One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Specprojects
Ауылым алтын тұғырым
Алаш Кеңшілікұлы

Алаш Кеңшілікұлы


Алаш кеңшілікұлы 1976 жылы Монғолияның Баян-Өлгей аймағы, Қызылқайың ауданы, Көкмойнақ аулында туған. Қазіргі күні туған аулында қызмет етеді. Ақын, прозаик.

Бөрілер мен бөріктілер (хикаят)

Жаз бұрымын тарқатып, қыс мүйізін көрсетіп, көктем қырық белдің астында қалған.

Ел жайлаудан еңкейген,күздіңсондай бір сүреңсіз шағы еді. Қапалақтап қар жауған. Тастыбұлақ басындағы қос ақ боз үйдің айналасы баранға толы. Тыста матаулы түйелер. Бұның өзі ертеңгі көштен хабар беретіндей. Үйден сәл қашықтау жерде мойындарына темір шынжыр байналған қос бөлтірік,қар жауа түссе екен дегендей,тау жаққа қарап ұлып қояды. Бөрі бөрілігін істейді деген осы да. Әлде бір қансонарды аңсаған ақиық қыранның егелері іспетті, бір орындарында тұрақтап байыз таппай, жасанды індерінің аузында шыр айналып бостандықты аңсауда. Бөлтірік қар жауа жетіледі деген аңшылардың қағидасы раста болар. Көздері қанталап, өздерінен сан есе үлкен сахараның сәні болған айыр өркешті түйелерге қарап азу тістерін ақситып қояды. Түйелер болса бізге бәрібір дегендей күйсеп жатыр.Нар жолында жүк қалмас деген. Қаншама жыл бойы осы қара атандар қазақтың қарашаңырағын арқалап келген жоқ па?! Маңғаз керенау кейпіне қарап ақ сүйінесің. Маң маң басып жүріп ақ қаншама жол шегіп,адам баласының қызметіне жарады емес пе! Қырық күншілік шөлге де шыдайтын осы түйелер ғой. Сахараның сетері болған қазақтар үшін жылқы мен түйенің орны ерекше-тін. Қазақсыз сахараны, сахарасыз түйені елестету мүмкін емес те. Үй іші тым жұпыны. Уықтың аяғын шалған ала жіптер шешіліп,төрдегі абажадай боп үйілген теңдердің беліне буылған. Қар осы қалпы қапалақтап жауа берсе, түйелі көшке бөгет болары сөзсіз. «Құдайдың күні де басылмайтын болды-ау» деп орта жастардағы мосқал адам күңкілдей сөйлеп, оң жақта тізерлей отырып ертоқым жөндеген боп жатыр. “Алла,жаратқан ай, құлыңа өзің тәупиық бере гөр, бір Аллаға шек келтірме балам”, - деп бетін айқыш-ұйқыш тарам сызықтар қаптаған, көз жанары солған гүл іспетті ақбасты ана отбасындағы қабаттап салған төсеніштің үстінде қисайып жатқан қалпында ұлының күңкілін құлағы шалып,березеп болуда. Қазан жақта аяғының ұшымен құрақ ұшып жүрген аққұбаша әйел,отағасына қойсайшы дегендей көзінің қиығымен наздана қарап қояды. Ал, төр алдындағы текеметте бұлардың өмірдегі жалғыз көз қуаныштары Нұрасыл күңкіл-шүңкілдің бәрінен бейхабар құйрығымен сырғанап қыбыр еткен нәрсені ұстап алғысы келіп екі қолы ербең-ербең етеді. Күзгі суық тиіп қалмасын деп анасы итжейдесінің сыртынан қабаттап күртеше кигізіп, оның сыртынан денесіне шақтап кішкене бешпет тігіп беріпті де, сылдырмақ тағып қойыпты. Жасқа тола бермеген риясыз сәби елбең еткенге ұмтылған сайын сылдырмағы сылдырлап, үй ішіндегілерге жағымды әсер қалтыруда. Қарт ана мен жас бала тоңып қалмасын деп әлсін-әлі күзгі сиырдың қатты тезегін аққұбаша әйел тыстан әкеп отқа жаққан сайын үй іші маздай түсуде. «Жаңбыр жауса, жауса екен, қар жаумасын, Ел еңкейіп көшкенде түйе аумасын» деп отағасы манағыдай емес анасының ескертуінен бе екен, жоқ әлде ажарлы жарының назды қылығынан ба, не болмаса сылдырмағы сылдырлаған жалғыз ұлының жөргегі исінен ләззат алды ма екен қара өлеңді мұрнынан айтып, томсырайған тоң мінезін оттың жылуы жылытқандай жайдарлана түсті. Иә,бұл Қасқырбай қырықтан асқанша не көрмеді дейсің? Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан да болды бір мезет. Бұған жүкті болғанда анасы қасқыр етіне жерік болыпты. Әкесі күрең атына ер салып, Мұзтаудың бөктерінен бөрі атып әкеп, жарына жерік асын жегізген екен. Мұның атын сол себепті ауылдың үлкендері Қасқырбай қойыпты. Дуалы ауыз қариялар бұны жақсы ырымға жорып, бөрі мінезді абадан алғыр азамат болады деп ат шаптырып той істепті. Алайда өсе келе Қасқырбайдан ондай мінез байқалмады. Әке жолын қуып аңшы болмай, қарапайым малшы азамат боп өсті. Сол момындықтың салдарынан кешігіп үйленді. Отыз асып үйленсе де,өзінен жас ажарлы Ажарбикемен дәм тұзы жарасып он неше жыл бір шаңырақтың астында тірлік құрғанымен шыр етерге зар болып, жаратқанға жалбарынып күн кешкен-тұғын.

 

Бөрі киесіне жолыққан деп сөз етті кейбіреулер. Әкесі бір ұяны түп тұқиянымен құртқан. Бұл енді ұрпақсыз өтеді деді сыртынан. Жазмыштан озымыш жоқ деген рас та. Ажарбикемен отасқан он жыл көлемінде жары бірнеше рет бала көтергенмен, жарық дүниені көрместен бес-алты айлықтарында ана құрсағымен қоштаса берген. Анасы да жалғызына жалғыз ұл бере гөр деп жаратқанға тәу еткен. Тәңір тілеулерін беріп сөйтіп жүргенде Ажарбике құланның етіне жерік болмасы бар ма?!

 

Қасқырбай қайтерін білмеген. Өмірі тышқан мұрынын қанатып көрген жан емен. Не істемек керек? Омалып үйде отыра бере ме? Жоқ,жоқ қарекет жасау керек, жасау керек! Қайда барады сонда? Құбының шөліне ме? Оған жетіп, құлан атып әкелу барса келместен самұрық құстың балапанын әкелгенмен бірдей- тін. Қасқырбай расымен қатты сасқан еді. Сөйтіп жүргенде қоңсылас отыратын әпербақандау, аздап ащы су ішіп қоятын Доға деген досы кезікпесі бар ма? Жасы да құралыптас, Доғаның шын атын көп ел біле бермейтін. Дауысы да жуан, күжілдеп сөйлейтін, бірмойын, бет ауызын түк басқан, көзі шегір, қыран жанарлы, аздап саят құратын аңкөстігі де бар Доғадан сырт ел қаймығатын. Әрі мінезінің нойыстығы да бар. Дейтұрғанмен құрдастың құдайы бір дегендей Қасқырбай екеуі өзара жақсы достар болатын. Доға Қасқырбайдан мән-жайды білген замат, «онда тұрған не бар» деп гүж еткен. Қасқырбай әнтек таң қалған пішінмен досына үміттене қараған. - Біздің бәйбіше ащыға жерік болдым деген соң, достар ара бас қосып отырғанбыз. Үйде Дүнгер досымның қол тартқан самогон арағы бар болатын. Иә бұл сояндар қырағы жұрт ғой. Малдан шығатын сүт, құртты пайдаланып ақ тағамнан самогон тартады. Сол самогоннан орта шыныдай қақтырып жібердім. Өзіме ұқсаған ұл табар деп үміттеніп жүрмін, - деп Доға мақтанған кейіппен досына бір жәйдің шетін бүлк еткізді. Доғаның әйелі үш құрсақ көтерсе де, атұстарлы болмадым деп көбінде сыныққа сылтау тауып, құдай қосқан қосағымен кермалдаса беретін. “Астағпыралла” досының сөзінен іштей қатты тіксінген Қасқырбай,екі көзі жыпылықтап, қой әрі ойының шығар, деп өңі сұрланып кетті.–Рас, өй, менің жарыма сен бас қатырмай ақ қой. Ал,басыңды тауға ұрсаң да құлан етін табу мүмкін емес. Бір жол бар. Арқар атып әкелейік. Алайда жұбайыңа айтпа. Екеуі бір тақілеттес. Даланың тағылары. Құлан атып әкелеміз деп, үйден аттанамыз, - деді Доға тағы да гүж етіп жол тапқандай. – Болама сонда? - деген кекештеніп. – Өй, жындысың ба? Не істемекшісің басқа? Құбынң шөлін кезіп құлан атып әкелгенше бір жыл өтер! Екі дос ертеңінде таңсәрімен қоржын-қопсақтарын теңдеп, мойындарына аңшы мылтығын асынып жолға шыққан. Көңілде бір күдік, бір үміт. «Е, жаратқан, бәрі де ұрпақ қамы ғой, өзің кеш», - деп іштей бір аллаға сыйынып, тау жақты бетке алған еді. «Аң киесіне жолықпаңдар, ол да Алланың жаратқан мақұлығы қыра бермеңдер», - деп анасы қалған зар болып. Құлан деген құдықтағы құрбақа емес екенін қайдан білсін, қарт ана? Сол күні түнде Ажарбике түс көрген. Түсінде қолында асатаяғы бар, ұзын бойлы атжақты, ақсақалды қария адам келіп: -Әй балам, бекер болды, бекер болды! Жібермеуің керек еді, жібермеуің керек еді - деп әр сөзін екі қайталап, ұзын сақалын саумалап кейіс білдірді. Бұл бұлақтан су алып жатыр екен дейді. Қолындағы шелегі суға кетіп қала жаздап сасқалақтап, судан бос алып шығыпты. – Әне,көрдің бе балам. Олар да солай! Құлан жоқ жерден құлан аулаймыз деп өтірік айтып кеткен. Ешқандай да олжа іліктіре алмайды. Құлан атамыз деп арқар атса аң киесіне жолығады. Онда ұрпақсыз өтесіңдер. Бекер деуімнің себебі осыдан еді, енді мен кетейін деп бұрылып жүре бергенде, бұл жылап тоқтатып алады. – Ата, ата ау, мен жерікпін ғой, жерікпін. Енді қайтемін - деп көзінің жасын көл қылып егілді дейсің. Ақсақал сақалын саумалап сәл ойланып тұрады да: - Бір жол бар, соны орындасаң дұрыс перзентті боласыңдар. Жеріктіктің жөні осы деп көз алдап көзге көрінгенді жеуге болмайды. Сендердің ана Доға достарыңның әйелі дұрыс бала таппайды ау. Ол негізінен көк биенің сүтіне жерік болған еді. Ащыға жерік деп қол тартқан арақ ішкізіп жіберді. Болмағанда ақ тағам ғой, малдан шығатын, құрт жесе болар еді. Енді көкбиенің сүтіне шомылдырмаса оңалмайды, оңалмайды! - деп сөзін тағы да екі қайталап аяқтады. – Ата,ата ау,сонда мен қайтем, бір жол айтып кетіңізші - деп тізерлей отыра қап егілді-ай кеп дерсің. – Жақсылық, жаманшылық бәрі де Алланың құзырында. Ал,болдыру болдырмау адамның пиғылында. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деген аталы сөзді естуің бар ма? Құланның құлағы бөрінің құлағы іспетті болады. Сенің жұбайыңа жүкті боларда енең қасқыр етіне жерік болған. Яғни бойында бөрінің қаны бар.Сондықтан сен жерік асыңа қолың жетпейтін себепті, бөріқұлағының қанын ішсең дұрыс сәбилі боласың. Осы айтқанымды орында, бірақ соңы бұлдыр...- деп көзден ғайып болады. Ояна келсе жастығы суға толып, расында егіліп жылап жатыр екен. Түсін ояна салысымен апасына айтқан еді. Байғұс кемпір жаратқанға жалбарынып шыр-пыр болды да қалды. Құдды түсіне енген ақсақалды шалдың сөзін айтып, «Жібермеуіміз керек еді, жібермеуіміз керек ед» деп іштей күбірлеп әлденелерді айтып жеті дәннен садақа деп келінінің басынан жеті айналдырып алысқа тастады. Қасқырбайлар бұл жайдан бейхабар Сәби дарасына жеткен кезде күн кіші бесіннен ауған еді. Қарашаның қара суығы басталған кез .

 

Арғы беттің арқары бергі бетке өтіп, топ-тобымен жүретін сүмбіл шақта Таулы Алтайға қар қалың түскен жылдар, қоңыр аң Қобда бетіне өтетін. Әлемге әйгілі Бесбоғдамен жалғасатын ақбас шыңдар, тым сұсты, тым айбарлы. Ақ шарбы бұлттар шың бастарына қонақтаған. Осыдан небәрі бес-алты шақырымдай жерде Ресей мен Монғолия шекарасының белгісі бар. Жергілікті ел баған (діңгек) деп атайтын осынау белгіден ұшқан құс, жүгірген аңнан өзге өтуге тиісті емес. Екі жағы да жалама құз шыңырау. Тау жоталары аң құстың киелі мекеніне айналған тұмса табиғатты шұрайлы өлке. Аю, ілбіс, сілеусін, қасқыр сияқты жыртқыш аңдарды да, әр сай, әр қыратынан кезіктіруге болады.

 

Қасқырбай мен Доға аң аулауға тыйым салынған шекара өтіне келіп жетті. Доға ерекше көңілді, ал Қасқырбай болса тым енжар халде. Тау іші салқын, жанға жайлы леп еседі. Тау бұлағының шет шеті орқаштана қалыңдапқатқанымен ағысы қатты жерлері сылдырлай ағып, жан жүрегіңді қытықтайды. «Пай пай, рахат ай», - деп Доға аттан секіріп түсті де, күректей қос алақанымен тұп тұнық, мөлдір судан көсіп алып ұрттады. «Уһ, - деді сосын, - арқардың жылы қанын өстіп ішер ме едік?» Қасқырбай іштей жаратпаса да атынан түсіп, салқын сумен беті-қолын жуып шөлін қандырды. Бұлақ суымен шөлдерін қандырған қос аңшы ашыққандарын байқап, ат арқасындағы қоржындарын алып ауқаттануға кірісті. -Енді арқардың көкесіне кезігеміз, бірақ өте сақ, таятпайды. Екі жақтан ұтылап шығамыз. Сен аң атып көрген жоқсың ғой. Мен алған тұрғыға қарай аңды үркіту амалын жаса. Ыңғайы келмесе ешқашан оқ шығарма! - деп тапсырды, Доға. Бұлар әудем жер жүрген соң, ат аяғын алып жүргісіз қорым басталды да, қоңыр аңның сұлбасы көрінген қыратқа жаяу шығуға мәжбүр болды. - Алдымен мен шығып анау көрінген тұрғыны алайын. Сен асықпай теріскей бет жағымен барып аң жатқан қыраттың өкпе тұсынан шығып сүрен салып тас домалата бер. Қасыңа келіп қалмаса, сірә да оқ шығындама - деп Қасқырбайға қайталай тапсырма берген Доға жеңілтектеніп сырт киімін қалдырды да, шығыс жақ беткейге қарайөрмелей жөнелді. Қасқырбай бар ынты-шынтысымен генералдың бұйрығын орындайтын жауынгердей асықпай аң жатқан жартастың өкпе тұсынан шықпақ болып, құлама құздың жақпар тастарының арасымен бүкшеңдей басып келеді. Иә, бұл Қасқырбайдың ең алғашқы аңшылығы, әрі қиямет құзға ең алғаш өрмелеуі-тұғын. Бірнеше рет аяғы тастан тайып, етекке құлаған тау тасымен бірге өзі де домалап кете жаздады. Қанша асықпай шығайын дегенімен, жалама құзға өрмелеу оңайға түспеді. Алайда мұндай шыңырауға шығып көрмесе де, қия бетке қой жайып үйренген малшы қаратерге түсіп жүріп көкшағыл тау беткейін ақыры бағындырды. Доға көрсеткен межелі жерге жетіп, аңға қылпын көрсетіп алмау үшін аз-кем тыныстап алмаққа, иықшаның үстіндегі қойтасқа арқасын сүйеп отыра кетті. Ұрпақ үшін, иә бәрі де ұрпақ үшін! Осынау құздан ұрпақ үшін құлап өлсе де,армансыз кетер еді. Жоқ! Осы мен сандалмай Құбыға неге кетпедім, қанша жер дейсің ай жүріп жетермін ұзаса... Ха-ха-ха күлкілі-ақ. Әне бір, сайтан ой бой көтерді тағы да, қантамырының арасымен жүгіріп. Алдымен түздің құланы тұрмақ, ауылыңның қасындағы шыңның арқарын атып алсаң да үлкен олжа емес пе саған... Мылтығын қаттырақ қысып «рас-ау» деді өзіне өзі. Сен туғанда анаң қасқыр етіне жерік болған. Байқа, сен осал емессің, арқар тұрмақ арыстанды ататын айбатың бар. Өзгеге иек сүйеме. Ертең бетіңе басады. Қолында қару болса қатын да атар сығалап.Т әлейіңнен көр... Мысық ой, есек дәме. О, ұлы тау,не құдірет бар сенде. Сенде туған жан, еркөңілді болатыны неліктен. Серілік те, тағылық та, батырлық та, өр тұлға да тек сен арқылы қалыптасады-ау, адамзатқа. О,ұлы тау,әр тасың да,әр үңгір, әр жақпар, қыратыңда сан тарих, жазылмаған сыр жатыр. Етекте туып төске өрлегеннің өзін өзіңе баурап рухтандырып жіберетін не құдіретің бар сенің... О, ұлы тау, көзімді ашқалы көргенім өзіңсің. Сен ақберен... сен кіреуке киген нағыз батырдан аумайсың. Тау қиялына қанат байлап, ақырын баспалап арқар тұраққа бет алды. Қолындағы бесатарының таңдайына бес оқ салды да, тым құрыса бес атқанда бірді жығармын деп ойлады. Көзіне құйылған тер аз аялдағанның өзінде-ақ, аққырау мұзға айналды. Кім білсін,бұның сезгіш, дәлірек айтсақ иіс алу жүйесі өзгелерден ерек қасиеті бартын. Енді бір бес-он қадам еңбектесе аңның қылпын шаларын сезіп келеді. Бұның осы қасиетін кейбіреулер тағы да сол қасқырлармен байналыстырады. Бесатарын қолынан түсіп кетердей сығымдай ұстап, еңбектеген бойы аң атуға көңілі ауа түсті. Шіркін, бірді құлатып, өзі де мынау шыңнан құлап кетсе ғой... Артынша өз ойынан өзі шошына жерге түкірінген. Тумай жатып әкесіз қалған сәби не марқадам таппақ! Жаман тымағы көзіне құлап тоқтамаған соң, беліне қыстыра байлап алды. Көзінен тамшылаған тер, оған қосыла ери аққан қырау мазасын кетірді. Атүсті жүріп бұлай жаяулап еңбектемегелі қашан... Өзінің ықтиярсыз әлсіздігіне іштей қынжылып, жыларман қалде терін баспаққа көзін умаждай сүрткілеп етбеттей жатты. Қалайда көздегенін алып қалу керек. Тұрғыға да жетті-ау әйтеуір. Иә, аруақ, қолдай гөр! Ақырын мылтығын алға ұмсындыра басын көтерді.

 

Доға Қасқырбайға қарағанда ылдым-жылдым екен. Көзеулі межеге тез жетті. Аз бусанып терлегенімен,ақ тер-көк терге де түспеді. Дүрбімен аң қарасының әжептәуір мол екенінде айырып үлгерді. Қансонарды аңсаған бүркітшідей аңның қарсы алдынан шұбыра қашқанын тағатсыздана күтіп, оқ жаудырмақ болып отыр.

Қасқырбай қарсы алдында жатқан топты арқарды көргенде жүрегі лүпілдеп, мылтықтың шүріппесін басуға асықты. Қанша сақ бұқпантайлап шықтым дегенмен түз тағылары дүрлігіп қашуға айналды. Ешбір аңды қарауылға іліктіре алмаса да, саусағы дірілдей түсіп, шүріппені бірнеше рет басып қалды. Тау іші күңіреніп, кешкі көлеңке жапқан сәтте дүние астаң-кестең болды да кетті. Мылтықтың дүмі өзіне серпе тиіп шалқалай құлағанымен дереу ес жиып, үріккен аңның соңынан әлде бірнеше рет атып қалмаққа жанталаса ұмтылды. Аң тұяғымен құлаған тас, зілзала болғаннан ары, не атып не қойғанын бағамдай алмады. Есінде қалғаны топ ортасын қойып атқандай болған. «А,құдай,иә аруақ. Қанды басың бері тарт, үйірімен үш тоғыз!» Әлдебір жоралғыларды іштей қайталап құлдай жосқан шаңды мөлшерлеп шүріппені басқан. Бұл жолы шаңқ еткен дыбыс естілді де бірнеше қадам жердегі жартастан жарқ етіп жалын ұшты. Селт етіп сүріне құлағаны сол, шәйнектей таспен бірге ылдиға домалай жөнелді. Санасының саңылауында сол баяғы елден көп естіген сүркей сөз... Қош... Бөрі киесіне жолыққан...Онан арғысы есінде жоқ. Өлмеген құл алтын аяқтан су ішерін қайдан білсін...

 

Осы бір күннен бастап өміріне тың бетбұрыс пайда болған. Өмір бар, өмір бар жерде өлім бар екенін білген. Есін жиғанда өздерінің ешқандай да олжа іліктіре алмай құр қол келгендерін біліп, жүрегі қан жылап өзінің құрбан болып кетпегеніне өкінген... Сай сүйегін сырқырата шаққан оң аяғының cынығының зардабы жанын мұрнының ұшына әкелсе де, өзінің әке болу парызын өтей алмауына іштей қынжылған. Жұбайының бөріқұлағының қанынан жеріктігі басылып жүкті болғанын кейіннен барып білді ғой. Бұлт астынан күн шыққандай күй кешіріп, көңіл пердесін жапқан қараңғы тор сырылып нұр сәулесі шашылып, үмітінің жібі қайта жалғанған. Енді әке болу үшін емес, әке болған міндетін ұрпақ алдында адақтау басты мақсат, ұлы мұрат, ізгі арманға жетелеп торғай ғұмыр сүруге мәжбүрлеп еді. Аяғының сынығы қисық бітуіне қарап кей құрдастары әжуалап, «қақпанға түскен қасқыр» атандырса да мойып кетпей, өміріне нұр сыйлаған қауашағының мәуелі бәйтерекке айналуын асыға күткен. «Бөрі бөріге қарап өседі» деген аңшылардың қағидасы бойынша немере бауыры, ырым қылып іргесіне бөлтірік байлап, тіл сұқ болмасын деп бесігіне асығын тағып, байырғы аңшылардың жолымен ұжданды ұрпақ тәрбиелеу үшін тырмысып баққан.

 

***

 

Сол күні түнде қасқыр ұлыған. Жалбайдың барқыраған дауысы түн тыныштығын бұзды. Өзінше қотанға сақ болғаны да... Иә,осылар Мұзтаудың үнін ести ме екен? Нұрасылдың да бесігі сықырлап аузын айға білеген көкбөрілерге шар еткен сәби дауысын жеткізгісі келгендей ме ау. Аяғының сынығы әлдеқашан бітсе де сыздап қоя бермесі барма... Ғажап... Қасқырдың өзін көрмек түгілі дауысын естігенде қаны қарайып тұратыны неліктен?..Темір шынжырға тағулы қос бөлтірікті асырауын асыраса да әлденеше рет жетілмей жатып өлтіргісі кеп оқталған. Алайда Жалбай жабысып райынан қайтарған-ды. Мынау әлемнің қожасы тек екі аяқтылар ғана. Бөрі киесіне жолыққан... Бұл жұрт аузына келгенін еріккен соң айта береді де... Егерде бұл аңшы болып жаратылғанда ғой, мынау аузын айға білеп, олжасын түзден торыған малдың жауы атаңанәлеті қасқырларды аяусыз қырар еді ғой... Иә,марқұм әкесі анасы қасқыр етіне жерік болғанда бір ұяны түп тұқиянымен құртқанда білместіктен істемеген болар... Қасқырдың ұлыған дауысын естіген сайын сынығының сыздауы күшейіп, тісін қайрап қанына қарая түсті. Ауыл адамдары бұны бөрі тұқымдас бойында бөрінің қаны бар дейді. Ал есімі де сол түз тағыларының атымен аталса да қасқыр десе қаны басына шауып тұратыны неліктен? Сол жамбасына аунап түсіп біраз жатты. «Аууу, ааа-ууууу», қасқырдың ұлығаны манағыдай емес тым жақыннан естілгендей болды. Аяғы сыздап, тісі-тісіне тимей сақылдап қоя берді. Ақыры жата беруге дәті шыдамады. Аңдығандары қос бөлтірік болса көзін жояйын деп орнынан тұрып, әкеден мирас боп қалған ескі мылтығын алып тысқа шықты. Қораның шетінен Жалбайдың жалпиған бейнесі қарауытады. Жамағайын бауыры осы жігіттің елгезек малсақтығынан жамандық көрген жері жоқ. Жалбайдың аңкөстігін мұның әкесіне тартқан дейді жұрт. Қызылқыпшалдан алған қос бөлтіріктің егесі де осы Жалбай. Ақкөңіл егесінің көзінше бөлтіріктердің көзін жою мүмкін емес те .Өзінің «таз ашуын тырнадан аладының» кебімен шыққанына мойынсал болғысы келмейді. Сүлесоқ Жалбайдың қасына келіп: - Осыларды бекерден бекер асырап не қажеті бар. Бұлар тұрғанда ұйқы да жоқ, қораға қасқыр да маза бермейді, көзін жойсақ қайтеді? - деп мінгірледі. Жалбай жаратпай барқ ете қалды. – Мылтық алып шыққанға қасқырлардың ішек қарнын ақтара ма десем, қазықтағы мақұлықтардың миын шашқалы шыққан екенсіз ғой. Жүні жетілмей жатып жамсатуға ешкімге де рұқсат жоқ. - деп қатулана үн қатқанымен: - Таң атса онсызда өзенді жерге түсеміз .Ел іші,қасқыр торуылдап келе алмайды, - дегенді қосып қойды Қасқырбайдың үлкендігін ескеріп іле-шала. Жалбайдың жауабына қанағаттанбаса да, амалсыз ішке енді. Бұл түн мазасыз түн болды. Түйе барқырап, қой шуылдап қотаннан маза кетсе, бала жылап, аяқ сыздап өзінен сабыр кетті. «Көшемін, көшемін тым алысқа көшемін» деп байбалам салып таңның атуын сарыла күтті... Сол бір жолғы аңшылықтан кейін өкпесіне суық тиіп, жөтел жиі қысатын. Жөтелгені де қызық қасқырдың ұлығаны іспеттес. Сарғайып барып таңда атты. Торғай шырылдасымен орынынан тұрып алған еді. Қар қырбақтап ғана түскені болмаса түйелі көшке пәлендей бөгет бола қоярлықтай емес. Батыста ұзыннан ұзақ көлбеген Мұзтаудың сүгіреті, таң бозында ағараңдайды. Шығыс жақтан осы ауылдың күнгей беті саналатын кешкі малдарының өрісіне айналған Кепештітөбенің басы жақпар-жақпар қорым тастарымен қомақты болып, ұры қалтарыстарында қасқыр түнеткендей тым айбарлы көрінеді. Оңтүстігіндегі бес түлік малдың өрісі болған, әйгілі сарыбұйра белдер көмескіленіп күндізгі базарынан айырылып қалғанын паш еткендей ұзай түскен. Қораның шетінде оқшаулау жерде матаулы түйелер үйтастарға ұқсап қара шобырланады. Құманын сылдырлатып қарт ана шықты таң намазына. Жалбайдың да жағы талған ау, тұрқын көрсетпейді. Құлаққа ұрған танадай, таңғы тыныштықты торғайлардың шырылымен қоса таудан аққан тас бұлақтың ерке сылдыры жүректі жарып шыққандай тербетуде. Шіркін, таңғы ауа, бойы сергіп, түнімен ұлыған қасқыр үніне құрысып жын буғандай болған денесі жайналып сала берді. Тау басына күн түсе берісімен ақ елден оқшау, құлазыған ен жайлаудағы екі үйдің адамдары қарбаластана бастады. Алдымен қарт ана мен жас бала жаурап қалады деп Жалбайдың үйін жығып, уық керегесін буып, киіз туырлықтарын орап түйеге қом жасап төсек орын, кебеже теңдерді артуға ыңғайлы қылып дайындап қойысты. Көш қамына ылдым-жылдым кіріскен Қасқырбай басқалардан гөрі ширақ қозғалып жүр. Жалбай болса таң атқанша көз ілмей мал күзеткендіктен бе есінеп құшынап ырықсыз күйде. Жалбайдың қарасирақ балалары бірде оны мұныға көмектескен болғанымен кейде бірін бірі қуысып ойнап кетеді. Өмірі жалғыздық көріп өскен Қасқырбай ыр-дуды жаратпаса да, пәлендей ештеңе дей қоймады. Жалғыздың жалғызының күндізгі алданышы осы қарасирақтар. Ал, Жалбай бауырының жалпиған семіз келіншегінің мұрнынан пысылдап онсыз да шаруасы өндіп көрген емес. Ажарбике қанша құрақ ұшып қозғалғанымен ақбасты ана мен жас баладан аса алмай өз шаруасымен әлек. Аң қуып аяғы сынғаннан бері Қасқырбай тым күйгелек, жоқ нәрсеге уайымшыл, байбалам болып кеткеніне өзі де таң қалатын. Жалбайдың үйін буып түйіп болғаннан соң, екі үйлі көш бірге қозғалатындықтан,жол ұзақ атан түйелердің белі талып қалмасын деп жүк артуға асықпады. Енді Қасқырбайдың алты қанат ақ ордасының бау шуын шешіп, сыртқы көшкісін сыпырып жатқан. Сыртқы босағаның жабығын түріп, бауын шеше беріп, әлдебір домалаңдаған ақ нәрселерге көзі түскен Жалбайдың келіншегі: -«Көтек, апа» деп шегіншектей түсті де, әлдебір құбыжық көргеннен ары дауыстап жіберді. Жалбай қотандағы қой өріп тоқтамаған соң, шетін қайырмақтап байырқалатуға кеткен. Қасқырбай сыртқы ақ көшкіні орап буып жатқан. Есік алдынан әрірек жерде немересін алдына алып, ықтырмада отырған қарт әже оқыс дауыстан елең етіп: -Оу, бар болғыр, не жабысты? - деп келіні тайып жығылып, бір жерін ауыртып алды ма дегендей расымен абдырап қалды. Абыстайының оқыс дауысынан секем алған Ажарбике бәрінен бұрын жетіп,киіз үйдің маңдайшасындағы жабыққа ұя салып жұмыртқалаған бозторғайдың балапандарын көріп,таң қалысын жасыра алмай енесін шақырды. –Кәне, кәне, не болып қалды - деп бір жағынан аяғын сылти басып Қасқырбай да жетті. Құлжа басындағы ауылдар дәу апа деп сыйлайтын кесек денелі, кимешек шылауышы дағарадай, дөй қара кемпір, таяққа сүйеніп жүретінімен, әлі тың, әрі ширақ болатын. Немересін қалыңдап салған маяуза сырмақтың үстіне отырғыза салып, абың күбің келіндерінің мән жайын білуге түнілігі сыпырылып, ақ көшкісі алынған тақиясы жоқ қартқа ұқсаған қоңырқай үйдің қасына келді. Мән жайға қаныққан соң: - Не болды әдіра қалғырлар,түк көрмегендей шуылдап, жоламаңдар әрі аулақ жүріңдер! - деп дүрмекке жиналған Жалбайдың балаларын таяғымен жасқап шыр-пыр болды да қалды. – Оу, апа, бұл қайткеніңіз? Ақырын алып алысқа апарып тастайық - деп апасының сырына қанық Қасқырбай саса бастады. – Алғаны несі, әдірем қалғыр! Бұл құт ғой, құт. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған деген осы, тиіспеңдер әрі. Орнынан қозғасаңдар енесі жоламай кетеді.Торғайдың қарғысы қатты болады. Бұл да Алланың қалауымен ұя салған болар. Әрі кетсе екі апта тосармыз. Көшу дегенді ойдан шығарыңдар! - деп дәу апа ақырғы кесімін айтып та үлгерді. – Апа ау,мал бар, жан бар. Ел жоқ сарыжайлауда жалғыз үй қайтіп отырамыз. Қасқырбай жыларман боп бірдеңе десейші дегендей Ажарбикеге мүләйімси қарады. Енесінің әр сөзін құрандай жаттап, әр ісіне тәңірдей табынатын көргенді келін, бұны әлдебір жақсылыққа жорып тұрған. Ажарбикенің көзқарасынан оның да ене сөзін қоштап көшкісі келмей тұрғанын аңғарған Қасқырбай,осы пәлені көрген өзің, өзің бір жайлы ет дегендей немере келініне жыпыңдай қарап апасын меңзеді. Жалбайдың келіншегі бозторғайдың кішкене жұмыртқалары үшін көштің бұлай шегерілгеніне түйсігі жетпесе де дәу апаның айбарынан қорқып тіс жарып ештеңе айта алмады. Жұмақ ананың табанының астында деп білетін Жалбай да қарсылық танытпады. Алладан бұйрықсыз қар жауып көш жолына бөгет болады деп ойлаған Қасқырбайдың арам ойын ақыры күтпеген оқиға тас талқан етті. Өзін қоштар ешбір жан таппаған соң амалсыз ана сөзінен аса алмай, ақ боз үйдің айналасындағы қараң-құраңға жалтаңдай қарап, жер таппағандай жабыққа ұя салған бозторғайға іштей бұрқырап шөке түсіп отыра кеткен Қасқырбайдың қабағынан қар жауды. «Жабықтағы жұмыртқаларға тиіссеңдер оңдырмаймын», - деп дәу апа қарасирақтарға сес көрсетіп, балапан шығарғанша қадағалап отырыңдар деп келіндеріне тапсырды. Жалбайдың үйін қайтадан қалқайтып, ел көшкен құла түзде, сүрені кеткен сарыжайлауда қос үй қайтадан тіршілік түтінін түтетіп байырғы кейпін тапты.

 

***

 

«Сұры бұлт түсі суық қаптайды аспан Күз болып дымқыл тұман жерді басқан Білмеймін тойғаны ма,тоңғаны ма, Жылқы ойнап, бие қашқан,тай жарысқан», - деп хакім Абай жырлағандай, аспанды сұры бұлт торлаған. Хакім Абайдан сөз қалды ма екен? Тастыбұлақ басындағы қос үйдің көше алмай отырғанына да бір апта болды. Жаз бойы сонысы басылып, мал аяғымен шиырланған ауыл маңы тулақ сүйреткендей. Жалбайдың үйін жуық әзірде көшіп қаламыз деп басын буып Абылайша қылып қалқайтқан еді. Алыстан ақ боз үйдің қасындағы қосалқыға тіккен қара қос іспетті, қоңырқай тартып көрінеді. Жайдарлы жаз айының өзінде, жаңбырдың орнына төпелеп бұршақ құятын, Тұру, Құйтастың ұшпа бастары тым биік, тым ызбарлы. Тастыбұлақ басындағы таз адамның кепешіндей сүйір келген жалақты төбені бұл төңіректегілер Кепештітөбе атап кеткен. Сол Кепештітөбеге жалғас ат аяғын алып жүргісіз Қаратас, Қақтың шағылы жалғасып, онан әрі Құрсадақтың ілбісті шатына ұласады. Осы құзар шаттың ішінде жалғыз аяқ сүрлеу жол ғана бар, егерәкім тұманды күндер адасар болсаң қайтып жол тауып сай тағанынан шығу қиямет қайымға айналады. Мәтқапыда бұл шатқа түнер болсаң мінген атың тұрмақ өз басыңа қауіп төнері қақ деп сыралғы аңшылар сөз ететін. Ал,Құрсадақтың басын қырқындай асып түсер болса, Бесбоғданың құзар басынан бастау алып Қобда өзеніне барып құятын Ақсу өзені алыстан көз тартып, дария кемері ақжал толқындарымен жұтып қоярдай буырқанады. Күнгей беті іргелес Цэнгэл сұмыны халқының қыстау, күзеуі болып келетін ,Бұлықты, Құзғынды бастары да бір бір сай болып Ақсу жағасына емініп тұр. Улаанхус сұмыны мен Цэнгэл сұмыны халқы бір ананың қос емшегін емген егіз балалардай Тәңіртаудың, дәлірек айтсақ әлемге әйгілі Бестәңір мұздақтарынан құлай аққан қос өзеннің суын ішіп өскен береке бірлігі жарасқан төскейде малдары, төсекте бастары қосылған құда-жегжатқа айналып кеткен. Бұл жақтың қысы қатты, жазы салқын. Жаз айында іргелес екі сұмын халқы қоңсылас отырғанымен, қыс қатты болып қар қалың түскен жылдары Қақтың мойнағынан машина, мотоцикль аса алмай асу бекіп қалады. Кей жылдары Цэнгэл сұмынының көршілес отыратын малшы ауылдары Жыланды, Сұмдыайрық, Ұзын Көйтен бастарына ұзап көшіп кетіп, тамыз айының соңын ала, ел шөп шалаңын алып бітісімен Қаратас, Қаққа келіп күзейтін еді. Жаз бойы жырақтап кетіп сағынысқан екі сұмын халқы, бірін-бірі шайға шақырысып, ерулік берісіп мәре-сәре болып қалатын. Биыл да Қаратас, Қақты жайлайтын аз ауыл Жыланды басына ұзап көшіп жайлап келгендіктен жаз бойы дін соны сақталған Қаратас басын күзеп отырған-ды. Кепештітөбенің баурайындағы жалғыз аяқ ат жолмен қырқындай асып түссе Қаратастағы Қадан ауылының желке тұсынан шығады. –Апа,апа, Кепештітөбеден бір атты кісі асып келе жатыр, - деп үйге Жалбайдың желке шашы ұйпа-тұйпа еркелетіп өсірген еркетотай ұлы жүгіріп келді. Кішкене немересі Нұрасылды алдына алып ыңылдап отырған дәу апаң: -Шүйіншісін ал, бәтшағар, - деп зілсіз зекіп таяғын қозғап қойды. Нұрасыл да апасының ыңғайына көніп алған кейде не айтып жатқанын ұқпаса да кішкене саусақтарын ербеңдетіп айта түс дегендей қыңқылдап қоятыны бар. Жаз базары тарқап кейпінен айырылған жайлау төріндегі, ел қарасына зар болып отырған екі үйлі жан атты кісінің қарасын көріп рулы ел көшіп келе жатқаннан бетер қуанысып қалды. Атқамінер азаматтар күн бойы мал қамымен тыста жүрсе, қасқыр екеш қасқырдың өзі басынғандай түнімен қора маңын торуылдап кезекпен мал күзетіп жарғақ құлақтары жастыққа тимей мазалары кетуде. Бекерде үй маңына жоламай тай міне алмайтындары тал ат мініп, ойын қызығымен қозы лақты жамыратып, бұзауды емізіп үлкендерден ұрсылып жататын боқмұрындар да от басын сағалап, дәу апаның етегіне оралып, ертегі тыңдауды әуеске айналдырған. Дәу апа болса маған бәрібір дегендей жалынып тыңдата алмайтын хиса-дастандарын жүгермектерге ұсақ-түйек шаруаға жұмсап жалындырып айтатын болған.

 

Жасы жетпісті қусырған, сом денелі, иманжүзді Қадан қарияны бұл ауылдың кәрі жасы жақсы танитын. Сол кісі есіктен шаңыраққа сәлем сала кіріп келгенде, басы дәу апаң болып,үйге Қызыр бабаңның өзі келгендей қуанысты. Ажарбике де лып етіп аяғының ұшымен қозғалып бір шәугім қою шайды бояуын шығара қайнатып құя қойды. Қадан қария да аман саулықтан кейін асықпаймын дегендей малдасын құра төр алдына жайғасып отырды. Жалбайдың семіз бәйбішесіне еріп үйелмелі-сүйелмелі екі-үш баласы да алқа-қотан болып дастархан басына шүпірледі. Әңгіме үстінде Қадан қарияның Жалбайдан мән жайды есітіп, дәу апаңның хал-жайын сұрап, келер жайлауға дейін ұзап көшіп кететіндіктен аз-кем шүйіркелесіп қалуға келгенін біліп күздікке сойған қызыл ісектің бір жамбасын астырып қазан көтертті. Дастарханның бір жақ шетінен орын тепкен дәу апаң шүйіншіңе деп бірнеше мәмпәси кәмпит алып Жалбайдың желке шашы шоқпардай ерке ұлына ұсынды. Онан үлкені бар, кішісі бар үш ұлда көздері мөлиіп кәмпитке төніп отырғанын байқап бәріне күлімсірей түсіп кәмпит үлестірді. – Берсең балаға бер деген, өй боқмұрындар, әжелеріңнің әңгімесін ықыласпен тыңдап тұрыңдар, - деп Қадан қария да үлкен қолының ұшымен тәтті алып үлестірді отырғандарға. Баласын кім жек көрсін Жалбайдың әйелі үлкендерге ризашылығын пыс-пыс етіп,тершіген мұрнын сүртіп, «қойсаңдаршы ай» деп балаларына өтірік ұрысқан боп білдірді. Ет пысқанша әңгіменің көрігін Қадан қарияның үстемелеуімен дәу апаң қыздырды. Бұл кісінің осындай ғибратқа толы әңгімелеріне Ойғыр өлкесінің қариялары қатты ден қоятын. Ал, іргелес Цэнгэл сұмынының Қадан бастаған қариялары алыстан ат терлетіп арнайы келіп, көп жасаған ақ басты ананың аузынан әңгіме есітіп түстеніп, кейде қона жатып қайтатын. «Алтай бетінде тоғыз ұл, тоғыз келіні бар, тоқсандай немере шөбересі бар жасы тоқсаннан асқан тобықтай ғана Тоқтарбай деген шал болыпты, - деп бастады дәу апаң әңгімесін. - Мал дәулеті лықсыған, немере-шөбересінің қызығын көріп, құдай қосқан қосағымен бірге жасасқан Тоқтарбайдан біреулер, тап арманы жоқ болса осы шал да жоқ шығар деп: «Ата сізде арман бар ма?», - деп сұраған екен... Сақалы аппақ қудай, ұзын ақ кірпігі көзін жапқан тоқсаннан асса да бетінің нұры таймаған Тоқаң шал: - Е е е балалар-ай, - деп күрсініп біраз отырған екен... Әсей-мүсейі жарасқан, хан тағына бергісіз шалқаймалы орындығында әрі бері қозғалып әлгілерге ойлы жүзбен көз тастапты... Шалдың шамына тиіп алдық па деп қутыкеш жігіттер, бұл шалда не арман бар екен десіп іштей тықыршыпты. - Е е е шырақтарым- ай, - деп аққу шал екі өңірі зерлі пүліш шапанының етегін жөндеп жөткіріне түсіпті... Осы арасына келгенде дәу апаңның кейбір жастау тыңдармандары шыдамай, «Апа сонда сол шалда арман барма екен», - деп сабырсыздана сұрайтын. Мұндайда дәу апаң да қырсығып: - Е е е балалар-ай, асықпай соңын тыңдасаңдаршы, - деп созандатып отырып алатын. Армансыз адам көп деп ойлайтын қутыкештерге асықпай ойланып отырып, пүліш шапанының жанқалтасынан кестелі беторамалын алып суланған жанарын сүрткіштеп Тоқтарекең қарсы сауал қойыпты.. «Е е е айналайын қарақтарым ай, өздерің айтыңдаршы армансыз адам бола ма?»- деп... Әлгі жігіттер бірін-бірі түртіп, «Мына шал алжыған екен, біз мұнан сұрасақ, бұл бізден сұрайды», - деп кейбір дегбірсіздері кетейік десіп орындарынан қозғала бастапты. - Сендер сауалыма жауап бере алмасаңдар мен айтайын ендеше, - деп Тоқтар шал басынан өткен бір хикаятты бастапты. - Мен уылжыған жас бозбала кезімде қытайдың түрмесіне түстім кездейсоқ. Ол кезде екі иығыма екі кісі мінгескендей, мығым денелі, жауырыным қақпақтай ел аузына ілінген жігіт едім. Керуеншілерге еріп жүріп жол торыған қарақшылардың бастығын сойылмен ұрып жығып, кісі өлтірді деген айыппен абақтыға қамалдым. Мал табам деп жүріп бас бостандығымнан айырылып сорым бірақ қайнады. Абақтыда айлар бойы жатып, әбден азып-тозып, ел жұрттан күдер үзіп жатқанымда есік күзетшісі арқылы бір ару жолғасты. Ол арудың сұлулығын енді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қыр мұрынды, қыпша бел,қиылған қасты қойшы әйтеуір сусылдаған сүмбіл шашының өзі тірсегін соғады. «Беу», - депті жігіттердің біреуі сол замат шыдамай: - Онда ол қыз Қыз Жібектен де сұлу болғаны ма?» Тоқтар шал көзін сүртіп аз-кем ыңырана отырып: Е е е қарғам, Қыз Жібегіңді көрмедік, алайда мен көрген арулардың ішінде онан сұлуы болған емес, - деп әңгімесін жалғастырыпты. Әлдебір себептермен қытайлардың қолына түскен найман аруы екен. Ел ішінде Ертұран атты сүйген жігіті бар екен. Сол жігітке қосылғысы келетінін айтты. Менің түрмеден қашып шығуыма көмектесіп, екі ат дайындайтын болды. Мен уағда бойынша сүйгенімен қауыштыратын болдым. Қыз уағдасында тұрып бір күні түн ортасында мені түрмеден алып шықты. Айтқанындай оқтаудай жараған қос сәйгүлік дайындапты. Атқа тақымым тиісімен қызды алып ел қайдасың деп тартып бердім. Ұры қары қуғыншының көзіне түсіп қалмас үшін тек түнде ғана жортып отырдық. Не сықылды қиыншылықты бастан кешіре отырып, ел шетіне таяғанда жағасына мол қамыс өскен бір дарияға кез болдық. Өзеннің бір жақ шеті құлама құз шатқал екен де ат жетектеп өттік. Қорым сәл үзіліп, қамысы көп бір алаңқыға келгенде қыз өзінің ай жүріп жуынып шайына алмағанын суға денесінің кірін кетіріп алғысы келетінін айтты. Мен көңілін қимай екі атты ұстап бой таса жерде аз жата тұруға келістім. Қыз өзеннің жағасына барып шомылып болды ау деген кезде шыңғырған ағатайлаған жан дауысы естілді. Сасқаннан екі атты тастай салып мылтығымды алып су бойына жеттім. Анадайда жоны тарғыл әлдебір хайуанның қызды алып бара жатқанын көріп менің де жандауысым шыға айқайлап артынан жүгірдім. Оқша атылған пәлекеттің жеткізбейтіні анық болды. Ақыры жетпейтін болған соң тарғыл хайуанның өкпе тұсын межелеп шүріппені басып қалдым.Иә,атқан оғым жерге түспейтін мерген едім. Оғым зая кетпеді су шетіндегі қалың қамысқа жете бере тарғыл хайуан омақаса құлады.І лгері басқан аяғым кейін кетіп жүгіріп келемін, жүгіріп келемін... Көзімнің жасы сора сора болып әудем жер ай жүріп жеткен жолымыздан да ұзақ сияқтанып екі жағыма сенделіп зорға жеттім бір заматта. Оқ тиіп құлаған тарғыл хайуаным жолбарыс екен. Амалқанша қарақтарым- ай,қызды құтқарып қала алмаппын. Қызға оқ тимегенімен, жолбарыс бас салып ала жөнелгенде аға деуге ғана тілі келіп жан тәсілім еткен екен. Еһ, қайран ару ай, сүйгеніне қоса алмадым ау», - деп Тоқтар шал кәрі жанарының жасы сора-сора болып ағыл-тегіл жылағанда, отырғандар әбес сұрақтарынан өздері ұялып «армансыз адам болмайды екен-ау» деп таңқалысыпты. Тоқтар шалдың қолындағы айшықты кестелі орамал сол арудан қалған бір белгі екен, - деп аяқтады дәу апаң әңгімесін. Өзі де бірнеше келін түсіріп, қыз ұзатып бала шағаларының ортасында жұбайымен қоса жасасып басы аман, бауыры бүтін жырғаулы тұрмыс кешіріп отырған Қадан қария: - Бұл бір ғибратлы әңгіме екен, жастар қайдан білсін, дән-дәулеті шалқып, ұрпақ қызығына бөленгеннің бәрін армансыз деп ойлайды ғой... Армансыз пенде болмайды рас, - деп қара қазанның қақпағы ашылып ет тегешке түсе бастағанда орнынан тұрып қол жууға ыңғайналды. Бұл кезде күн кешкіріп, ірі қараны маңайлатып тастап Қасқырбай да келген еді. Қадан қариямен сәлемдесіп болған соң әңгімеге ықылассыздық танытып, кішкентай Нұрасылды айналып толғанып отырған. Оның кеудесінен арылға ұқсаған тосын бір үн естіліп тұрғандай сезіліп, Қадан қария іштей таң қалды. Дәу апаң өз баласынан немересін кәдімгідей қызғанады да: «Тәйт әрі, балажансып мазасын алмай! - деген соң қолды аяққа тұрмайтын тиышсызды өз ырқына жіберді. Жас нәресте құйрығымен сырғанап ананы бір, мынаны бір ұстап көріп, есік пен төр аралығында құны-перен жүргенді. Асқа бата жасалған соң Қадан қария үлкендерге құйқадан кесіп ұсынды да, бір құлағын кесіп «кішкентай тентегіңізге беріңіз», - деп дәу апаңа ұстатты. Енді бір құлағы Жалбайдың еркесіне бұйырды. Дәу апаң келініне Нұрасылды алдырып атасының берген сыбағасынан жей алмаса да, қолына ұстап дәмін көрсін дегендей алдына алып отырып етті жұлып қоярдай боп ұмсынаған немересін қызықтап күліп отыр. Қадан қарттың көзі баланың өзгеше жаратылған сүйір келген тікше құлағы мен жайнап тұрған көкпеңбек көзіне түскенде, «тіпә-тіпә тіл сұқтан аман болсын» деп жанарын тайдырып әкетті. Баланың құдды бөрінің бөлтірігінен аумайтын бейнесіне қарап, «аман жүрсе осы бөріқұлақтан бір нәрсе шығады» деп ойлады. Әкелі-балалы екеуінен сәлде болса қасқырға ұқсастық тауып, Қадан қарт аттанып кеткен күннің ертеңінде бір оқиға болды бұл ауылда. Жалбай мен Қасқырбай әдеттегідей мал қамымен тысқа кеткен. Бәс тәңір мұздақтарынан салқын леп есуде. Көше алмай қалған күннен кейін бірнеше күн өткен соң төр алдындағы қара ала сырмақтың керегенің аяқ жағындағы шетіндегі қуысынан көктышқанның шақалақтарын көрген Ажарбике апасынан не істеу керектігін сұраған. «Бұл да Алланың бұйрығымен балалаған шығар, тиіспеңдер өзі тасып кеткенше», - деп апасы тағы да жолатпаған. Дәу апаңның күндіз бір уақ мызғап алатын әдеті бар еді. Сол әдетімен пеш түбіне қабаттап салған сырмақтың үстінде мызғап кеткен екен. Кішкене Нұрасыл бірде құйрығымен сырғанап бірде еңбектеп, үйдің ішінде баяғы елбектеп қарайған нәрсені ұстап көріп өзімен өзі әлек жүрген. Күнде айналақтап шықпайтын Жалбайдың балалары бірдеңеге айналып қалған ба ыр-дусыз қараларын да көрсетпейді. Ажарбике апасы ұйықтап жатқан соң оятып алмайын дегендей аяғының ұшымен басып үй шаруасын тындырып жатқан. Мұзтаудан ескен леп күшейіп, киіз үйдің түңілігін жұлқылай бастаған соң, бау-шуды қатайтқалы тысқа шыққан. Күн бойы қарасын көрсетпеген Жалбайдың қарасирақтары боранды күтіп отырғандай тысқа шығып бірін бірі қуып ойнап жүрген. Бір заматта кетік тісті жасы, жеті сегіздер шамасындағы қара ұл жүгіріп Қасқырбайдың үйіне кірді де, іле-шала «Бөйіқұлақ тышқан жеп отыйғ бейгеңдей қызық, қызық», - деп басқаларына айғай салды. Баланың дауысын бауды қатайтып байлап бола берген Ажарбике де есітіп: «Үйбай, мына шешек не дейді», - деп абдырай түсіп, қолындағы бауын тастай салып үйге енді. Мұрыны пысылдай түсіп Жалбайдың келіншегі де барбаңдай басып, абысынының артынан жетті. Қарасирақ жүгермектер де: «Қане-қане, не боп қалды?», - деп есіктен топырлай кіріп жатыр. Дәу апаңда басын көтергені сол еді, өңі боп-боз болып баланың қолындағы тышқанның шақалағын жұлып алған Ажарбикенің көзінен жас шығып кетіпті. Жас нәресте қолымен жыланды қысып өлтіреді деген раста болар. Тышқанның қорташтарын қолымен умаждап, аузына салып шәт-шәлекейін шығарған сәби, Ажарбике кіргенде біреуін аузына салып қызыл иегімен шайнап отыр екен дейді. Жалбайдың бәйбішесінде де өң жоқ. Сөзсіз балаға бірдеңе болады деп ойлады-ау, шамасы көзі шарасынан шыға, түкірігіне шашалып қалды. Тек баяғы дәу апаң сабырлы кейпінен айырылмай «не жабысты түге» деп ұрсып жатыр. Әйтсе де қолындағысын алғанға шар етіп жылаған баланы айналып-толғанып іштей әлденелерді айтып, жерге түкіріне Ажарбикеге: - Тезден омырауынды еміз, - деп ақылға шақырды. Ананың ақ сүтінен асқан не бар дейсің бұл дүниеде, және ғана ешнәрседен хабарсыз жақсы мен жаманды айыра білмейтін бейкүнә сәби, қазақ атаң харам санайтын тышқанның шақаларын аузына салып, тірідей жұтып қоя жаздаса, енді еш теңдесі жоқ анасының ақ сүтін қомағайнала еміп жатыр. –Тіпә, тіпә Алла өзі сақтасын тіл көзден. Аман жүрсе Бөріқұлағым аңшы болады екен - деп дәу апаң ырым қылып, тағы да үйдегілерден айналдыра садақа шығарды. Торғай балапандарын тасып кеткенше құба жон, ен жайлауда көше алмай жұртта қалған қос үйдегілер екі апта өткеннен кейін, күзеулікке еңкейіп ел қарасын көрді.

 

***

 

Қазанның қара қатқағы басталғаннан бері қос бөлтіріктің жүні жетіле түсіп, ұрыкөзденіп тау жаққа қарап ұлуын молайтқан. Бөріқұлақта бұлардан қалмай тез ержетейін дегендей апыл-тапыл аяғын басып жүретін болған. Қасқырбайдың кеудесіндегі кіріл, иә елдің айтуынша арылы күшейіп жан төсгісіз дертке айналған. Қылышын сүйреткен қытымыр қыстың басы да,ен жайлау,жон жотадан көрініп, Бестәңір мұздақтары ақ көрпеге оранып сұстана түскен. Жаз бойы суыр етімен асырап келген қос бөлтірікке жем табу да қиындап бара жатыр. Екі үйлі жан мен қос бөлтіріктің ендігі сенері Жалбай ғана. Дәу апаңның да жалғыз ұлының дертінен уайымы көбейіп, намазының соңынан жалғызына жар бол деп дұға тілек тілеп көп отыратынды шығарды. Бұл ауылға ат басын көп тірейтін Доғаның да келіп кетуі азайып бара жатыр. Ұзынқұлақтан естудерінше Бөріқұлақпен жасты баласы аурушаң, аузынан сілекейі ағып қимыл қозғалысы есі сау балаға ұқсамай бара жатқан соң арақ ішуін үдеткен деседі. Иә, адам деген қызылқұрттың байыбына жетпедім депті ғой жаратқанның өзі. «Ұлды болдым» деп қуанып көпке дейін арақ ішкен сол Доға енді, «ұлым ауру» деп сілтейтінді шығарды деп жағасын ұстасты жұрт. Адамды өлтіретін қанқу сөз ғой. Қасқырбайдың есінен де сол елден көп естіген сөз шықпайды. Бөрікиесіне жолыққан... Ал, осындай жел сөзге май тамызып өрбітіп әкететін әр заманның өз Судырахметі болады рас. Үш Ойғыр өлкесіне әйгілі Тұрғын деген кезбеаяқ, өтірікті шындай қып соғатын адам бар еді. Сол Тұрғын Қасқырбайдың қатты ауырып арсы-күрсі боп жатқанының үстінен түседі. Науқастың кеудесінен қасқырдың ұлығаны іспетті өзгеше бір үн есітіп, жан жағына жалтақтай қарап отыратын әдетімен тезден жөнеліп басқа ауылға жаңалық қып жеткізгісі келеді ғой баяғы. Сол замат аяғын апыл-тапыл басып жүрген Бөріқұлақтың бөріге ұқсас құлағы мен көкпеңбек көзін көре сала адам қасқырлар, нағыз адам қасқырлар, бұлар тұқымымен қасқырға айналып кеткен екен деп құйылған шайды да шала ішіп өзгелерге тезден тұздықтап жеткізу үшін аттанып кетеді. «Ойбай, Қасқырбайдың баласы қасқырға ұқсап туыпты, ал Қасқырбайдың өзі кейде ұлиды екен, адам барса жақтырмай ырылдайды екен» деген қауесет ел ішіне тарады да кетті. Дәу апаң жалғызына жаратқаннан жәрдем тілеп, жуық маңдағы бақсы балгер емші домшының бәрін алдырды. Арасанның суын ішсе жазылады, құрқылтайдың ұясын қайнатып ішсе жазылады деген соң бәрін де іздетіп ішкізгенімен шипа болмады. Қасқырбайдың науқасы күшейіп, тынысы тарылып: «а а а у у у һ,а а а у у у а а а һ р р р», -деп бөрінің ұлығаны, жауына доң айбат шеккеніне ұқсас дыбыстар шығарып жасы келген ақ бас ананың сай сүйегін сырқыратты. Қайтейін, не жаздым жаратқанға,тышқан мұрынын қанатқан жан емен, торғай екеш торғайдың балапанына да зәбір жасатпай елсіз жайлауда екі апта отырып келмедік пе? «О,тәңірім, ұлыма өзің шипа бере гөр, - дегенде көкірегі қарс айырылды.Соңғы кезде тиышсыз Бөріқұлаққа да қараулары азайып кеткен-ді. Жалбайдың жүгермектері жетектеп кетіп, жығып алып шешесінен ұрсылып азан-қазан болып жатса да, жетіге келгенше жерден таяқ жейдінің керімен аса мән беріп кетпеген. Тек оларға «қазықтағы бөлтіріктердің қасына таятпаңдар», - деп тапсырған. Жалбайдың келіншегі Зибаш та өте балажан адам. Бөріқұлақтың жүрген тұрғанын қызық көріп, көбінде балаларымен бірге ермек етеді. Зибашты көргенде Бөріқұлақта жабысып қалмайтын болған артынан. Бүгінде сол Қасқырбайдың кеудесінің кірілі күшейіп жан таптырмай жатқан соң балалар ойнатсын деп Бөріқұлақты үйіне көтеріп алып келгенді. Күн көзі ашылып, неше күннен бері аспанды торлаған сұры бұлт ауыл үстінен аулаққа кеткен-ді. Жайдарлы жаз қайта айналып келгендей жан-жануар масайрап, күннің көзінен қуат алатындай сары даланың құшағына сағыныштарын сіңіріп, күз бояуын қондырып, дала төсінен марқадам табуда. Сібірге жақын орналасқан Үш Ойғыр даласының ауа райы да құбылмалы келеді. Жалбайдың үйі үйелмелі-сүйелмелі қарасирақтардың у дуымен базарға толды. Бірі ат болып Бөріқұлақты арқаласа, бірі қозы болып маңырап, бірі лақ болып секіріп қойлы ауылдың кешкі азан-қазан бейнесін келтіруде. Оған мән беріп жатқан Зибаш жоқ мұрынынан пысылдап өз шаруасымен өзі әлек. Әлден уақытта ойыннан жалықты ма, жүгермектер тысқа шығып ойнайық десті. «Қойсай, даладан тоңасыңдар, үйге ойнай беріңдер» деген шешелерінің сөзін құлақтарына ілмеді. Бөріқұлақ та әлгілермен бірге қопаңдап тысты көрсетіп сылдырмағы сылдырлап есікке ұмтылған соң көңілшек Зибаш: «Ұзамаңдар түге, есік алдына ойнаңдар», - деп мұрынын бір тартты. Тысқа шыққан соң ақ, ойынның көрігі қыза түсті. Есік алдын шаңдатып бірі талды ат қылып шапқыласа, бірі тасты қой қылып айдады. Тастан қора салушылар да табылды. Бөріқұлақ болса жерге аунап құм уыстағанына мәз. Әйел адамның шаруасы біткен бе, Зибаш өз ісімен жүріп тыстағылардың даланы бастарына көтерген шуын елең де қылмады. Бір жығылып, бірде еңбектеп жүріп үйден сәл аулақтағы бөлтіріктерге таяй түскен Бөріқұлақ шынжырда айналақтап тұрған қос бөлтірікті көріп қуанып кетті. Риясыз сәби өзіне жеп қоярдай болып тіксіне қараған қанқұйлы көккөздерді аңғармады. Ағаларының ат қылып арқалайтындары есіне түсті ме, кішкентай қолдары ербеңдеп жүндерін уыстап жұлмаққа асығыс алға ұмтылды. Сол сәт әлденені сезгендей Қасқырбай да оң жамбасына қарай аунап түсті де,ызалы, бәлкім зарлы бір үн шығарып арылға басты дерсің... Бөрі киесіне жолыққан... Дүние шыр айналып жүре берді бір мезет... Қызылқыпшалдың қорымтасты қолатында жатқан өлекшін де қараша үйдегі науқастың үнін естіді ме екен, тал түсте ұлып тау тасқа мұңын шақты. Жем іздеп тұрған қос бөлтірік өздеріне қарай елбеңдей ұмтылған адам заңдас кішкентай мақұлықты жеп қоярдай ауыздарының сілекейі шұбырып өшпенділікпен тістерін ақситты. Бөрілер мен бөріктілердің ұрпақтары жетпей жатып жекпе- жекке бел буысқандай. Бөлтіріктердің сұп суық көк көздерінен бәлем сені ме,тумай жатып ене сүтінен, ана махаббатынан айыратындай не жазығымыз бар еді? Біз мынау әлемге келгенде жон жота ен даланы тымбай жорту үшін келгенбіз... Біздің тәңіріміз біреу-ақ, ол тек көк пен жердің барлық жаратылыс атаулының көрінбейтін қожасы, тылсым күш иесі көк тәңірі ғана. Бізді сол еркіндігімізден айырып тордағы тотыдай күн кештірген сендерсіңдер адамдар. Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ. Сол сияқты мал да ортақ дәулетіміз болуға тиісті ғой. Ал, сендер сол қолдарыңдағы аз малға бола, соңымызға түсіп қырып жоясыңдар. Атыңдар, асыңдар біз кінәлі-ақ болайық, жарық дүниені көрмей жатып, ана махаббатынан мақұрым етіп ұяда жатқан кезімізде алып келіп азаптайсыңдар. Бұларың енді ұрлыққа дәлірек айтсақ тонаушылыққа жатпай ма? Өздеріңнің бауыр еттерің балаларыңды өздерің іспетті зорекерлер ұрлап кетіп ата-ананың ыстық ықыласынан айырса өмірлік өкініш арқалар едіңдер ғой! Біз сендерге наразымыз адамдар. Әнтек қолдарыңда шошайған суық қаруларың бар. Әйтпегенде екі аяқты мен төрт аяқтының қиян-кескі жекпе-жегінде кімнің жеңері тәңірге аян болар еді! Кек аламыз, иә әлімсақтан бері ала алмай келе жатқан қанды кегімізді құдды өзіміз сияқты мынау кішкентай сәбилеріңнен алып, күллі бөрілер алдында екі аяқтылардан зәбір көрген барлық төрт аяқтылар алдында абыройымызды асырып ер өлімімен,түз тағысы бөрі өлімімен көз жұмамыз... Жондары күжірейіп көздері қанталап азаннан бері жем жемей аш тұрған бөлтіріктер жас нәрестені бас салмаққа дайын тұр.

 

А а а у у у,алыстан тым алыстан жүз шақырымдай жердегі тау қолатынан өлекшіннің зары тау өркештерінен асып, сахара төсіндегі бөріктілердің тұтқынына айналған қос бөлтірігінің құлағына талып жеткендей.Қасқыр ана да әлдебір сұмдықты сезгендей,бөлтіріктерінің орнын сипап қалып қан жұтып жапа шеккен бес алты ай көлемінде тартылып қалған емшек сүті иіп, ұрланған бөлтіріктерінің дәл қай жақта екенін білмесе де екі аяқтыларға деген ашу ызасын көкке қарап ұлумен білдірді. Тау жақтан естілгендей болған тарғыл үнге, тағдырын талқыға салып жатқандай бөлтіріктер де емексіп сайын сахараға, абат жондарға деген аңсауларын кекпен жууға келісті.

 

Қасқырбай ыңырана безектеп келесі қырына аунады да,тісін шақырлатты. «А а а һ,У у у һ р». Дәу апаң баласына жәрдем тілеп жанын қоярға жер таппауда. Кенет жартылай түрілген түңіліктің ашық тұрған жеріне екі торғай ұшып келіп қонақтады. Жүні қалың кәдімгі бозторғайлар. Біреуінің аузында тістеген ағараңдаған әлдебір жемі бар. Дәу апаң сығырайып жақсы көрмесе де торғайлардың шаңыраққа қонақтауын жақсылыққа жорып,жабыққа ұя салған бозторғайларды есіне алды. Әлгі торғайлар осыны күткендей аяғына қысқан ақ жемді оттың басына тастай салып қайталай ұшып кетті. Қырықтың бірі Қыдыр деп білетін сұңғыла әже торғайдан түскен затты барып көрсе кішкентай ғана саңырауқұлақ екен. Әрі ұстап, бері ұстап таңдана қарап отыр еді, Ажарбике: «Апа оны не қыласыз, тастаңызшы әрі», деп зияны тиердей ақырын күңк етті. Көпті көрген қарт ана бекершілікте ешкім елей бермейтін саңырауқұлақты тәңірдің бұйрығымен шаңырақтан кішкентай ғана бозторғайлар әкеліп тастап тұр деп ұғып, емдік қасиетін сынап көрмекке ыдысқа салып бір шыныдай су құйып қайнатты да науқасқа қалақпен ішкізді.

 

Жонын күжірейтіп доңайбат көрсетіп тұрған бөлтіріктердің бейнесі жас сәбиге өзін еркелетіп тұрғандай көрініп жақындай бергенде аяғы әлденеге шалынып етбеттей құлады. Әйтсе де жыламастан еңбектей жөнелді де бөлтіріктердің сирағынан ұстамақ болды. Бөлтіріктер өздерінің айбатынан сескенбей апыл-тапыл қарсы жүрген кішкентай мақұлықтан кәдімгідей қаймығып қалды. Ғажап, мынау құртақандай жәндіктің құлағы, көзі мүбәда өздерінен аумайды ғой. Ұқсастық болғанда қандай дейсің. Топ бастайтын абаданның өзі ме дерсің? Жаңа ғана жеп қоярдай болып сес көрсеткен бөлтіріктердің жүні жығылып, қойдан қоңыр, жылқыдан жуас болып, екі аяқтының мысы әбден басып жерге аунап қыңсылай еркеледі. Бөлтіріктердің бұл қылығы сәбиге тіпті қызық болып көрінді де, бала да қасқырдың күшіктерінің әрекетін қайталап олай-бұлай домалап байлаудағы күшік қасқырлардың арасында ойынға араласты. Көп өтпей баланың кішкентай қолы жүні жетіліп, үлкейіп қалған Жемсоғар атанған басы бақырдай бөлтіріктің ұлпа жүніне іліге кетті.

 

Жалпақтың бұйрасынан кезіккен қоянды бір оқпен жамсатқан Жалбайдың қанжығасы майлы еді. Жол жөнекей кезіккен Доғаның бөспе әңгімесіне ықылассыз болса да құлақ асып келе жатқан. Астындағы күмісжал атты аңға ғана мінетін құла аты да ауылға қарай тез жетуге асыққандай шұлғып басып келеді.

 

Жемсоғардың жемсауы бүлк ете қалды кенет. Баланың қолы батып кетпесе де, жас иіс ашөзегіне нәр беретіндей ақырын жан-жағына ұрлана қарады да,ұзын тілін сумаңдата даяр асқа сілекейі шұбырып, баланың бетінен жалап-жалап алды. Бала бұған сықылықтай күліп, еркелетіп жатыр деп ұқты. Бұның бәрі қас пен көздің аралығындай уақытта өтті. Зибаш та балалар тоңып қалмасын деп, әсіресе Бөріқұлақты өз үйіне табыстайын деп сыртқа шыққан-ды. Үйелмелі-сүйелмелі үш ұл өз алдарында ойынның қызығымен жер қозғалса да білетін емес, Бөріқұлақты қаперлерінен шығарыпты. Көзі атыздай болған Зибаш: «Құдай-ау, бала қайда!»,  деп березеп болды. Зибаштың дауысын есітіп үйден Ажарбике де жүгіре шыққан. Үш жүгермек «білмейміз ойнап жүрген жаңа ғана» деп іздесудің орнына жан жаққа қашып барады. Жөпелдемеде бөлтіріктердің қасына жас бала бара қояды деп ешкім ойламады.Әйелдердің шуынан сәл сескеніп қалған Жемсоғар балаға енді аузын сала беріп,қайтадан көз алдап ойнап жатқан кейіп танытты. Сасқалақтаған ана жүректер өзен бойына қарай жүгірісті. Адамдардың қарасы су бойына қарай ұзай түскен соң Жемсоғардың бөтегесі тағы бүлкілдеп балаға оқша атылды. Мойнындағы шынжыры аунап- қунап жатқанда қазыққа оралып қалған екен, абырой болғанда жете бере омақаса құлады. Астындағы күмісжал аты ойнақтай басып Жалбай да ауылға жетіп қалған еді. Алдымен әдеттегісіндей қасқырдың күшіктерін бір көріп, көңілі жайналған соң үйге кіретін. Бұл жолы қасындағы Доғаның ығына жығылды ма, аттарын ат ағашқа байлаған соң серігін ертіп үйге кіруге айналды.Әбден ызаға булыққан Жемсоғар көзі қанталап долданып алды.

 

Қасқырбаймен жасты Доғаны тым жаратып кетпесе де Жалбай үлкендігіне қарап үйге кіріңіз деп есік ашып ілтипат көрсетті. Сол сәт шар еткен дауыс есітілді. Балаға қайтадан атылған Жемсоғарды көріп қалған Жалбайдың кішкене ұлы бақыра жылап үйге қарай жүгіріп келеді екен. Істің мән жайына жетіп үлгермесе де Жалбай мен Доға үйге кірместен қатар жүгірді. Ажарбике де құсша ұшып таяп қалған екен. Бір сұмдықты сезгендей жас нәресте күшік қасқыр атыла бере шар етіп жылап шошып кетіпті. Баланы періштесі қақты ма, Жемсоғар тағы да жетпей жатып жерге дүрс етіп құлады. Бәрінен бұрын жеткен Жалбай баланы жерден жұлып алып көкірегіне баса қойды. Қос жанарынан үрей мен қуаныштың жасы қатар домалап бөрімен ойнаған бөріктілердің ұрпағының келешегінен үміт күтті.

 

***

 

«Алтай бетінде Мәкла деген қу адам болыпты» деп бастайтын Дәу апаң әңгімесін. Қу, аңқау десе Алдаркөсе мен Қожанасырдың қылықтарын еске алатын былайғы жұрт елең ете қалушы еді. Сол Мәкла қудың ел аузынан естіген бір екі қулығын айтып берейін деп салалы тарамыс қолдарымен кимешегін түзеп қойып тыңдармандарын тамсандыра түсіп әңгімеге кірісетін. «Ағажай Алтайдай жер қайда-ай» деп арман қылып өлеңдетіп отыратын бұрынғы өткен ақсақалды аталарымыз бен ақбасты аналарымыздың арман мекенінде Беген деген байдың әкесі дүниеден өтіпті. Беген бай төрт түлігі сай дүниеге кенде емес болса да Шықбермес Шығайбай сынды қарау,сараң адам болыпты. Есігіндегі кедей кепсектің қақысын онша-мұнша дұрыс бермейді екен. Байдың есігінде бірқанша жыл жүрген Мәкла қу, не тойып тамақ ішпей, не дұрыс қақысын ала алмай байдан кек алу жолын ойлап жүргенде, байдың әкесі дүниеден қайтып, жетілік науқанын өткерген соң Беген бай бір жұмада тасаттық беруге дайындалады. Азда болса кек алып, қақы қайтарудың орайы келгендей болып Мәкла қуда сол жұманы асыға күтеді. Ол заманда тасаттық беру үшін мол дастархан, саба толы қымыз, бір қой алып барып қабір басына молдаға құран оқытып, ағайын-туыс, дос-жаранына таратады екен. «Аспаннан былғары жауса да, құлға оқшантай жоқ» демекші соншалықты аспа төк тамақтан есіктегі құлдарға дәнеме де татырмай игі жақсы бай-манаптар өздері ішіп жеп, өлі разы болмай тірі байымайдының керімен бір борыштан құтылғандай қайтады екен. Уағдалы жұмада қабір басына байдың тобы да келеді. Мәкла қудың да көптен күткен сәті осы еді. Таңсәрісімен ақ матаға оранып, байдың әкесі жерленген төрт құлақты қорғанға келіп жасырынып жатады. Мал тойынған күн жылы күздің болып тұрған кезінде байдың қабір басына келуін қорғанның ішінде аңдып жатады. Сәске уақыты болғанда байда жетеді ғой, артынып-тартынып. Алдымен аруаққа құран бағыштау үшін қаз-қатар отырады тізіліп. Жұрттың алдында бес алты қадамдай жерде молда, онан соң жақсы әкенің аруағына дұға тілеп молдаға ұйыған бай, артынша ағайын-туыс, дос-жаран ер адамдар, топтың артқы қатарында ақжаулықтылар тізерлей отырысып байдың әкесіне молданың бағыштаған құраны қабыл болуын іштей тілеседі. Ағузы, бісмілләмен молдаекең бастай бергенде Мәкла қу қорғанның бас жағындағы тесік көзінен бір саусағын шошайтып шығарып қалыпты. Сәл мүдіріп қалған молда елес шығар деп ақырын тізесімен жылжып артқа қарай шегіншектей беріп қайта жалғастырыпты. Әкесі тіріліп келердей боп отырған байекеңнің көзі де өткір екен, сұқ саусақты байқасымен жал мажан артына сырғып, молда жалғасты оқыған соң елес көрдім бе, астағпыралла не болып кетті, аруақ па деп өңі қашыңқырай ұйып отырады. Молда байға, бай артындағыларға қарапты. Сұқ саусақты байқаған адамдар қашудың аз ақ алдында отырады. Құран оқып отырғанда күлуге, сөйлеуге,т ұруға болмайды деген шариғат қағидасы бойынша әзер шыдасып өз көздеріне өздері сенбепті. Молда ұзын сүренің ортасынан асты-ау деген кезде әлгі шошайған саусағына сұқ саусағын қосып көзден шығарып қалыпты қайталай. Бұл жолы манағысынан бетер мүдіріп артына қарай шегініп байға таяй түсіпті. Байекең молдадан жылдам екен арт жағына қарай шегіне түсіп өңі құп қу болып қашуға дәс қалады. Өлі мен тірінің аманатын арқалау оңай болсын ба, молда ілдә-далдамен құранды соңына жеткізу үшін дауысы қобалжыңқырай қайта жалғастырады. Адамдардың көбі не болып кетті десіп, бойдарын үрей билейді. Молда да үрейленіп отырып сүреден әлденеше рет жаңылып сүрені аяқтай бергенде Мәкла қу екі саусағына тілін қосып жалаң еткізіпті. Онсыз да қалшылдап-дірілдеп өзін зорға тежеп отырған молда есінен танып қалады. Бай бастап отырғандар өре түрегеліп, ас-суларын тастай салып, аттысы атымен, атқа міне алмай қалғандары жаяу-жалпылай, тым-тырақай қаша жөнеліпті. Абырой болғанда талып жатқан молданы көтере қашқан екен. Мәкла қудың да күткені осы еді, байлар ұзады-ау деген кезде қорғаннан шығып, бейіт басында қалған ас-суды алып кетіп, кедейлерге таратып беріп, бір тойып жырғаған екен.

 

«Алтай бетінде» деп бастайтын Дәу апаңның ұзынсонар қызықты әңгімелері бір түгесілмеуші еді. Міне сол ескінің көзіндей Дәу апаң да дүниеден қайтқалы біршама жылдың жүзі болып қалған. Торғай екеш торғайдың да обал суабы бар деп ұясына тиіскізбей әрнәрсеге аналық қамқорлықпен қарайтын асыл анасының қадірін бақилық болған соң барып бірақ білді ғой, Қасқырбай. Өкпеден жабысқан дертін де сол анасы жазды ғой, шаңырақтан тастаған бозторғайдың саңырауқұлағын қайнатып беріп жүріп. Кім ойлаған... Бұл кішкентай ғана құстың да өзіндік қасиеті барын. Саңырауқұлақтың емдік қасиетін де кім білген? ...Бәлкім сол бір жолы анасының тілін алмастан торғайдың ұясын бұзып көше жөнелген болса бұлардың отбасына не жолығарын... Бөріқұлақты да бөлтіріктердің аузынан торғайлардың алғысы ма екен құтқарған... Иә, мұның көкейіне терең орын тепкен елден естіген сол бір сөз, жыл өткен сайын жаңғырып мазасын алуда. Бөрі киесіне жолыққан... Жалбайдың асыраған қос бөлтірігін де сол үшін ғой, ертең атамын жүні әбден жетілді деп отырғанда босатып жібергені. Сәл де болса бір ұяны түп тұқиянымен құртқан әкесінің қатыгездігін мейіріммен жуғысы келгені ме екен?... Әлде... Бөріқұлақтан бөрілерге ұқсастық тапты ма? ...Бұрын қасқыр атаулыны қырып жойғысы келіп тұратын. Соның бәрінен ада қылған ненің күші, ненің құдіреті. Өзі де жете алмайды бағамына. Тек мұның құлағына Бес тәңір мұздақтарынан түнімен ұлитын бөрілердің дауысы келеді. Кейбір түндері әлдене шыдас бермей тысқа шыққанда ай бетінен бөрінің бейнесін көреді. Тау қойнауындағы көкбөрі атаулы осы бөріге мұңдарын шағып жатқандай, бұл да қосылып: «О, кешір, кешіре гөр, бөрі киесі! - деп бір тізерлей отырып көкке қолын созатын.

 

Ел ішіне тағы да қауесет тарады: «Қасқырбай түн ортасында көкке қарап ұлиды екен. Ол ұлыса тау бөктеріндегі бөрі атаулы қосылып бірге ұлиды екен. Сұмдық-ай, осыларда қасқырға ерекше бір жақындық бар. Анау баласы құрғыр да бала боп бір ойнағанын көрген емеспіз. Ойыны осылғырдың ойыны да біртүрлі қызық екен. Бірде тезек теріп жүрген көрші ауылдың он бір, он екілер шамасындағы қыз баласының қабына бір дорба тышқан салып жіберіпті. Әлгі кішкентай қыз бала байғұс қайдан білсін, «әпке қабыңыз толмаса аузын ашыңыз» дейді ғой баяғы. Өзінен кішкене жеті-сегіздер шамасындағы жүгермектің әкеліп тұрғаны тезек екен деп қабының аузын ашады ғой. Сөйтсе, құдай сақтасын, жыбырлаған қалың тірі қара тышқанды көріп, қыз бала байғұс қабын тастай салып бажылдап үйіне қашып келіпті. Соншама тышқанды су құйып іннен шыққан жерінен ұстап алып өзіне шақ кішкене ғана дорбаға салып ала берген ғой. Астағыпыралла, ақырзаманның баласы десейші! Ол, ол ма осы баладан құйрығы қайқайған ит атаулы қорыққанда үй маңына жоламай безіп кеткенін өз көзіммен көрдім. Баланы көрсе жылқы атаулы да кісінеп, өзіне жақын тартып тұрады екен. Қойшы ары, қасқыр исін сезіп пысқырынатын шығар!»

 

«Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, жетіден асқан Бөріқұлақтың іс-әрекеті расында өзі құралыпты балаларға әсте ұқсамай бара жатқанын байқаған анасы елдің тілі тимесін деп киіміне үкі тағып, үйден көп шығармауға тырысатын. Сөзге сараң, томаға тұйық. Ит атаулымен өш. Маңайға келген ит атаулыны көрсе тас лақтырып қуып жүреді. Құтжол деген өздерінің асыраған иті де безіп кетті ақыры. Көбінде тасты тұрғызып қойып нысана қылып ойнайды. Үш жас шамасындағы кезінде жаңа төлдеген қойды еміп жатқанын көріп Зибаштың таңқалғаны бар. Дәу апаңның бар кезі болатын. «Баланы қандай жағдайда бетінен қақпаңдар, алайда ел көзінен аулақ ұстаңдар» деуші еді жарықтық. «Маған осындай пысық ұл бермеді ғой жаратқан» деп арақкеш Доғаның Дәу апаңнан ұрсылған жері бар. Таудың ұлы тауға қарап өседі. Мәңгі мұз құрсанған Үш Ойғыр мұздақтары Бөріқұлақтың тез есеюуіне әсерін тигізді.

 

***

 

Қызылқыпшалдың қыратындағы қасқыр соқпасымен қос бөрі жортып келеді. Алдында арланы, соңында іле шала шуланы қалыс қалмайын дегендей тілін салақтатып өкшелей түсуде. Мұзтаудың қасқырлары атанған әйгілі, топ басшысы абаданы еді бұлар. Биыл әйгілі мұздақтарға қар қалың түскен. Қарадара, Қызылкезең бастары Мұзтаумен ұштасып ақ сүңгі қарға айналған. Жаз бойы суыр ұстап жеп ,қораға түсіп қарындарын қампайтып келген топ, қыс түсе салысымен олжа айырыу жолы қиындай түскесін отардағы жылқыға ауыз салған. Алдымен үйірдің шетіне шыққан тай-құнандардың таңынан тартса, дәніге келе құр аттардың өзін жарып кетіп жүрді. Жылқышылар қаншама рет соңдарына түскенімен әккі қасқырлар алдырмады. Қасқыр тұрақтарына у салып, қақпан құрғанымен нәтиже шықпады. Бұл топтың үнемі алдында жүретін басы бақырдай, үлкендігі тайыншадай сұры арлан жайлы жылқышылар таңдана сөз қылысатын. Оның қарға түскен ізінің өзі басқасынан ерекше, тайға таңба басқандай болып жатыр десті. Осы беттен көрген қасқырымыз емес, Жазатыр яки Ресей шекарасы жақтан келген тәріздідеп жорамалдаушылар да табылды. Елдің әңгімесінің желісіне айналған топ басшылары соқпадан өтісімен, бөрісырғаққа аз аялдап қайталай жортты. Алдарындағы ұшпада шақыру тас бар. Онан әрі асып түссе, Жалпақтың мойнағы деген аласа жайдым белегір басталады да малшылардың қыс қыстауы кезіге бастайды. Аласа мойнақтағы мықтың үйі қай заманнан қалған белгі екенін кім білсін, өткен күннен бір сыр шертіп тұрғандай. Не түркі дәуірі, не Шыңғыс шапқыншылығының ізі ме екен? Қасқырлар үшін бәрібір. Адамдардың малымызға тиіспесін деп бұлардың жолына үйген кедергісі іспетті сезіледі. Әр қырат, әр белең сайын серейген сынтас, шақыру тастарға көздері қанық болып кеткендей елең қылмай жорта береді,жорта береді. Өткен түнде әдеттегідей Ақшоқы баурайындағы жылқы отарына шабуылдамақ болған. Запыс болған жылқышылар үйірді көз жаздырып кетіпті. Қос көкжалдың бүгінгі жортуларының да өзіндік себептері бардай. Жаугершілік замандағы шолғыншылардың бейнесін елестетеді. Түз тағыларының тымбай жортуларына ақ күпсік қар зиянын тигізер емес. Аш қарындарын ақша қармен басқысы келгендей шақыру тасы бар ұшпадан асқаннан кейінгі ойпатқа аунап-аунап алысты. Қызылқыпшалдың бұл қия бетіне қар өте қалың түскен жылдары адам баласының аяғы жете қоймайды. Қасқырлар үшін қолайлы. Әйтсе де тау сырына қанық жансебіл аңшылардан сақтанбастарына болмайды. «Иттің иесі болса ,бөрінің киесі бар» деген сөз шындыққа саятындай. Соңдарынан түскен талай аңшыны сан соқтырып кеткен әккі қасқырларға ауыл төңірегінен де олжа айыру қиынға түспей жүр. Соңғы кезде атының жалы күмістей боп жарқылдаған құла атты аңшының топқа қауіп төндіруі топ басшысы абаданға ұнамаған. Аңшының сойылынан,ажалдың құрығынан құтылудың жалғыз жолы жүрдек құланың көзін жою еді. Абадан құла атқа жерік асын жейтіндей боп құмартқан-ды. Сосын анау аяғы балғадай, апайтөс қара төбеттің мойнын бұрап, бүлкілдей аққан қызыл қанынан қомағайнала жұтып ләззат алар ма еді, шіркін!... Олай болғанда соңынан ерген алынбас қамалдай бірлігі бекем топ алдында, күллі көкбөрілер алдында абыройы артып абаданнан шеріге айналар ма еді мүмкін!... «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» демекші, көздерін ашпай жатып қыр соңдарынан қалмай едірейген ана біреу жалпиған бөрігі жалп-жалп еткен, бетінің жүні текенікіндей божбан қараға зауал төндірсе әттең... Сонда барып мынау әлемге әйгілі Бестәңір мұздақтарынан басталған ақбасты тау жоталарының еркін жортатын қожасы тек ғана өздері болар еді ғой! А а а,у, у,у! Көк тәңірісіне мұңын шаққандай талтүсте ұлыды абадан. Іле-шала жағымпаздана ұлыған шуланның үні де тау қойнауында зарлы естілді. Ажалдың құрығына мойынсал болғысы келмеген қос қасқыр көп ұлыды.

 

***

 

Обалы төбедегі қара қостағы екі жігіт жылқыны тепсеңге қайырмақтап тастаған соң, бақырға асқан жылқы қуырдағын түскі астарына жемек болып, бақыршы баланың алғашқы тамағының дәмін көрмекке ат тізгінін қосқа қарай бұрды. Ағаларының азаннан атүсті ыстық ішпей жүргенін көріп жаны ашыған Бөріқұлақ та жылқы етінен мол турап, қара қуырдақты сөлімен қайнатып бақырға аямай-ақ, мелжемдете салған. Уықтың басын буып, киіз туырлықпен әлденеше қабаттап ораған шәкене ғана қара қостың іші қосқа лайықталып жасалған шап шағын қара пешке толтыра салған сиырдың күзгі қатты сары тезегінің қызуымен маздай түсті. Жасы он сегіз, он тоғыздар шамасындағы түбіт мұртты, тісі айқұш-ұйқыш, қабағындағы тыртығы өзіне жаста болса ерекше сұс беретін балаң жігіт қой терісінен тігілген таутеке жағалы ішігін шешіп жатып: - Отты жағысың әлей екен, тамақ істегенің қалай екен сынап көрейік інішек, - деді балаға ықылас таныта. –Ер азығы мен бөрі азығы жолда деген,сынап көрейік онда, - деп кетік қара да күж етіп, белін босатты. Тумысынан сөзге шорқақ бала ләм деместен салқынқандылық танытты. Әндігендегі қара қуырдақтан қалақ толтыра аузына басқан кетік қара - Ас мәзірі жаман емес, алайда қос тірлігіне көндіге алар ма екенсің, шырақ? Біреуді құдай қаңғыртады, біреу құдайға болмай өзі қаңғырады деген рас та. Біз амалсыз жылқы кезегі келген соң,жатырмыз ғой мұнда, ақ қар, көк мұзда. Сен болсаң ата-анаңды жылатып, күшпен тіленіп келдің Темірланға қара тартып. Әй, осы боқмұрындар жылқы күзетіне жарайтындай болса, не жоласын біздерге? - деді сөз тапқандай қарқылдай күліп, баланың шамына тие. – Атыңды бер, жылқы емес қасқыр болса да қайырып келейін, - деді бала жұлып алғандай ызбарлы. – Ө, ө, өһ - деп тұтыға кекештенген кетік қара қуырдаққа қақалып қала жаздады. -Ба-батырын қарай гөр! - деді әлден уақытта. – Бұның қолынан бәрі келеді - деді Темірлан інісін қостап. –Дөңгежат көрінбейді ғой, - деді іштей келіспесе де кетік қара сөз төркінін басқаға бұрып. Жалбай баланы қосқа жеткізіп қадағалай тапсырып аттана берісімен иттің ауылға қарай зытқанын бұлар білген жоқ.

 

***

 

Бүгінгі түн Қасқырбайға ғасырдан да ұзақ сезіліп,таң шетінің сызылуын сарғая күтті. Ғажап… Мұзтаудың сілемі ұзай түскен сайын, қасқырлар ауыл шетіне таяп келіп олжа күтіп ұлып отырғандай. Бекер, бекер-ақ, жіберген екенмін! Бәрін бастап келген сол Жемсоғар болмасын? Қойшы ары сандырақтамай, онан бері бақандай он төрт жыл өтті ғой. Өлген шығар! Бөрі киесіне жолыққан...

 

***

 

«Бөлтірігін алма шуланның,шұрқан салар қораңа» деген мәтел рас болып шықты. Төлдеулікте алған төрт бөлтірікті тағы да айырылып қалармын деп Жалбай алғашқы сонар өтісімен-ақ, атып тастаған еді.Соның кесепатын міне бүгін көріп отыр. Өзімен бірге жасасқан соғымға союға бір жыл болсын қимай қойған күмісжал арғымағын қасқыр жарып кетіпті. Жеткен екен деп күбірледі үйде отырып Қасқырбай. Қасқыр атаулыны қырып жоятын болып кіжінді Жалбай. Мал ашуы үйде омалып отыруға жол бермей қойторының беліне ер салған Жалбай біреуден екеу жақсы демекші азда болса аңкөстігі бар Доғаны ертіп алмақ болып Жаматы басын өрледі. Бұл күнде оның қарасирақтары ілікке жарап, малдан қолы босап қалып еді. Әсіресе желке шашын шоқпардай қылып өсірген Темірланы өжет болып ержетті. Жылқы қосына шыққалы да бір-екі жылдың жүзіне айналды. Доға төр алдында жұқа газетке ораған темекісі салақұлаш болып, үйдің ішін көк түтін қылып морлата құшырлана сорып жатыр екен. Тау қуысындағы төбесі аласа бір бөлмелі төртбұрыш тамның ішіндегілердің кейпін аңғару оңайға түспеді. Аман-саулықтан кейін отбасында бұған ыржалақтай күліп отырған он бестер шамасындағы бала жігіттің ныспысын көріп жүрегі шымыр етті. «Алла, жаратқан ай, ауыш екен ғой. О, тоба өзің сақта», - деп көзін тайдырып әкетті. Жалбайдың бет әлпетінен әлденені байқаған Доға қырыстана қалды. Шай үсті Жалбайдың бұйымтайын біліп: - Қасқыр жарса қарымтасын қайтарғаны да, - деп бір қойды. Доғаның ұзақты көздейтін аңшы мылтығына қызыққан Жалбай: - Сіз бен біздің ортақ жауымыз болып тұр ғой осы бәтшағарлар, малымыз аман болсын десек бірлесіп көзін жояйық, - деп өтінді. Қайталай қолақпандай қылып темекі ораған Доға: «Елге ұқсап қолғанаты сай ерігіп жүргемін жоқ», - деп жолсерік болудан бас тартты. Қойторының беліне қонжиған Жалбай амалсыздан Обалы төбедегі жылқышылар қосына жол тартты. Артынан сүлкектей ерген Дөңгежат қосқа таяғанда қыңсылай үріп шегіншектей берді. Бөріқұлақты көрсе ит атаулының қыңсылай қашатынына Жалбай іш тартты. Кеше ғана өзін қосқа жеткізіп тастап қайтқан көкесінің келе жатқанын көріп бала жақсылыққа жорымады. Аурушаң әкесіне бірдеңе болмаған шығар деп іштей уайымдады. Дөңгежаттың көзкөрім жердегі белегірде ары-бері жоқ айналсоқтап жүргенін көріп зығыры қайнады. Мойнын бұрар ма еді! ...Көзі шырадай жанып шиыршық атты. Кенет тісі қышып, құлағы елеңдеді. Бала мұның бәрін өзі де аңғармады. Таңертегісін жел қаққан қыраттан ермекке аз тезек терген еді. Жолда белді асып жосыған қос қасқырдың ізін көрген. Тезегін тастай сала соңдарынан түсіп алқымдарын езгісі келіп кеткен. «Жалбай көкемнің күмісжалы сынды жүйрік атым болса ғой» деп қиялдап еді сонда. Өзінің тете ағасы Темірланды қатты құрметтейтін. «Жылқы іңірттетуге кетерінде қос маңынан ұзама, жотада қасқыр қатты, аш қасқырлар мал тұрмақ адамға шабуылдауы мүмкін деп тапсырған. Тілімді алсаң керойнағыңмен күндіз жылқы қайырмақтауыңа рұқсат беремін, алайда бір екі күн қос тірлігіне көндігіп бақыр жағалап, ас қамдай тұрасың» деген еді.

 

Бес жасынан бастап тай-құнанға мініп тепектесе, он жасынан асау тайдың жынын қағып бастықтырып жүрді. Бөріқұлақ мінген жылқы өзінен өзі жуаси бастайды, жел тақым, осы баланың тақымында қасиет бар десті жұрт. Он үш жасынан мылтыққа әуестене бастады. Жалбайдың мылтығымен суыр, тараққұйрық сияқты ін сақтағыш аңдарды атқан оғы құр кетпей, аңшы бала атанды. Дей тұрғанмен Қасқырбай мен Ажарбике азар да безер боп мылтық ұстауына ризашылық танытпады. Әйтсе де аңға деген құмарлығы жыл сайын артып, алғашқы қар түсісімен-ақ, түлкі, қарсаққа қақпан құрып, қанжығасы құр қайтпай аңкөстігі ел аузына ілінді. Үйде отыратын сәті некен саяқ. Көбінде ат белінен түспей түзде жүруді ұнатады. Ат үсті әулие дейді ғой қазақ. Жалғыз ұлдарын көздерінен таса қылғысы келмейтін әке-шешесі баланың тағы боп өсуін қаламаса да, бетінен қаға алмады. Баланың он алты жасқа шыға бере жылқы қосына келуінің мәні осындай-тұғын. Жалбай Бөріқұлаққа бүгін осы қосқа түнеп таңбозымен Темірланды ертіп қасқыр қарайтынын айтты. Қасқыр дегенде баланың көзі шырадай жанып: - Көке таңертеңгісін тезек теріп жүріп, жайлаудың жонына қарай жортып өткен қос қасқырдың ізін көрдім. Мені ертіп алыңызшы дәл үстінен түсірейін, - деп өтінді. Жалбай аз-кем ойланып қалды. Баланың көңіліне қарап ертіп алайын десе аға-жеңгесінен рұқсат алған жоқ. Ертпейін десе баланың кесек бітімі, баладан гөрі түбіт мұртты бозбалаларға тән мінез құлқы, сен тұр мен атайын деп тұрған шырадай жанған көкпеңбек көзінен аңға деген ерекше аңғарымпаз құмарлығын көріп жоқ дей алмады. «Қасымнан бір елі қалмайсың» деп ескертті. Жылқыны іңірттетіп тастап жігіттер келген соң ас-суларын ішті де таңғы жорыққа әзірліктерін жасап көз шырымдарын алуға қос төріне жантайды.

 

«Қайта шапқан жау жаман» дегендейін, жерік астарына қол жеткізген қос бөрі кек алу үшін ауыл төңірегінен ұзап кетпеген. Қасқырлардың ізін қуып бала жүре берген болса жалғыз мойнақ аспай жатып қарасын көрер еді. «Балық үндес,бақа тілдес». Құдды өздері заңдас, бірақ құйрығы қайқайған сабалақ қара төбеттің соңдарына түсіп жақындап келгенін иіс сезу жүйесі арқылы ма екен, әлде қасқыр салауаты жеңді ме сезіп қойды. Әрі қос төңірегіне жолай алмай дөңде жатуы қасқырлардың шабуылдауына қолайлы сәт туғызды. Ел ұйқыға кетті-ау деген кезде қайта соққан. Жасы елуден асқан Жалбай ұйқыға сақ еді. Таң шеті сөгілмей орнынан тұрып ыстық қайнатты. Сосын тысқа шығып «Дөңгежат, Дөңгежат» деп ізшіл итін шақырды. Бірақ бекерде еркелеп мойнына қарғитын иті маңына жоламады. Бөріқұлақтан қорқып келе алмай жатқан шығар мойнына жіп тағып ертіп алайын деп ит жатқан мойнаққа бет алды. Қос маңы шиырланған қар қызыл асықтан төмен келіп, жүрісіне кедергі келтіре қойған жоқ. Желтоқсанның желі батыстан баяу есіп тұр. Аяз жоқ болса да,үскірік күшіне еніпті. Күн қысқарып, таң ұзара түскен кез. Сағат таңғы алтыдан ауса да, жер толықтай көріне қоймады. Аз жүрген соң ит жатқан мойнаққа да ілінген еді. Мөлшерлі межеге келіп итін дауыстап тағы да шақырды. Дөңгежат көрінбеді. Ауылға кетіп қалған шығар енді қайтайын деп тұрғанда қарайған нәрсенің сұлбасы көзге шалынды. Асыға үсіге жеткенде көргені – итінің алба-жұлба, қасқыр талап өлтіріп кеткен жемтігі болды. Тісі шақырлап, қасқырларға деген кегі тіптен арта түсіп қосқа келді де тезден жолға шығуға қамданды. Жылы киінген қос аңшы Қызылқыпшалды бетке алды. Арттарына үш күн түссем де кек алмай қоймаймын деп кіжінді Жалбай. Қос тарланымның түбіне жеткен қанішерлердің көзін құртпай байыз таба алмаспын. Бала томаға-тұйық. Салқын жымиды. Тағдырдың жазуынан кім асқан, қасқырлардың үшінші құрбаны боп кетпесімізге кім кепіл? Расында ақ қар, көк мұзды ен жота,құлама құз ішінде бөрілер мен бөріктілердің барымтасы, яғни кезекті кек қайтару үшінгі шайқасы болғалы тұр. Бірі із жасырып тағыға тән сақтықпен көз жаздыра отырып, оңтайлы уақытты пайдаланып тұтқиыл шабуылдап мал шығындау арқылы қасқыр салауатын асырмақ. Бірі қар үстіндегі тайға таңба басқандай болып жатқан тағылардың ізіне түсе отырып, суық қару арқылы қорғасынмен жамсатпақ. Өмір мен өлім жолындағы арпалыс. Баланың астындағы ат жүрдек. Қасқыр кезіге қалса өкшелей қууға жарамды. Шалдың мінгені қойторы, мың салса бір баспайды. Амалсыз аяқ ылау қылып келеді. Екеуінің мойнында да мылтық бар. Жалбайдың басындағы түлкі тымағы былғарымен тысталыпты да, дулыға киген батыр іспетті басында шошайып көрінуде. Бөріқұлақтың қарсақ тымағы, малақай бөрікше қылып дөңгелене жасалыпты да, балаға құп жарасқан-ды. Із бойынша қасқырлардың жатқан жерінің үстінен түсеміз деген аңшылардың жорамалы далаға кетті. Обалы төбеден асқан қос бөрінің ізі тау қырқасына шыққан соң, мүлде басқаша сипат алып шым-шытырық қалың ізге қосылды да, таудың жел қаққан күнгей беттерінің қары жоқ жерімен жортып өтіпті де, қай бағытқа кеткенін аңғару қиынға соқты. Қызылқыпшалдың басын кесіп шығыс жақ бетіне жортып өткен болса, Құлжабасы, Қаратас, Қаққа, не қыс айы тұрмақ жаз айларының өзінде атты кісі жол тауып өтуі қиынға соғатын Құрсадақ шатына бой тасаласа аңшылықтан күдер үзген жөн. Екінші бағыт оңға бұрылып тура тарта берген болса Қарақия, Ойғыр басы, Мұздыбұлақ шатына өтіп кетеді. Онда да қасқырлардың қарасын көру қиынға соққалы тұр. Үшінші бағыт осы Қызылқыпшалдың бір ұры қалтарысына орын тебуі ықтимал. Мәтқапы да солай болар болса аңшылар үшін тиімді болғалы-ақ тұр. Жалбай атынан түсіп шиырланған ізді шалып көп жүрді де, Ойғыр басына тартқан екен деген дүдәмал бір ойға келді де, сол бағытпен артына түскеніміз жөн деп шешті. Осындайда жансерігі қашқан аңды қуып жететін күмісжал аты мен қасқырдың ізінен айырылмай жол табатын ізшіл итінің орны ойсырап, ішкі қыжылы кек болып тұтанғанымен қолдан келер қайраны жоқ, амалсыз бөгеліп,атын жетектеп әудем жерге дейін із шалып кеткен бала аңшыны тосты. Бала болса да жол серігі ғой, ол не айтар екен деп өзінің болжамын жеткізді. Бөріқұлақ талай қансонарды көрген әккі аңшы көкесінің болжамын теріске шығармаса да, қасқырлардың тым ұзақта емес екенін әлдебір түйсікпен сезіп,сондай ақ, қасқырлардың түлкібұлтаққа салып, ауыл жақ бетке кері қайтқанын із шалғанда байқағанын айтты. Қай бағытқа түсерін білмей сандалып тұрған Жалбай,баланың ойын толықтай құптамаса да, аңкөс баланың әрекетін сынап көруге келісті. Ол бала болса да, от жанарлы немере інісінің келешегінен зор үміт күтетін. Әрі бөрі киесі бар деп іштей ырым ететін.

 

***

 

Қасқырбай қарадай қара терге түсті. Талап кетті, өлтірді деді жынымен сөйлескендей. Аман қайтса игі еді деді артынша. Бөрі кие, бөрі кие,бөрі кие деп үш қайталады іле шала. «Жазған-ау, бөрі жының барма осы сенің, тыныш жатсаңшы», - деп кейіді Ажарбике. Елсіз иен жотада бір сұмдықтың дауылы соғып келе жатқанын қайдан білсін?

 

***

 

Ақ шаңқан таулар. Алыстан Бестәңір мұздақтары ерекше көрінеді. Найза бастарына ақшарбы бұлттар қонақтап, басқа таулардан құнын арттыра түскен. Әйгілі мұздақтардан сәл бері жағында жалпиып жатқан Қарақия тауы қонақкәде сұрағандай ұмсына қалыпты. Батыстағы Таулы Алтайдың тау сілемдері, ақбұйра толқын арасынан өзіне шақырып тұрғандай. Әрбір тау жоталарында кіреуке киген батырлардың сұсы бар. Қиябетті қиыстай жүрген қос аңшы, тау өркешінен асып, Күнгей қыратына еңкейді. Күмістей боп жарқыраған ақша қар, аламыштана бастады. Керісінше жартас, үңгір тастар молайып, тау қойнауын пана тұтқан түз тағылары тұрмақ, бір түмен қолды жасыратын ұры қалтарыстары жан баласын жеп қоятындай, үрей ұялатады екен адамға. – Біздің бала күнімізде осы бетте аю мекендеуші еді. Аюдың өтінің емдік қасиеті бар деп әйгілі мергендер қарап жүретін. Екі аяқтының оғынан мезі болды ма, аю да ауып кетті ғой бұл күнде. Сол заман болса қасекеңдер жоламас еді бұл бетке. Қазір қасқырлар қожалық ете бастаған ау! - деді Жалбай өткен күннен сыр шертіп. Баланың көңілін аңқұмар әуесқойлық жайлап, шіркін, сол аюлар қазір кезіккенде ғой жалғыз оқпен жамсатар едім. Қасқыр түз тағысы деген болмаса иттен қанша мықты дейсің.Қолма қол айқасып көрер ме еді шіркін! Ойына құдай салды ма кім білсін?! Көлеңке ұзарған сәтте бұл беттен қасқыр кезікпейтін болды деп Жалбай іштей балаға қайдан ғана сендім, қап әттеген ай, енді қайттім деп торыға бастады. Үйтасты айналып өте бергендерінде аттардың құлағы да елең етіп, Бөріқұлақтың құлағы да қозғалақтап кетті. Төменгі жақтағы қорымның арасынан ағараңдаған әлдененің сұлбасын алдымен көзі шалған бала: - Қасқыр, қасқыр көке! - деп көзі шырадай жанып,аттан секіріп кетуге дәс қалды. Баланың көрсеткен межесіне көз жіберіп,ештеңе көре алмаған Жалбай дүрбісін қолына алып көзін сүртті. «Қасқыр ойда, қыраттай жүріп алдын алуымыз керек», - деді бала тағы да сыралғы аңшылардай. Баланың айтқаны рас болса қорымның үзілген тұсындағы иықшадан қасқырдың қылпы көрінуге тиісті еді, біршама уақыт өтсе де, қасқырдың қарасы көріне қоймады. Тісқақты сыралғы Жалбай асықпай қасқырдың бет алған бағытын білмекке дүрбісін тарта берді. Бала Жалбай қозғалмаған сайын тықыршып, атына міне шапқысы келіп тұр. Қасқыр деген қайырмақтауға көнетін жылқы емес екенін қайдан да білсін... Екі атты үйтасты айналдырып тасаға байла деп бұйырды Жалбай балаға. Өзі қойтастарды паналап жатқан бойы дүрбісін көзден алмады. Аттардың тасалануын күткендей ақ,қасқырлар иықшаға шыға келді.Жалбай ұзаса екі қасқыр шығар деп ойлаған.Таң қалған мосқал аңшы алты қасқырды көргенде не істерін білмей дағдарып қалды. Оқ шығаруға арақашықтық алыс. Қуып жететіндей, жер ыңғайы да жоқ, аты да шабан. Екі қасқыр түстікке қарай қиыстай тартты. «Ммм қуларым-ай» деді Жалбай басқасына жол ашып көз жаздырмақ болған тағылардың әккілігіне қайран қалып. – Ана екеуінің соңына түскен бол да, тасаға енген соң, қайталай кері қайт, - деді балаға. - Мен тауды қырқындай басқасының алдын тосып атайын. Сонау көрінген шақыру тастан кезігейік. Өз атын да Бөріқұлаққа жетектетті де, үйтастардың тасасымен қыратқа шығып, өз жатқан тұстарына қасқырлардың келуін күтті. Қос қасқыр екі аттың баранын көрісімен онан әрі зытты.  Аңшылар артымыздан түсті деп ұққандай болды. Жалбай тұрғыны алып үлгерді. Мылтығын оқтап қарсы алдынан төрт қасқырдың шығуын жасырынып жатып күтті. Ол ентігін басып болғанша, сүт пісірім уақыт ішінде құлдап сай тағанына қарай тартқан төрт қасқыр да айналып қыратқа шыға келді. Ең алдыңғысы бөрілердің алдымен алысты көретін дағдысымен Жалбай жатқан қыраттың ары жағындағы биікке қараған еді. Тау биігінің табалдырық тұсында, дәл төменгі жақтарында жатқан аңшыны байқамады. Сезікті ештеме көрмегендей болды ма, топты бастап аңшыға қарай бүлкектеп жорта беріп, иіс алған тәрізді, не аңшының қылпын көріп қойды ма екен кілт тоқтап кері бұрылуға айналды қайтадан. Арақашықтық недәуір жер болса да, бұдан ары тосса оқ шығару мүмкіндігінен айырылатынын білген аңшы алдыңғысын көздеген бойы шүріппені басты. Мылтықтың ашы дауысы гүрс етіп, көк түтіннен алдыңғы жағын көріп болғанша шошына жалт берген бөрілер көзден ғайып болды. Топ басшысының үйіріле қыңсылап құлағанын көргенімен өзгесінің оқ шығартпай құтылып кеткеніне өкіне түсіп, олжасына жүгірді. Тыпырлап жатқан қасқырды күмісжал жануарым үшін деп, оқ шығартпай кеткен серіктерің үшін деп, бөрінің киесі болса, иттің иесі бар, Дөңгежатты талап өлтіргендерің үшін деп мылтығын тіреп тұрып шүріппесін басып мүрдемге жіберді. Алайда ат пен иттің түбіне жеткен нағыз абадандардың балаға шабуылдағанын білмеді. Бұл уақытта қыстың қысқа күні де тасаланып, екінті ақшамның арасы болып қалған еді. Бір қасқыр болса да атып алғанына көңілі пәс аңшы, бала есіне түскенде бойын қорқыныш биледі. Тез кері айнал деп едім ғой, келетін уақыты болды, япыр ау, қайда кетті деп ойы сан саққа кетті. Баланың аты бала қызық көріп тағылардың соңына түсіп қуам деп ұзап кетіп жете алмай жүр ме? Немесе аттан жығылып... Өз ойынан өзі шошына бала кеткен бағытқа тартты жаяулап. Қалың киімін қасқырдың қасына қалтырып жеңілтектеңденіп ылдиға қарай жүгіре басты. Бір шақырымдай құлдаған соң тасқа байлап кеткен екі аттың үстінен түсті. Оны да жан жағына зер сала қарап жүргенінің арқасында оң жақ қапталында қалып бара жатқан жерінен көрді. Жүрегі сәлде болса орныққандай болған Жалбай баланың қасқырларды атып алмаққа көңілі әбден кеткенін білді. Бөріқұлақ көкжалдардың артынан әудем жер ерген соң қарасын да көре алмай, біраз сандалып тұрды да кенет бір ойға келді.Тағылар түлкібұлтаққа салып бөріктілерді екі бағытпен қашып алжастырмақ ниетте екенін зердесімен сезді де, бөрілердіңшығыс беткейдіайналып ақырғы кезігетін түп қазықтары Қызылқыпшалдағы қасқыр соқпасы ма екен деп түйді ішінен. Сосын екі атты шылбырынан қосақтап төменге қалтырды да, тау қыратына жаяу шықты. Аттарды тастап кету себебі қасқырлардың алдын тосуына кедергі келтіреді, үркіп пысқырып, екіншіден көкесі көрсе артынан сөзсіз тау қыратына шығып көмекке келеді деп ойлады. Алғашқы рет қасқыр аулауы болғанымен баланың болжамы расқа шықты. Жалғыз қателескен жері қарсы алдынан шығады деп тосып жатқан қос көкжал өкпе тұсынан тым таяу жерден бейғам өтіп барады екен. Баланың жүрегі аузына тығылды. Жастан асқан сәби күнінде асыранды бөлтіріктермен бетпе бет келгенде де бұлай шайлықпаған шығар? Онда қолында қару тұрмақ аяғын дұрыс басып жүре алмаушы еді? Қандай қабаған иттің мысын бастың емес пе,ат жалын тартып мінгеннен бері... Бойыңда бөрінің қаны бар, олар бөрі болса сен шерісің дейтіндей қанатты ой қабаттасып. Көп ойланып жатарға уақыт болмай алдымен алдыңғысын атпақшы болғанда жартас қалқалап қалды да, соңындағы құртқасын көздеді. Баланың аңға деген ерекше қасиеті бар екені осы арада көрінді. Шулан шыр көбелек айналып барып ұшып түсті. Мылтығын алып алдыңғы арланының соңынан жартасты айналып жүгіре бергенде шуланның қыңсылаған дауысына жалт бұрылған тайыншадай көкжалмен қарсы ұшырасты. Мылтыққа оқта салып үлгермеген еді. Баланың бойын ашу-ыза, үрей қорқыныш бәрі бір мезетте жайлап өтті. Он бес жыл, он бес жыл өткен соң түз тағысымен қайталай бетпе бет кезікті. Мынау үлкендігі тайыншадай арлан сондағы дәубас, Жемсоғар атанған бөлтіріктен аумайды екен. Ол кезде бала кішкентай сәби еді. Жемсоғар торға түскен тотыдай, адамдарға бағынышты байлаудағы жүні жетілмеген кішкене бөлтірік болатын. Серігіне қайырылған қасқырдың көзінен от шашырап қанталап кетіпті. Тағы да сен бе,осыдан он бес жыл бұрын аяғыңа шалынып жығылып жүрген балғын шағыңда азуға басу керек еді дейтіндей құлқын қамының қара тасы сопаң етті таразы басынан... Баланың жанарынан да жалын атты. Келсең кел,иттің иесі болса бөрінің киесі бар дейді ғой. Сендерде кие болса жас нәресте кезімнен бері қорғап, сақтап келген менің періштем бар. Ешнәрсені білмейтін сәби шағымда мені періштем қақса, тауға қарап ұлыған байлаудағы сендерді бөрі киелерің құтқарды. Сол сәтте жемедім дейсің ғой. Ол кезде сен байлауда, мен ойнауға әуес құртақандай мақұлықтар едік. Онан бері көп жыл өтті. Сен жетіліп абадан болдың. Өстің, өндің, малға қырғидай тидің. Өзіңді құтқарған сол адамдарға қастығыңды аямадың. Ал, мен болсам ержеттім, жігіт болдым. Жақсылыққа жамандық қылған сенен кек қайтаруым керек болды. Сен кәрі арлан болсаң, мен әлі де жете қоймаған бағланмын. Бұрын бабаларымыз жаугершілік заманда алдымен дала заңы бойынша жекпе жекке шығады екен. Сан мың қол жекпе жекке шыққан қос батырға дем беріп тек ғана қарап тұрады екен. Кім жеңсе сол батыр. Сенде түз тағысысың, дала заңына бағынуға тиістісің. Менде көкбөрі елдің ұрпағымын, дала заңына бағынамын. Мені анам тапқанда адам баласының абыройы төртаяқты тағылардан артық тұрсын деп бөрінің қанын ішіп жеріктігін басыпты. Сондықтан да мен сендерді аулауға құмармын. Сендерді қанша атқан сайын менің жасым сонша ұзара түседі. Менің пешенеме жазылған тағдыр сол. Бөріктінің бойынан адамға тән ,адамдық сана әділет таразысынан бой көтерді. Қасқыр қарсы алдынан тап болған бала жігітті жұлып түсердей тіке қарғыды. Ен жотада қос бөрінің қиямет шайқасы осылай басталды. Бірі көкбөрінің ұрпағы бөрік киген, бөріқұлақты адам бөрі. Екіншісі аузын айға білеген көкжалдардың тұқымы, Мұзтаудың қандыауызы. Жас пері жылдамдық таныта жалтарып үлгерді. Көкжал өз екпінімен екі метрдей жерге құлады. Бөрі қайта айналып қарғығанша бала да ұмтылды. Қасқыр тұра салысымен қайта секірді. Бұл жолы арақашықтық тым жақындықтан шаппа шапқа келіп қалды.Абырой болғанда баланың қолы бөрінің құлағына ілікті. Әйтседе қасқыр сол иығын қауып өткендей болды. Тайыншадай арлан тым күшті екен. Опыр топырда бала астына құлады. Өмір мен өлім жолындағы арпалыс... Бөрікиесіне жолыққан... Қасқырдың ауызы оң шекесін қауып қалғандай болды тағы да.   

 

Асауды құлақтайтын қайратты қол екі құлақтан айырылмай, қасқырдың ауыз салуынан қорғауда. Десе де қабағынан жылымшы нәрсе ағып көзіне құйылды. Жан бермек оңай ма аяғындағы қатты керзі етікпен жыртқышты бүйірден тепті. Қаңқ етіп қыңсылай бұлқынған көкжалдың құлағы баланың қолынан шығып кете жаздады. Екінші рет жандәрменде бүйірден тепкенде сол қолы қасқырдың бұлқынысына шыдамай құлақтан айырылып қалды. Көкжалда әлсірегендей болды ма баланың оң жағына қатарласа жығылды. Жас перінің бос қолы бөрінің алқымына жабысты ілезімде. Көз алдына өмір елестеді. Анасының құлыным, жалғызым берілме, сен абадан алғыр боп өссін деп бөрінің жұттым қанын да деп жылаған зар үні жеткендей болды құлағына. Сол қолы талмаусыраса да, көкжалдың алқымын езе берді. Жалбай келіп қарысып қалған қолды ажыратқанда тайыншадай арлан жас перінің қолынан жантәсілім болған еді. Қабақтан аққан қанды тоқымдықтан алып күйдіріп басқан Жалбай: «А, құдай өзің сақта! О, жаратқан, тіл көзден сақтай гөр! - деп жылап жіберді. Он алтыға жаңа ғана ілінген бозбаланың бір бөріні атып, бір бөріні қолымен буындырып өлтіруі аңыз болып тарап кетті Мұзтаулықтарға. «Ұлың абадан алғыр болсын десең, жерік асың жақсы болсын», - десті жұрт.

 

Қасқырбай мұның бәрінен бейхабар, сол күні кешке сандырақтап жатып көз жұмды. «Баласының ауыртпалығын әкетті», - десті жұрт тағы да. Бөрі киесіне жолыққан...

 

 

Алаш Кеңшілікұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed