One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ


Жәди Шәкенұлы,  1967 жылы 5 мамырда Қытай аумағына қарасты Алтай аймағында – Ертіс өзені жағасында дүниеге келген.

1985 жылы Алтай аймақтық педагогика мектебін, 1991 жылы ШҰАР ағарту инситутын, 2001 жылы Абай атындағы  Алматы мемлекеттік унверситетінің аспирантура (филология) бөлімін тауысқан.

Алтай қаласына қарасты Шірікши ауылында мұғалім, қалалық радио-телевидения мекемесінде диктор, қала әкімі кеңсесі меңгерушісінің орынбасары, ШҰАР қазақ радиосында тілші, т.б. жұмыстар атқарған. 

1997 жылы атажұртқа оралған. 

«Шалқар-2» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газеті проза бөлімінің меңгерушісі, «Үн» журналының бас редакторы, Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қорының президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы, «Жас қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір Қоянды орта мектебінде директор. Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

«Ақбота», «Балқаймақ», «Қытайдағы қазақтар», «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Жәнібек батыр» кітаптары жарық көрген. «Ақбота» кітабы Қытайда, «Ақбалапан» кітабы Түркияда басылып, өзге ел оқырмандарының оң бағасын алды.

Балаларға арналған мысал әңгімелері Қазастан Республикасының бастауыш сынып оқулықтарына, әңгімелері туралы зерттеулер әдебиет теориясы жинақтарына кірді.

Бұдан сырт Ақыт Үлімжі, Асқар Татанайұлы, Мағаз Разданұлы, Қажығұмар Шабданұлы, Қызырбек Оралов, Сейітхан Әбілқасымұлы секілді шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларының Атажұртта жарық көруіне өзіндік үлесін қосты. Ер Жәнібектің басына ескерткіш орнату және Оспан батырдың 110 жылдығы, Ақыт Үлімжіұлының 140 жылдығы, Асқар Татанайұлының 100 жылдығы қимылдарын ұйымдастыруға көрнекті еңбек сіңірді.

«Талбесік» (ҚХР ақындары), «Жиһаншах» (Ақыт Үлімжіұлы), «Оспан батыр» (Ө.Нәби, Д.Кәппен бірге), «Жас толқын» проза. (Ұ.Зәуірбековамен бірге),  «Жас толқын» поэзия. (Ұ.Зәуірбековамен бірге), «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Армысың Атамекен», «Күнгей бет» (ҚХР ақындары), «Ер Жәнібек» (1-том), «Оспан», «Жүзім бағы», т.б көптеген кітаптарды құрастырып шығарды. Осы арқылы алыстағы ағайынның елге оралып отанға үлес қосуына көпір бола білді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосты.

 

АУЫЛ МАХАБАТЫ

Үш бөлімді пьеса

 

Қатынасушылар:

 

Ержан – студент жігіт.

Жанат – Ержанның әкесі.

Айғаным – Ержанның шешесі.

Жазира – студент қыз.

Ақбала – Жазираның шешесі.

Ахмет – Жазираның әкесі.

Тағы бірнеше қосалқы кейіпкерлер.

 

Оқиға 2010-2018 жылдары Қазақстанда өткен.

 

БІРІНШІ БӨЛІМ

 

Бірінші көрініс

 

Қаладағы бақша. Қалың ағаштар арасы. Бақ ішінде гүлдер егілген. Құстардың сайрағаны естіледі.

Қыз бен жігіт қатарласып келеді.

Ержан: Жазира, шыныңды айтшы. Шыныменде ауылға барғың келмей ме?

Жазира: (Күледі) Ауыл!? Ауылдың несі қызық? Өзім де ауылдан шықтым. Біз ауылда жүргенде теледидардан думандатып жатқан қала салтанатын көріп ертегідей елестететін едік. Ержан, сен біздің ауылды білмейсің ғой. Білсең бар ғой... (тағы да күледі). Ит байласа тұрмайтын жер...

Ержан: (Қабағын түйіп): Жазираш, қызық екенсің. Мен қалада тусам да әжем ауылда тұрады. Уақ-уағымен әжеме барып тұрамыз. Маған ауыл сондай қызық. Барсам кеткім келмейді. Ал, сен болсаң ауылдан үркесің.

Жазира: Ойбой, анда-мұнда барып ет жеп, қымыз ішіп қыдырып қайтқан адамға, әрине, ауыл қызық. «Басы ауырмағанның құдаймен жұмысы жоқ» дегендей басың ауырмаса, балтырың сыздамаса, бір барған қонаққа бәрі де әдемі көрінеді. (Бұртиып жерге қарайды)

Ержан: (Тоқтай қалып, қыздың бетіне үңіліп) Сонда қалай, қандай қиындығы бар?

Жазира: Сен сұрамасаң жақсы еді, мен айтпасам жақсы еді. Ауыл-ауыл деп қақсадың да қалдың. Біздің ауылдың атын естіп үркіп кетпесең болды. Ал ауылдың затын көрсең ғой, (Сықылықтай күледі) біздің ауылды көрсең, онда тұра қашарсың. Ауыл түгілі сол ауылдан келген мені көріп тұра қашпасаң болды. (Мазақтағандай, Ержанға қадалып сықылықтай күледі)

Ержан: Жә, жә, жетер. Өзім ауылда тумасам да әкем ауылда туып өскен. Ауылдан үріксем баяғыда үркіп кетпес пе едім. Қызық екенсің. Қашсақ сол кезінде көрерсің. Сенің ауылың сондай қорқынышты ма не? Өзіңе қарасам әп-әдемі қызсың.

Жазира: (Қабағына мұң ұялатып ауыр күрсінеді) Жеті атамыздан бері ауылда туып, ауылда өсіп келеміз ғой. Жеті ата деймін-ау, тап менің жетпіс жеті атамнан бері ауылда өскен шығар. Туған жерін, өскен ортасын кім жамандайды дейсің. Бірақ, ауылда да ауыл бар. Біздің ауыл қаладан да, облыс орталығынан да шалғай. Мен кейде қай-қайдағыны ойлаймын. Әлем дамыған, бүкіл дүние жүзіне танылған ел болдық деп масайрағанда сондаймыз. Ал, біздің ауыл қалың адырдың арасында әлде кімдер ұмыт қалдырған жыртық астаудай сол баяғы жұтаңқы күйінен әлі өзгерген жоқ. Айт-айт дейсің, айтсам жүрегім ауырады. Айтпасамда жүрегім ауырады. Сондықтан да ауыл туралы әңгіме қозғау менің дертімді қозғағанмен бірдей.

Ержан: (Қыздың бетіне аялай қарап) Мен де талай ауылды көріп жүрмін дедім ғой. Мен көріп жүрген ауылдар шынында да қалаға жақын ауылдар. Әкемде бір машина, шешемде бір машина. Анда-санда ұбап-шұбап, ұлардай шулап ауылға барамыз. Жолы да жақсы. Сондықтан болар – сенің ауылыңның бейнесін расында да көз алдыма келтіре алмай келемін. Әдейі мазақтап келе жатқаным жоқ. Ауылың соншалық жұтаңқы, сүркейлі ме? Бөгелмей айта берші...

Жазира: (Төмен қарап, тағы да күрсінеді, жерге құлап қураған жапырақты еңкейіп алып, үрлеп айналдыра, сөзін жалғай берді) Е, «біздің ауыл сұрасаң Белтұрғанда, биік ағаш солқылдар жел тұрғанда» демекші, біздің ауылдың аты «Жалғыз ағаш». Қайдан қалай қалғаны беймәлім, ауыл сыртындағы белегірде бағзыдан қалған жалғыз қарт қарағай бар. Сыртқы қабықтары тоза-тоза бейшара қарттың кеспіріндей тым жұтаңқы. Кеңес одағы кезінде ауыл ішіне ағаш егілген екен. Бұл күнде оның көбі де қураған, оталған. Селдір-селдір ағаштар ғана. Сенесің бе (Ержанның бетіне қарап) біздің ауылға әлі күнге дейін ауыз су бармаған. Сәбет заманындағы ескі құдықтардың бәрі құрып, қазір ауыл ортасында бір ғана құдық қалды. Адам мен мал бозала таңнан кешке дейін сол құдықтың айналасында кезекте тұрамыз. Ал жолын көрсең ғой. Саған өтірік, маған шын, асфалит жоқ, қалың шұңқыр, кедір-бұдыр әбден тозған ескі сүрлеу ғана...

Ержан: (Таңданған раймен бағжия қарап) Ойпырай-ә, шын айтып келесің бе? Шынымен де біздің елде әлі де сен айтқандай ауылдардың бар болғаны ма? Басқасы басқасы дейік, ауыл бойынша жалғыз ғана құдыққа телміріп отарамыз дегенің тіпті де ақылға симайды. Сенейін бе, сенбейін бе, әлде, мені қорқыту үшін, ойдан құрап келе жатқан жоқсың ба?

Жазира: (Оған мазақтағандай сыңаймен күле қарап) Мен саған айттым ғой. Қорқасың, қашасың деп. Енді тыңда, ешқайда қаша алмайсың (Жігіттің етегінен ұстай алады да, аузын оның құлағына таятып, дауысын созақтата зорайтып) Дәәәл, сооолай, біздің ауыл дәәәл соолааай, енді қашамын десеңде қаша алмсайсың, ақыры тыңдаған соң, соңына дейін тыңда! Бізде он бір жылдық орта мектеп бар еді, ауыл тұрғындарының көбі көшіп кеткендіктен немесе балаларын қалаға апарып оқытқандықтан, орта мектеп статусынан айрылып, негізгі мектеп қана болып қалды. Онда тек 9-сыныпқа дейін ғана бала оқиды. Дәл осылай тұра берсі енді негізгі мектептен бастауышқа қысқарып, ақыр-аяғында ол да жоқ болатын шығар. Мектеп құрылысының өзі әбден көнеріп, құлағалы тұр. Ауылда мәдениет үйі, клуб дегенің атымен жоқ. Ал керек болса... (Көзін бағжита Ержанға қарап, оның етегінен қолын босатып, иығынан жеңіл итеріп) Ал, қаша ғой. Қаша бер...

Ержан: (Қыздың қолынан ұстай алып) Жоқ, Жазираш, мен ешқайда қашпаймын. Бірақ таңданғанымды несіне жасырайын. Мен Алматы мен Астана қаласын күнде көріп, көзім соған үйренгені рас. Бірақ қара қазақ баласы қазірде дәл осындай ауылда тұрады десе, бұл күлетін де, қашатын да шаруа емес. Жылайтын іс, қашпақ түгілі жылайын десем, сенен ұялып тұрмын. Ауылдың бейнесі шынымен де сен айтып тұрғандай ма?

Жазира: Рас, сенбейсің. Сен түгілі шенеуниктермен әкімдердің де сене қоюы екіталай. Бірақ шындық осылай.

Ержан: Сонда ауыл тұрғындары қалай жан бағады, күнін қайтіп көреді? Қандай тіршілікпен айналысады?

Жазира: (Тағы да мұңайып) Қырпуы барлар түгелімен сыртқа кетті, қала жағалап кеткендер де аз емес. Ауылда не жұмыс болсын. Көбі 5-6 сиырын ермек қылады. Сүтін ішеді, ішкеннен асқанын сүт, айран, құрт-ірімшік түрінде қалаға апарып сатады. Тауық бағады, тауықтың жұмыртқасын сатады. Одан қалса кемпір-шал баққандар солардың аз зейнет ақысын аужал етеді. Ауылдың тірлігі осылай. Осындай құлазыған ауылды көргенде, ауыл түгіл өз үйіңнен де безіп кеткің келеді. Безе алмайсың. Жоғарғы оқу орнын тауысқандардан ешкім де ауылға барығсы келмейді. Еден жуушы болса да қалада қалғысы келеді. Табақтай дипломы бар кейбір жігіттер ауылдан қашып, базарларда арба сүйреп күнелтіп жүр...

Ержан: (ауыр күрсініп, мұңмен бір әнді ыңылдады)

Қаратаудың басынан көш келеді, ооооу,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, ооооу, елім-ай, елім-ай..... (Кенет, даусы айқайлай шығып) Қайран елім-ай, елім-ай! Сонда біздің қазақтың ауылы анау болса, оқыған-тоқығаны бар қыз бен жігіттің түрі мынау болса, ауылды кім түзейді, сонда... айтшы, Жазираш, айтшы....

Осы кезде сахнада қараңғылық түсе бастайды. Сахна төріне адырлы қырқалар суреті түседі. Сол адырлы қырқалардың бергі жағында мал қайырыған шалдың сұлбасы көрінеді. Шал баяу мұңмен, сағыншыпен әндетіп барады:

 

Кіндігімнің жас қаны,

Тамған жері ауылым.

Шабытымның асқары,

Самғаушы еді ауылым.

 

Жастығымның куәсі,

Шұрқыраған ауылым.

Жусаны мен жуасы,

Бұрқыраған ауылым...

 

Биік-биік шың-құзға,

Құмар қылған ауылым.

Бүлдіршіндей бір қызға,

Сыңар қылған аулыым.

 

Әнмен таңды атырып,

.......

(Әннің аяғы аяқтамай, ақырын-ақырын естілмей, шалдың дауысы созыла барып үзіледі. Сахнада қараңғылық үйіріледі)

 

Шымылдық

 

 

Екінші көрініс

 

Ержанның үйі. Қаладағы қабат үйдің кең бөлмесі. Тай шаптырым дегендей қонақ бөлме, үй жабдықтарының бәрі бар. Қабырғаның жартысын алып жатқан үлкен телевизор тұр да, оған қиыс бетте таулы өлкедегі көл жағасына тігілген киіз үйлерді бейнелеген аспалы сурет ілінген. Төрдегі диванда Ержанның әкесі Жанат шынтақтай қисайып, ұялы телефонын шұқылап отыр. Сырттан кірген Ержан төрдегі қонақ үстелге қойылған орындықтардың біріне келіп отырып жатып, әкесіне қарады.

Ержан: Әке, қазіргі Қазақстандағы ауылдардың жағдайы мәз емес десе, сіз соған сенесіз бе. Менімен бірге оқитын курстастарыммен әңгімелесіп едім, олар тұратын бір ауылдың жағдайына қайран қалдым. Шынымен де кісі нанғысыз.

Жанат: Е,е, балам! Жас елміз, жаңа тәуелсіздік алған мемлекетпіз. «Көш жүре түзеледі» деген ғой. (Жанат аса мән бермей телефонын шұқылап отыра береді)

Ержан: Әке, мен қай жылғымын?

Жанат: (Таңырқаған сыңаймен басын көтеріп) Балааам, жәй ма? Қай жылғымын дегенің қайткенің!?

Ержан: Мені тәуелсіздіктің бесінші жылы дүниеге келгенсің дегенсіз. Сонда қазір жиырмадан асып барамын. Солай ғой?

Жанат: Солай, балам! Сонымен....

Ержан: Қымсетсе маған: «бала емессің, оң-солыңды айыратын атпал азамат болдың» деп ұрсасыз. Сол секілді елімізде өзінің азаматтық, толысқан шағына келді ғой. Ал сіздің «көш жүре келе түзеледі» деп жатқан түріңіз мынау!

Жанат: (Баласына аңтарыла қарап, түзеле отырды) Балам, сенің азамат болғаныңды бүгін көріп отырған сияқтымын. Әңгіменің ашығын айтшы. Ауылдың жағдайына не болыпты дедің?

Ержан: (Орнынан тұрып әкесінің қасына келіп тізелесе отырды) Жалғызағаш деген ауылдан келген Жазира деген бір қыз бар еді. Алтын белгі иегері болып, университетке түскен. Өзі беске оқиды. Сол университет тауысқан соң ауылға бармаймын, қалада қаламын дейді. Ауылға неге барамайсың десем, «су жоқ, жол жоқ, жұмыс жоқ» қалың жоқтың астына алды. Бүкіл әлем электрон дәуіріне өткенде, біздің елде дәл сондай ауыл бар дегенге тіпті де сенгім келмеді. Сенбейін десем, қыз өтірік айтпайтын қыз.

(Осы кезде қонақ бөлмеге Ержанның шешесі Айғаным кіріп келеді. Әңгімені шалаңқырт естіп қалған сыңайлы. Самбырлай сөйлей кірді)

Айғаным: По, әке-балалы екеуінікі рахат қой. Қандай қыз туралы айтып жатырсыңдар. Ұлың үйге келін әкелейін деп жатырма не?

Ержан: Мама, менің айтып жатқаным ондай қыз емес.

Айғаным: Енді қандай қыз? Жүретін қызың ба? Әкесі-ау, мына ұлыңа айтсаңшы, қыз десем болды сөзді басқаға бұрады. Келін туралы тіпті айтпайды. Әліде сенің құлағыңа сыбырлап отырма. Елдің осындай ұлдары бір-бір әдемі қызды қолтығына жабыстырып алып, ата-анасын қуандырып жүр. Бұл болса...

Жанат: Ұлың есейген екен...

Айғаным: Оой, айналайын, бәсе, маған айтпай әкесіне айтып отыр екен ғой. Әрине, есеймегенде, не! Соқталдай жігіт болды. Сонымен қандай қыз болды?

(Жанаттың сөзін үзіп жіберген Айғаным ұлының бетінен сүйіп алып қатарларына отыра қалды)

Ержан: Мама, қыз дегенде ондай қыз емес. Ауылдың қызы...

(Шешесі тағы да сөзін үзіп жіберді)

Айғаным: Ештеңе етпейді құлыным, бәрімізде ауылдан шықтық. Ауылдың қызы болса не болыпты. Ауылдың қыздары жұмыстың бәрін көрген, пысық, ширақы болады. Қазіргілерді айтам-ау, кейбіреуі аяғы салбырап аспаннан бірден қалаға түскендей мұрнын шүйіріп отырады. «Анау ауылбай қыз», «мынау ауылбай жігіт» дейтінін қайтерсің. Қаланың тік бақай қыздарын айтпай-ақ қой. Бізде сол ауылда туып өстік, Аллаға шүкір, ешкімнен кем-қор болып отырғанымыз жоқ. Не болса ол болсын, өзің ұнатсаң болды. Үйге тезірек ертіп келсеңші...

Жанат: Оооу, мамасы, сөзге қонақ бермедің ғой. Ұлың есейіпті дегенім ұлың қыз туралы емес, ауыл туралы айтып отыр. Менің соны меңзеп айтқаным ғой. Бір қыздың айтуынша ауылдарында тоқ жоқ, су жоқ, жол жоқ екен. Балаң «әке, қазір де сондай ауылдар бар ма?» деп соны сұрап жатыр.

Айғаным: (Ернін сылп еткізіп орнынан тұрып кетеді) Сендерде сөз ететін нәрсені тапқан екенсіңдер. Сен әкім бе едің, депутат па едің? Оны мықты болса үкімет өзі шешпей ме?! Ауылдан әзер құтылып қалаға келіп адам болғанымызды ұмытып қалдыңдар ма? Енді не, ауылдың бір қызы жылаған екен деп қайта ауылға көшейік пе? Келін туралы айтып отыр екен деп қуанып қалсам. Қойшы ары, ауылды сендер-ақ айта беріңдер. Мен түріктің махаббат сериялын көре берейін.

Осыны айтқан Айғаным пултты алып, теледидарды қосты. Теледидар хабар көрсетіп жатыр екен.

Теледидардан: «қаладан шалғай кейбір ауылдар әлі күнге дейін ауыз судан тапшылық көріп отыр.....» деген жүргізуші сөзі шығып, тілшінің нақ майданға барған көріністері көрсетіле бастады.

Айғаным: Туу, мыналар уағдаласып алған ба, теледидарда ауыл туралы айтып жатыр ғой. Сериял әлі басталмаған ба?

Айғаным пултты диванға лақтырды да, қонақ бөлмеден шыға жөнелді.

Әкелі-балалы екеуі үнсіз хабарға тесілді.

Қайсы ауыл екендігін хабардың басында айтып кетсе де, ауылдың жолы, ауыл ортасындағы жалғыз құдықтың суына таласқан ауыл тұрғындары, әлде кімнің ауыл туралы айтқан жан айқайы көрсетіліп жатты. Хабар аяқтағанда ұлы әкесінің бетіне қарады. Әкесі ауыр күрсініп орнынан тұып кетті.

Жанат: Балам, әлгі қыз айтқан қандай ауыл екен. Мекен-жайын білші, екеуіміз барып көріп келейік. Жақында бізбен істесіп жүрген араб азамматтарымен әңгімелесіп отырып, олар Алла Тағаланың сауабы үшін бір мешіт салатын жер болса дегенді айтқан еді. Олардың мұсылманшылдығы мен адамдығы бізді де тебірендіріп, биснесте бірге жүрген азаматтар бізде сондай ауылдардың біріне мектеп салып берсек дегенді ойлап едік. Егер бұл ауыл қолайымызға жақса, істің беталасын солай бұрғанымыз жөн екен.

Ержан: (Орнынан ұшып тұрып әкесін құшақтай алады): Әкешім, әкежан сөйтіңізші, осы жобаларыңызды іске асырсаңыз мен-ақ сол ауылға барып жұмыс істеуге дайынмын.

(Сахнаның артынан тағы да «Ауылым» әнінінің сарыны естіледі)

 

Шымылдық

 

 

ЕКІНШІ БӨЛІМ

 

Бірінші көрініс

 

Әкелі-балалы екеуі машинамен алыс ауылға барып, қайтып келе жатқан беті. Машина радиосында «Ауылға кел» әні.

Ауылға кел, ауылға,

Ауыл тойын тойлайық...

Жанат: Балам, сен шыныменде азамат болдың. Манағы ауылды көріп өз көзіме өзім сенбедім. Шынында да өте жұтаңқы екен. Айтпақшы, ауылға баратынымз хақында Жазираға айтып па едің?

Ержан: Жоқ, әке, айтпадым. «Арық айтып семіз шық» дегендей, бірден бітпеген іс туралы айтсам ыңғайсыз болады ғой.

Жанат: Балам, оның да жөн болыпты. Шешең айтқандай сен өзі келін туралы ештеңе айтпайсың ғой, әлде сол қызды ұнатып қалған жоқсың ба? Ұнастсаң айтсаңшы, жасырмай. Басы бос па екен?

Ержан: Әкее, сізде шешемшелеп болмадыңыз ғой. Шынымды айтсам негізі жаман қыз емес. Бірақ мінезі кейде ұяң көрінгенімен кейде, өте өжет – тік сөйлейді. Талай жігіт жақындамақ болып еді, бірде-біреуін жолатпады. Түзу қыз. Түзу болғанда сабақтан бас алмайды, басы артық нәрсеге бармайды. Ауылға бармаймын дегені болмаса, ар жағынан ауылын ойлап қатты күйзелетіні байқалады.

Жанат: Ондай жақсы қыз болса, сен неге  сөз салмайсың?

Ержан: Әке, сіздер Кеңес заманында өстіңіздер. Көп нәрсені еркіндікпен, ашық махабатпен өлшейсіздер. Ал қазіргі жастар да екі түрлі, бір тобы, осы сіздердің замандарыңыздай ашық-шашық жүріп, ойнап-күлгенді жақсы көреді. Екінші бір тобы қазақы дәстүрді, әдеп-ибаны ұстанады, мұсылманша жүреді. Арақ-темекіден аулақ, басы артық жүрісі жоқ. Жазира басы-көзін бүркеп жауып алмаса да таңертең-кеш намаз оқиды екен. Алла жолындағы адал қыз. Арамыз дос ретінде жақын. Оған махабат туралы сөз айтуға батпаймын. Мына жобалар іске асқанша оған мешіт, мектеп туралы айтуды да тосын сый ретінде қалдырғаным жөн сияқты.

Жанат: Балам, оның да жөн екен. Алла Тағаланың ол қызды саған жолықтырғаны, ауыл туралы айтқызғаны тегін емес шығар. Маған да арабтардың мешіт салу ойын айтуы, біздің мектеп салу туралы олйарымыз бәрін де бір белгісізі күш жатыр. Білесің бе, қазір азаматтардың көбісінің қалтасы қалыңдай бастады. Өзінен асқанын ауылына, еліне бергісі келеді. Қазақтың әр ауылы біздің ауылымыз ғой. Сол үшін де аянатын ештеңе жоқ деп ойлаймын.

Ержан: Әрине, әке. Жұрттың бәрі Қазақстанды менсінбей шетелге кетсе, ауылды менсінбей қалаға кетсе, сонда қазақтың түп отаны болған – ауылда кім қалады? Ауылдың жағдайын кім жасайды? Мұқғалағи Мақатааев деген ақынның «Ұят болды-ау» деген өлеңінде:

Сен де кеттің,

Мен де кеттім ауылдан,

Ол да кетті ауылдан,

Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, қауымнан!

Ұят болды-ау,

Ұят болды-ау,

Ұят болды-ау, бауырлар! – деген жолдар болушы еді. Шынымен де ауылдың жағдайы бүгінгі елдігімізден ұят болды!

Жанат: Алла қаласа арабтарға сөйлесіп, олар «Жалғызағашта» мешіт салуды бастаса, мен жора-жолдастарымды жиып, мектеп салу ісін қолға аламын. Ал Жазира жағын өзіңе тапсырдым. «Жақсы қыз, жақсы қыз» деп сен алаңсыз жүргенде біреу қағып кетпесін байқа, жігітім!

Әкелі-бала екеуінің жарыса күлген күлкісі естіледі.

 

Шымылдық

 

 

Екінші көрініс

 

Ержан университетте өз сыныбында жалғыз қалып, қалың кітапты жинап алып, ноутбукқа әлде нелерді жазып қарбаластап отыр. Кенет телефоны шыр ете түсті.

Аржағынан Жазираның үні естілді.

Жазира: Алло, алло, Ержан, қайдасың? Тез айтшы саған айтатын жаңалығым бар.

Ержан: Осында болсаң кабинетке кел. Сонда отырмын.

(Арада азғана уақыт өткенде жүгірген қыз туфилиінің дауысы есітіледі. Ізінше есік шалқасынан ашылып, Жазира кірген бойда айқайлайды)

Жазира: Сүйінші, сүйінші! (Ержанды құшақтай алады да, өзін тез босатып, оның қолынан ұстаған күйі бетіне тесіліп тұрып) біздің ауылға жаңадан мешіт, мектеп салынғалы жатыр екен.

Ержан: О о о, құттықтаймын. Үлкеен жаңалық екен ғой. Сүйіншіңе не беремін, не қаласаң соны ал.

(Осы кезде қыздың көзі Ержанның ашық тұрған ноутбугына түседі. Ондағы мектептің сызылып жатқан жаңа үлгісін байқап қалады)

Жазира: Ереке, сенде мектеп туралы ойланып жатырсың ба, не? Ноутбугыңда мектеп жобасын сызыпсың ғой.

Ержан: (Ыңғайсызданған бейне танытып): а, а, менікі әншейін, болашақтың жобасы ғой. Болшақта осындай бір мектеп салсам деген......

Жазира: Біздің ауылға мешіт, мектеп салғалы жатқандардың кім екенін білесің бе? Білмейсің. Айтпақшы, сен намыз оқымайсың ба? Мен әр күнгі намазымның соңында Алладан ауылға бақыт беруін сұраймын. Ораза айында қадір түнін күзеткенде де ауылымыздың мешіті, жаңа мектебі болса екен деп сұрағанмын. Соның бәрі енді келіп жатыр. Адам нені армандаса соған қолы жетеді екен.

Ержан: Жазира, сен жақсы қызсың ғой. Ылғида жақсылықтар туралы айтасың. Жазира, бір нәрсені қайталай сұрайыншы, ренжімесең.

Жазира: Әрине, ренжімеймін, сұрай бер, сен менің досымсың ғой.

Ержан: Университет тауысқан соң ауылға барасың ба?

Жазира: Бармағанда ше, ана жолғы айтқаныма әлі сеніп жүрсің бе не? (Қыз дауысын көтере күледі, соңынан аузын басып ала қояды) ауылыма періштелер келіп жатса, мен неге бармаймын.

Ержан: Періштелер? Қандай періштелер?!

Жазира: Жақсы адамдардың бәрі періште ғой.

Ержан: (Қуанышты бенйемен) сенде періштесің. Періштесі көп жерге менің де барғым келеді.

Жазира: (Екі беті қызарғандай төмен қарайды, сосын жүзі жайнап, басын көтеріп алады) Сенің біздің ауылды көргің келе ме, көргің келсе ертіп барайын!

Ержан: (Әдейі қулана қалжыңдайды) Жоқ, көргім келмейді. Ондай жаман ауылды көрсем қашып кететін шығармын.

Жазира: (Қос жұрыдығын түйіп алып Ержанның иығынан төпештей қуады, анау парталарды айнала қашады) Қашсаңда алып барамын!

Ержан: (Кенет тоқтай қалып, жүзін салқындатып) ауылыңа баруым үшін бір шартым бар. Соны орындасаң барамын.

Жазира: Ол қандай шарт?

Ержан: Сенің туған күніңді ауылыңда өткізейік. Сонда ғана барамын.

Жазира: (Қуанып секіріп кетеді) Оқо, жарайды, әрине, келісемін!

Ержан: Сосын тағы бір шартым бар?

Жазира: Мырза, шартыңыз көбейіп бара жатыр, түбі тыныш болсын, айт, қане?

Ержан: Мен қандай сыйлық ұсынсам да олқысынбай қабыл аласың. Және де менің қасымда басқа адамдар болса айыпқа бұйырмайсың.

Жазира: Қонаққа тарыла қалатын сендердің қалалықтарыңнан емеспіз, Аллаға шүкір. Ауылда бәрі бар. Жолымыз қисық болса да, көңіліміз түзу, суымыз аз болса да мейіріміз көп. Қаладағылар сияқты «уақытым жоқ» деп сырғақтай қашпаймыз, қай-қашанда құшағымыз ашық. Білдің бе, мырза?

Ержан: Білдім, білдім, Басеке! Ләпбай, тақсыр!!!

Екеуі кабинетті жаңғырықтыра күледі.

 

Шымылдық

 

 

ҮШІНШІ БӨЛІМ

 

Бірінші көрініс

 

Ауыл.

Жазираның жұпыны үйі.

Туған күн дастарқаны жасалған.

Жазира: Анашым, анашым, бүгін кімдердің келетінін білесің бе, менің ең жақын достарым.

Ақбала: Қарғам, (Қызының маңдайынан сүйеді) бақытты бол. Достарыңның ішінде ерекше жақын достарың болса, оны айырым айтып қоярсың? (Ақбала қызына қарап қулана күледі)

Жазира: Маам, қайдағыны айтасыз. Оқу тауысқанша ешкіммен жүрме, ешкімге қарама дейсіңдер. Енді тағы.. (Қызы өтірік бұртияды)

Ақбала: Қайдан білейін, біздің ауылға сооонау алыс қала түгілі іргедегі аудан орталықтарынан да кісілер тым сирек келеді. Енді аяқ астынан міне, қалың қонақ келе жатыр деп қарбаласқан соң...

Жазира: Мама, білесіз бе, олар бүгін кеште осында болады. Ертесі таңертең ерте – мен оларға жаңадан салынпып жатқан мешіт пен мектепті көрсетемін. Онсызда таяу күнде пайдалануға беріледі дейді ғой. Біздің ауылдың көркейетініне көздерін жеткізейін.

Ақбала: Иә, көрсете ғой. Ауылдың бейнесін көріп, достарың қашып кетпесе болды ғой.

Жазира: Қашып кетпейді. Шынайы достар ешқашан қашпайды. Қашып кетсеңде жібермеймін деп Ержанға да айтқанмын.

(Қыз аңдаусыз шыққан сөзі үшін аузын баса қояды)

Ақбала: (Қызыныа аңтарыла қарайды) Ержан деген кім?

Жазира: Ержан деген досым ғой. (Ұяла теріс айналып, сөзді басқаға бұрады), Айтпақшы мама, әкеме дұрыс киімдерін кисін деңізші. Кластастарымнан ұят болады.

Осы кезде есіктің ашылған шиқылы естіліп, сырттан Ахмет кіреді.

Ақбала: Әне өзі де келді, өзіне айтсаңшы!

Жазира: Әке! (әкесін құшақтайды). Мама, (шешесіне қарап) әкем таза киімдерін ауыстырып алсыншы!

Ахмет: Бақытты бол айналайын, туған күнің құтты болсын. (дастарқанға қарап) мен киінсем де, киінбесем де маған кім қарайды дейсің. (дастарханға жағалата қарап шығады) Ойбай-ау, кемпір, қонақтарың арақ-шарап бірдеңе ішпей ме, қаланың балалары болса, ештеңе құймай ма деп ұят болып жүрмесін!

Жазира: Әке, қазіргі жастар арақ ішпейді.

Ахмет: А,а, ондайда болады екен-ау. Қайдан білейін, біздің заманымызда дастарқанға арақ қойылмаса, оны ешкім де той деп есептемейтін. Қаланың балалары біздің мына жаман үйімізді көріп шошып кетпесе болды ғой.

Жазира: Жоға, әке, олар ондай балалар емес, бәрін түсінеді.

Осы кезде сыртқа келіп тоқтаған машинаың шиықыл естіледі. Бір топ қыз жігіттің дабыр-дұбыры естіледі. Домбыра үні естіледі. Есік ашылып үйге «құтты болсын, сенің туылған күнің!» әнін айтып қалың жастар шулай кіреді.

Құтты болсын, сенің туылған күнің,

Құтты болсын, сенің туылған күнің... ән ойнап тұрады.

Топтың алдында Ержан, құшағы толы гүлді Жазираға ұсынады.

Жастардың отырмағанына ыңғайсызданған үй іші төрді нұсқайды.

Айғаным: Оой, шырақтарым, төрлетіңдер!

Ахмет: Ал жігіттер, алдымен төрге шығыңдар!

Жазира: Бұл менің әкем (әкесін нсқайды), бұл менің шешем (шешесін нұсқайды).

Осы кезде Ержан ол кісілерге тағызыммен иіліп, қолдарын алып қайта сәлемдеседі.

Жазира: Бұл менің досым Ержан.

Ержан: Танысқаныма қуаныштымын. Айыпқа бұйырмасаңыздар, біздің артымыздан келе жатқан, тағы да қонақтарымыз бар еді.

Осы кезде сыртқа келіп тоқтаған тағы бір машинаың шиқылы есітіледі де, ізінше сырттан қасында қауға сақалды жігіт бар, Ержанның әкесі Жанат кіреді. Жанат Жазираға гүл ұсынса, сақалды кісі Құран Кәрім ұсынады.

Ержан: (келген кісілерді нұсқап) Бұл менің әкем – Жанат. Бұл кісі оның араб досы Абдолла!

Жазира: (Бәріне таңдана қарайды) Ержан.... (таңдана сыбырлайды) маған қалай атпағансың, бұл қалай болғаны...

Ержан: (Құлағына сыбырлап) Сәл сабыр етші... саған айқанмын (жымияды)

Ахмет: Төрлетіңіздер...

Ақбала: Обйай-ау, Жазираш, қонақтарыңнан ыңғайсыз болды-ау, төрлет десеңші (Қыз шешесі қысылған пиғыл көрсетеді)

Жанат: Бұл қалай болды деп айыпқа бұйырмаңыздар. Әсілінде әңгіме былай болған еді. Жазира менің ұлым Ержанға ауылдары туралы айтқан екен. Сосын ұлым мені осы ауылға ертіп келді. Біз мешіттің жоқтығын, мектептің ескіріп құлауға айналғанын өз көзімізбен көрдік. Сөйтіп, Абдолла досым осы ауылға мешіт салу ісін, мен достарыммен бірігіп мектеп салу ісін қолға алған едік. Қазір бүкіл құрылыс жұмысы біту алдында тұр. Біз бұларды ұлымның (ұлының иығына қолын салады) Жазираға тосын сый болса екен дегені бойынша жасырып ұстап келген едік. Ақыры, айтатын уақыт жетті. Бұл екі құрылыста Жазираның бүгінгі туған күнінің сыйлығы ретінде осы ауыл халқының пайдаланыуына ұсынылады.

Осы кезде шапалақ үні дүркірей соғылады.

Жазира Ержанға қарады.

Ержан ортаға шықты. Осы кезде «Ауылым» әні ойнап, Ержан әнмен Жазираны биге тарты. «Бүлдіршіндей бір қызға, сыңар қылған ауылым» дегенде Жазираға өмешегі үзілердей қарайды. Ән ұзақ ойналады. Жұрт салтанатты той бейнесінде толқып тұрады.

 

Шымылдық

 

 

Екінші көрініс

 

Рауандап енді атып келе жатқан таңның бауырында Мешіт төбесі, күмбезі көріне бастайды.

– Аллаһуакпар, Аллаһуакпар!

....

Азан үні естіледі. Дала жап-жарық болады. Мешітке жақын жерде жаңадан бой көтерген мектеп тұрады. Балалардың дабырласа шуласа мектепке бара жатқаны көрінеді.

Осы кезде қол ұстасқан қыз бен жігіт мектепке беттеп келе жатады. Екеуі де ретті киінген. Жігіт галустук тағып, костюм киген. Қызда ұстаздар үлгісімен сәнді киінген.

Жазира: Жаным-ау, сен неткен сабырлы жан едің. Маған деген көңіліңді де, мен туралы жасамақ болған істеріңді де қалайдан-қалай ұзақ уақыт жасырып келгенсің?

Ержан: Мен саған әу бастан-ақ айтушы едім ғой. Өзім қалада тусам да әке-шешем ауылдікі, әжем де ауылда тұрады, ауылды жақсы көремін деп.

Жазира: Айтуы айттың ғой. Бастабында менде балалықпен ауылдан алыстағым келгені рас еді. Бірақ бәрі бірде осы бір алтын бесіктен алыстай алмасымды біліп, амалсыз күй кешіп жүргенде сен жолықтың. Жолығып қана қойған жоқсың, қанатыма қанат жалғадың. Менің ауылға деген махабатымды қайта ояттың. Күш-жігер бердің.

Ержан: Мұның бәрі шын мәнінде менің емес, сенің ауылға деген ақ махабатыңның жемісі еді. Сенің ауыл туралы сөз болғанда қанша білдірмейін десең де, жанарыңа мұң ұялап шарасыздықтың күйін кешкен сәттеріңді көріп мен де қатты қиналатын едім. Мүмкін сені шын жақсы көргендігімнен де, ауылды жақсы көргендігімнен де осы қадамдарға барған шығармын!

Жазира: Менде сені жақсы көрдім. Бірақ та әдептен аттағым келмеді. Тіпті мені шынайы жақсы көрмесе ауылымды жамандағанда-ақ тайып тұрар деген ойда да болғанмын. Нәтижеде іс менің ойлағанымның керісінше болып, мен ауылды жамандаған сайын сенің ішіңе де мұң толғандай қиналдың. Ауылдың ауыр күйінен қиналған жан жараңды сезіп сені тіптен аяп кеттім.

Ержан: Оның рас, қатты қиналдым. Саған айтпай ауылға әкем екеуіміз жасырын келіп, жер құжаттарын ресімдедік. Құрылыс жобаларын жасадық. Сенің менің ноутбугымнан көрген мектеп жобасы да осы мектеп болатын.

Жазира: (Күледі) Кейін мектепті көргенде сызбасын қайдан көріп едім деп ойласам, сонда сенің ноутбугыңнан көрген екенмін ғой. Мектепті жасырғаның аз болғандай маған сөз салуға да соншалық сабырлық көрсетіпсің ғой.

Ержан: (Күліп, Жазираны бауырына қыса құшақтайды) Әрине, сенің махабатың мен ауыл махабаты мені қатарынан мазалады. Мен екеуіне де жетсем екен деп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып жұмыс істедім. Күндіз сабақ оқысам, түндерде әкеме қолғабыс жасаған болдым. Ақыры сенің туған күніңе әкем екеуімсіз тосын сый ұсынбақшы болдық.

Жазира: Шыныменде үш ұйықтасам түске кірмейтін тосын сый болды. Мен ауылға қалың періште қайдан келді десем, періштелердің өз айналамда айналып, үйріліп жүргенін білмеппін ғой. (Ержанның қолтығына жабыса түседі).

Ержан: Ең басты періште сен болдың. Ақ болдың, пәк болдың. Алладан шынайы тілек тіледің. Мен де сені армандап жүріп, ақыры туған күнгі қуанышты сәтіңде сөз салдым.

Жазира: (Күледі) Алланың берген періштеіс сен болдың ғой. Маған бәрін үйіп-төгіп бере салдың. Ауылыма мешіт, медресе сыйладың! Сенің маған деген махабатыңның жолы сияқты ауылға даңғыл жол жасадың. Сенің ауыл тұрғындарының ауыз суын шешкен еңбегіңдей өзіме де мөп-мөлдір махабат сыйладың.

Ержан: Саған деген махабатым ауылға деген махабатымды оятты, ауылға деген махабатым саған деген махаббатқа қол жеткізді. Сондықтанда қалада қалғым келмей, сенімен қол ұстасып ауылға келдім. Менен бақытты жан барма?

Жазира: Алла Тағала бір-бірімізге деген, ауылымызға деген адал махабатымыздан айрымаса екен. Қазақтың алтын бесігі – ауылымыз аман болсын!

Екеуі қол ұстасып, қосылып «Ауылым» әнін айтып мектепке қарай беттеп бара жатады.

Сахна төріндегі қабырғаға түскен экран суретінен көркем ауыл келбеті тізбектеліп өтіп жатады. «Ауылым» әні баяу қалықтап тұрады.

 

Соңы

 

Шымылдық

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Leave a comment:
Captcha

Most read

Most discussed