One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Мәдениет Әділет Ақсеріұлы

Мәдениет Әділет Ақсеріұлы


Мәдениет Әділет Ақсеріұлы 2000 жылдың 3-наурызында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданына қарасты Аққолқа елді-мекенінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің 2-курс студенті.

Екінші және соңғы рет қой баққан күн

Таң алагеуімде қозысынан айырылып, жылы қораны қимай маңыраған бес жүз шамалы қойдың соңында он бес-он алты жас шамасындағы бала келе жатыр. Күнделікті бұлжымай қайталанатын тірлігі. Қанбаған ұйқы, дел-сал болған дене.

Қыстың қақаған аязы болса да, кешелі бері қылтық тістемеген жануарлар жүре-жүре тарам-тарам соқпақ болған іздерімен оты қалың сайға асыға өріп келеді. Әне, мүйізінің жартысы кәріліктен ба, әйтеуір әлдеқалай мүжілген көк серке бастаған отардың алды сай ернеуіне ілікті. Ары қарай бұларды сырттай бақылап отырсаң жеткілікті. Әлжан ілби басып, қойдың соңымен бірге шөбі шүйгін табанның жиегіне дейін келді де, бір уақ тұрып биік төбеге қарай аяңдады. 

Қызылқұмға тұмсық тіреп жатқан елу-алпыс қаралы шаңырағы бар ауылға енді жан кіре бастады. Әлжан қойды ауылдан айдап шығып бара жатқанда әр үйден түтін шыққанымен, қора маңы тыныш болатын-ды. Әлдеқандай табиғи құбылыстың нәтижеснен түзілген құм мен сазы аралас биік төбенің етегі – бақташы баланың екінші үйі, басы – қарауыл қарайтын тұсы. Үй деуімізге де себеп бар. Әлжан алдындағы қойын сайға түсірісімен, төбе етегіндегі жыңғыл мен сексеуілден қиюын келістіре тоқыған, түбі бір метрдей қазылған үйшігіне келеді. Иығындағы әбден тозған дорбаны бір бұрышқа қарай атып ұрып, жүнді жұқалап қапқа салып жасаған «көрпесіне» қисая кетеді.

                                                        ***

Әлжан да бала болып, каналда шомылып, көше кезіп жүріп еді-ау осыдан бес-алты жыл бұрын. Жалағаш ауданына қарасты Аққошқар деген ауыл – туған жері. Әкесі күріш шаруашылығымен айналысатын. Ал шешесі үйдегі төрт қарадомалақтың қамымен болатын. Күндер жылжып жатты. Біреуден ілгері, біреуден кейін. Әйтеуір тамақ тоқ, киім бүтін. Әкесі Ерман соңғы жылдары шөлмектегі шайтан сумен дос бола бастаған. Кім білсін, қауырт қарекетінің демалысын содан табам деген алдамшы үміті болған шығар. Кейінгі айлар тіпті үдетті, күн құрғатпай ішетінді шығарды. Бір күні Әлжан ағасы Әділхан екеуі әкесін күріштік пен ауылдың ортасынан тапты. Әуелде қаңтарылған ескі УАЗ-ды көріп, жүректері дір еткен.  Екеуінің дауысы қатар шықты:

-Көке! Папа!

Ерманды көп ішкен жынды су әлекке салды ма әйтеуір сыртқа шығып, машинасына қайта кіре алмай, бір түп кәрі сексеуілдің жанына қисайыпты. Әділхан қаусаған машинаны қайта от алдырып, әкелерін артқы орындыққа жатқызған күйі ауылға тартты. Сол күні көңілсіз кешкі астан кейін бәрі ұйқыға бас қойған. Тәтті ұйқыны күріштікті күзететін шатақ шалдың ащы дауысы бұзды:

-Иттің ғана күшігі! Қанша астықты қор еттің ғой, сілімтік! Шәниіп жатуын қара, ей, мұның тағы!

Терезені сындырардай болған дауысқа Әлжанның шешесі Қалима шықты аң-таң күйде.

-Сәлем бердік, ата!

-Сәлемің өзіңе, ана сілімтікті оят! Иттің сідігін көмейіне қотарып жатқан шығар тағы!

-Ата, жау алғандай неге мұнша мазасызданасыз? Не бүлінді?

-Қалай ғана мазасызданбайын, анау жетесіз байың кеше атыздың құлағын ашып кетіп, енді көктеп келе жатқан дәнді көктей солдырды,- деді жыларман күйге түскен қарт.

Төбесінен біреу қос қолдап қойып қалғандай боп, әрі-сәрі күйде Қалима тұр аңырап. Бір уақытта қайта тілге келіп:

-Ата, сонда ол күріш енді шықпайды ма,- деді абдырап.

-Әлбетте, кеше ғана сепкен дәнді су шайып кетті. Енді одан қайбір астық күтесің. Күріштің бір жайы болар-ау, ит неме мына төрт күшігін неге ойламайды-ей, - деп отыра кетті ақсақал.

Осы кезде басы мең-зең болып, көзін уқалаған орта бойлы, сақал-мұрты басылмаған Ерман көрінді есіктен.

-О, Ассалаумағалейкүм, Болыс-еке! Таң атпай не болды сонша түңіліп, а? – деп дарақылана күлді үйдің қожайыны.

-Миллиондаған қарызың құтты болсын! – деген күзетші қарт шорт бұрылып кете барды. Езуінде ащы мысқыл, кекесін жатты.

Жағдайды түсінбеген Ерман егіліп жылап отырған әйеліне бір, әр жерде үрпиісіп тұрған балаларына бір қарап, еш нәрсені ұға алмады. Мән-жайды сұрайын десе, бәрі түтіп жейтін сияқты көрінді. Сөйтті де, құлағына қыстырған шылымын езуіне ілген күйі қораға қарай беттеді. Қанша ойланса да, кешегі күнін еске түсіре алмай-ақ қойды. Үйден шыққаны есінде. Үйден шығып, ауыл шетіндегі дүңгіршектен екі шиша арақты қарызға жаздырды да, күріштікке тартқан УАЗ-ын салдырлатып.

Күзетші шал кеткеннен кейін сүт пісірім уақыт өтер-өтпесте Ерманның үйінің тұсына белінде көк жолағы бар ақ «Нива» тоқтады. Шарбақтың есігінен формалы екеудің кіріп келе жатқанын көріп, Ерман да қарсы жүрген. Қол беріп амандасқаннан кейін білді, бұлар аудандық учаскелік полициядан екен. Асықпай сәкіге жайғасты. Шаруа жайын, мал-жан амандығын сұрасқаннан кейін, екі қызыл жағалының мосқал тартқан мұрттысы негізгі әңгімеге көшті.

-Ерман Жолдыбеков, біз аудандық уческелік полиция бөліміненбіз. Кешегі жасаған сұмдығың үшін заң алдында жауап беруге міндеттісің. Қазір бізбен жүресің,- деді. Қабағын сәл шытқан Ерекең:

-Қай сұмдығымды айтып тұрсың? Кім арақ ішпей жатыр, менен басқаны көрмейтіндей көздеріңді шел басқан ба? – деп доқ көрсетті. Формалы мосқал жігіт өңін бұзбастан:

-Інішек, арақ арағымен, бірақ сол арақтан көрерің көп болғалы тұр. Астықты алқапқа орны толмас зиян келтіргенің үшін жауап бересің, - деді.

Мына сөздерден кейін суға түскен тауықтай күйге түскен қожайын жүзін төмен салып, желкесін қаси берді. «Суға кеткен тал қармайдының» керін келтіріп:

-Аға-еке, өзің білесің, жағдай аса мәз емес. Күйгеннен ішем де. Бір-екі атыздың дәні шайылса, үкімет ашыға қоймас. Өзім мойныма алайын. Бір айыбымды кешіп, қатын-баланың алдында абыройымды төге көрме, - деді шарасыз қалыпта. Әңгіменің төркіні соны торапқа түскесін мұртты да түсін суытты.

-Азамат, сенімен әңгіме созып тұратын уақыт бізде жоқ. Уәжің болса, ауданда айтарсың, ал қазір киін!

Сүт пісірім уақыт өтер-өтпес мерзімде ақ «Нива» ауданға қарай заулап бара жатты. Артында көнетоз жейде киген, беті күнге қақталған Ерман отыр. Ойы сан-саққа жүгіреді. Балалардың алдында қарабет болды-ау. Әсіресе, үлкен қызы бұны кінәлағандай. Әлжаны да жігіт болып қалыпты-ей, анау боқмұрын Данабек «папалап» қырғынды салып жатқанда міз бақпады сабазың. Осыны ойлап, қопаңдап қалды. Бірақ соларды өз тұстастарының алдында масқара еткенін есіне алғанда, беті күйді.

Сол күні ауданнан балықшылардың көлігімен түн жарымында оралды Ерекең. Миллиондаған айыппұлды мойнына арқалап. Кетерінде тоңтеріс қалған бейбішенің жылы құшағына да зауқы соқпады. Таң рауандап келе жатқан тұста санасын сенделткен ойлардан шықты да, бір әрекетке тастүйін бекінген адамша орнынан тұрды. Беталысы – қора. Бірлі-жарым бұзау, жалғыз баспақ, екі сауын сиырының жанында тұрды сәлден кейін. Атызды аралағанда мінетін жалғыз бұт артар қылқұйрығынан қалған шылбыр қолында. Шапшаң қимылмен қора төбесіндегі рельске шылбырды тұзақтап байлап, түкпірдегі ескі орындықты алып келді. Арқасынан бір тылсым күш өз-өзін осы жолмен жазалауға мықтап итермелеп тұр еді. Күннің алғашқы шапағы қылаң бергенде, Ерманның жансыз денесі шылбырда салбырай ілініп тұрды...

Қалима қара жамылды. Үйде күлкі жоқ. Қара жамылғанына қырық күн өтсе де, Ерекеңнің бәйбішесі бой жинай алар емес. Ағайында да ес жоқ. Өз-өзіне қол жұмсаған кісі – қарабет. Он жылдан аса отасқан жарына ең болмаса адал өлім бұйырмағанына налиды іштей. Оның үстіне Ерманмен бір бригадада болған ана Сейілбек тракторшының да көзқарасы ішіп-жеп барады күн сайын.

Бүгін ес жиып, біраздан бері ыстық тамақ ішпеген балаларына сорпа дайындап, кір-қоңын тазалап, қызы Айғаным екеуі үйдің ішін біраз ретке келтірген. Айғаным мен Әділханды екі кішкентаймен қоса ата-әжесі шақырыпты. Қызы шешесін де жүр деп қолқалаған. Бірақ аяғы тартпады.

Қалима мектепте еден жуушы болып жұмыс істеді. Жалақысы шайлыққа жетпесе де, түн баласы көрші-қолаңының көрпе-жастығын бүтіндеп, тиын-тебен тауып жүрді. Осындай күйбең тіршілікпен бес жыл да көзді ашып-жұмғандай өте шығыпты-ау.

Отызында арқа сүйер азаматынан, отағасынан айырылып, нағыз жесірдің азабын кешті. Бес жылдың ішінде енесі бірнеше мәрте «батамды бердім» деп жолын ашып берген. Бірақ Ерманның аруағынан тайсалды ма, ел-жұрттың сыпсыңынан сескенді ме, Сейілбектің де, басқа азаматтардың да меселін қайтарды. Осылай тағы екі жылды өткізді.

Бір күні түс әлетінде есік алдына сары «Жигули» келіп тоқтады да, ішінен төрт адам түсті. Сары көліктің иесін шырамытты Қалима. Көрші «Мәдениет» ауылының бас молдасы. Ал оның қасындағы қауға сақалды - ауыл молдасы.  Іші қылп етті. Ал қалған екеуі бейтаныс. Алдарынан шығып, сәлем салды. Қонақтарды үйге бастап кірді де, өзі шай қамына кірісті. Шөл басылып, самаурын сарқылғаннан кейін ауыл молдасы сөз алды:

-Қарағым, қожайынның қара шаңырағын күзетіп отырғаныңа жарты мүшел уақыт өтті. Саған енді оның аруағы да ырза, шаңырақтың үлкендері де ырза. Өміріңді өксітпей біреудің етегінен ұста, шырағым, - деді. Сары «Жигулидің» шопыры, көрші ауылдың молдасы да:

-Ия, қалқам, үлкендердің батасын алдық. Өзіңе осы Иманбайды лайық көріп отырмыз. Бұның да алғаш отасқан жары он жыл бұрын дүние салған. Балаларын аяқтандырып, құтты жеріне қондырғаннан кейін жалғыздықты сезіне бастапты. Енді қартайғанда күбірлесіп, шай ішіп отыратын серік керек бұған да. Оның үстіне екеуің де тұғырдан түсе қоймағансыңдар ғой. Бала-шағаңмен, ағайын-туысыңмен кеңесіп көр, айналайын, - деді.

Орамалының ұшын ұстаған күйі үнсіз қалды Қалима. Осының болатынын бұрыннан сезетін. Іштей көндіккен де. Бірақ балаларына не айтады? «Байсырап бара жатырсың ба» десе ше? Осы сұрақтардың жауабын таппай қиналды.

Келе-келе естіді, Иманбай өз ауылының бақуаттысы екен. Әрдайым ойланып жүрді. Бала-шаға да естімеді емес, естіді. Ел-жұрт шулап жүр. Тіпті, кейбір бейпіл сөйлейтін өсекшілер «Қалима ана байдың малын иеленіп алғысы келеді» деген сөздерді де айтып жүрді.

Әдеттегідей кешкі ас болатын. Біраздан бері қабағы қатулы жүрген Әділхан сөз бастады:

-Мама, мен сізді түсінемін. Оның үстіне біз сізге ризамыз. Бірақ мен ол жаққа бармаймын. Астанаға кетемін, - деді.  Үнсіз жылаған Қалима:

-Мына балалардың қамы ғой, құлыным. Әйтпесе, байсырап бара жатқаным жоқ. Қайтейін-н-н, - деді өксіп.

Дастархан басындағы шағын кеңестен соң барлығы біржақты шешілді. Арада ай өтпестен қырыққа енді шыққан келіншек үш баласымен Имекеңнің ауылына келін болып түсті. Бірлі-жарым аладорба жүгімен бір-ақ күнде көшіріп алған Иманбайдың ұлдары. Жүзге жуық сиыр, бір қора қой, бес-алты ит пен жалғыз автобус – бұл шаңырақтың мүлкі. Біртоға тірлік.

Ауыл шағын. Ары кетсе, елу-алпыс қана шаңырақ бар шығар. Қарағандары алдарындағы азды-көпті тұяқтары. Таңның атысы, кештің батысы қора қопсының айналасында. Ауылда екі құзырлы орын бар. Бірі – тоғыз жылдық негізгі мектеп, екіншісі – обаға қарсы станция. Ауылдың көпшілігі мектепте әртүрлі қызмет жасап, нәпақа табады. Қалиманың балалары осы мектепке орналасты. Басында үрпиісіп жатырқап жүргенімен, көп уақыт өтпей кірігіп үйреніп кетті.

Бір күні кешқұрым Әлжан қой іздеп, біздің үйге келді. Кішкене ғана қара тоқтыны мойнына өңгеріп бара жатып:

-Досым, ертең менімен қой бағуға барасың  ба? – деді. Өзімнен үш-төрт жас үлкендігі бар бозбаланың дос санап, қасына шақырып тұрғанына қуанып:

-Ия! – дедім.

-Онда ертең таңертең каналдың арғы бетінен күт.

-Жарайды.

Жексенбі еді. Таң атысымен өзімше қалың киініп, даярлана бастадым. Сөйтіп, каналдың арғы бетіндегі күнделікті ойнайтын төбенің етегінде күттім досымды. Қой соңында келе жатыр екен. Иығында сол баяғы дорбасы. Жүзі шаршаңқы. Алдынан шығып:

-Қалайсың Әлжан? – дедім. Бір көзін қыса қарап күлді де:

-Қоймен бірге жүріп жатырмыз да,- деді. Қайтадан үнсіздік. Қатарласа жүріп, қой соңынан ілесіп келеміз.

Үйреншікті жолынан жаңылсын ба, отар шұбыра жүрген қалпы сай табанына құлады. Ал Әлжан екеуміз төбе бауырындағы күркеге келдік. Әлжан құрғақ сексеуілдің шырпысын алып шықты да от тұтата бастады. Ауыл баласы болғаныммен, бұлай дала өміріне машықтанбағанмын.

-Әлжан, - дедім. Жауап орынына бетіме қарап отырды.

-Сені аналар ұрады ма?

-Ә, олар ұрмай қойсын ба. Несін сұрайсың.

-Неге кетіп қалмайсың?

-Мен кетсем Данабекті өлтіреді ғой олар. Баламын ғой, қызығып тағы сұрадым:

-Сонда не үшін ұрады?

-Жай. Бір лақ өлсе, бір бұзау еміп қойса, болмаса қойды ерте әкеліп қойсам.

Жас жігітке не үшін сонша қатігез деп аң-таң болам. Әлжанның көңіл-күйі түсіп кеткенін көріп:

-Қарның ашпай ма? – дедім.

-Жоқ. Шыдаймын ғой. Күнде бір баклашка айран алып шығамын бір үзім нанмен.

-Менде ет пен бауырсақ бар. Оның көзіне әдемі күлкі ойнап шыға келді.

Мектепке ұстайтын кішкене рюкзакты аштым да, кешегі қонақтардан қалған екі бөлек кесек етті, бауырсақты шығардым. Ол да ыңғайлана бастады. Екеуміз жанған отқа қарап отырып, қолымыздағыға ауыз салдық. Оны бақылап отырдым. Ашқарақтана тістейді, қомағайлана жұтады. Ет пен бауырсақты айранмен итердік те, үнсіз отырдық. Кенет досым аяғындағы тілім-тілім болған резеңке етігін шешті де, аяғындағы шұлғауын жаза бастады.

-Сен бақыттысың! –деді оқыстан.

-Неге?

-Әкең, шешең жаныңда. Киімің бүтін, қарның тоқ, - деді.

Мен қар жамылған сай жиегіне қараған күйі ойланып отырдым. Сосын жерден жеті қоян тапқандай:

-Досым, сен мұңайма. Мен саған көмектесемін, - дедім. Мырс етіп күлгендей болды да, бетіме сұраулы кейіпте қарап:

-Қалай? – деді. Не айтарымды білмей қысылып қалдым да:

-Бос уақытыңда үйге кел. Біздің ата-әже де, папа мен мама да сені жақсы көреді. Тамақ ішіп тұр. Кешке келсең, кино көреміз, - деп тоқтадым.

-Жарайды, рахмет, - деді сүлесоқ қана. Сөйтті де, шала кепкен ылғал шұлғауын тоңғаннан көгере бастаған жалаңаш аяғына орап, жыртық әрі жылусыз резеңке етігіне сұқты.

-Мен қойды бір қайырып келейін, - деп тұрып кеткен досымның артына қарап отырып, өзімнің іші қалың түкті, сырты су өткізбейтін жып-жылы етік кигеніме кінәлі адамдай күй кешіп, күркедегі «көрпеге» шынтақтай кеттім.

Әлжанмен өткен бір күнде біраз дүниенің қадірін біліп, бір-екі жасқа есейгендей болдым.

                                              ***

Ауылдың ортасында еді біздің үй. Үлкен албар мен созыла бітіскен қора-қопсымыз бар. Бес бөлмелі үй. Менің он жас шамаасындағы кезім. Күнделікті күйбең тірліктің ұшы бізге де артылады. Наурыз айының орта шені болатын. Сол жылы қыс ерекше қатты болып, көктем күні туса да, қардың көбесі сөгілмей, мал-жанды біраз титықтатты. Біз де жиырма шақты қой-ешкіні қозы-лағымен қоса шөпке байлап отырғанымызға бір айдан асты. Қамыс пен жантақты біршама етіп жинағанымызбен, қолға қараған мал шыдатпайды екен.

Атам сәскеде үй жаққа келді де:

-Балам, Мараттан біраз пішен сұрап қойдым, соны аз-аздап тасып ала ғой. Мен ауданға бір жұмыстармен жүріп бара жатырмын. Әкең кешке дейін жұмыста, қолы босамас, - деді.

-Жарайды, ата!

Онсыз да жексенбі демалысымды қалай өткізерімді білмей ішқұса болып отырған маған бұдан қызық нәрсе бар ма?! Пішен қораның аяқ жағында қу сабанды қорек қылып тұрған ақ есегімді ноқтасынан сүйреп сарай алдына әкелдім де, ерттеп арбаны жектім. Жел дөңгелегі бар арба мұздақта ары-бері тайғанап келеді. Машинаға кенде ауыл балалары үшін бұл – таптырмас сауық. Келесі көшеде тұратын Марат ағаның үйіне барып, он бес бау сары пішенді арбама арттым да, есектің басын үйге қарай айдадым.

Бусанып, басымдағы қалпағымды жоғары көтеріп қойып, ер үстіне қонжиған күйі ыңылдап келемін. Орта жолдағы бетонмен қапталған құдықтың жанынан өте бере сүмірейіп келе жатқан айғыр есегім құлақ қайшылап оқыс мінез байқатты. Ол қараған тұсқа мен де зер салдым. Сөйтсем, алдымыздағы қораның бұрышын ықтасындап, шуақтап, әрі сабан-саңылтырды таңдай талғажу етіп күрелі ақ есек тұр екен. Қорада тұрып «құдайын» ұмытқан сабазымның ата сезімі де оянбайтын тұста оянып, арба мен үстінде отырған мені қоса тартқан күйі ақыра ұмтылды.

Есектің ақырғаны мен менің айқайым қосылып, жұрт біткеннің назарын аудардық. Біреулер тұра ұмтылғанымен жете алмады, енді бірі тегін циркке мәз боп күлісіп жатты. Осы кезде қойын өрістен қайтарып келе жатқан Әлжан әлдеқалай ғайыптан пайда болып, арқыраған «айғырымның» басын тежеді. Көзімдегі жасымды ешкім көрмесін деген ниетпен қос жеңіме бұйырттым. Ноқтаны ұстаған Әлжан үйге дейін әкеліп, арбаны есектен ажыратып беріп кетті. «Асығыспын» деп жөнеле берді де, іркіліп қалды. Көше жақтан:

-Әй, сүмелек, бас аяғыңды,- деген зәрлі дауыс естілді. Ұнжырғасы түскен Әлжан аяғындағы жырым-жырым резеңке етігін сүйреткен қалпы дарбазаға қарай аяңдап бара жатты. Жанарымда кинолентаның кесіндісіндей сол көрініс әлі күнге сайрап тұр. Бозбаланың жағасынан сығымдай тартқан жігіттің қонышынан суырылған жуан қамшысы оның жон тұсын осып түсті. Қарап тұруға дәт шыдамай, өзімді кінәлі санаған күйі назарымды төмен сала бердім.

Әлжанның маған көмектескені үшін алған жазасын ойлап жатып ұйқы құшағына кіріп кеттім. Таңертең қойды қозысынан айырып, кезекке қосу үшін ертерек ояндым. Мүлгіген қалпымда отыз шақты қой-ешкіні айдап көше шетіне шыға бергенімде күнделікті шаруасына кетіп бара жатқан досымды жолықтырдым. Көзінің алды көкпеңбек боп ісіп кетіпті. Амандасып тұрып:

-Кешірші! Менің кесірімнен болды, - деп едім:

-Жемей жүрген таяқ па. Ештеңе емес, - деп көзін қысты.

Кешелі бері күпті болып жүрген көңілім бірленгендей болып, өз жөніме кеттім. Көрген құқайы кеудесіне кек болып, жүзі сұрланған қалпы кете барды бозбала.

 

                                            ***

Таң қараңғысы. Ұйқымды аша алмай мектепке келе жатырмын. Жыңғылды шарбақпен қоршалған мектеп ауласына өте бере гүл өсірген астаушаның жиегіндегі басын иығына қисайтқан қалпы отырған біреуді көрдім. Мектепте елес бар деген әңгімелер есіме түсті де, орынымда тұрып қалдым.

Тынысым тарылып, көзім бақырайып бір орында әлі тұрмын. Сонда барып, әлгі денеге тіл бітті-ау:

- Досым, бұл мен ғой. Әлжан, - деді орынынан тұрып. Жүрегім орнығып, қорқыныштан дірілдеген еріндерімді әзер икемге келтірген қалыпта:

- Таныдым ғой, - деп міңгір еттім. Амандасқаннан кейін Әлжан:

- Досым, мен жақында кетемін, - деді көзін алысқа қадап тұрып. Бұл – мен күтпеген сөз еді. Ауызыма лезде сөз түсе қоймай:

- Н-неге? – дедім тұтыға.

- Ағам алып кетемін дейді. Содан кейін мұнда келе қоймайтын шығармыз, - деді ол мосқал кісілерше сөйлеп. Менің ішім өртеніп барады. Тап бір қимасыммен қоштасқалы тұрған жан іспеттімін. Өңім бұзылып кеткенін байқаса керек, Әлжан арқаға қағып, күле сөйледі:

- Екеуміз тағы бір қой бақсақ қайтеді, ә?!

Мен оның бұл ұсынысына еріксіз бас изей бердім. Сөйтіп ертеңіне бірге қой бағуға уағдаластық. Бұрынғыша мен каналдың арғы бетінде күтемін.

Тағы да сол көрініс... еріне басқан бір отар қойдың артында басын төмен салып ілбіп келе жатқан Әлжан...

Руымыз бір болғандықтан ба, әлде нағыз достықтың көрінісі ме, әйтеуір бірімізді бірімізге бір тылсым күш тартып тұратын. Оның екі жас үлкендігі де бізге шекара болмайтын.

Үйреншікті қосқа жеткенде Әлжан екі аяқты көсілтіп «құрақ көрпесіне» жантая кетеді. Мен от жағуға кірісемін.

Бұл кез көктің әбден бой көтеріп қалған кезі болатын. Қойлар да бұрынғыдай емес, алысқа ұзамай жайылады. Түсте айран мен арасына май жағылған таба нанды соғып алғаннан кейін Әлжан:

- Сендердің үйлеріңде отын бар ма әзірге? – деді.

- Бар. Бірақ азайды.

- Онда кеттік. Қу томарларды жинайық. Кейін қолың босағанда есек арбамен тасып аласың. – Бұл жолы жуас есекті жек бірақ арбаңа, - деп сөзінің артын әзілге айналдырды.

Өткен жолы пішен тасимын деп есектің басына ие бола алмай қалғаным есіме түсіп, бетім ду ете қалды.

Күн еңкейемін дегенше Әлжан екеуміз төрт-бес жерден ірі-ірі үймелер жасадық сексеуіл томарларынан.

Бұл біздің екінші және соңғы рет бірге қой баққанымыз еді. Осыдан кейін арада екі аптаға жуық уақыт өткенде көрші ауыл жақтан «Газ-53» маркалы жүк көлігі келіп, Иманбайлардың ауласына тұмсық тіреді. Шай қайнатым уақытта кішкене жүк қорапқа артылып, машина қозғалуға ыңғайланды. Сол кезде қора-қопсының арасымен Әлжан біздің үй жаққа ышқына жүгіріп келе жатқанын байқап қалдым. Әкем екеуміз кетпен-күректерді қайта саптап отырғанбыз. Әлжан жақындағанда байқадым, жүзі бал-бұл жайнап тұр екен. Келе салысымен:

- Аға, бауырым, біз кеттік. Енді мұнда келмеспіз. Бірақ мен сіздерді, досым сені ұмытпаймын. Кейін бұйырса кезігерміз, - деп барып тоқтады. Менде үн жоқ. Тіпті, жанарым да суланып үлгірді. Әкем:

- Балам, жолдарың болсын! Аман жүріңдер. Құрдасқа сәлем айт! – деді.

Құшақтап қоштасқан күйі Әлжан жеңіл жүгіріп барып, көлік қорабына отырды.

Әне, артына шаң қалдырып кетіп бара жатқан көлік қимас досымды алып барады.

***

Дүние айналымы тоқтаған емес. Таң атады, күн батады. Бірін бірі алмастырған күндер де тынымсыз өтуде. Кейін біз де қалаға көштік. Досым Астанада деген хабарды естідім. Бір-екі рет телефон шалды да, артынша мүлде хабар-ошарсыз қалды.

Содан бері өткен бес жылдың ішінде достың бейнесі санамнан өшпеді. Оның жігітке тән болмысы, адалдығы, адамдығы тәнті ететін. Алысқа үнсіз қарайтын көздерінде ауыр мұң жатушы еді.

Доспен бірге қой бағып, бір құты айранды кезек сіміріп, дала кезетін күндер қайта оралар ма, шіркін?

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed