One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Нүсіпқан Қадырсұлтан

Нүсіпқан Қадырсұлтан


 Нүсіпқан Қадырсұлтан - 1987 жылы ҚХР Алтай аймағы Шіңгіл ауданында дүниеге келген. 2008 жылы ата-мекеніне оралған. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің түлегі. Халқаралық ұстаздар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Еуразия дизаинер одағының мүшесі. Жас ақын, таланытты суретші «Көңіл сыйы» жыр жинағы мен «Суретшілер тілі» көркем сурет жинақтарының авторы. Республикалық байқаулардың жеңімпазы. Шығармалары мерзімді басылымдарда жарық  көріп тұрады.
      Тырнақ алды әдеби туындысы 2002 жылы ҚХР-да «Жауқазын» журналында «Ләлә гүлі мен Қызғалдақ» тақырыбында алғаш жарық көрген. Қазір Алматы облысы Алакөл ауданыда тұрады.

Жүрегімдегі жұмақ мекенім топтама өлеңдер

Шекемдегі серке-мең

 

                            I

Сап-сары  бір  дүря  киінген,

Сап алтын сынды күздеймін.

Кеудемде боздап  күй інген,

Туған  жер  сені  іздеймін?!

 

Ару айдың  сүті  тамған,

Шекеме біткен серке-мең.

Ояна кетсем сұлу таңнан,

Сағынам  Алтай  сені мен.

 

Қозыны жайған  көк кейкең,

Жылама  сен  де  домбығып.

Есімде  қалып  көп  бейнең,

Жанарым жасқа толды лық.

 

Уақыт  саған  үндемедім,

Ұрладың-ау, қоңыраулап...

Түсімде тек  күнде менің,

Қаушамыз  қоңыр аумақ.

 

Қыз емшектей толқындарың,

Тынымсыз  алар  тынысын.

Сендік ақжал  толқып  арым,

Суардым жырдың қылышын.

 

Нардай боп шөккен Алтай тау,

Аңсадым  еміс , өркешін...

Еркеңді ел алқайды-ау,

Сүйресе  алға  өр көшін.

 

Бошалап  қашқан  буаз ой,

Боданда  кетті  демегін,

Бопсалап  алған  бұзар ой,

Із-түссіз  деме  дерегім?!

 

Ұлым  де  мені  бағалап,

...Керуен тартып ораламын.

Мың тамшы сіңген ғаламат,

Сақтап  келем  орамалын.

 

                       II

Жайлаудың жарқын қазағы,

Желіге  құлын байлаған.

Бұрқырап  тұрса  қазаны,

Асылған ет-Тай, бағылан.

 

Төскейі толған  төрт-түлік,

Мыңғырып жатыр шұрқырап.

Кеңсірігіңді  дүр  тіліп,

Аңқыйды жусан бұрқырап.

 

Көк арша  біткен  тау іші,

Лақтырды бұлақ бұрымын.

Сыңғырлап шолпы дауысы,

Шақырды  неге құлынын?

 

Алтайым  күтіп  тұр апам,

Қоямын ылғый  бұлқынып.

Занталақ қылып  түн апан,

Алайып қояд тып-тымық.

 

Лағылдан  ғана тіземін,

Кетпесе бастан жыр ауып.

Жетпесе  саған  түз елім,

Шық тұнған жанар жылауық.

 

Әдіра  қалмас  бұйырған,

Аламыш  қап  тоты үміт.

Ақ нөсерің боп құйылған,

Аспаннан келем оқылып...

 

 

Бір үзік

 

Жүрістен танбай,  мезгіл  тұрса  алмасып,

Мендік ылғи көңілді  жатад  қар басып.

Қиыр шетте қалған сол бір ауылға,

Жетсем бе екен жалына желдің жармасып?!

 

Төреші уақыт, салмады  қырын  жанбасып,

Адасып  жолдан  қаламын кейде  жар басып.

Туған жердің  түтіні  қолын  бұлғар ма?

Мұнарлы мұңмен  келеді жаным  арбасып.

 

О,бақытым! іздеші мені адасып,

Тағдрыммен келеді  күнім  таласып.

Сағыныш па?  жоғалттым нені білмеймін,

Болсыншы маған, сүйіншілі  таң  асық?!

 

Сені сүйем-туған жер!

 

Кермек исі жусанның,

Мұрынымды қытықтап.

Алпыс екі тамыр бусандың,

Самал желден сыр тыңдап.

 

Қабағы қату түксиген,

Батырдай сұсты шоқылар.

Иіліп белі бүкшиген,

Талғада жырым оқылар.

 

Ұшырып мені дауылдар,

Осса бір отты қамшымен.

Малмандай етіп жауындар,

Көмсе ғой мені тамшымен.

 

Түнеріп түнек түн үрей,

Зәре құтымды  алсаңшы,

Ойнасын найзағай күркірей,

Жайыңа түсіп қалсамшы.

 

Өткел бермес өзенің,

Ағызып мені жұлқысын.

Бәріне сендеп төземін,

Ұшырдым саған жыр құсын.

 

Ауылға сағыныш

 

Сен туралы жыр жазбау мүмкін бе еді?

Сағынышым сары шөл бұл күндегі.

Өзің десем өзгеше күйім бөлек,

Кеудемнің сол жақ тұсы бүлкілдеді.

 

Қолын бұлғап тұратын әр балаға,

Арман желі әкетті  нән қалаға.

Жыр сәлемін жолдадым ал бүгінші,

Қоңырқай қойнауы құт нәр далаға.

 

Аман ба? Алтын бесік ауылымыз,

Аман ба?  Туыс-туған бауырымыз.

Сағындым ақ нөсерлі жауынын да,

Сағындым қара құйын дауылын біз.

 

Сағындым қазыналы қарт бабамды,

Сағындым базыналы қарт анамды.

Жүрегім сағыныштан сусап жүр-ау,

Сағындым қыран мінез, мәрт ағамды.

 

Сағындым қымыз құйған жеңгелерді,

Жеңгелерге сірә кімдер?  тең келеді.

Қарашаңырақ қасиетіңнен айналайын,

Табылатын іздегеннің  ең керегі.

 

Сағындым торсық маңдай інілерді,

Құлағым ауыл жаққа түріледі.

Апам жаққан тезектің исіменен,

Менің бала күндерім тіріледі.

 

 

Атама этюд

 

Қасаң тартқан ауыстырып тағасын,

Қансонарға  кетті атам тағы да.

Таң күледі күтіп  мерей жарасым,

Не кезігер саятшының  бағына?!

 

Өкпе- бауыры солқылдап  ауырса да,

Атам мықты ақ белден  ары асатын.

Саятшыға сән ғой бұл  ауыр сын ба?

Ақ олжа деп ақ таңмен таласатын.

 

Жүйрік тазы тімтініп даланы  із ғып,

Тіленіп дүз қыраны шыжым тартар.

Ауыздықпен Айқасқа алағызып,

Омырауынан мөп-мөлдір тамшы тамар.

 

Күй шалқыйды өзгеше көңілде ерек,

Ақ сүмбіле дала жатыр ақтарылған.

Қуантады бір үміт көлденеңдеп,

Қылаң етсе қия тас жақпарынан.

 

 

КИЕЛІ АЛАКӨЛІМ

I  Аңыз дала

 

Алакөлден  Ұлы жібек жолы өткен,

Алакөлден Македонский қолы өткен,

Алакөлде Қабанбайдың қаһары бар,

ЕБІДЕЙ  алай-дүлей  долы өктем.

 

Алакөлге Шыңғысханда  көз қадаған,

Алакөлде өтті қанша  зор-зобалаң,

Церен салған қанды сүрең  мұтыла ма?

БОРША опатын айтады  бозқараған?!

 

Алакөлде Абылай  туы  желбіреген,

Алакөлде «ЕЛІМ-АЙ!» ән  елжіреген,

Боздақтың қаны ,ананың көз жасы ма?

Алакөл ашщы  әрі мөлдіреген.

 

Тарихтың бір  пұшпағы  Үйгентасым,

Сан  қалмақ тасты жиып  иген басын.

Алакөл-Аңыз далам, абыз бабам!

Бір АЛЛАдан  хикімет  сүйген жасын.

 

Аралап кеп әлемнің  бір үйегін,

Алакөлге  малды әне  күн иегін.

Көл түбіне қонақтап қалды ма екен?

Көп ТАРИХЫ біз білмес дүниенің?!

 

 II Абыз дала

 

Ебінің қызыл дауылы,

Түйедей тасты қозғаған.

Менде бір текті тау ұлы,

Жырым бар саған қоздаған –Алакөл!

 

Дарабоз батыр қабанбай,

Қорғаған ұлы мекенсің.

Алтын құрсақ анамдай,

Жүрекке жақын екенсің –Алакөл!

 

Абылай ат шалдырып,

Көсілген сенің төріңе.

Жоңғарлар көз талдырып,

Тамсанып өткен көліңе –Алакөл!

 

Жарасын жанның емдеген,

Айдының тұнық әуелі.

Жүректің әнін тербеген,

Зейнептей апам әуені –Алакөл!

 

Әнуәр, Димаш  ер бабам,

Еңбек еткен ұлы жер.

Жайнашы, құлпыр, кең далам!

Аймала, қане, нұрлы жел – Алакөл!

 

Сәкендей  ақын  ұлы бар,

Өлеңмен таққан  тұмарын.

Құмы-шекер, суы-бал,

Қандырар жанның құмарын – Алакөл!

 

III  Абат өлке

 

Көркі керім -Алакөл,

Аңсамас сені  кім бүгін.

Жырым сауға  ала көр,

Байланған саған кіндігім – Алакөл!

 

Күн сүйретіп  шапанын,

Қимай-қимай  бататын.

Тамсана сыйпап  сақалын,

Алыста таулар  жататын – Алакөл!

 

Кірпігімен  түн  түртіп,

Ай сұлу  шашын тарайтын.

Амалсыздан бұлт  үркіп,

Мөлтілдеп  жасы қарайтын – Алакөл!

 

Балық пен құс базары,

Жағалау жайлы жармеңге.

Қайнаған ырыс қазаны,

Қандай мәртсің,  дәнді өлке – Алакөл!

 

Тоқсанға толған абызым,

Домалаған биік  бақ тасы.

Түгемес жұмбақ аңызың,

Алатау сенсің қақпасы – Алакөл!

 

Бақытқа бәрі  кенелет,

Артады  әлі  несібең.

Әлемде жеті керемет,

Алакөл одан несі кем?

Сегізіншісі сен - АЛАКӨЛ!

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed