One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Ақнұр Мұратқызы


Ақнұр Мұратқызы Асылбек, 2001 жылдың 18 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Сайрам ауданына қарасты Таскешу ауылында дүниеге келген. Әдебиетке деген махаббатым бала кезімнен бастау алып, мектеп қабырғасында жүргенде әртүрлі дәрежедегі әдеби байқаулардың жеңімпазы атанған.  Мектепті Алтын белгімен аяқтаған. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде филология факультетінің 1-курс студенті. Мерзімдік басылымдарда мақалалары жүйелі түрде жарияланып тұрады.

Менің Таскешуім

Менің Таскешуім. Ата-бабамның Шұбарсудың тасын кешіп, көшіп келіп отау тіккен жері, бұл күнде Түркістан облысы, сансыз баптар мекені Сайрамға қарасты шағын ауыл. Шағын, бірақ жүрегіме ыстық. Кіндік қаным  тамып, кір-қоңымды жуған алтын тұғырым –  ауылымның табиғаты мен үшін С.Сейфуллин суреттеген Көкшетаудан, І.Жансүгіровтің  Жетісуынан, О.Бөкей шығармаларына арқау болған өр Алтайдан да сұлу. Қысы-жазы айнадай жылтырап жататын Қайнарбұлақ көлі – ырыс-берекенің құтты қайнар бұлағындай. Жыл бойына тым байсалды болып, тырп етпей жатып, көктемде суы арнасына сыймай, буырқанғанда бар ашуын гүрілдеген зор даусымен шығарып алар Қызылсуы қымбат маған.  Көктемде Аққабақта құлпыра шығып, көздің жауын алар қызғалдақтар шынында да қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін дәлелдеп тұрады. Ал, таң сібірлеп ата бастағанда күншығысқа қарасаңыз, қазақтың қара шаңырағы қарт Қаратау сілемдері көзге түседі. Оның сұлулығын айтып жеткізерде тілім байланады.

Ауылым,  туған жерім мен үшін қастерлі ұғым. Жер бетінде қашан келсең де құшағын кең ашып, бар мейірімімен қарсы алар жұмақ мекен бар болса, ол – туған жер. Шетке шықсаң, сағынып, көңілің алабұртып, өзгеше күй кешесің. Жеткенше асығып, қуанып көрісесің. Тіпті, ой-қырында өріп жүрген төрт түлігі мен сары алтындай самсап тұрған егістіктерді де сағынады екенсің.

Бүгінгі күнімізді жаһандану дейміз, басқа дейміз, әйтеуір олқылықтың бәрін заманға бұра береміз. «Ауылда болашақ жоқ» деп қанша жас қалаға кеткенімен, соның барлығы күйлі-қуатты, бақуат өмір сүріп жатыр дегенге сенбейміз ғой. Екінің бірі пәтер жалдап, бөгденің босағасын паналайды. Кемі екі жерде жұмыс істеп, күн демей, түн демей жан бағудың қамында жүр. Бәрінің айтар сылтауы бір – «ауылда болашақ жоқ». Осы жасаған еңбегін, қажыр-қайрат, маңдай терін  ауылға салса, қазақтың құт дарыған, түгін тартса май шығатын кең байтақ даласы пайдадан кенде қылмас еді ғой. «Әрекетке – берекет» деп,  «дипломмен ауылға» келіп жатқан жастардың бәрі еңбегінің жемісін көруде. Үй-жай, жұмыспен қамтамасыз ететін бағдарлама барда, қайта, қала жастары ауылға ағылуы керек емес пе?!

Бірақ, туған топырағын түлетіп, туып-өскен жерінің тамырына қан жүгіртіп, болашаққа өз ізін қалдырған тұлғалар да аз емес. Ауылдың қасиетті топырағы небір дарындарды дүниеге әкелді. Отан-ананың осындай елін сүйген ұлдары ел қамын күйттеп, ауылдың жағдайын жақсартуға белсене атсалысып жүр. Сонда да болса, Шымкенттей мегаполистің орталығынан небәрі жиырма шақырым жердегі біздің ауылда көгілдір отын мәселесі шешілмей тұр. Байқауды «Ауыл» партиясы өткізеді деген соң, ауылдағы ағайынның базынасын айтқым-ақ келген. Ағымнан жарыла жазған бұл эссе ауылыма деген кіршіксіз махаббаттан туғандықтан, бар кемшілік пен мәселе атаулыны көзің де көрмей қалады екен. Себебі, алтын бесігім – ауылымды бәрінен биік қоямын.

Мен – елін, жерін шексіз сүйген перзент, ауылдың жаңа үміті, жас түлегі ретінде өз елімнің, соның ішінде ауылдың өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Жасым әзірге небәрі 17 де ғана. Бұл жас өз Отанын сүйген жас өрен үшін аз да, көп те емес деп есептеймін. Сондықтан, теңізге тамған тамшыдай мен де туған жердің өсіп-өркендеуіне қосар үлесімнің әлі алда екенін білдіре отырып,  ойымды Ә.Сәрсенбаевтың мына өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр:

... Сенен артық қасиет жоқ-ты, жер, тегі,

Сен – ұрпақтың күліп атар ертеңі,

Тағдырыңды тапсыр маған, туған жер,

Көркейтуге міндеттімін мен сені!   

Leave a comment:
Captcha