One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Бақытбек ҚАДЫРҰЛЫ

Бақытбек ҚАДЫРҰЛЫ


Бақытбек ҚАДЫРҰЛЫ – 1990 жылы туған. Л.Н.Гумлиев атындағы Еуразия Ұлттық университінің Журналистика және саясаттану факультетінің түлегі. БАҚ саласында үздіксіз қызмет етіп келеді. Әртүрлі прозалық жинақтарға шығармалары шыққан.

Құлабыз

 

 

(Эссе-элегия)

 

Әлихан Бөкейханның рухына арнаймын!

Автор

 

Бейшара сорлы жесір сары ала қаз

Басталып қай күні оған қаралы жаз;

Айырылып құста болса жұбайынан

Болды екен не жазығы тағыдырға араз?!

Омарғазы Айтан

 

I

 

Күн еңсесі екінтіден еңкіш тартыпты. Мен аңсаған айтулы Талдыбұлақ қыстақтан қозы көш жерде, иек астында тұр. ...Алып ұшып келемін. Біздің қыстақтан ала майланып басталатын тоғай – ана Алтайдың көк мұнарланған ұлы қарлы тауларына қаулай өскен шетсіз де шексіз ит тұмсығы өтпейтін иін-иін ну орманға ұласады.

 

Бұл менің туған топыраққа бақандай он бес жылдан кейін келуім. Туған анаңды көп жыл көрмесең сағынышың сартаптанып шер-шеменге айналатынындай – туған топыраққа деген аңсар содан кем соқпас, сірә. Түс көрсең де тек бала күнгі жүрген жерлер ғана көрінеді...

 

Тоғайға жетпей сылдырап аққан Талдыбұлақтан құлын күнімнің сыңғырына құлақ қойдым... Тау қойынынан сырғанаған маржан бұлақтан қанша жұтсаң да сағынышың тарқар ма, таусылар ма, тәйірі?! Әдеттегі жұмыршақтың шөлі екі-ақ жұтым. Ал жан-жүректің шөлі бөлек қой. Қанша ішкенімді білмеймін, миыңнан өтетін тастай суды жұта беріппін. Беті қолымды жуып, айналаға көз тастаймын... Баяғы басына адам аяғы сірә жетпес дейтін таулар бүгін аласарып қалғандай. Әбден қартайғанда белі бүкірейіп, шөгіп қалған әжем секілді. Осылай ой құшағына шым батып отырғанымда тоғайдың алаңқайынан жанына екі-үш қызылбұйра бала ерткен қарт көрінді. Енді таныдам кәдімгі Кәкең. О құданың құдіреті, бәз-баяғы Кәлел ата! Өзгермеген сол қалпы, өзерген тек мезгіл ғана екен. Басынан тастамайтын шляпасына дейін сол қалпы. Тасқыны қатты уақыт-дарияның өзі Кәлел атаның шляпасын жұлып әкете алмапты.

 

Олар бұлақ басындағы мені көрді де бері беттеді...

 

Осынау қас-қағым сәт – қарттың өткені мен кеткені көз алдымнан зу етіп өтті. Кәлел қартты ауылдың баласы түгіл, итіне шейін жақсы көретін. Балаларға жұғымды кісі еді. Ауылдың бір топ баласы осы қарттың артынан қалмайтын едік. Біреулер ол кісі жайлы «бұрын үйленіпті» десе, енді бірі «мүлде отаспаған адам» екен дейтін. Бәрібір де ол кісі біз үшін жұмбақ тағдыр-тұғын. Мен ес білгелі ол жалғыз тұратын. Ең тамаша ертегіні осы кісіден естуші едік, ал тағы бір аса қызық әдеті жанынан сыбызғысын тастамайтын. Осынша көп әдемі аңыз-ертегілер қайдан шығып жататыны таң қалдыратын.

 

...Шұрқыраса табыстық. Амандық-саулық, өтті-кетті әңгіме. Көп жылғы сағыныш бар, қауқылдасып жырғап қалдық. Біраз әңгімеден соң:

 

– Ал, Кәке, ертегіңізді сағындық, – деймін.

 

– Ой сендер жақта бір шал ертегіні жақсы-ақ айтады деуші еді, –  деп бірден айта салмай, бастабында сәл сызданатын тіркіс әдеті де сол қалпы. Жасы жетпіске жетсе де қайраты қайтпаған қауқиған қара шал. Ауылға көп жылдан кейін келген менің көңілімді қимады:

 

– Ой-пой, бізде не қалды дейсің, – деп көзін сығырайтып ойланды.

 

Мен де, балалар да демімізді ішімізге тартып, қарттың ертегісін тыңдауға ыңғайландық. Қарт әлі ойланып отыр. Зеңгір көкке көз қадады. Орманның мәңгі өзгермес үні, бұлақтың сылдыры құлақ тұндырады. Осы кезде көкте молданың тізген тәспісіндей сап түзеген қаздар терістікке маңып барады. Олар аспан тұңғиығына сіңіп жоғалғанша ұзақ қараған қарт қайтқан қаздарды көзімен шығарып салды. Сонан соң қолын бұлғап:

 

– Қош қаздарым, қош! Енді көрісеміз бе, жоқ па, – деп, дәп бір баласын ұлы сапарға аттандырғандай қоштасты. Қарттың мұндай әдеті бізге етене таныс, сырмінез-тұғын. Құстарға бір қарадық та, қарттың аузына телмірдік.

 

Қарт бір күрсініп алды да ертегісін баппен бастады.

 

II

 

Ба-а-яғыда бір Соқырмерген деген аңшы өмір сүріпті. Мергеннің бір көзі жаратылысынан кем туыпты. Сондықтан ол аңды атқанда сығаламай-ақ ата береді екен дейді. Ол жебе тартса, аңғардан қашқан –  аңды, аспанда ұшқан – құсты құтқармайтын, көздемей көзден өткізетін нағыз қу саусақ мерген болыпты. Күндердің бір күні Соқырмерген тоғайды жағалап, көлді сағалап, аңнан қайтып келе жатса, үстінен алты сарыала қаз қаңқылдап ұшып барады екен. Қанжығасы әбден қан сасыған аңшы сол алғанына көзі тоймай, ұшып бара жатқан алты қазға бір жебесін дарытып тартып қалады.

 

Қарт бет әлпетін бұзып: бір көзін жұмып аңшыны бейнелеп айтқанда, Соқырмергеннің дәл өзі тәрізді ұсқынсызданып көрінді. Қырылдап шыққан даусынан қан сасыған қанжығаның иісі келгендей болды кеңсірікке.

 

– Содан, сұмырай болған сұржебе қайтып бара жатқан алты қаздың алдындағы құлабызын ұшырып түсіреді. – Құлабыз деген, балалар, – қайтқан құстар үш бұрышталып ұшпай ма, сол ең алдыңғы қолбасшысын бұрынғылар – құлабыз дейтін. Қолбасшы, абыз деген сөз! – деп үш балаға ұқтырып: – Құстар қайтқан кезде жолда нелер қиындықтарға тап болады. Дауыл, жауын, боран-шашын, жыртқыш құстар ұшырасады, міне, осының бәрінен аман алып шығатын құстардың көсемі – құлабыз. Бүтін бір елдің көшін бастаған серке азаматтар болады, сол тәрізді – Құлабыз ауаны тіліп отыратын мұзжарғыш кеме секілді өте қармаулы әрі ақылды, айлалысы. «Қалың қаз құлабызсыз болмас» деген сөз қазақта осыдан қалған.

 

Құлабыз әлгіндей кесе көлденең ажалға тап болса – артына ерген құстар адасып, жылы жаққа аман жете алмай қалады. Кейде Тәңірдің жарылқауы түсіп, басқа құстарға еріп кетеді. Иә, болмаса сол мекенде қыстап қалып қояды. Құстардың қыстап қалып қоюы осыдан екен. – Содан әлгі алты сарыала қаздың төртеуі жұп-жұбымен өлген құлабыздың үстінен «қош-қош» деп бірнеше айналып өтеді де басқа үйірге ілесіп ұшып кете барады.  Сыңарынан айырылған сары ала қаз қаңқылдып Соқырмергенге қайта-қайта төніп, зар жылайды. Сусылдап өрлеп ұшып, құлдап ұшып, қона қалып қанатымен жер сабалайды. Мұндайды өмірінде бірінші рет көрген Соқырмеген сол маңнан безіп береді. Сол кеткеннен қарасын батырады.

 

Ал сыңарынан айырылған сары ала қаз қаңқылдап қарасуды қыстап қалады.  Жалғыз қалған сары ала қаз сыңарын жоқтап, зарлай береді. Оны көрген бір жылқышы жігіт сары ала қаздың зарын сыбызғыға салып тартады екен дейді.

 

– Жалғыз қалған сарыала қаз былай зарлайды екен, – деп, Қарт енді тырнаның жіліншігінен жасалған үш тесікті, күміс ернеулі сыбызғысын қолына алды.

 

III

 

Сыбызғы үні шың басынан шаңқ еткен қыранның пыштақтағанындай тегеуірінді тебінмен құйылды. Бейне қауырсын жебені желге қарсы дарытқандай ысқырып барып-барып, сыбызғы сыңсып, құйқылжып қоя берді. Күйші жүрегінің ең шүңейт иірімінен құйындап, көмейінен қоңырлап, барпылдап-балбырап – жеті тұтам сыршыл сыбызғының өзегімен уілдеп, құс қонбас құла дүзде жетімсірген желдей гуілдеп шыққан үн – бұлақты жағалап жалғыз қалған сарыала қаздың сай-сүйекті сырқыртар гөй-гөй зарын «қап» дегізбестей қапсыз бейнелейді.

 

Жалғыздың зарын шертіп отырған қарт та жалғыз... Бәріміз жалғызбыз... Бәлкім, қарт өзінің жалғыздығын тартып отыр ма екен?..

 

Мына жүміле жалғанда құжынаған сансыз құстың арасында жүріп таңдайына жеткен жалғыздықтың кермек дәмі... Маңдайына басқан асылынан көз жазып, көзінің алдын көрінбес бұлың-бұлың буалдыр сағым шарпығаны... Ала таңды зармен, қара түнді мұңмен, алқызыл қанға батып өлген күнді шермен; шерден өтіп шеменге ұластырған сары ала қаздың бай-бай зары – қанқақсап қаңқылдайды кеп, кәрзарымен қарғап саңқылдайды кеп... Мынау әбілет жалған дүниеге нәлет дейді. Нәлет!

 

Көздері жапақтаған әлгі үш баланың жүзінде сары ала қазға деген аяушылық сезім ұшқындапты.

 

Қарт күйдің өксіген солығын басты. Күре тамыры білемденіп, өзі де бір Тәңірдің дидарын жаңа көргендей нұрланып алыпты. Үстіңгі еріні – қайсы өркеш қара нардың желбіршегіндей дір-дір етеді.  Күй үзілді.

 

– Бұл сарыала қаздың зары. Оның зарын ұққан әлгі жылқышы жігіт, құс та болса жан иесі ғой, жоқтауыңа – тоқтау деп, жалғыз зарлаған сары ала қаздың өкпе тұсына келіп, басу айтып тартқан күйі екен дейді, – деп қарт күйдің екінші тарауына қол созды.

 

ІV

 

Бұл күй әлгі күйден гөрі есті, кең тынысты, сандал жүрсті боп шықты. Күй құдіреті бізді тербетіп әлдилеп-уата түседі. Күй тілі сондай тәтті-тұғын.

 

Сиқырлы-сырлы сыбызғы шерге құмығып тұрған еді, енді аңызғақ желдей есіп, ақ желең бұлттай көшіп, сары ала қаздың дәл өзіндей саңқылдап белгілі бейнемен бедерленгендей...

 

Мынау ғаламды қаз қалпында, ащысы мен тұщысы, ағы мен қарасы, қайғы мен қуанышын да бірдей сүйген, өмірге іңкәр құс – өз талайына мойынсұныпты... Қаңқылдап салған әні – орманның үзіліп, үздігіп жеткен нешеме мың әсем сазына саз қосып, тентек желге ерсілі-қарсылы тербелген қоға мен шіліктің сыбырлаған сыбдырына үн қосып, сол тамылжыған қоңыржай кеште қанатын сілкіп тастап, елп еткен сары ала қаз майпаң-майпаң басып майда қоғаға мамық төсін төсеп, әлгі жылқышының күйіне құлақ түргендей... Күйшінің көңіл уатар күйіне үн қосқан сары ала қаздың «қаңқ-қаңқ» деген дауысы ауа лебінде әлі қалықтап жүргендей... Сыбызғы тартқан қарт та жоқ, әлдебір жел айдап келген ызың ғана бар секілді.

 

Күйдің екінші тарауы аяқталғанда әдемі түстен айыққандай қоңылтақсып, тоңсырайып қалдық.

 

– Ата, әлгі сары ала қаз мұратына жете ме? – деді шыбар бет кішкентай біреуі. Қарт аңыз-ертегінің ақырын түйіндеп:

 

– Құс екеш құс та болса жалғыздықтың қасіретінен құсаланып өліпті. Сары ала қаз сыңарына ең адал жануар деседі.

 

Аңыздың ақыры осылай аяқталған соң ба, ешкім үндемеді.

 

Қарт балаларға бір қимастықпен көз тастады да сөзін қайта сабақтады:

 

– Халық арасында әр түрлі айтылып жүр. Тағы бір айтушылар, мына Талдыбұлақты қыстап қалған сары ала қаз қыстай қарасудың ызғарына қанатын әбден қатайтып, күзде құстар қайтқан шақта бір топ қаздың құлабызына айналып жылы жаққа ұшып кетіпті десе, енді бір айтқыштар жыл айланып, күз түскенде әлгі жылқышының өзі атып алыпты деседі.

 

Сарыала қаздың зарлап аққан көзінің ыстық жасы бұлаққа құйылып, содан бастап, мына Талдыбұлақ мәңгі қатпайтын болыпты. Бұлақ сарылдап аққанда сол сары ала қаздың зарын, Құлабыздың ажалын әлі күнге айтып тұрады деседі.

 

Таулы Алтайдың күні ерте бататын-ды. Қас қарайып, ымырт үйіріліпті.

 

Біз сарқырап-күркіреп жатқан Талдыбұлаққа еріксіз қарай бердік.

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed