                        ⠀

 

                   Үшінші әуен 

 

Қарамаңдай басынан көш келе ме,

Есейген сайын көңіл бос келе ме.

Осы ауылда өткен сол жылдарымды,

Түсіргім келмейді екен еске неге?!

 

Тағдыр ғой... Кінәламан оған бәрін,

Таба алмас енді бауыр жоғалғанын.

Өз өкпемнен аса алмай жүргенімде,

Бәлкім мен де балаңдай бола алмадым.

 

Айта алмадым гүліңнің ұнайтынын,

Айта алмадым келем деп бұлай бір күн...

Сонда да мен өзіңнің xабарыңды,

Шығыстан ескен желден сұрайтынмын.

 

 Сенде өйткені әкемнің жұрты қалған,

Шіркін-ай, барлығы да бұл күн арман.

...Қараша үйді айналып қаршадай қыз,

Көз жасын еді ғой сүртіп алған.

 

...Жеңілдеп қалу үшін жаным мұңнан,

Топырақ бұйырса ғой бауырыңнан.

...Дүние-ай, ойлап па едім бір күндері,

Молаң жақын болар деп ауылыңнан... ‪                  

 

                      Төртінші әуен   

 

 Бай Өлке* Бөкентаудың* бөктерінде,

 Жоғалған жастығым бар көктемінде.

Қобда өзен енді есіме салмашы оны,

Оралып неғыламыз өткен күнге.  

 

Білем, әлі ойлармын, сағынармын,

Тағы да жыр...  Тағы аңсар... Тағы да мұң.

Менің жаным ауырса ештеңе етпес,

Қайта қозғап қайтеміз оның бәрін. 

 

Ол жайлы болғанымен ойдың бәрі,

Жолыға алмаймыз-ау, ендігәрі.

 Ол тұратын көшеден өттім бүгін,

Әр бұрыштан өткенім қол бұлғады.  

 

Мұндай күйді өмірде кешпейді кім,

Бірден бәрі көңілден өшпейтінін.

Білемін ғой... Ендігі қалғанына,

Өзі білсін жүрегім не істейтінін.  

 

Ол да бір кездер ме екен естен кетпес,

Көңілден нұр, көздерден көктем көшпес.

... Саған деген қайырсыз сезім жайлы,

Енді жазбай кетсем де ештеңе етпес.

 

Қашан жолым түседі мекенге бұл,

Ойлай қалсам құлазып кетер көңіл.

... Жерден ауыр арқалап бір сезімді,

Біз өтерміз... Болмаса өтер өмір... 

 

                       Бесінші әуен    

 

Бұл Ақкөл* біздің ауыл жайлаған жер,

Сан мәрте тәуекелге байлағам бел. 

...Кеше жасын сүрткенін қайдан білсін,

Дәл қазір көйлегіммен ойнаған жел.

 

Бұл күнде қараша үйлер өзгергенмен,

Үлкендердің бірі жоқ көз көргеннен.

Сене алмай төбе жаққа жаутаңдаймын,

Олар енді жоқ деген сөздерге мен.

 

Қайда сырғып барады қайран жылдар,

Қайран жылдар, сендер не ойладыңдар.

 Қуыршақсыз өткен сол балалығын,

Дәл мендей ерте жерлеп қойғае кім бар?!

 

Өтеуін кім қайтарар сол күндердің,

Мен сонда да бәріне көндім дедім...

Әрі-сәрі күй кешіп кей кездерде,

Жол білмедім, болмаса жөн білмедім...

 

Аяулы жандар жатқан бесік едің,

(Құлазиды көңілім несін менің?)

Кеудемдегі бар наламды алып қалшы, 

Мен бәрін кешірейін...  Кешіремін!!!

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed